Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:00

Жұмсақ тон, нәзік иірім, жұмбақ рең

Аман Бақтығалиұлы
Фото: Қастев атындағы музей

Аман Бақтығалиұлының шығармашылығы туралы

Қазақ бейнелеу өнерінің дамуына өзіндік үлесін қосқан, графика жанрында дара қолтаңбасын қалыптастырған жандардың бірі – Аман Бақтығалиұлы. Ол кескіндеме саласына да қызығушылық танытқанымен, нағыз шеберлік қыры графика өнерінде айқын көрінеді. Өйткені суретшінің шығармашылығына – адам болмысының экзистенциалдық терең сезімі, ұлттық идеяның ұрансыз табиғи өрімі, ежелгі архетиптер мен индустриялық дәуірдің бейнелерін астастыра өрген символдық көпқабаттылық, сондай-ақ жұмсақ тональдылық пен монохромды ұстамдылық арқылы көрінетін пластикалық қуат тән.

А.Бақтығалиұлы 1945 жылы 2 қазанда Гурьев облысы Ембі ауданына қарасты Қамыскөл ауылында дүниеге келген. Музей қорларында сақталған өмірбаянында ол: «Дала төсіндегі кішкене ғана Жем өзенінің жағасы, қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келдім» деп жазады. Отбасындағы алты баланың Аман бесіншісі болды.

Әкесі баласының талғамын ерте танып, бес жасында-ақ оған түрлі-түсті қарындаштар мен сурет салуға арналған дәптерлерді әкеліп беруді әдетке айналдырған екен. Бала Аман сол дәптерлердің барлығын суретке толтырып, қиялын қағаз бетіне түсіріп отырыпты. «Анам шебер адам еді, қолынан ұршығы түспейтін» деп еске алады Аман. Зайыры, ұлдың сурет өнеріне деген құштарлығы да, қызыл-жасыл бояуларға деген сүйіспеншілігі де, шеберлікті бағалау қасиеті де ең алдымен сол аналық өнерден дарығандай.

Сегіз жылдық мектепті тәмамдаған соң, Аман әкесіне қолғабыс жасап, жергілікті электростанцияда еңбек жолын бастайды. Күндіз жұмыста жүрсе, кешке жұмысшы жастар мектебінде білімін жалғастырады.

ана
Ана / Қастеев мұражайынан алынған сурет

1965 жылы бала кезіндегі тілегі орындалып, А.Бақтығалиұлы Алматыдағы Н.В.Гоголь атындағы көркемсурет училищесінің 1-курсына қабылданды. Онымен бірге мұнда болашақта қазақ өнерінің біртуар суретшілері қатар оқыды. Олар: Д.Әлиев, Қ.Ахметжанов (1971 жылы тәмамдаған) және С.Алшынбаев (1973 жылы бітірген). Бұл жас суретшілер кейінірек Ленинградтағы көркемсурет академиясында да білімін бірге жалғастырды.

1965-1968 жылдары Аман Бақтығалиұлы Совет Армиясы қатарында әскери борышын өтейді. 1968 жылы оқуын қайта жалғастырып, Н.В.Гоголь атындағы училищенің жоғары курстарында білім алады. 1972 жылы училищені үздік тәмамдап, өнер жолындағы жаңа белестерге қадам басты.

Оқуды аяқтасымен, 1972 жылы ол И.Е.Репин атындағы КСРО Сурет өнері академиясына оқуға түседі. Ленинградта оқыған жылдары ол мұражайларды армансыз аралап, Эрмитаждың, Орыс музейінің, қол жетерліктей қазынаға толы кітапханалардың байлығын бойына сіңірді. Бақтығалиұлы профессор Владимир Александрович Ветрогонскийдің шеберханасында станокты графика мамандығын меңгеріп шығады.

«Аман жас болса да өте білімді, орысша, қазақша тілге жүйрік, өмірде өте белсенді, ұлтжанды, қазақ мәдениетін, тарихын сүйетін және жақсы білетін жігіт болатын. Оның осы қасиеттері сол кезден-ақ көрініп, ол Ленинградтың әр оқу орындарында оқып жүрген қазақтың дарынды ұл-қыздарының арасында көптеген қоғамдық істерге жұмылдырып, мұрындық болып, қазақ жастарын басқарып жүрді», – деп еске алады Аманның студенттік жылдары жайлы жолдасы әрі курстасы суретші Қалиолла Ахметжан.

Дипломдық жұмысына ол «Ақ күннің өлкесінде» атты автолитографиялар сериясын орындады. Бұл топтамаға «Мұрат ағай», «Қонаққа», «Кеш», «Ежелгі қазақ жерінде» (48×58) секілді парақтар кіріп, олар «XIX Бүкілодақтық көркемсурет жоғары оқу орындары студенттерінің дипломдық жұмыстары көрмесінің каталогына (1979)» енгізілді. Дәл осы топтамада суретшінің шығармашылығын өмір бойы айқындайтын негізгі тақырып айқын көріне бастады. Ол – туған жерге, Маңғыстау өлкесіне деген, оның қайталанбас табиғаты мен тарихи ескерткіштері, халық жадындағы қасиетті орындарына деген сүйіспеншілік болатын.

1979 жылы институтты тәмамдаған А.Бақтығалиұлы Алматыға оралып, Н.В.Гоголь атындағы (қазіргі О.Таңсықбаев) Алматы көркемсурет училищесінде мұғалім болып орналасты. 1970 жылдардың соңы мен 1980 жылдардың басынан бастап суретші көрмелерге жүйелі түрде қатыса бастады. Алғашқы жұмыстарынан-ақ ол өзін өнер сүйер қауымға сенімді танытты. «Менің өлкем», «Маңғыстау», «Жетісу» атты литографиялар сериясы оның кәсіби деңгейін көрсетіп қана қоймай, Отанына деген сүйіспеншілігі мен азаматтық ұстанымын айқындады. Бұл топтамалардан туған жер табиғатына, тарихына, рухани әлеміне деген шынайы махаббат айқын сезілді. Осылайша Бақтығалиұлының белсенді шығармашылық қызметі өнертанушылар мен әріптестердің назарын бірден өзіне аударып, 1981 жылы ол Қазақстан Суретшілер одағының мүшелігіне қабылданды. Одаққа өтуін белгілі график Мақсұм Кисамединов қолдап: «Талантты және кәсіби деңгейі жоғары, білімді әрі дарынды суретшіні Суретшілер одағына қабылдауды ұсынамын» деп жазса, Төлеген Досмағамбетов: «Оның туындылары шынайы көркемдік қуатымен, шын жүректен шыққан жылылығымен ерекшеленеді» деген екен. Ал суретші Борис Пак болса, Аманның туындыларына: «Оның шығармаларынан ойлы, бақылағыш әрі кәсіби деңгейі анық байқалады» деп баға беріпті.

Пейзаж
Пейзаж / Қастеев мұражайынан алынған сурет

1989 жылы құрамында Аман Бақтығалиұлы бар жеті суретші бірігіп топтық көрме ұйымдастырды. Бұл көрме арқылы суретшілер 1980 жылдардың соңына қарай қазақ бейнелеу өнерінде жаңа серпін, жаңа ізденістер әкелгенін көрсеткісі келді. Бұл көрмені тамашалаған өнертанушы Р.Ерғалиева: «Жеті замандас, өмірді өз түсінігімен қабылдап, оны өнерде өзінше бейнелейтін жеті қайталанбас тұлғаны көріп отырмыз», – деп жазды. Сыншы олардың өнерін «Ғажайып жетілік» деп атап, көрменің қазақ өнеріндегі жаңа құбылыс болғанын айрықша бағалады. Шынында да, бұл көрме сол 70-жылғы буын суретшілерінің кең тынысын, шығармашылық қуатын танытқан айрықша оқиға болды.

1987-1989 жылдарында Аман Бақтығалиұлы Қазақ КСР Суретшілер одағы басқармасының хатшысы болып қызмет атқарды. Ал 1989-1991 жылдары Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінде арнайы пәндер бойынша сабақ берді.

1990 жылдардың басынан тартып еліміздегі график-суретшілер үшін күрделі кезең басталды. Әсіресе бұл кезең Аманның шығармашылығына да қатты әсер етті. Себебі оның литография өнері «Өнер» комбинатында және Мәскеу маңындағы Сенеж шығармашылық үйінде дамып келсе, 1990 жылдардан кейін бұл мүмкіндіктер тоқтап қалды. Литографиялық тастардың қолжетімсіздігі салдарынан бұл өнер Қазақстанда біртіндеп ұмыт бола бастады. Уақыт өте келе, Аман Бақтығалиұлы да өзге әріптестері секілді графикадан бөлек, кескіндемеге бет бұрды.

Әрине, ол бұған дейін де майлы бояумен этюдтер мен толыққанды картиналар жазып жүрген, алайда енді ол кескіндемеге толықтай ауысты. Бояулар әлеміне енген суретші өз перзенттері мен немерелерінің портреттерін бірде фовизм рухында («Менің інжуім», 1996), бірде наивтік секілді («Әлбер», 2004; «Немерем Роза», 2006) түрлі бағыттарда бейнелей бастады. Сонымен бірге «Қасиетті жеті нан» (1999) секілді ұлттық символикаға толы, бояуы қанық натюрморттар да жаза бастады.

1992-1995 жылдары А.Бақтығалиұлы Алматы көркемсурет училищесінің директоры қызметін атқарды. Оның басқарушылық еңбегінің нәтижесінде оқу орны жаңа мәртебеге ие болды: 1992 жылғы 31 шілдеде Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің №639 қаулысымен оқу орны Орал Таңсықбаев атындағы Алматы көркемсурет колледжі болып қайта аталды. Бұл өзгеріс тегін емес еді. Өйткені Бақтығалиұлы Орал Таңсықбаевты өзіне ұстаз санады, оның талантына ерекше құрметпен қарады. Өнертанушы Қ.Мұқажанованың айтуынша, суретші Таңсықбаев дүниеден өткен 1974 жылы, студент кезінде-ақ «Орал Таңсықбаевты еске алу» атты картина жазған.

А.Бақтығалиұлы 1970 жылдардан бастап отандық және халықаралық деңгейде 30-дан астам көрмеге қатысып, өзінің шығармашылығымен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Өкінішке қарай, 2020 жылы артына халқына деген шексіз махаббатқа толы туындыларын, шәкірттері мен өнерге адал махаббатын қалдырып, Алматы қаласында суретші ақтық сапарға аттанды.

Әкем, шешем және мен 30 жаста, Аман Бақтығалиев | Қастеев мұражайынан алынған сурет
Әкем, шешем және 30 жастағы мен, Аман Бақтығалиев | Қастеев мұражайынан алынған сурет

Ұлтқа қызмет

Бір сұхбатында суретші: «Қазақ бейнелеу өнерінің түп-тамыры – ұлттық өнер шеберлерінде жатыр», – дейді. Расында да, Аман Бақтығалиұлы өз өмірін ұлтының рухани мәдениетін байытуға арнаған тұлға еді. Ол ХХ ғасырдағы әлеуметтік және мәдени өзгерістерді қазақ халқының көпғасырлық мұрасымен, көне мәдениетімен және тарихи жадымен сабақтастыра бейнеледі.

А.Бақтығалиұлы ежелгі архетиптерді – баба-тас, көшпенді, ай мен түйе бейнелерін – индустриялық дәуірдің белгілерімен, яғни, ракеталар мен машиналармен ұштастыра білді. Бұны дуализм ретінде ғана емес, мәңгі адам мен өткінші техника арасындағы философиялық диалог ретінде қабылдаған дұрыс. Осы тереңдік оның графикасын ойлы, рухани мазмұнды өнер деңгейіне көтерді. Мысалға, «Туған өлкем» немесе «Байқоңыр» атты картиналарында суретші ұлттық болмысты ішкі рух пен дүниетанымның өзегі ретінде қабылдайды. Бұл суреттердегі Баба-тас – заманды үнсіз бақылаған тірі рух, ал Байқоңырдағы түйе – көне көшпенді мен ғарыш әлемін жалғаған көпір болғандай. Осылайша ол өткен мен болашақтың қақтығысын емес, үйлесімін көрсететін поэтикалық бейне тудырады.

А.Бақтығалиұлы 55 жылдық шығармашылық жолында жүзге жуық графикалық және кескіндемелік туынды қалдырды. Оның литографиялық парақтарына тән басты қасиет – барқыттай жұмсақ тон, нәзік иірімдер мен тұман секілді жұмбақ рең. Шектеулі түстер палитрасында ол тереңдік пен ауа сезімін бере отырып, бейнелеріне «үнсіз поэзияның» тынысын дарыта білді.

Мәңгілік
Мәңгілік / Қастеев мұражайынан алынған сурет

Түйе... Түйелер...

Аман түйе бейнесін ерекше сүйген. Институтта оқып жүргенде Аманның ұстазы профессор В.А.Ветрогонский бірде әзіл-шыны аралас: «Сен түйеден басқа ештеңе салуды білмейсің бе?» – деп айтып, сәлден соң байыппен: «Жарайды, сал, сал өз түйелеріңді...», – дегені бар екен. Байқап қарасаңыз, расымен де бұл бейнені оның картиналарынан жиі кездестіресіз. Өзі де бір жазбасында дәл осы бейне оны қайта-қайта сурет салуға жетелейтінін мойындайды. Бұл туралы ол: ««Ой» атты шығармамда асыл анамның бейнесін жасауға тырыстым. Шөл далада маң-маң басқан түйелер балғын балалығымды көз алдыма әкелді, немесе балалығымды есіме алсам, түйелер ойға түседі», – дейді.

Суретшінің 1976 жылы салған «Қамыскөлмен қоштасу» атты гравюрасынан қызықты бір параллельді байқауға болады. Онда жас жігіт ботаны құшақтап тұр. Адам мен жануар арасындағы осы сәт – туған жермен, өткен өмірмен қоштасудың нәзік әрі мұңды символы іспетті. Композицияның ортасында орналасқан екі бейне айналасындағы кеңістікті тұтас біріктіріп тұрғандай. Суретші кеңістік пен шексіздік әсерін доға тәрізді сызылған көкжиек сызығымен көрсетеді.

Бәлкім, түйе образы бүгінде суретшінің рухани таңбасына айналса керек. Себебі ол – Бақтығалиұлының ішкі әлемінің метафорасы, туған жерге деген сағыныш пен даналықтың белгісі болып қала берері сөзсіз...

Санжар Сырғабаев,

суретші-өнертанушы