Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 17:25

Жұмбақ жағдайда қаза тапқан Ақнәр Гүлстан ісі бойынша жаңа дәлелдер жарияланды

Ақнәр
Фото: zhasalash.kz

Алматыда жұмбақ жағдайда көз жұмған КИМЭП университетінің түлегі Акнар Гүлстанның анасы мен заңгері баспасөз мәслихатында оның өліміне қатысты қылмыстық әрекеттерді дәлелдейтін жаңа деректер мен бейнематериалдар бар екенін мәлімдеді.

Заңгер Инга Иманбайдың айтуынша, 2024 жылғы 12 сәуірде Ақнәр бір азаматтың пәтерінде еркінен тыс ұсталып, психологиялық және сексуалдық зорлық көрген. Бұл жағдай бейнежазбаға түсірілген. Бейнематериалда қызға физикалық күш қолданылып, пәтерден шығуға рұқсат берілмегені, сондай-ақ оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне тіл тигізілгені анық байқалады.

«Ол пәтерден кеткісі келген, бірақ оны қолмен ұстап, терезені ашып, «секір» деген сияқты сөздермен психологиялық қысым жасалған. Жеке заттары — телефоны мен сөмкесі еркінен тыс тартып алынған», - деді заңгер.

Сонымен қатар Инга Иманбай мен марқұмның анасы бұл істің алдын ала жоспарланғанын және қасақана жасалғанын растайтын басқа да дәлелдердің барын айтты. Баспасөз мәслихатында қаза тапқан қыздың туыстары екі қыз бен белгісіз ер адамның бейнежазбада көрінетінін, олардың бірі ықтимал сыбайлас болуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Бұған дейін тараптардың бірі марқұмның өзін «агрессивті ұстағанын» және қыздарды «қорқытқанын» айтқан еді. Бірақ марқұмның туыстары мен заңгер бұл мәліметті теріске шығарды.

Ақнәрдің анасы ҚР Президентіне видеоүндеу жасап, істі Астанадан келген арнайы тергеу тобына беруді сұрады. Ол Алматыдағы тергеуге сенбейтінін айтып, істі Қылмыстық кодекстің 99-бабы (адам өлтіру) және 126-бабы (еркінен тыс ұстау) бойынша қайта саралауды талап етті.

Бұған дейінгі тексеру барысында марқұмның денесінен азаптау белгілері — көгерулер, тістеген іздер, жұлынған шаштар мен сынған тырнақтар табылғаны айтылған еді. Сондай-ақ видеокамералар қыздың терезеден итеріліп жіберілген сәтін түсіріп алған. Кейін бұл видеолар әлеуметтік желіге тарады.

Ақнәр Хамит бес тілді еркін меңгерген, болашағынан зор үміт күттірген жас маман еді. Ол 2024 жылғы 20 шілдеде Алматыда көпқабатты үйдің жетінші қабатынан құлап, оқиға орнында көз жұмды. Туыстары оның бұл әрекетті өз еркімен жасамағанына сенімді.

Тегтер: