Жұмыссыздықпен күрестің тиімді тәсілі – шағын кәсіпкерлік

Биыл ақпанда өткен Үкімет отырысында президенттің әкімдерге 10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын ашуды тапсырғаны белгілі.
Әрине, мемлекет басшысының бұл тапсырмасын жүзеге асыру, әсіресе ауылдық жердегі орындау оңай шаруа емес. Дегенмен атқамінерлер іске қызу кірісіп жатыр.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, ауылдық жерлерде бірінші кезекте шағын кәсіпкерлікті дамытудың маңызы зор. Мұны өңір басшысы жуырда Сарыағаш ауданы халқымен өткен кездесуінде айтты.
– Түркістан облысында ірі зауыттар салынып, үлкен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бірақ жұмыссыздықпен күресудегі ең тиімді жол – шағын және орта кәсіпкерлік. Өз бизнесін бастаймын дейтін азаматтарға былтыр 500 мың теңге көлемінде грант берілсе, биыл ол қаржы 1 миллион 200 мың теңгеге жетіп отыр. Әсіресе ауылда әр тұрғын өзінің үй іргелік жерін тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығымен айналыса алады, – деді Өмірзақ Шөкеев.
Халқы тығыз қоныстанған Түркістан облысы кәсіпкерлік нысандардың саны бойынша көш басында келеді. Өңірде шағын және орта бизнес құрылымдарының саны бүгінде 147 мыңнан асады. Карантиндік шектеу шаралары, экономикалық қиындықтарға қарамастан, былтыр өз кәсібін ашқан азаматтардың қатары 6,8 мыңға көбейген. Нәтижесінде өндірілген өнім көлемі 47 пайызға ұлғайып, 1,2 триллион теңгеге жетіп отыр.
Облыстық әкімдіктің таратқан мәліметі бойынша былтыр шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 26 пайызға жетіп, алдағы төрт жылдық көрсеткіш асыра орындалған. «Қарапайым заттар экономикасы» арқылы 42,9 миллиард теңгеге 315 жоба қаржыландырылған. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру бойынша да Түркістан алғашқы орында келеді. Ал «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша бөлінген қаржының көлемі биыл 43 пайызға артып, 11,6 миллиард теңгеге жетіп отыр. Қазіргі таңда несиелеу жұмыстары басталды. Мамандардың айтуынша, биыл бюджеттен бөлінген қаражат шеңберінде несиелерді субсидиялау арқылы кәсіпкерлерге жеңілдетілген 6 пайыздық өсіммен 40 миллиард теңге несие беру жоспарланған. Осы бағытта өз кәсібін ашамын деген азаматтарды ынталандыру, жол-жобасын көрсету үшін аудан, ауыл әкімдіктерімен жұмыстар жүріп жатыр.
— Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен жергілікті деңгейде бірқатар жобалар іске қосылып, сәтті жүзеге асырылуда. Ірі кәсіпкерлердің көмегімен микробизнесті, стартаптарды қолдау мақсатында – өңірімізде «Кәсіпкерлік қырандары» жобасы бастау алған болатын. Жобаның арқасында 16 стартап жобаларға менторлар қолдау көрсетті. Жоба жалғасын табады. «Бастау Бизнес» түлектерін қаржыландыру мақсатында – «Атамекен – Түркістан» микроқаржы ұйымы құрылған болатын. «Бастау Бизнес» түлектері бүгінгі таңға 1,4 миллиард теңгеге несиеленді, қосымша 1,1 миллиард теңгеге несиелендіру жалғасуда. Сондай-ақ «Керуен Сарай» және «Экобазар» саудагерлеріне арналған Yassy Business бағдарламасы жұмыс істейді. Қазіргі таңда 180 миллион теңгеге 10 жоба қаралуда. Бағдарламаның жалпы қаржысы — 1 миллиард теңге, 330 миллион теңге — жергілікті бюджет, 670 миллион теңге — «Даму» қорының қаржысы. Бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлерге 25 миллион теңгеге дейін 7 жылға 4 пайызбен несиелер беріледі, – дейді Түркістан облысы әкімдігінің таратқан мәліметінде.
Осы жерде жоғарыда аталған «Экобазардың» жұмысына тоқтала кетсек. Аталған сауда базары биыл пайдалануға берілген. Халықты арзандатылған азық-түлікпен қамтамасыз етуді мақсат тұтқан базардың бағаны тұрақтандыруға да септігі тиюде. Қазір мұнда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін тұрақты түрде өткізу қолға алынған. Өткен демалыс күндері ұйымдастырылған жәрмеңкеге Сайрам ауданының кәсіпкерлері өздерінің өнімдерін ұсынды.
Сайрам ауыл шаруашылығы жақсы дамыған аудан. Сайрамдық кәсіпкерлердің шығарған өнімдері бүгінде бүкіл республикаға тарайды. Жәрмеңкеге аудан кәсіпкерлері мен шаруа қожалықтары тұтынушыларға табиғи, сапалы өнімдерін шығарды. Манкент және Қарасу ауылдарына қарасты консерві кәсіпорындарынан «Аят» және «Айша» сауда белгілерімен 200 литрге жуық жеміс шырындары, Қарасу ауылдық округіндегі «Арома» сауда белгісіндегі сүтті қайта өңдеу цехынан 200 келі ірімшік сатылды. Сонымен бірге «Алма» сауда маркасымен «Алма» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі жанындағы етті қайта өңдеу цехынен 1500 келі шұжық және «Асан» шаруа қожалығынан 200 келі қияр, қызанақ өнімдері болды.
Тұтынушыға да, тауар өндірушіге де тиімді осындай жәрмеңкені «Экобазарда» алдағы уақытта өзге аудан, қалалардың шаруалары да ұйымдастырады.