Жұманғариннің жаңа ұраны: Салық бәрін жеңеді!

Үкімет басшысының орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин үкімет отырысында Қазақстан экономикасының алдағы жылдары қалай дамитынын баяндады.
2026–2028 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму жобаларын және 2026–2035 жылдарға арналған ұзақ мерзімді даму болжамында бәрі керемет болады!
Жұманғариннің сөзінің ең үлкен жаңалығы – болашақта бюджеттің тапшылығын толтыру үшін Ұлттық қордан ақша алмайтын болыппыз. Жұманғарин бұл туралы шілдеде де айтқан. Және бюджетіміздің қиналып қалғанын үйінде отырып қалғандарға (коронавирус кезін айтқан болса керек) 41 мың (өзі солай деді) теңгеден үлестіріп жүріп қиналып қалыпты. Енді сол кезде «барын шашқан» министр жаңа Салық кодексінің арқасында еркін тыныстап, кесек сөйлейтін болыпты.
Арада екі ай өтпей жатып, сенімді түрде сол уәдесін тағы қайталап отырған министр 2026 жылы ЖІӨ өсуі 5,4 пайыз деңгейінде болады дейді. Номиналды ЖІӨ 2026 жылы 183,8 трлн теңгеден (долларға шаққанда 344 млрд доллар), 2028 жылы 229,8 трлн теңгеге (429,7 млрд доллар) дейін өседі. Еске салсақ, былтыр номиналды ЖІӨ 154,4 трлн теңге (долларға шаққанда 288,1 млрд доллар) болған. Сарапшылар ЖІӨ-нің номиналды көрсеткіші биыл да осы шаманы құрайтынын айтуда.
ЖІӨ: Болжам дөп пе?
Ал премьердің орынбасарының мәлімдеуінше, келесі жылы номиналды ЖІӨ күрт көтеріліп, 2028 жылы тіпті 429 млрд доллардан асып кетуі мүмкін. Осылайша үкімет бұдан бұрын жоспарлағандай, 2029 жылға дейін ЖІӨ өсімін 450 млрд долларға жеткізе салатын түрі бар. Әрине, ғажап болар еді. Тіпті Жұманғариннің «ЖІӨ өседі, Ұлттық қорға қол салмайтын боламыз» дегеніне ішің жылып, көзің жасаурайды! Оның баяндамасына сүйенсек, отыз жыл бойы мұнайға тәуелді болып келген Қазақстан экономикасы екі-ақ жылда мұнайға тәуелділіктен арылады. Сөйтіп, қордан сауға сұрайтын синдромнан арыламыз.
Экономика сарапшысы Айбар Олжаевтың пікіріне сүйенсек, биылғы жеті айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өсім 2025 жылға 6,3 пайыз деп болжанып отыр. Демек үкіметтің ЖІӨ-ге қатысты 2026 жылға жасап отырған болжамы рас болып шығады.
«Егер ОПЕК+келісімінен преференция (жеңілдік, артықшылық) алып, мұнай бағасы барреліне 69 доллардан төмен түспесе жоспарланған көрсеткіштерге жетуге мүмкіндік бар. Экономиканы жоспарлағанда тек мұнай ғана емес, көлік логистикасы, қоймалар арқылы, сауда саттыққа байланысты қосымша көздер бар. Осы бағыттарды дамытуды ұстап қалсақ, ЖІӨ келер жылы 5,4 пайызға нақты өсе алады. Ал форс-мажор болып, әлемдік дағдарыстар орнап, соғыстар, шекараның жабылуы тәрізді геосаяси жағдайлар бола қалса бұл көрсеткіштерге кері әсер ету мүмкін», – дейді сарапшы.
Сала маманы ЖІӨ-ге қатысты Жұманғариннің жариялаған жоспары идеалистік жоспар екенін, бұл 2030 жылы Қазақстанның дамыған елдердің қатарына қосыламыз деген жоспары сияқты ниет қана екенін айтады. Алайда ешкім «2028 жылы нақты осындай нәтижеге жетеміз» деп, 100 пайызға кепілдік бере алмайды.
«Себебі қақтығыс, вирус пандемия сияқты күтпеген жағдайлар да орнауы мүмкін. Үкімет Ұлттық қордан қаржы алмауға, ЖІӨ-ні өсіруге, бюджеттің табысын арттыруға, шығыстарды қатаң бақылауға тырысады. Алайда кез келген сыртқы жағдай бұл жоспарды өзгертеді. Сондықтан 2028 жылы «Ұлттық қордан мүлдем қаржы алмаймыз» деу тек болжам ғана», – дейді Айбар Олжаев.
Күтпеген жағдайлардың салдарынан қиналып қалған Жұманғариннің сүп-сүйкімді баяндамасынан форс-мажор туралы бірде-бір сөз кездестіре алмадық. Бір білгені бар шығар...
Бюджет: Үкімет салыққа сенеді, салық кімге сенеді?
Ал қаржыгерлердің пайымдауынша, үкімет өсімді өсіріп, экономиканы арттырамыз десе, ең алдымен, бюджеттің түсімі мен шығынын дұрыстап есептеу керек. Мәселен, республикалық бюджеттің шығыстары: 2026 жылы – 27,7 трлн теңгені, 2027 жылы – 28,8 трлн теңгені, 2028 жылы – 29,8 трлн теңгені құрайды. Кірістерге келсек, қаржы министрлігінің есептеуінше: 2026–2027 жылы 23,1 трлн теңге шамасында, 2028 жылы 27,6 трлн теңге шамасында болады. Бұл деректерді қарапайым арифметикалық тәсілмен есептесек, бюджеттің шығысы көп, кірісі аз екенін бағамдаймыз. 2026 жылы шығыс 27,7 трлн болса, бюджетке түсетін кіріс 23,1 трлн теңге. Сонда бюджет тапшылығын құрайтын сома 4,3 трлн теңге болмақ. 2027–2028 жылдары да бюджетке 2,2 трлн теңге кем түспек.
Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің сөзіне сүйенсек, алдағы екі жылда мемлекеттік шығыстардың негізгі бөлігі әлеуметтік салаға жұмсалады. Бұл бағыттағы шығындарға 10 трлн 725 млрд теңге қарастырылып отыр. Әлеуметтік сала шығындары жалпы шығыс көлемінің 38,7 пайызын құрайды. Зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың контингенті 288 мың адамға артады. Шәкіртақылар ұлғайтылады, ал бюджет есебінен оқитын студенттер саны 19 392 адамға артады. Осыған байланысты 2026 жылға арналған бюджет шығыстары 2025 жылмен салыстырғанда 2 трлн теңгеге ұлғаяды. 2025 жылы бюджет тапшылығының 4 трлн теңгеден асатыны ендігі болжанып та қойған.
Қаржыгер Ілияс Исаев бюджеттің әлеуметтік шығысы артатынына қарамастан, үкіметтің идеалистік жоспар құра беретініне таңғалады. Шығыс артып жатса, түсім кем түсіп отырса, үкімет соның өзінде «Ұлттық қордан ақша алмаймыз» деп отырса бюджеттің бүйірі қалай толады?
«Үкімет келер жылы қолданысқа енетін жаңа Салық кодексіне көбірек сеніп отырған сыңайлы. Бірақ бұл кодекстің сауатты іске асуы бизнестің және халықтың салық төлеу тәртібіне тікелей байланысты. Жаңа Салық кодексін жүзеге асыру аясында салық түсімінен бюджетке кемінде 3 трлн теңге түседі деп болжанып отыр. Үкімет осы арқылы Ұлттық қордан алынатын трансферттерді азайтқысы келеді. Алайда кәсіпкерлер салық төлеуден жалтарып, табысын жасырып, бизнес көлеңкеге қарай ойысса бұл жоспар орындалмай қалады. Ал жоспар орындалмай қалса, үкімет әлеуметтік салаға бөлінетін мемлекеттік шығыстарды қысқарта ма? Мәселе осында. Сондықтан жоспарлы экономика жүзеге ассын десек, ең әуелі бюджеттің шығындарын дұрыстап есептеп алу қажет», – дейді қаржыгер.
Иә, біздегі ең үлкен проблема бюджеттің шығыстары осы уақытқа дейін дұрыс есептелген жоқ. Соның салдарынан ғой, Жұманғариннің «барын шашып» жүргені. Оның айтуынша, 2020 жылдан бастап, пандемия кезінен бері бюджет шығысы 7–8 трлн теңгеге артқан. 42 500 теңге өз алдына жыр, 2022 жылы мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы өскенін, инфляцияның 22 пайыз болғанын жіпке тізген министр енді сол шығындардың бәрін Салық кодексімен жаба салатынына сенімді сияқты. Негізі, бұл жаңа кодекстің өзі көп сынға ұшырағанын, тізеге басып қабылданған шешім екенін ұмытпауымыз керек. Әйтпесе, салық көбейеді дегенде-ақ көлеңкелі бизнестің қоса көбейетінін сарапшылар аз ескерткен жоқ.
Бизнес адалдығынан айнымаған күннің өзінде салық реформасы проблеманы уақытша шешу болып шығуы мүмкін. Өйткені салықты негізінен бизнес төлейді. Халықты жұмыспен қамтитын да солар, ішкі-сыртқы тауар айналымын жасайтын да солар. Демек, Жұманғарин үміт артып отырған жаңа Салық кодексі де халықтың экономикалық белсенді бөлігінің жұмыспен қамтылуына, өңірлерді, моноқалаларды дамытуға, инфрақұрылымды реттеу мен бизнестік орта қалыптастыруға тәуелді. Ал бізде территориясына үш мемлекет сыйып кететін облыстар үкіметке алақан жайып отыр.
Ұлттық қор және мұнайсыз даму
Ұлттық экономика министрі кіріс пен шығыс арасындағы айырмашылықтарға қарамастан, Ұлттық қордың активтері 2026–2028 жылдары 60,8 млрд доллардан 2028 68,6 млрд долларға өседі деп болжайды. Еске салсақ, 2029 жылға дейін үкімет Ұлттық қордың активтерін 100 млрд долларға жеткізу туралы президенттен тапсырма алған. Сонда, 2028 жылы қордағы қаражаты 68,6 млрд долларға өсетін болса, ар жағында бір жылдық мерзімде Ұлттық қорды 100 млрд долларға қалай жеткізбек? Жұманғарин бұл жолғы баяндамасында астарлы түрде 100 млрд долларлық жоспардың орындалмағанын ескерткендей әсер қалдырады.
Премьер орынбасарының мәліметінше, бұл жолы экономиканың өсуі нақты сектор мен қызмет көрсету саласындағы өсім арқылы қамтамасыз етіледі. Мысалы, өңдеу өнеркәсібіндегі өсім инвестициялық жобаларды жүзеге асыру есебінен 2026 жылы 6,2 пайыздан 2028 жылы 6,6 пайызға дейін артпақ. Тау-кен өндірісінде өсім – 2,8 пайыз, ауыл шаруашылығында – 3,9 пайыз, құрылыс саласында – 11 пайызға артпақ. Осылайша тізе берсек, барлық салада өсім бола береді. Сауда балансы да оң болады. Болжам бойынша экспорт 2026 жылы 77,1 млрд доллардан 2028 жылы 83,7 млрд долларға дейін, импорт 67,7 млрд доллардан 75,2 млрд долларға дейін өседі. 2026 жылғы инфляция деңгейі 10 пайыздан аспайды, 2027 және 2028 жылдары 6,0 пайыз деңгейінде болады. Міне, осылайша, мұнайсыз дамуға ұмтыламыз. Экономиканы әртараптандырамыз.
Бұл жайттың мүмкін немесе мүмкін еместігін «Аналитик» талдау және сараптау орталығының экономист-сарапшысы Тоғжан Шаяхметовадан сұрадық. Оның айтуынша, егер мұнайдан тыс бюджеттің тапшылығы 10–11 трлн теңге болса, ЖІӨ кемінде жылына 5 пайызбен өсіп отырса онда экономика аса қиналмайды.
«Ұлттық қордан үкімет қаражат алмауы үшін бюджеттің 60 пайызы мұнай емес, одан басқа салалардан түскен түсіммен толығып отыруы керек. Сол кезде ғана «Ұлттық қордан қаражат алмаймыз, экономика мұнайға тәуелділіктен арылады» деуге болады. Ол үшін логистика, транзит, теңіз жолдарымен сауда, әуе қатынасы, тау-кен саласы, сирек металдарды сату – барлық сала бірдей даму керек. Осы салаларды дамытып, мұнайдың бюджетке әсерін 20 пайызға дейін түсірсек, 2028–2030 жылдары Жұманғарин айтып отырған көрсеткіштерге жетуіміз мүмкін. Бірақ бұл жайттар 30 жылдан аса уақыт айтылғанымен жүзеге аспады. Енді екі жылда жүзеге аса қояды дегенге сену қиын», – дейді сарапшы.
Десе де, Жұманғарин күмәнданбайды. Ол тіпті алдағы екі жылдан бөлек, 2025–2035 жылдарға арналған 10 жылдық жоспарды да жария етті. Онда ұзақ мерзімді дамудың үш нұсқасы қарастырылған: біріншісі – базалық, екіншісі – сәл ұстамды, үшіншісі – альтернативтік. Альтернативтік нұсқада 10 жылдық орташа экономикалық өсім 5,1 пайыз деңгейінде, ұстамды нұсқада 4,3 пайыз болады. Базалық нұсқада 10 жылдық орташа жылдық ЖІӨ өсуі 4,5 пайызды құрайды. Мемлекеттік бюджет кірістері 2035 жылы 66,8 трлн теңгеге дейін артады. Бюджет тапшылығы 2029 жылға қарай ЖІӨ-нің 0,4 пайызына дейін біртіндеп төмендетіліп, 2030 жылдан бастап нөлдік деңгейге жетеді.
Әрине, мұндай жоспарлар мен болжамдарға сенгің-ақ келеді. Бірақ бізде бұған дейін де қаншама жоспар құрып, оған триллиондаған қыруар қаражат бөлінді. Бастаған істен оң нәтиже көрсете алмай қырық өтіріктің бас кейіпкеріне айналған шенеуніктерден де кенде емеспіз. Әйтеуір бұл жолы да межелі уақыт жеткенде, 2030 жылдан әрі өткенде «ерте, ерте, ертеде...» деп отырмасақ болғаны.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ