Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:26, 10 Тамыз 2023

«Жұмыс және саяхат»: бағдарлама студенттерге тиімді ме?

None
None

Әлемнің бізге берген мүмкіндіктері шексіз. Қай жаста, қандай кезеңде болмасын, шет мемлекеттерге еркін саяхаттап, таным көкжиегіңді кеңейтуге мүмкіндік табылады.

Қазір оқушылар мен студенттер де саяхат пен жаңа эмоцияларды жинауға құштар. Сондықтан қазір жазғы демалысын құр өткізбей «Work and travel» бағдарламасымен АҚШ-қа сапар шегетін жастар қарасы көбейген.

4 айлық бағдарламада жастар бір жағы жұмыс істесе, екінші жағы азуын айға білеген Американы саяхаттап, тарихымен тереңірек танысып келеді. Ел арасында: «Осы бағдарламамен тек теледидардан көретін Америкаға барып келуге болады. Жай ғана барып келмейсің, онда ел-жер көресің, тіл үйренесің, ең бастысы барып-келуге кететін шығынды жұмыс істеп ақтап аласың. Тіпті елге бір-екі қымбат гаджет алып келесің» деген сөздер жиі айтылады. Бұл сандардың мөлшері жыл сайын артпаса, кеміген емес. 1960 жылдары АҚШ мемлекеттік департаментінің қолдауымен іске қосылған бұл бағдарлама арқылы жылына үш мыңға жуық қазақ студенті Америка Құрама Штаттарында жұмыс істеп, саяхаттайды. «Work and Travel» бағдарламасы елімізде 2005 жылдан бастап жұмыс істейді. Осынша уақыт ішінде шамамен 20 мыңнан астам студент Америкада жұмыс істеп келді. Жастарды өзіне магниттей тартатын Американың не құдыреті бар?

 Ең алдымен, бұл мүмкіндікке ие болу үшін студенттің ағылшын тілі pre-intermediate деңгейінен төмен болмауы керек. Тілдің неғұрлым жақсы білсең, соғұрлым жақсы жұмыс иелену мүмкіндігің жоғары. Нәтижесінде даяшы, сатушы боласыз, саябақ, жағажайда түрлі сервистік қызмет көрсететін орындарда жұмыс істеуге болады. Сонымен қатар бағдарламаға тіркелу үшін алдымен өзің 2 мың доллар шамасында шығындалуыңа тура келеді. Бұл қаржының жартысы бағдарламаны ұйымдастыратын фирмалардың қызметіне жұмсалса, қалғаны ұшақ билетін алу үшін жұмсалады. «Work and travel» бағдарламасы Американың жергілікті тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі, мәдениетімен танысып, шетелден тәжірибе жинақтап, ағылшын тілін жетілдіргісі келетін студенттерге арналып құрылған халықаралық байланыс бағдарламасы деп атауға болады. Оның үстіне сәті түссе, жастарға қомақты қаржы табудың көзі. Аталмыш бағдарлама 40-тан аса елде өте танымал. Осы орайда алдыңғы жылы бағдарлама арқылы қаржы тауып, Американың 4 штатын аралап келген Амина есімді студент бағдарлама туралы білетін ақпаратымен бөлісті:

«Америкаға екінің бірі барғысы келеді, бірақ бұл елге бару екінің бірінің қолынан келе бермейді екен. Барған күннің өзінде сенде білім, жауапкершілік, мәселеге қарай икемделе алу қабілеті болу керек. Барлығы оңай олжаға асығады. Алайда АҚШ-та сіз ойлағандай өмір тым керемет ертегі емес. Мен осы бағдарлама бойынша АҚШ-на бір мәрте барып келдім. Шынымды айтсам, бастапқы бір айда тым қиын болды. Соңына дейін шыдамаймын деп ойладым. Үй, жұмыс мәселесінде талай келеңсіздіктер туындады. Бірнеше рет қаражатым мен құжаттарымды да жоғалтып алдым. Елден кетерде, ағылшын деңгейім жақсы деп ойлағаныммен, АҚШ-қа келгенде сол жеткілікті деңгейдегі тіл түкке жарамай қалды. Себебі мұнда халық тез әрі диалектпен сөйлейді. Соның кесірінен, Вирджини штаты, Вирджиния-Бич қаласындағы мейрамханада істедім. Айлығым айына 7,5 мың$ көлемінде болды, бұл америкалықтар үшін тым аз жалақы. Алайда бағдарламаға кеткен шығынымды толықтай өтедім деп айта аламын. Бағдарламаның пайдасы қандай болса, зияны да бар екенін жоққа шығармаймын. Жалпы алсақ, «Work and Travel» бағдарламасының түрі өте көп. Соның ең көп таралған екі түрі бар: Premium – америкалық демеуші тұратын орын мен жұмысты өзі ұсынады. Бұған орай бағдарлама ақысы да 2000 доллардан жоғары болады. Ал одан арзанырақ Independent түрі бойынша студент жұмыс берушіні өзі іздеп, онымен өзі келіседі. Фирмалар көбіне Premium түрін таңдауды ұсынады. Мұнда студентке жұмысқа орналасуы жөнінде 100 пайыз кепілдік беріледі. Дегенмен өзіне сенімді студенттер шығындалғысы келмей, көбіне арзанына жүгінеді. Осының салдарынан олар АҚШ-та көптеген қиындықтарға тап болып жатады. Мысалы, жұмыс беруші жеме-жемге келгенде студентті алдап соғады. Қазақстаннан шығарда фирма берген Job Offer (жұмыс берушілер тізімі) кей жағдайда жарамсыз болып қалады. Бұл ашық айтыла бермейтін шындық. Ондағы нөмірлерге телефон соқсаңыз, алмай, алса да бос жұмыс орны жоқ екенін айтып, тұтқаны қоя салады. Содан жүні жығылған студент не жататын жерсіз, не жұмыссыз күйде біраз уақыт тентіреп жүреді. Америкаға жеткен соң, қатысушыларға мұнда болатын мерзімінде «Exchange Visitor» мәртебесін береді, осы арқылы кез келген штатқа жұмысқа орналаса алады. Сонымен қатар студенттер Америкаға келіп алады да, жұмыс істегісі келмейді. Қалаулары тек қыдырып, көңіл көтеру болады. Сондықтан кейбірі нашар әдеттерге әуестеніп кететін жағдайлар болады. Америка – кішкентай мемлекет емес, бұл жақта әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған сан мың халық өмір сүреді. Сенің алдыңнан жаман да, жақсы да есіктер ашылуы мүмкін, тіпті кей жағдайда адамдардың қысымына ұшырап қаласың. Сондай сәттерде өз-өзіңе жауапкершілік алатындай саналы болу – ең маңыздысы», – деп пікір білдірді.

Бағдарламаға қатысу үшін бірнеше кезеңнен өту міндеттеледі. Ең алдымен сұхбаттасудан өтсең, соңында Америка Құрама Штаттарына арналған J-1 визасын алып, өзің секілді жастармен елден ұшып кетесің. Жастар таңдай қағып, жеткенше асығатын бұл елдің студенттерге қояр басты талабы – сақ болу, ешкімнің ала жібін аттамау. Бұл бағдарлама барысында сан соққан студенттер мен ата-аналар саны да жетіп артылады. Тіпті 2011 жылы 8 тамызда АҚШ-қа «Work and Travel» бағдарламасымен барған Қазақстан азаматы, студент Айнұр Ахметова Массачусетс штатында, бассейннің жанында ес-түссіз жатқан жерінен табылып, кейін қайтыс болды.

Оңай олжа ешкімге пайда болған емес. Жұрт тау болып үйіліп жатқан қазынаға бірден ие бола салғысы келеді. Әсіресе оң-солын әлі танып үлгермеген жастар. Сондықтан студенттеріміз саяхаттаймын деп сан соғып қалмаса игі.

Тегтер: