Жүнісбаевтың жалауы

Жымиып күлетін, үнемі ойланып жүретін ұстаздың кезекті бір туындысы «Ақселеу жұмбағы» деп аталыпты.
Оқыдық та, өзімізге тәрбие берген сэнсейдің тереңіне үңіліп көрдік пе деген сұрақ туындады. Бір анық бар: Нес-аға – ел спортының қайрағы. Оның жалауы олимпиада алауы секілді жұрт біткенді алға жетелейді.
Одан бері де біраз жыл өтті. Біз «Нес-аға» формуласын зерттеумен жүрміз. Жүздеген жауап табылады, алайда ондаған қайшылыққа тап боламыз. Кейде күйініп те кетеміз. «Бізді неге сонша теріс оқытты?» деп. Сүйініп те кетеміз. «Ешкімге ұқсатпай тәрбиелегені қандай ғажап!» дегенді ұстанып. Жазушы, журналист, күйші, тоғызқұмалақшы, қайраткер Жүнісбаев жұмбағын шешу әзірше мүмкін емес. Одан да ұстаз туралы ойымызбен бөлісейік.
Күндердің күнінде Нес-ағаны көремін деген арманның өзі ол кезде қаперге оралмаған. Бала қиял Жүнісбаев киген жейдені сырттай сипап, журналистика саңлағының жазғанын оқып отырып талай биіктерді шарлайтын. «Футболмен тыныстаған Испанияда» жүретінбіз. Мұқабасы мұқала бастаған жалғыз кітап біздің және біздің достардың баға жетпес асылы. Әр тарауды жеке талқылап, әсіресе КСРО құрамасының ойындарына жете мән беретінбіз. Бес бірдей бапкер барғаны әлі есте. Есте қалатыны – журналист-жазушы «Бес бірдей бапкер барса да...» депті.
Алла тағала жолыңды оңдаймын десе оңай екен, КазГУ-дің журфагында жүргенде ұстаз Бауыржан Омаров «Лениншіл жасқа», Нес-ағаға алып барды. Әуелі жүрек дауаламаған, Бразилия құрамасының жейдесін киіп, Марадонамен сырласқан адам қарапайым студенттің сәлемін алмауы тиіс қой. Ол кісі аспандағы жұлдыз. Біз жердегі миллиардтың бірі ғанамыз. Сөйтсек, «жұлдыз да жымыңдайды» екен. Дәлірегі – жымияды. Тіпті күлді. Сәлем беріп едік, алды. Ерекше ықыласпен, үлкен мәдениетпен алды сәлемді. Жүрегіміз орнына түсті. Шынын айтайық, алғаш көргенде сұрақ беруге оқталдық та, батпадық. Сауалдарына жауап беруге тырыстық. Сосын, тапсырма алдық. Уәделі күні алып жеттік. Бөлмесінен шығып келе жатқанда жолықтық. Жазғанымызды қолына алды. Қоңыр даусы сондай жұмсақ. Маңдайдан сипағандай әсер аласың. «Құлата аласың ба?» – деді. Жартылай ұқтық. Қалай жаздың дегені-ау. Оқыды. Шалқалап барып тұрып қалды. «Оу, сәл қалдым ғой». Іш жылып сала берді. Бұрын сырттай білетін едік, жазғандарына құмар болатынбыз. Енді өзін таныдық. Жақсы адам екен.
Жақсы адамның жанында жүрдік. Тәрбиесін көрдік. Тәлімін тердік. Оң-солды танытты. Жазу-сызу бір басқа. Өмір сүрудің заңдылықтарын түсіндірді. Есікті ашып-жабудан бастап, жалпы, жүріп-тұрудың әдебін ұқтырды. Бауырына тартты. Сәуле апамыз қандай ақылды! Нес-аға үйіне ертіп апарады. Дастарханы аста-төк. Дәмін ұсынады, ықыласын қоса жұтасың. Қала сыртында дачасы бар. Достарын жинайды. Біз де еріп аламыз. Өйткені доп тебеміз. Нес-аға қақпашы. Кейде шабуылда да жүреді. Әмбебап ойыншы. Үлкен ұлы Айдын сол командада. Дархан екеуміз біргеміз. Сәуле апай біздің жанкүйер. Толқын әкесі жағында. Ойнаймыз келіп айыз қанғанша, сіле қатқанша. Ең бір тәтті шақтар ғой. Ас та ішіледі, әңгіме де айтылады. Жөн сілтеліп, бағыт беріледі. Санаулы сағаттарда кәдімгідей жетіліп, өсіп келеміз.
Нес-аға әрі спортшы, әрі бапкер. Тоғызқұмалақты ойнағанда бұл әлемді ұмытады. Тереңге сүңгиді, биіктен азық алады. Теннисті де әдемі ойнайды. Қалақты ұстағаны әдемі. Қайыра соққаны әдемі. Ойын үлгісіне көзің тояды. Көңілің марқаяды. Өзі сымбатты. Тартылған сымдай. Спорт костюмі керемет жарасады. Кәнігі бапкер. Асылы, ұстаз алдымен үлгі. Киінгені де. Тамақ ішкені де. Адамдармен араласуы. Қуанғаны. Тіпті қайғырғаны да. Шын қайғырғанды да тұңғыш ұстаздан көрдік. Басында байқамаппыз. Кабинетіне жылдам кіріп кеткен. Содан шықпай қойды. Газет шығу керек. Беттерді бас редактор қарайды. Есік іштен кілттеулі. Сайын аға тың тыңдап, «қайт» дейді. Түкке түсінбеймін. Саңылаудан сығалаймыз. Түк көрінбейді. Бірақ талып естіледі. Ән. Ән болғанда да, толғау, таныс толғау. Қайта барамыз. Сол көрініс. Әлгі әнді әлі естіп отыр. Ойлаймыз, әнге сөз жазуда, әлде ән шығарып жатыр. Олай ойлауға негіз де бар. Күйші ғой. Кәсіпқой күйші. Кезінде үлкен байқауда жүлде алған. Әннен Жәнібек Кәрменов, күйден Несіп Жүнісбаев озған. Тыңдап отырған толғауы сол Жәнібектікі. Бір кезде шықты. Қаттық та қалдық. Көздері бұлаудай болып ісіп кеткен, жанарынан жас сорғалайды. Көзіміз бақырайып кетсе керек. «Естідің бе?» – деді. «Естідің бе, Жәнібектен айырылып қалдық қой». Сосын, Сайын ағаға бұрылды. «Сәке, чемпиондарды беріп жүрсіздер ғой. Әннің чемпионы Жәнібек дүниеден өтті. Төртінші бетті түгел алып тастаңыз. Өнердегі жүйрікті жоқтайық».
Бірде былай деді: «Спорт журналисі болу оңай емес. Ол үшін өнерді терең түсіну керек. Әнді ұғыну керек. Мәдениетті меңгеріп, экономика тақырыбына қалам тарта алу қажет. Дүниеде не дамып жатыр, соны бірінші біліп отырғанда ғана спорт тілшісі бола аласың, қапталыңдағы журналистен қалып қойсаң, чемпион жайлы қалай жазасың?» Содан бері әлемдегі ағылып жатқан ақпараттан адасып қалуға қорқамыз. Елде не жаңалық, елеңдеп отырамыз. Кім өнерде озды, жіпке тіземіз. Жаңа ән жазылса бірінші болып тыңдауға асығамыз. Тіпті кім дүниеден қайтты, соны да біліп отырамыз. Биліктегі ауыс-түйістер де назардан тыс қалмайды. Депутат сайлау науқанын да белден кешеміз. Ертегіні естуден жалыққан жоқпыз. Батырлар жырын жаттап жүреміз. Әдебиетпен біте қайнастық. Кітап оқу керек, оны тоқуды да ұмытқан жоқпыз. Спортта жылт еткен қазақ көрсек ағасына айналамыз, тілекшісі саналамыз. Өйткені Нес-аға ұстаздан көрген тәрбиеміз бұл. Ұстаз кез келген сәтте тексеруі мүмкін. Ал ол сыннан мүдірмей өту – бізге міндет.
Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында бокстан халықаралық жарыс өтті. Қазақ құрамасының тізгінін Серікбай Төлеубаев ұстаған кез. Шаршы алаңда Ермахан мен Болаттардың олжа салған шағы. Болат Ниязымбетов пен Нұржан Сманов та қарсыластарын соққының астына алады. Оған біз ризамыз. Екі көзді рингтен алмайсың, бәсекенің барысын бағамдау қайда, әлгі саңлақтардың енді қандай амал-шарғыға баратынын білу де оңай емес. Арқадан қаққандай болды, жалт қарадық: Нес-аға. Қолымен рингтің бұрышын нұсқады. «Жақсы тілші жан-жағын түгел қамтып отырады. Бас бапкерге қара, турнир басталғалы бақылап келемін. Байыз таппайды, қолдарымен ауаны осқылап, шәкірттерімен бірге алысады. Көріп ал, бұл да бір дерек». Назарды бұрыштағы бапкерге аудардық. Серікбай бапкердің «боксы» тіпті қызық екен. Шәкіртінен кем терлемеген шығар. Бір орында байыздап отыра алмайды, міне, дерек қажет болса. Нес-ағаның, ардақты ұстаздың айтқан кеңесі, берген тәлімі бір бұл дейсіз бе?! Күн сайын ақыл құятын ағадан үлгі алған шәкірттері бүгінге дейін ілген ілімін талғажау етіп келеді. Мәңгі тоқтамайтын мөлдір бұлақ секілденетін сабақтарын санаға сіңіріп алдық. «Жүнісбаев мектебінен» жұққан нәр есебінен нар атануға ұмтылған жайымыз бар.
Аллаға мың да бір шүкір. Адам болуға ұмтылғандардың жолын аршуға бел байлаған Нес-ағаға шәкірттері де адал. Кісіліктен кішілікке өтіп, ұрпақ біткенге жақсылық жасаудан жалықпайтын Жүнісбаевты Жаратушы қазақ маңдайына сыйғызып берді. Тек қана жол сілтеу, ақыл айтумен шектелмейтін Нес-аға тұтас ұлттың намысына түскен талай жүкке иық тосты. Кәтепті қара нар секілденген аға еш қаймыққан жоқ. Қиындық біткенді жеңіп шықты. Тегіс қазақ балаларына доп тепкізіп қойған жылдары ше? Жанарың суланбай еске ала алмайсың ол кезеңді. Ұлттық мәселеге ерекше мән беретін Нес-аға қазақты жақсы көрумен келе жатыр және спортшысын ғана емес. Өнерлісін де, өрде жүргенін, қырда қалып қойғанын, қалаға кеткенін, ауылдағысын – түгел жақсы көреді. Бірде ауылға ертіп бардық. Іс барысымен. Ерекше көңілді жүрді. Қиын-қыстау заман еді. Неге қуанғанын сәлден кейін білдік. Өзі сөз алғанда: «Ерекше қуанып отырмын. Көрген құрметіме ғана емес, ауылдарыңызда жас балалар көп екен. Айналайын келіндердің өркені өссін! Мынау нағыз ғажап қой!» – деді. Қайтып келе жатқанда әлі сөзін және қайталады. Сонда сездік әрі білдік. Ағаның көңілі қандай дархан! Жүрегі қандай кең!
«Намысқа» соқпай кету әбестік. Қазақ футболының кетеуі кетіп, әлдекімдер түбіне жете бастағанын түсінген де Жүнісбаев. Ұлттық аяқдопты көтеру керегін біліп, біліп қана қоймай, «Намыс» атты команда құруға тәуекел еткені қандай ерлік! Тілші ондай тәуекелге бара ма? Сүйенгені не, сонда? Кімді арқаланды? Халықты! Жұрттан қолдау болатынын ұқты. Мақсатына жетті де. Сол клубтан сусындаған жігіттердің алды ұлттық құрама сапында өнер көрсетті. Нұрбол Жұмасқалиев «Тобыл» сапында ел чемпионы атанды. Қайрат Әшірбеков пен Мұрат Тілешевтің де ойын өрнегі жалпақ жұртқа мәлім. Диас Кәмелов ше, Айдар Күмісбеков секілді тас қамал қорғаушы аз бүгінгі футболда. Алмас Құлшынбаев пен Әнуар Нысанбаев тұсындағы буын да ел аяқдобының өркендеуіне қызмет жасады. Ал команда құру оңай шаруа ма? Оның ішіп-жемі, киім-кешегі бар. Жүріп-тұруына қыруар ақша керек. Көмектескендер кімдер? Қоғам, мемлекет немесе ірі кәсіпорын. Журнал бетінен түспейтін миллиардерлер. Қайдан, қарапайым тіршілігі бар үш-төртеуі шамасы келгенше қолдады. Арқа еті арша болған Нес-аға қазаққа мынаны үйретті: егер жанашыры табылса кез келген істі дөңгелетіп әкетуге болады. Тек ниет болсын. Бір «Намысымен» тұтас ел футболының дамуына әсер еткен Нес-ағаның бұл іскерлік қыры ғана, асылы, ұстаз жазудың адамы.
Жазғанда да, жүректерге жететіндей етіп, еттен сүйекке өтетіндей етіп жазады. «Ауылдан шыққан алыптарын» оқыған шығарсыз, Қонақбаевтың «Үшінші раундына» қаныққан боларсыз. «Сексен төрт жылдың теңдессіз он алты» күнін де өткеріп, «Футболмен тыныстаған Испанияны» аралағаныңыз да анық. «Мексикадағы футбол тойына» шақырту алғандардың «Олимпийский маршрутпен» жүрулеріне тура келеді. Ол өзі ұзақ жол. Бірнеше томнан тұратын және «жолаушыларын» жалықтырмайды. Спортты таяқ деп танымайтындардың өздері іздейді. Ойы шымыр, бөлісер дерегі мол болғандықтан шығар. Қазақстан спортының кешесінен мәлімет беріп, бүгінін ұқтырып, ертеңін нұсқап үлгереді.
Ақселеу жұмбағын шешуге үңілген де Нес-аға екен. Қазақы болмыстың, қазақы рең, қазақы ойдың мәңгі сақталуына жанкүйер қайраткер әрі жазушы, журналистің берері әлі де көп. Табан астында тың идея ұстата салатын заңғар азаматтың алар асуы тым биікте. Ұлт бар жерде намыс бар. Ал намыстан жаралған Нес-аға ұлттық идеялардың сандығы әрі күзетшісі секілді. Жетпіс деген не тәйірі, спортшыға? Нағыз піскен шағы. Ендеше алда жазылар кітаптардың тұсаукесерін күтеміз. Мерейтойыңызбен, ұстаз!