Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:05, 10 Мамыр 2023

Жұмысымыз сөзбұйдадан әрі аспайды

None
None

Саясат сахнасында септігі мардымсыз болған облыстың бұрынғы қоғамдық кеңесі екі жыл бұрын тарқап тынған еді.

Оның орнына былтыр 18 сәуірде экс-әкім Жеңіс Қасымбектің бастамасымен жаңа құрам келді. Бір қарағанда осы кеңестің жұмысы облыстық мәслихатқа қарағанда ілгері көрінетін секілді. Бюджеттен көк тиын жалақы алмайтын қоғамдық ұйым халықтың көкейкесті мәселелерін көтеріп, талқыға салады. Мәселен, былтыр 12 отырыс өткізсе, биыл 6 мәрте жиналып, толғақты проблемаларды қаузаған. Алайда, «бостандық алмаған» кеңестің дербес сайты жоқ екен. Аймақтағы қоғамдық кеңестің соңғы жаңалықтарымен Ниқан Омархановтың әлеуметтік парақшасы арқылы ғана хабардар болып келеміз. Мәслихатқа тетелес болғанымен, құзыреті одан төмен кеңестің жұмысы бұлт астында кірген күндей неге көлегейленіп қалады? Ел қамы үшін қызмет етуі тиіс қоғамдық ұйым мен мәслихаттың қайсы артық? Осы төңіректе біз облыстық қоғамдық кеңестің белді мүшесі, мемлекет және қоғам қайраткері Ниқан Омархановпен сұхбат құрдық.

Бүгінгі мәслихат пен қоғамдық кеңестің жұмысы бірін-бірі қайталайтын құрылымға ұқсамай ма?

– Қазіргі қоғамдық кеңестің миссиясын «кеңес алу, жиналыс өткізу органы» деуге болады. Біздің міндет – басқармалар мен әкімдерге өсиет, ақыл айтуға көп ұқсайды. Сондықтан қоғамдық кеңестің халыққа еш пайдасы жоқ. Мәселен, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында кейбір аудандарға қазынадан 2 млрд ақша бөлінеді. Ал Қарақаралы мен Ақтоғай аудандарына екі жылдан бері көк тиын бұйырмай келеді. Қаржы басқармасының өкілдеріне: «Аудан әкімдеріне неге шара қолданбайсыздар» – деген сауал қойдым, үндемейді. Алайда, менің байбаламым құр далаға айтқан жаңғырықтай боп қалды. Нәтиже жоқ. Бұрын осындай міндетпен мәслихат шұғылданатын. Мәслихаттар маңдытарлық жұмыс істемегеннен кейін, әрі атқарушы билікке бағынышты болғандықтан, құр қоғамдық бақылау болсын деген оймен құрған орган ғой. Дұрысында, қоғамдық кеңес қоғамдағы жағдайларды мәслихатқа жеткізіп, мәслихат ол олқылықтарды атқарушы билікке ескертіп қана қоймай, оны орындата білуі керек. Өткенде, көшпелі отырыс өткізу үшін 26 жыл суды тасып ішіп, өзек жалғап отырған Ақшатау кентіне сапармен бардық. Ондағы ағайынның жағдайы «баяғы жартас, сол жартас» күйінде тұр. Қайраңға шыққан балықтай болған жергілікті тұрғындар баяғыдай 30 шақырым жерден күн сайын су тасып жүр. Оның өзі, әр үйге күніне бір сиыр ішетін су, яғни 30-ақ литр су береді. Аудан әкіміне: «Ақжал кентінен 20-30 тонналық «водовоз» машинасын сұрап алып, Ақшатаудың орталығындағы халықты сумен неге қамтамасыз етпейсіңдер?» деп айттым. «Мәу» демеді. Осы проблеманы облыстағыларға былтырдан бері жағымыз талмастан қаузап келеміз. Жақын арада тағы көтердік. Алайда, биліктегілер селт етпейді.

Әкімдерге сөздеріңіздің өтпеуі бәлкім, қоғамдық кеңес мүшелерінің арасында ықпалды тұлғалардың жоқтығынан болар?

– Қоғамдық кеңестің 31 мүшесі бар. Олардың арасында білімді, еті ширақ, бюджеттің тетігін білетін, әлеуметтік саланың ұңғыл-шұңғылын меңгерген, ауыл шаруашылығының қыр-сырына қанық азаматтар бар. Қынжылтарлығы, құрамымызда «көшенің айғайшылары» да жоқ емес. Төрағамыз – Жәнібек Садықанов. Кеңестің он бес мүшесі талапқа сай деуге болады. Кеңестің құрамына сондай-ақ ықпалдылардың айтуымен еніп кеткен «свадебный генералдар» да бар. Олар іргесін бізден аулақ ұстайды. Талай рет жиырма бірін қалдырып, қалғанын қатардан шығарайық деп қыңқылдап келеміз. Нәтиже шығар емес. «Бәрін айт та, бірін айт» демекші, кеңестің мүшесі, облыс әкімінің орынбасары Ербол Әлімқұлов осы күнге дейін қарасын көрсеткен емес. Шынын айтқанда бүгінгі қоғамдық кеңестің еш абыройы қалмады. Ең өкініштісі, қабылдаған шешімдерінің заңдылық күші жоқ.

Қоғамдық кеңес пен мәслихаттың ара-жігін ашып көрсетсеңіз...

          – Негізі қоғамдық кеңес әлеуметтік саладағы олқылықтар мен ұлтаралық қатынастар және көпбалалы отбасылардың мәселелерімен шұғылданған жөн. Ал бюджет саласы, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, кәсіпкерліктің мәселесін мәслихаттардың мойнына жүктеген абзал. Барлық шикілік қоғамдық кеңес пен мәслихатты атқарушы биліктің іріктеуінде дер едім. Сол секілді біздің әкімдік әуел баста кеңес мүшелерін дұрыс жинақтамаған. Оларды ел арасында сауалнама жүргізу арқылы ел сайлау керек. Бүгінгі қоғамдық кеңес облыс әкімі мен мәслихатқа тәуелді. Егер мәслихат президент атап көрсеткендей, үлкен реформалардың қозғаушы күші болса, демократия болар еді. Өкінішке қарай, бүгінгі мәслихат жалтақ! Неге? Өйткені оларды қоғамдық лауазымға халық емес, әкімдер өткізген. Облыстағы депутаттардың 50 пайызы партиялық тізім арқылы, қалған 50 пайызы бірмандатты жолмен, яғни мажоритарлық жүйемен сайланған. Сондықтан болар, халық қамы үшін қарсы пікір айтатын қаhармандар жоқ. Өйтсе, депутаттық атақтан айрылады. Себебі олардың билікке қызметі мен бизнесі тәуелді. Менің ойымша, облыстық мәслихатқа үміткер депутаттарды тек бірмандатты жүйе бойынша сайлаған дұрыс. Бұл енді болашақтың еншісінде тұрған аманат.

Түптеп келгенде, қосылғыштың орны өзгергенмен, қосындының мәні өзгермейді. Осы бір қасаң қағидадан арылатын күн қашан келер екен?

Тегтер: