Жұмыспен қамту. Демографиялық өзгерістер мен экономикалық даму

Халықтың әл-ауқатын жақсартып, экономикалық өсім көрсетуде маңызды бағыттардың бірі – жұмыспен қамту.
Елімізде демографиялық өзгерістер мен экономикалық даму фонында жұмыспен қамту бойынша саясат өз ерекшеліктеріне сай жүргізіліп жатыр. Бұл орайда елдің еңбекке жарамды тұрғындарын еңбек нарығына тарту, олардың жұмыс істеу мүмкіндігін қамтамасыз ету және жұмыссыздық деңгейін азайту қажеттілігі бар.
Соңғы деректерге сүйенсек, елдегі жұмыспен қамту шаралары жемісті жүргізілуде. Мәселен, 2025 жылдың бірінші жартысында жұмыспен қамту деңгейі 15 жастан үлкен жастағы халық санына шаққанда 64,4 пайыз, жұмыс күшінің санына шаққанда 95,4 пайызды құрады. Жұмыссыздық деңгейі халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша 4,6 пайыз деңгейінде. Бұл – 451,5 мың адам. Ал жұмыс істемейтін және білім алумен немесе оқумен айналыспайтын NEET жастарының үлесі 6,2 пайыз. Әлемдік тәжірибені ескерсек, бұл статистика қалыпты деңгейінде.
Десек те, жұмыссыздар жоқ емес. Олармен жұмыс істеу өте маңызды. Биылғы наурыз айының соңындағы деректерге сүйенсек, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты халықты жұмыспен қамту органдарына жұмыс іздеп жүрген 74 мың адам жүгінген. Олардың 9,2 мыңына жұмыспен қамту бойынша шаралар қабылданған, соның ішінде 3,6 мың адам кәсіптік оқытуға немесе қайта даярлауға, біліктілігін арттыруға жіберілді, 3,8 мың адам қоғамдық жұмыстарға қатысқан.
Халықтың еңбекке жарамды бөлігімен қатар, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды жұмысқа тарту жағы да назарда. Осы жылғы мамыр айындағы есеп бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің түрлі шараларымен 14,9 мыңнан астам мүгедектігі бар адам қамтылды. Бүгінде ерекше қажеттіліктері бар 108,9 мың адам жұмыс істейді. Елде жалпы саны 737,4 мың мүгедектігі бар адам тұрады, олардың 376,7 мыңы еңбекке қабілетті жаста. Бұл әлеуметтік топтың еңбек нарығындағы үлесін арттыру мақсатында әлеуметтік кодекске сәйкес жергілікті атқарушы органдар мүгедектігі бар адамдар үшін ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есепке алмай, жұмыс істейтіндердің жалпы санының 2-ден 4 пайызына дейінгі мөлшерде жұмыс орындарына квота белгілейді. Аталған квота бойынша жыл басынан бері 4,8 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылыпты.
Оған қоса, ерекше қажеттіліктері бар адамдар жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге қатысты барлық шараларда ескеріледі. Осы жұмыстардың нәтижесінде тұрақты жұмыс орындарына 874 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 191 адам, жастар практикасына 80 адам, қоғамдық жұмыстарға – 3248 адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 4 адам және «Күміс жас» жобасы бойынша 333 адам жұмысқа тұрған. Тағы қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен 17 адам, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 1,3 мың адам қамтылды, оның ішінде 726 адам аяқталғаннан кейін сертификаттар алды. Және халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы азаматтарға өз бизнесін ашу үшін 400 АЕК мөлшерінде мемлекеттік гранттар беріледі.
Б.МЕЙІРБЕК