Жұмаш Кенебай-Көкбөрі: Өнер адамдары дертке жиі шалдығады

Қазір айтқыштар көп: әлеуметтік желінің шаңын шығарып жатады. Бірақ сөздің жүйесімен, қисынымен айтатындар аз.
Бұрын ақын-жазушыдан, саясаттанушы мен тарихшыдан сұхбат алғанда, берген жауабына айызың қанатын. Сондай азаматтардың қатары қазір сиреген. Жұмаш аға сол аз шоғырдан қалған азаматтың бірі ғана. Көптен бері көкейде жүрген әңгіме еді, бүгін реті келіпті.
– Жұмаш аға, шығармашылық өмірін тәуелсіз журналистикаға арнаған санаулы журналистердің бірісіз. Біздің жүйеде тәуелсіз баспасөздің тілшілері не әлеуметтік жағынан, не карьералық жағынан өспейді… Осы жолда зая кеткен уақытыңызға, өміріңізге өкінбейсіз бе?
– Бұл сұраққа бірден жауап бермей, менің неге мұндай қиын жолды таңдап алғанымның басты себептеріне қысқаша болса да түсінік бергім келеді.
Арғы ата-бабаларым: Садық Кенебайұлы, Ахмет Жұматайұлы – жиен Шәкәрім Құдайбердіұлы арқылы өткен ғасырдың бас кезінде Семейдегі «Алашордамен» байланыс жасаған екен. Шәкәрім біздің ұлы әпкеміз Күңке жағынан жиен болып келетіні тағы бар. 1918 жылы бұрынғы Семей облысы Аягөз ауданы Ақшатау ауылының батысындағы Қалғұты деген жерге тұңғыш мектеп ашады. Осы мектептің ашылуына Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулат, Жүсіпбек Аймауыт және Шәкәрім Құдайберді қатысып, мектеп табалдырығын тұңғыш рет аттап отырған қазақ балаларына ақ бата бергені белгілі.
Бұдан соң, ақ пен қызыл қырғыны басталады. Садық атам қолына қару алып, күреске шығады. Қысқаша айтқанда, олар ақты да, қызылды да мойындамайды. Садық атам екі рет Аягөздегі абақтыға түседі. Небір қинау мен азаптауды басынан кешеді. Екінші рет қамалғанда, Ахмет Жұматайұлымен екеуі абақтыдан қашып шығып, Қалғұтыдағы қызыл жендеттермен шайқасып, оларды жеңіп, тау сағалап, жортуылға шығады. Садық Кенебайұлы небір азапты күндерді басынан кешеді. Шығыс Түркістан мен Совет одағының ортасында алма кезек шапқыншылықта жүріп, ақырында, қызылдардың қолынан қаза табады. Ахмет Жұматайұлы болса, 1950 жылдары Шығыс Түркістанда ұсталып, Аягөзде сотталып, әуелі өлім жазасына, кейін 25 жылға кесіліп, әйгілі ҚарЛАГ-қа айдалып, сонда өлтіріледі. Бұл туралы толық мағлұмат менің өткен жылы мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген «Аягөз» атты тарихи романымда баяндалған.
– Желтоқсан көтерілісіне қатыстырған – сол бабалар рухы шығар.
– Иә, сол ұлы бабалар рухы жебеген болуы мүмкін республикалық «Жалын» баспасында қызметте жүріп, сол баспадағы қызметтес достарыммен бірге 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысқанымыз рас еді. Жаңа алаңдағы қызыл қырғынды достарыммен бірге, мен де өз көзіммен көрдім...
Сол 1986 жылғы 18 желтоқсанда Сәтбаев пен Байсейітова көшелерінің қиылысында оншақты қызыл әскердің жап-жас қазақ қызын шашынан сүйреп, өлімші етіп сабағанын сонда тұрған көп адамдармен бірге мен де өз көзіммен көрген едім. Қызыл граниттің қырына ұрылған қазақ қызының басынан қып-қызыл қан шапшып ағып жатты. Сол жылы көп ұзамай, «Зобалаң» атты тарихи дастаным дүниеге келген еді. Ол дастан 1990 жылы «Азаттық» радиосынан бір сағаттық радиоинсценировка болып, әуе толқынын шарлағаны өз алдына бөлек әңгіме. «Зобалаңдағы» негізгі рөлдерді «Азаттық» радиосының қызметкерлері Нұркәмал Пынар, Суат Шеруші ойнап, шығармамның эфирден өтуіне «Азаттық» радиосы қазақ бөлімінің бастығы Хасен Оралтай, радионың Алматыдағы бөлімшесін басқаратын Қиял Сабдалин мен әріптесім Батырхан Дәрімбет болғанын несіне жасырайын...
Айтпақшы, 1990 жылы Қазақстандағы тұңғыш саяси ұйым «Азат» азаматтық қозғалысына мүше болып қабылданып, марқұм Батырхан Дәрімбет екеуміз Қазақстандағы тұңғыш саяси әрі тәуелсіз басылым «Азат» газетін шығарғанымыз белгілі. Газет бетінде күн сайын қазақ елі тәуелсіздігіне қол жеткізу жолдары, бастамалар, батыл пікірлер жарияланып тұратын. Сол кезде «Азат» қозғалысын Михаил Есенәлиев, Марат Шорманов, Сәбетқазы Ақатай, Нұрбақыт Қойшыбеков, Мақаш Тәтім, Жағда Бабалықұлы басқарды. Бұдан кейін «Алаш», «Алашорда», «Жас Түркістан», «Түрік дүниесі», «Жұма-таймс» газеттеріне басшылық жасадым. Талай қысым мен қуғынды көп көргенімізді несіне жасырайын. Тіпті Алматы қалалық әкімдігінде Заманбек Нұрқаділовтың қарамағында мемлекеттік қызметте жүріп, сол жылдары Алматы түбіне босып келген сан мыңдаған қазақ жастарына «Шаңырақ» деген атпен жер бөліп беруге ат салысқаным, марқұм Зәкеңнің нұсқауымен Алматыдағы 14 көшені қазақшалағанымыз тарихқа айналып барады. Алматы қалалық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасында мемлекеттік қызметте жүрген жылдары Алматыдағы 20-дан астам электрондық ақпарат құралдарын, атап айтқанда, телеарналардағы мемлекеттік тілдің ауыр жағдайына байланысты оларды сотқа беріп, тілімізге қамқор болғанымыз – өз алдына бөлек әңгіме.
Айтпақшы, айып етпеңіз, оппозициядан басқа Қазақ телевизиясында оншақты жыл қызмет істеп, барша түрік халықтарының ортақ ұлы тұлғалары: Ишпақай, Томирис, Атилла, Мөде қаған, Күлтегіннен бастап, Мұстафа Шоқайға дейін әр қайсысы 30 минуттан тұратын «Түрік даналары», «Дара тұлғалар», «Тұлпардың тұяғы» сынды телехабарларым үшін 1995 жылы Халықаралық ЮНЕСКО сыйлығын алғанымды, поэзиялық төрт кітаптың авторы екенімді қоса кетейін...
Жарас інім, сұрағыңда айтылғандай өз басым: «әлеуметтік жағынан да, карьералық жағынан да пәлендей бір қиындық көрдім» деп айта алмаймын. Ол көрген қиындықтарымды саудалағым келмейді. Бұл жолды өзім таңдап алғам және ол үшін ешқашан да өкінбеймін. Рас, маңдайға жазылғанды көргенім тағы да өтірік емес...
– Тәуелсіз ДАТ жобасындағы басылымдарда жұмыс істедіңіз, «Жұма-Таймс» газетінің құрылтайшысы әрі директоры болдыңыз. Қудалау, қысым жасау деген сияқты демократияны тұншықтыру әрекеттері болды ол кезде де. Қазіргі жағдаймен салыстырғанда, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында баспасөз еркіндігі бар сияқты ма, қалай? Бүгінгі күнгі жағдайлармен салыстырып айтыңызшы?
– Рас айтасың, дәл қазіргідей, абақтыларға тоғыту, ұрып-соғу, азаптау, қинау, соттау дегенді ол кезде біз көрмедік десек те болады. Рас, қысым болды. Бірақ қазіргідей, қатігездік болған жоқ...
Иә, сонау 1990 жылы «Азат» газетін шығарып жүргенімізде, билік тарапынан қудалау болғанымен, жазалау болған жоқ. Ал «Жұма-таймс» газетін шығарған кезімізде қысым қатты болды. Өз басым, қанша рет сотталғанымды білмеймін, әйтеуір, айыппұл төлеуден, газетті басылып жатқан жерінен тәркілеуден көз ашпағанымыз рас. Өзімізді дырылдатып, сүйреп, пәленбай тәулікке қамаған жоқ. Соңымыздан аңду қалмады. Бірақ ойымызды ашық айтудан қайтқан емеспіз. «Назарбаевқа тіл тигіздіңдер», деген айыппен мені, марқұм Бақытгүл Мәкімбайды жарты жыл бойы тергеп, тексеріп, «Жұма-таймсты» ақыры, жауып тынды ғой.
Айтпақшы, екі жыл бойы басылымды жиі-жиі тәркілеп, тергеп, газетті жабудың жолын таба алмаған сот: «Жұмаш, қасарыса бермей, біздің айтқанымызға көнші. Жоғары жақ қатты қысып жатыр. Бұл жабылғанымен басқасын шығарасыңдар ғой», – деген соң, өзім қатты шаршап, «жапсаңдар, жаба беріңдер», – деп келісім бердім. Қуанып кеткен әлгі сот: – «Жұмеке, ой, рақмет, рақмет!» – деп маған бірнеше рет алғыс айтып, сотқа қатысып отырғандарды ду күлдірді. Қазіргімен салыстырғанда, ол кезде демократия бар екен ғой...
Айтпақшы, «Жұма-таймс» жабылғаннан кейін, сол кезде абақтыдан шыққан белгілі саясаткер Ғалымжан Жақиянов мені өзіне шақырып, «Таным» пікірсайыс клубын жүргізуімді өтінген еді. Сөйтіп, апта сайын «Танымның» кезекті отырысын өткізіп, сол кезде бізде тұңғыш ашылған интернет-радиодан хабар тарата бастадым. Билік соңымыздан түсіп, интернет-радионы жауып, Ғалымжанды шетелге кетуге мәжбүр еткені өз алдына бір хикая. Ғалымжан Жақиянов інім әлі күнге дейін шетелде жүр...
– Тәуелсіздіктің шежіресі көз алдыңызда болып жатты. Егемендік алған ерекше сәт, одан кейінгі тоқырау, қайта құру, саяси кландардың қалыптасуы, демократияны тұншықтыру, қазақтардың Алматыға қоныстануы бәрі көз алдыңызда өтті… Отыз жылда бай-қуатты, бағыты айқын мемлекет құрып алуымызға болар еді. Соған не кедергі болды?
– «Азат» қозғалысы әртүрлі мерзімдерге сотталған желтоқсандықтарды босату үшін ескі үкімет үйінің алдында айлап аштық жариялаған кездеріміз, 1991 жылы ГКЧП кезінде «Азат» газетінің ГКЧП-ны айыптаған төтенше санын түнделетіп шығарып, таң атқанша, үйді-үйге тасығанымыз, ертеңгі пойызбен облыстарға жібергеніміз, Семей полигонын жабуға Семей қаласына барып, сондағы митингілерден газетке хабар беріп тұрғанымыз, сол кездегі Семей облысының басшысы Кешірім Бозтаевпен араласуым – таусылмас хикая. Ал «Азат» қозғалысы Қазақстанның 19 облысында құрылған болатын. Қозғалыстың ел арасындағы беделінің керемет болғаны бүгін аңыз сияқты. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін алғаш жариялағанда, қандай қуанғанымызды тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. «Азат» қозғалысы басшыларының бірі – Сәбетқазы Ақатаев ағамның қуаныштан ағыл-тегіл жылағанын өз көзіммен көрген едім. ГКЧП кезінде ҰҚК-нің үйімізге дейін келіп, аңдығаны да естелікке айналып барады...
– Көл-көсір байлықтың үстінде отырып, бай мемлекет құра алмағанымызға жалғыз адам, Назарбаевты айыптайтын үрдіс пайда болып жатыр. Осы қаншалық дұрыс? Жалғыз адам бәрін кері кетіріп отырды дегенге өзіңіз сенесіз бе?
– Назарбаев өз билігін жүргізген 30 жылдың ішінде биліктегілердің жаппай баюы басталған жылдар. Тұтас саяси жүйе жемқорлыққа белшесінен батқаны өтірік емес. Бір ғана Назарбаевты кінәлай бергенше, оның айналасындағылардың барлығын да жауапқа тарту керек дер едім. Жалпы, Назарбаев қалыптастырған саяси жүйені тұтастай, түп-тамырымен жұлып алмай, ештеңе өзгермейді. Бір ауыз сөзбен айтқанда, тұтас саяси жүйе жемқорлықпен айналысқанын бүгінде жұрттың бәрі біледі.
Бәрінен де сұмдығы сол жемқорлардың 90 пайызы әлі де билікте отыр. Ешкімді бөліп-жара алаламай, барлығына ортақ халықаралық «Люстрация» заңын қолдану керек. Ана жылы екі Германия қосылғанда, алдымен, осы халықаралық «Люстрация» заңын қолданған. Биліктегілердің барлығы тегіс жауап берген. Бізде де осы заң қолданылмай, бос даурыққан қызыл ұраннан түкте шықпайды. Кезінде 4,5 миллион қазақты қырған, атқан, асқан, шетел асырған бұрынғы да, қазіргі де биліктегілердің 100 пайызы кешегі қанішер қызыл коммунистердің өздері немесе солардың ұрпақтары екені өтірік пе? Қылмыскерлерді кешіруге болмайды! Қазіргі Тоқаев кезінде бір ғана мемлекеттік тілдің жағдайы тез арада түзелетін түрі көрінбей тұрғаны өтірік пе? Оны қоя тұр, Қазақстан тәуелсіздігі Ресейге тәуелді бола бастағаны да байқалып қалады. Меніңше, жалғыз мемлекет басшысы ғана емес, тұтас саяси жүйе ауыспай, ешқандай жақсылық болмайды!
– Ақынсыз. Жалпы, шығармашылық адамының ары таза, рухы биік болуы керек қой. Бірақ біздің ақын-жазушылар кеше ғана Нұрсұлтан Назарбаевты әулиеге теңеп еді, бір сәтте аунап түсіп, Тоқаевқа ода арнап жатыр. Мұндай жағымпаз жазушылардың қаламынан қандай шығарма туады? Жалпы, осындай қаламгерлер ұлтқа үлгі бола ма?
– «Сталинге тең таппай,
Қиналған Жамбыл жері осы» – дегендей, осы бір жағымпаздық, мақтаншақтық, атаққұмарлық, жылтырақтар мен мансапқұмарлық сияқты дерт – ұлттық дертке айналып кеткен сияқты. Әсіресе өнер адамдарының осындай дертке жиі шалдыққыш келетінін ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл атақтарды, жылтырақтарды мемлекеттік шарадан аластап, жеке шығармашылық ұйымдар құзіретіне беру керек шығар. Дамыған шет мемлекеттерде мұндай даңғойлыққа орын жоқ екенін неге білмейміз?
Қазақстанның мемлекеттік сыйлығын алу үшін небір қызық қадамға барғандар туралы ел арасында алуан түрлі алып-қашпа әңгімелер бар екенін, ешкім шығара алмас деймін...
Басқасын айтпағанда, биліктің қит етсе, темір сөлкебайларын ала жүгіретінін қалай түсінуге болады? Ана Солтүстік Кореяда әскерилердің темір-терсектен омыраулары көрінбеген соң, олар сөлкебайларын арқасына, балағына тағатынын көріп жүрміз ғой. Осылай кете берсек, көп ұзамай, біз де Солтүстік Кореяның кебін киетініміз өтірік емес. Тоқ етерін айтқанда, даңғойлықты, мақтаншақтықты тыймай, ел болмаймыз!
– Ұлтқа үлгі болу дегеннен шығады, қазір ұрпақ бой түзейтін кім бар? Бұрынғы балалар Тоқтар Әубәкіров сияқты ұшқыш болғысы келетін, мұғалім, дәрігер болуды аңсайтын. Қазіргі балаларға кімді үлгі етеміз?
– Иә, бұл да ұлттық қасіретімізге айналған бір үрдіс болды. Мына ғаламтор заманында ешкім кітап оқымайтыны рас қой. Және жас ұрпаққа үлгі етіп көрсететіндей, тұлғаларымыз да жоқтың қасы. Мақтаншақ, жағымпаз, атаққұмар үлкендерді көріп тұрып, жас ұрпаққа не бетімізді айтпақпыз? Иә, ұрпақ тәрбиесін шындап қолға алмай – ұлттың болашағы бұлдыр күйінде қала беретіні өтірік пе?
Ана омыраулары жылтырақтардан көрінбейтін, алмаған атағы жоқ біреуден жас ұрпаққа қалай «осы адамнан үлгі ал» демекпіз?
– Желтоқсан қасіреті ұмыт болмай жатып, Қаңтар қырғыны қазақтың жанына жара салды. Екі қантөгісті де көзбен көрдіңіз. Қазақ үшін қайсысы ауыр? Қазақ қайсысына кешіріммен қарайды? Қашан осы қасіретті оқиғаларға толық баға беріледі?
– Бірден айтайын, мен үшін соңғы қанды қаңтар қырғыны адам шошырлық, жантүршігерлік ұлттық қасірет дер едім! 1986 жылғы Желтоқсан қасіретін көзбен көрген және қатысқан, сол қайғылы оқиға туралы көп жазған адам ретінде оған тоқталып жатқым келмейді. Ал сол 1986 жылғы Желтоқсан қасіреті туралы 35 жыл болды шындық әлі толық ашылған жоқ. 30 жылғы Назарбаев билігі одан қашты. Өйткені оған кінәлілір әлі де билік маңайында. Ал мына 2022 жылғы қанды қаңтар қырғыны қазаққа ауыр соққы болып тигенін қалай жасырарсың. Алаңға шыққандардың барлығын қатігездікпен атқандардың кім екені әлі құпия.
Менің жаныма бататыны – жап-жас қазақ бүлдіршіндерін қақ жүректен, маңдайдан көздеп атып, өлтіргендерді адам емес, нағыз қанішерлер дер едім. Ал оларды ат деген кім? Ол – бөлек әңгіме. Маған кейде алаңға шыққан бейбіт қазақтарды атып өлтіргендер қазақ емес сияқты көрінеді де тұрады...
1986 жылғы Желтоқсан қасіретіне біз келмеске кетті, деп жүрген советтік империя кінәлі екені ақиқат. Ал мына қаңтар қырғынына біздің билік кінәлі. Бұлар қанды қырғынды қанша жасырып, жабуға тырысқандарымен, ақиқат түбі ашылады, мен оған сенемін.
– Жаңа Қазақстан құрып жатырмыз. Назарбаевтың қызыл сөзіне «қанған» адамсыз. Жаңа Қазақстанның уәделері Назарбаевтың өтірігін қайталап жатқан жоқ па, әлде үміт ұшқыны бар ма?
– Меніңше, қызыл сөзге әуестік, ұраншылдық, даурығушылық – кешегі қызыл империядан қалған жаман әдет екені өтірік пе? «Жаңа Қазақстан!» деп өрекпіп, жаппай даурығудың қажеті жоқ сияқты. Асықпайық, аптықпайық, ұрандатпайық, бөспейік, шуылдатпайық, қазақтың миын ашытпайық, әрі асықпайық. Бәрін уақыт деген ұлы төреші шешеді. 70 жыл бойы қызыл ұранмен жұрттың миын ашытқан Совет одағы қайда кетті? Қазір олардан түк те қалмады ғой. 30 жыл бойы халықты алдап келген Назарбаев қайда жоғалды? Қайталап айтамын, бос даурығудың уақыты өткен. Айналаға, өткенге, бүгінге, болашаққа салқын қандылықпен қарайықшы, «қалың елім, қазағым, қайран жұртым!».
– Қоғамда бар бір сұрақты қойсам. Құдай бетін ары қылсын, егер Қаңтар оқиғасында билікті Назарбаевтар алып қойғанда, қазір жағдайымыз қалай болар еді? Тәуелсіздікті сақтап қала алар ма едік?
– Кешегі қаңтар қырғынына жалғыз Назарбаев па екен кінәлі? Сонда бүгінде билікте отырғандар қайда қараған? Шошқа тағалаған ба?
Асығыстық жасамайық, салмақпен шешейік қай сұрақты да?
Тоқ етерін айтқан да бұл әлі тұманды сұрақ. Меніңше, уақыт созбай, жасырып, жаппай, күлбілтелемей, ащы да болса, шындықты ашпасақ, күн өткен сайын қанды қаңтар қырғыны асқына береді, асқына береді!..
Ал Қазақстан тәуелсіздігіне қауіп төнгені ақиқат! Қазақ елінің тәуелсіздігіне қауіп төндіргендердің кім екенін жұрт әлі білмейді. Әлгі 20 мың лаңкесті де жер жұтқандай, немесе барлығы бірдей қырып-жойып болған соң, түп көтеріліп, көкке ұшып кеткендей. Ащы да болса ақиқат ашылмай, қазақ көші түзеле қоймайды.
Соңғы кездері қанды қаңтар қырғыны түсімнен шықпайтын болды. Есіме алсам, болғаны әлі күнге дейін көкірегім қарс айырылады! Дұрыс ұйқы туралы бұл арада бірдеңе деудің өзі артық. Оққа ұшып, қыршыннан қиылған төрт-бес жастағы қазақ бүлдіршінінің: «қай аға маған оқ атқан?» – деп қойған сұрағы өңменімнен өткендей болады да тұрады...
— Рақмет, аға!