Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:26, 15 Сәуір 2022

Жұмысшының жалақысын мандытпаған қытайлықтар жол салып жарыта ма?

None
None

Республикалық маңызы бар «Меркі – Бурылбайтал» тас жолын салып жатқан жүзге жуық жергілікті жұмысшы ереуілге шықты.

«Қытайлық компанияға құл болдық», деген жергілікті жұмысшылар президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады.

Құрылысы 2019-шы жылы басталған «Меркі-Бурылбайтал» тас жолын салып жатқан жұмысшылар үш жылдан бері жалақылары көтерілмегенін айтады. Тиісінше, 60 мың теңгеден 120 мың теңге аралығында алып келген айлықтары шайлықтарына жетпейтінін ашына жеткізген жұмысшылар 2 ай бұрын компания басшыларына хат жолдаған. Бірақ жауап болмапты. Республикалық маңыздағы тас жолдың бұл бөлігін қытайлық «Синьсин» компаниясы салып жатыр екен.

«Нақты айтқанда, Қытай компаниясы бізді жалдамалы құл қылып, жұмсап отыр. Екі айдан бері талап қойып келеміз. Олар пысқырып та қарамайды. «Осыған көнсеңдер, істеңдер, болмаса, жұмыстан кетіңдер», дейді. Үш жылдан бері айлығымыз бір тиын өскен жоқ. Ал 2 жылдан бері арнайы жұмыс киімін де бермейді», –  дейді жұмысшылар атынан сөйлеген Мергенбай Дабылов. Оның сөзін жалғаған Бақытжан Оңғарбаев та қытайлық компания басшыларының алдына барып, арыз айтқан адамды жұмыстан шығаратынын, шыдамның да шегі бар екенін айтты. Ал наразылықтарын білдіруге жиналған жүз қаралы жұмысшы жалақыларын көтермесе, жұмысқа шықпаймыз, деп бекініп отыр.

Өз кезегінде, өзін қытайлық «Синьсин» компаниясының бас инженерімін деп таныстырған Цюань есімді өкілі: – «Біз – 260 шақырым жолдың жартысын саламыз. Бұл – 39 миллиард теңгенің жобасы. 2017 жылдан бері құрылыс заттарының бағасы еселеп өсіп, қымбаттап жатыр. Қазір өзіміз де шығынға батып жатырмыз. Сондықтан жұмысшылардың жалақысын көтере алмай отырмыз. Бұл наразылықты басшыларға жеткіздік. Үш күнде жауабын айтатын боламыз», – деп зудыратты. 

Шу шыққан жерден табылған облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров «Мен осылармен осы күнге дейін айқасып келген адаммын. Мәселе туындаса, айлап созып жүріп алатынын да білеміз. Бірақ осы жолы үш күнде шешеміз деп отыр ғой. Күтейік, сәйкесінше, әрекет етеміз», — деп наразы жұмысшыларды сабырға шақырды.

Осынау, 262 шақырымға созылған Меркі – Бурылбайтал (А-358) жолы Астана – Қарағанды – Балқаш – Алматы (М-36) тас жолының бір тармағы болып табылады. Сонау кеңес дәуірінен бері жөндеу көрмеген күре жол соңғы жылдары шұрық тесік, ойдым-ойдым болып, жергілікті тұрғындар мен екі ортаны жол қылған жүргізушілердің бас ауруына айналған болатын-ды.

Сәтін салып, 2019-шы жылы осынау күре жолға жөндеу жұмыстары басталғанда, тиісті орындар:

«Мұнда тозуға төзімді қиыршықтасты-мастикалық асфальтты бетон төселеді. Қайта қалпына келтіру жұмыстары барысында тас жол төрт бөлікке бөлінеді: Меркіден Шуға дейінгі 86 шақырым 4 жолақты қозғалысқа ие I техникалық категорияда, ал Шудан Бурылбайталға дейінгі 176 шақырымды алып жатқан қалған үшеуі екі жолақты II техникалық категорияда болады. Сонымен қатар, мұнда – 6 көпір, теміржол арқылы өтетін жол өткелі, 11 жарықтандырылатын жолайрық, 276 су жүргізу құбыры, демалыс алаңдары мен автопавильондар салынады. Жөндеу жұмыстары 2022 жылдың маусым айында толықтай аяқталады», — деген ақпарат таратқаны ел есінде.

Бірақ кеше, яғни 2022-ші жылғы сәуірдің 12-сі күнінен бастап, күре жолда жұмыс істеп жатқан жүзге жуық құрылысшы жалақымыз көтерілмесе, жұмысқа шықпаймыз, деген талаптарын қойып, президентке үндеу жасады. Ал жолды жөндеу бойынша жауапкершілікті мойнына алған Қытай компаниясы мына түрімен құрылысты қашан аяқтайтынын Құдай біледі...

Осы орайда, «Жұмысшысының жалақысын мандытпаған бұл қытайлық компания жол салып жарыта ма?» деген ой келеді еріксіз.

Тегтер: