Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:20

Жұмыссыздық статистикасын жасауды Жеңіс Қасымбектен үйрену керек

Жеңіс Қасымбек
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда бюджет орасан тапшылыққа ұшырап, инфляцияны тежей алмай баға шарықтап, доллар қымбаттап жатса да өзгермей тұра беретін бір статистика бар. Ол – жұмыссыздық деңгейі.

Осыдан он жыл бұрынғы деректі алсаңыз да 5%-дың шамасындағы мәлімет әлі күнге өзгеріссіз келе жатқанын көресіз. Одан тіпті төмендеп кетпесе, жұмыссыздық көбейіп, үлкен мәселеге айналды деген даурықпа тақырып біздің нарықта әлі талқыға түсе қойған жоқ. Мәселен, былтыр IV тоқсанда небәрі 4,6% ғана құрапты. Соның ішінде үздік нәтижесімен көзге түсетіндердің бірі – бас қаламыз. Биылғы I тоқсанда елордадағы жұмыссыздар саны 33 850 адам болған. Ал жұмыссыздық деңгейі жұмыс істейтіндерге шаққанда бар-жоғы 4,4% ғана. Соған қарағанда Жеңіс Қасымбек қарбытып жұмыс істеп жатқан болу керек, әйтеуір қағаз жүзінде Астанадан жұмыссыздарды табу қиын.

Дегенмен осы статистиканы жасау оңайлықпен келмей қоймаған сияқты. Статистиканы керемет жазып бергенімен, Қасымбек қашанғы жұрттың аузына қақпақ болсын?! Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, елордада NEET санатындағы жастардың үлесі 6,1%-ды немесе 26 447 адамды құрайды. Бұлар не жұмыс істемейтін, не білім алмайтын, иә кәсіптік оқумен айналысып жарытпайтындар. Енді осыған қоса, «Жастар тағылымдамасы», «Алғашқы жұмыс орны» сынды бағдарламалардың дәл Астанада сәтті жүзеге асып жатқанына күдік туды.

Өтініштен жауап жоқ

Күдіктің көзі Тәжірибешіл экологтар қауымдастығынан шықты. Ұйым басшысы Лаура Мәлікованың айтуынша, бұрын ЖОО бітірген кезде ақылын айтып, жол көрсететін ұйым болмады. Бітіріп шыққандар өз білімін өз күшімен шыңдап, эколог болатын.

«Сосын өз басымыздан өткен қиыншылықтарды ескере келе, ЖОО-ны жаңадан бітіріп шыққан экологтарға арнап 2020 жылы өз қаражатымыздың есебінен «Жас эколог» деген бағдарламаны жасап шығардық. Сол бағдарламаға әуелгі жылы 47 адам өтініш берді. Ондағы талап бойынша, экология саласында жоғары білімі болуы және жалпы еңбек өтілі екі жылдан аспауы керек. Осындай бірқатар талаппен 2020 жылы алғаш рет іске қостық. Солардың ішінен талапқа сай келетіндерін таңдап алып, оларды Экологиялық кодекстің жаңа талаптары бойынша бір апта тегін оқыттық. Соны бітіргеннен кейін ең көп балл жинаған үшеуі бізге тағылымдамаға алынды. Одан кейін әрқайсының жұмысқа деген ынтасы мен қабілетіне қарай оларды еңбек шартымен жұмысқа алдық. Кейін 2021 жылы бізге жұмыс іздеп келген бір эколог «неге сіздердің үйымдарыңыз жұмыспен қамту орталығының тізімінде жоқ» деп сұрады. Ол кезде ондай бағдарламаның бар екенін білмеппіз. Сосын сол жұмыспен қамту орталығына барып, өтініш қалдырып, «Жастар тағылымдамасы» деген бағдарлама бойынша олармен келісімшартқа қол қойдық», – дейді ол.

Әуелде 6 ай болып басталған жоба кейін 2022 жылдан бастап 12 айға дейін ұзартылады. Осы аралықта тағылымдамадан өтіп жатқан жас маманға ақшасын мемлекет төлеп отырады. Былай қарағанда, мемлекет тарапынан жастарға деген әжептәуір қолдау. Бірақ былтыр экологтың өзі АҚШ-қа тағылымдамаға кетіп, оның үстіне, жауапты маманның болмай қалуына байланысты әлгі бағдарламаға уақытылы өтініш берілмей қалды. Ал биыл барса, ол бағдарламалар тіпті жабылып қалуы мүмкін деген хабар алған.

«Жастар тағылымдамасынан» бөлек, «Алғашқы жұмыс орны» деген тағы бөлек бағдарлама бар. Ол да мемлекеттің жастарға көрсетіп жатқан қолдауы. Бірақ сол «Алғашқы жұмыс орны» деген бағдарлама бойынша өтініш бергенімізбен, әлі күнге жауапсыз созылып келе жатыр. Сәуірде берген өтініштен, міне, екі айдан асты, жауабы келген жоқ. Жауап болмаған соң жұмыспен қамту орталығына барып сұрасақ, «ол бағдарламаны жабады, оған қаражат бөлмейтін сияқты» деп жатыр», – дейді Лаура Мәлікова.

Астарын кім білген?! Бірақ елде жыл сайын үдеп келе жатқан бюджет тапшылығы осындай бағдарламаларға кесірін тигізіп жатқан жоқ па деген ой туғызады. Алайда арысы 4 трлн-ға жуықтап қалған дефицитті жастардың есебінен жойып жатыр деген сөз кімге жақсын? Сондықтан осы бағдарламаларды елордада жүргізіп отырған әкімдіктің еңбек мобильділігі орталығынан бағдарламалардың болашағы туралы лайықты жауап болмай тұр.

Әзірге «Жастар тағылымдамасы» бойынша биыл мыңнан астам адам жоспарда тұрғаны мәлім. Жыл басынан бері 309 адам жұмысқа кіріскен. Ал «Алғашқы жұмыс орны» бойынша қызмет тапқандары 400-ден асады.

Бағдарламаларда қитұрқылық көбейген

Бұл мәселеге қатысты Мәжіліс кулуарында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінен сұрадық. Светлана Жақыпованың айтуынша, бұлар өзі 6 бағытта берілетін субсидияланатын жұмыс орындары болып есептеледі. Барлығы бойынша биылға 199 млрд теңге бөлініп, жергілікті атқарушы орындарға берілген.

«Енді бағдарламаларға біраз өзгеріс енгізіліп жатыр. Үкімет қаулысымен «Алғашқы жұмыс орны» мен «Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламалары оптимизациядан өтіп, «Жастар тағылымдамасымен» қосылады. Жұмыс берушілерге бірқатар талап қойылады. 2024 жылға сараптама жасағанда біраз мәліметке куә болдық. Біріншіден, жеке кәсіпкерлікті жаңадан ашады да мансап орталығына келіп, өздері өтініш беріп, субсидияланатын жұмыс алады. Оның ішінде жеке кәсіпкердің қара басы ғана, ал субсидияланатын жұмыс орны 50-ден 200-ге дейін барады. Одан қандай өнім болады?» – дейді министр.

Сондықтан қазір талап өзгертіліп жатыр екен. Мәселен, жұмыс беруші еңбек нарығында кемі бір жыл жұмыс істеуі керек. Оның ішінде жұмыс істейтін қызметкерлерінің санына қарай ең арысы 10% көлемінде ғана субсидия беріледі. Мысалы, ол жерде 10 адам жұмыс істейтін болса, бір адамға ғана тағайындалады. Сосын, субсидияланатын адамды жұмыс беруші әрі қарай жұмысқа алу керек.

Алайда министр ханым да аталған бағдарламалардың болашағы күмәнді деген пікірге қосылмайды. Оның пікірінше, әлгіндей қитұрқы схемалармен жұмысқа алатындарға шектеу қойылған соң бағдарламаның жүзеге асуына қатысты түрлі түсініспеушілік болуы мүмкін. Алайда ақша толық беріліп отырғанына сендіргісі келеді. Егер министр айтқан әлгі жаңадан енгізіліп жатқан шарттар жүзеге асса, осындай оңтайландырудан кейін бағдарламаларға бөлінген қаражаттан шамамен 70 млрд теңгеге дейін республикалық бюджетке қайтуы керек.

Қалай дегенмен, ресми билік өкілдері жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалардың болашағына шәк келтіргісі келмейді. Алайда нарық өкілдері тап болған күмәнді жайттар бәрібір басы ашық күйінде қалып отыр деп жүр. Жұмыс беруші тарапынан жолданған өтініштің бірнеше айлап қаралып жатқанына қарағанда, бір шикіліктің бары сезіледі.

Лаура Мәлікованың айтуынша, бюджет қаражатын осындай бағдарламалардан қию дұрыс емес. Қазына шығынын қысқартқысы келеді екен, ендеше, оны министрліктердің өзінен бастау әлдеқайда дұрыс шешім болар еді. Айталық, цифрлық вице-министр деген қызметті екінің бірі біле бермейді. Дегенмен қазір барлық министрлікте осындай қызметкер бар.

«Тіпті сондай қызмет пайда болғанға дейін біздің экология саласындағы платформаларымыз тым жақсы істеп тұрған еді. Енді солар пайда болғалы бері әр тоқсан сайын экологтардан жүздеген шағым түседі. Сөйтіп, әрбір цифрлық вице-министр ауысқан сайын жаңадан цифрлық платформа ашады. Оның артында әркім өзінің IT-компаниясын тартады деген ой қылаң береді», – деп күдіктенеді ол.

Проблема Астанадағы жұмыссыздық деңгейінен шығып еді ғой. Жастар Астананың өзінде жұмысқа тұра алмай жатса, оған мемлекеттің ақшасын бөліп беріп отырған Светлана Жақыпова кінәлі ме, қолына берген қаражатты орынды жеріне жұмсай алмай отырған Жеңіс Қасымбек кінәлі ме? Бағдарлама қаражатын біреулер қитұрқылықпен иемденіп жатса, оған жол берген де осы әкімдіктер болып шықпай ма? Бірақ оған мән беріп жатқан кім бар, есесіне, бас қалада жұмыссыздық 4,4% деген «қитұрқы статистика» бәріне қалқан.

Ербол Тұрымбет

Астана