Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:30, 13 Шілде 2022

Жұмыссыз жастардың дерекқоры жасақталды

None
None

Қоғамның қозғаушы күші – жастар. Бүгінгі жастар – ертеңгі кәсіби білікті маман, болашақ отбасының тірегі.

Әрбір жас қоғамда өз орнына ие болу үшін кез келген қоғамдық мәселеге бейжай қарамауы тиіс. Себебі патриоттық рух та, рухани ерік-жігер де ортамен араласудан туындайды.

Қазақта «Жас келсе, іске» деген сөз бар. Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының мәліметінше, бүгінгі күні өңірде 258 164 жас бар. Олар облыс халқының 22,4%-ін құрайды. Жамбылдағы жастардың 96 786-і (37,4%) қалада, 161 378-і (62,6%) ауылдық елді мекендерде тұрады.

Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері және жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламар басқармалары бірлесіп жүргізген талдау жұмыстарының нәтижесінде өңірдегі  25 881 жас (Тараз қ. — 7419, Байзақ — 2123, Жамбыл — 1638, Жуалы — 642, Қордай — 7243, Меркі — 2460, Мойынқұм — 232, Сарысу — 297, Т.Рысқұлов — 935, Талас — 413, Шу — 2479) жұмыссыз немесе NEET санатындағы жас ретінде анықталып, олардың дерекқоры жасақталыпты.

«Жастарды бос уақытында еңбекке баулу мақсатында «Жасыл ел» еңбек жасағын іске асыруға жергілікті бюджет есебінен бөлінген 84,5 миллион теңге қаржыға 2 056 жасты (қала — 1056, аудандар — 1000) жұмысқа тарту көзделуде. Бүгінгі таңда 1 мыңға жуық жас еңбек етуде.

Жұмыстан бөлек жастардың демалысын тиімді өткізу мақсатында сарбаздар арасында спорттық ойындардан жарыстар, өнер байқаулары сияқты іс-шаралар ұйымдастырылды. Жыл басынан бері қала және аудандарда жастар ресурстық орталықтарының бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес 11 бағыт бойынша 4 814 іс-шара өткізіліп, оларға 118 977 жас қатысты. Жастар арасында «Қоғамдық сақшы», «Qamqor», «Тегін такси», «Ашық диалог», «Жастар уақыты», «QAZ IQ», «Кітап сыйла», «ТазаLike», «Әкелер мектебі», «Енелер мектебі», «Келіндер клубы» сияқты жобалар іске асырылды. Одан бөлек «Әулиеата жастары» волонтерлер штабы құрылып, штабта 50 ерікті жұмыс істеді. 

Штаб төтенше жағдай және коменданттық сағат кезінде халыққа жүріп-тұруы бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, рейдтік шараларға қатысып, әлеуметтік осал топ тұрғындарына азық-түлік таратты.

Ғылыми және шығармашылық, зиялы қауым, оқу орындарының профессор-оқытушы құрамы, үкіметтік емес жастар ұйымдарынан және белсенді студент жастардан құралған топ «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын және Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан» идеясы аясындағы тапсырмаларды түсіндіру мақсатында жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттерімен кездесулер өткізді», – дейді Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа.

Иә, халқымыз «Жас жүрген жер — мереке, қарт жүрген жер — береке» деп осындайда айтса керек-ті. 

Тегтер: