Жүрегіңізді сақтаңыз!

Жұртқа мағлұм түсінік бойынша адамның жүрегі өзінің жұдырығына ұқсайды. Көлемі де сол жобада.
Бірақ біздің күнделікті қолданыстағы жүрек символы қайдан шықты? Жалпы «жүрек» деген органның зерттелуі мен бүгінгі медицина символының түбі бір.
Қазіргі Түркия жерінде Пергам атты ежелгі қала бар. Оның тарихы грек заманынан басталып, бүкіл антик дәуірді көктей өтіп, орта ғасырларға дейін жетеді. Інжілде айтылатын ақыр заманның жеті шіркеуінің бірі осы қалада орналасқан. Қасиетті кітапта «сайтан тағының» да Пергамда орналасқаны туралы айтылған. Үлкен төбе басына салынып, биігінен Эгей теңізі көрінетін бұл қаланың маңында ежелгі санаторий бар. Ол медицина құдайы Асклепийге арналып салынған. Төрт бұлақты қоршай орналасқан емдеу орталығының амфитеатры да бар. Осы санаторийдың қабырғалары қылышқа оралған жыландармен безендірілген. Яки бүгінгі құтыға оралған жылан символы осы Асклепионнан бастау алады. Осы емдеу орталығында жаралы гладиаторларға қарайтын Гален атты дәрігер тұңғыш рет жүректі ашып көрген деседі. Өзінің еңбектерінде жүректі «қарағай бүршігіне» және теріс қаратылған жапыраққа ұқсайды деп суреттейді. Бүгінгі жүрек символы жапыраққа ұқсайды десек те, оның Гален еңбектеріне қатысы жоқ. Бірақ басы ашық бір дүние бар, ол –адамзаттың кеуде тұсындағы жұдырықтай етке ертеден қызыққаны. Осы қызығушылықпен біз де «Private» клиникасының алдына келіп тұрмыз. Мұнда Мөлдір Құрманбекова атты кардиолог маман жұмыс істейді.
– Медицинаға қатысты мамандықтың бәрі қиын десек те, оның ішіндегі кардиологияның қиындығы тіпті ерекше екені даусыз. Бұл салаға қалай келдіңіз, балалық арманыңыз болды ма?
– Біздің қоғамдағы балалар болашақ мамандығы туралы тоғызыншы сыныптарда ойлана бастайды емес пе? Мен де сондай балалардың бірі едім. Бастапқыда анам өтінсе де медицинаға барғым келмеді. Ағылшын тілін немесе мұнай-газ мамандығын оқығым келген болатын. Сол оймен дайындық бастадым. Бірақ оныншы сыныпта таңдау күрт өзгерді. Ұлбала атты әпкем бар. Екінші анам десем де болады. Сол кісі қызыл жегі (Системная красная волчанка) ауруына шалдықты. Расына келгенде емі жоқ, жазылмайтын дерт. Сонда да болса әпкемді емдеймін деп таңдауымды өзгерттім. Медицина мамандығына оқуға түсіп, өмірімде тұңғыш рет жатақхананың табалдырығын аттап едім. Екі ананың ортасында еркелеп, не ішем, не кием деген кезі болмаған қызбын ғой. Жатақханада тұруым қиын болды, оқудың қиындығы тіпті жанға батты. Бірақ қызықтым, оқыдым… Кардиологияны да таңдағым келмеді, шынында. Әпкемнің дертіне ем жасаушы дәрігерлерді ревматолог деп атайды. Алты жылдық оқу бітіп, Тараз қаласында, сосын Алматыдағы кардиология орталығында дәрігердің көмекшісі болып (интернатура) жұмыс істеп жүрген едім. Бірде Айгүл Кәрімқызы атты жетекшім: «Сен кардиолог боласың», – деді. «Болмаймын. Ұнатпаймын» деп қашқақтап көріп едім: «Жоқ, сенің икемің бар. Осы кардиология орталығында қал, өзіміз оқытамыз. Маман қыламыз», – деді. Сөйтіп, алты ай ішінде жетекшім екеуміз бірнеше мақала жазып, халықаралық және республикалық конгрестерге қатыса жүріп, осы салаға қызыға бастадым. Кардиология институтына оқуға жіберді. Не керек, медицинаға да, оның ішіндегі кардиологияға да қалауымнан тыс келіп, қызығушылығым жүре ашылған жандардың бірімін.
– Өкініш болмай ма?
– Ондайым жоқ сияқты. Осылай болды ма, яғни бұл менің тағдырым.
– Романтикалық сұрақ қояйыншы. Жүрек деген не? Маман ретінде және адам ретінде жауап беріңізші.
– Маман ретінде жүректі адамның моторы деуге болады. Адам ағзасындағы ең маңызды мүше. Мотор тоқтаған жағдайда – өмір де тоқтайды. Ал адам ретінде жүректі адамның бүкіл сезімдеріне жауап беретін дүние ретінде қараймын. Тіпті адамның жүрегі мен жаны бір сияқты. Бәлкім, жан жүректе болады. Жүрек талмасы, инсульт сияқты анатомиялық аурулары бір бөлек болғанда, жүректің эмоцианалды аурулары бар. Уайым, реніш, ашу – бәрі-бәрі жүрек арқылы жүретінін білеміз. Біреу жүрегім сыр берді деп келеді. Тексере келсең, ешқандай ақау таппайсың. Яғни ол науқастың анатомиялық тұрғыда жүрегі дұрыс. Оның жаны ауырып жүр. Ал жан ауруы – жүрекке түседі.
– Бір деректерден жүректің өзінің миы болатыны туралы оқып едім...
– Жүректе бөлек ми болатыны дәлелденген дүние емес. Бірақ жүректің оталдыру, яки импульс тетігі болатыны белгілі. Жүрек төрт бөлмеден, төрт бөліктен тұрады. Соның оң жақ жоғарғы бөлігінде синустық түйін болады. Ол төрт бөліктің директоры. Өздігінен импульс тудырып, келген қанды келесі бөлмеге айдайды. Оны орынбасары деп алайық. Осылай қан жүректің төрт бөлмесін аралап, соңғы қуысынан қайта бойға тарайды. Жүрек жұмысының таңғалдыратыны сонша, оған сырттан ешқандай қосымша күш қажет емес. Өз импульсін өзі тудырып алады және синустық түйін белгілі бір себептермен жұмыс істемей қалса, оның жанындағы екінші (орынбасар) бөлік оның қызметін атқара береді. Ол да істен шыққан жағдайда үшінші бөлігі импульс тудыра алады. Тіпті соңғы төртінші бөлігінің өзі-ақ жалғыз жұмыс істеуге қабілетті. Міне, жүректің әмбебап қызметіне осыдан көз жеткізе аласыз.
– Стрестік жағдайлар жүрекке күш түсіреді дейсіз...
– Адамның кез келген эмоциналды күйін стресс деуге болады. Қатты қуану, қайғыру, қорқу, ашулану – бәрі стресс. Оның бүйрек үсті безінен бөлінетін өз гормоны бар. Адреналин және норадреналин деп аталады. Екеуінің адам ағзасына әсері өте ұқсас. Олар қан тамырларын жиырып, ішіндегі қан қысымын жоғарылатады. Қан арнасына сыймай, жүрекке тығылады. Біздің жүрегіміздің стресс жағдайларында қатты соғып кететіні сондықтан. Осындай жағдайлар кеудеміздегі бұлшық етті мертіктіріп, ауруға шалдықтырады. Сондықтан науқастарыма кез келген жағдайға бейтарап қарауды кеңес етемін.
– Қазақстанда жүрек ауруларына шалдығу жиі бола ма? Статистика бойынша айтсаңыз.
– Қазақстан азаматтарында ғана емес, тұтас әлемде бұл ауруға шалдығатындар көп. Бірақ медициналық терминде жүрек аурулары деп айтпайды. Жалпылама «қан айналым жүйесінің аурулары» деп аталады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасына сүйенер болсақ, 54 пайыз ауру қан айналым жүйесімен байланысты. Қазақстанның да статистикасы осы көрсеткішпен шамалас.
– Басты себептері не?
– Генетика. Бұл аурулар көбіне тұқым қуалайды. Анасынан немесе әкесінен беріледі және бұл дерт көбіне еркектерге үйір. Әйелдерге қарағанда еркектер екі есе көп шалдығады. Өйткені әйелдер эмоциясын шығара алады. Ал еркектердің көбі ішінде ұстайды. Сонымен қатар ішімдік пен шылымға ер адамдар әуес келеді. Ол да бұл аурулардың асқынуына әсер етеді.
– Қазақстанның медицинадағы, оның ішінде кардиология саласындағы әлеуеті қандай?
– Жалпы медицинасын білмеймін, бірақ кардиология бойынша еліміз әлемдік деңгейге жетті деуге негіз бар. Отандық мамандар ең қиын деген операцияларды жасай алады. Тіпті өкпе мен жүректі ауыстыру операциясы да елімізде жасалады. Әзірге мұндай орталық Астанада ғана. Қазақстандағы барлық кардио орталықтар мен клиникалар сол елордадағы кардио-хирургиялық орталықтың ұсыныстарын, әдістерін қолданады. Өйткені соңғы технология мен емдеу әдістері бірінші болып осы орталыққа жетеді.
Қазақстан медицинасының ақсап тұрған бір қыры бар. Ол – ұйымдастыру. Осы тұрғыда біз әлемдік дамыған елдерден 10-15 жылға кейін келеміз. Мысалы, елімізде міндетті медициналық сақтандыру жүйесі бар. Оған әрбір қызметкер ай сайын айлығынан ақша төлеп отыр. Бірақ біздікі секілді жеке клиникаларға келгенде науқастар тағы ақша төлейді. Сақтандырумен дәрі сатып ала алмайды. Яғни халық екі есе шығындалып жатыр. Меніңше, медициналық сақтандыру осы тұрғыда артылған сенімді ақтай алған жоқ. Сонымен қатар елімізде скрининг (белгілі бір жасқа жеткен адамдардың аурудың алдын алу үшін тексерілуі) жүйелі жолға қойылмаған. Ауыл медицинасының да жағдайы төмен екені жасырын емес. Осылай науқастың көбі біздің алдымызға асқынған хәлде келеді десек болады. Егер дерт алғашқы деңгейлерінде анықталар болса, оны емдеу мүмкіндігі жоғары болады. Тіпті онкологиялық аурулардың өзі емделер еді.
– Бұған белгілі бір деңгейде халықтың да селқостығы себеп шығар.
– Әрине, біздің халықта медициналық мәдениет қалыптасып үлгермеді. Олар уақытында дәрігерге қаралып жатпайды. Мерзімді скринингке де баруға құлықсыз. Жұмыстан сұратып жатса ақша беріп, өтті деген анықтама ала салады. Ауруын жасырып, күйбең тіршілік соңында жүре береді. Ақырында ауыр хәлде алдымызға келеді. Кейде мұндай науқастарға қанша тырысқанымызбен, көмек көрсете алмай қаламыз.
– Он жылдық еңбегіңіздегі ең ауыр ота туралы айтып өтсеңіз.
– Бір науқастан ота үстінде айырылып қалдық. Хәл үстінде келіп еді… Жалпы мен негізгі ота жасаушы дәрігер емеспін. Көбіне жеңіл, тамыр арқылы жасайтын операцияларда боламын. Ал кеудені тіліп, сүйекті ашып жасалатын оталарға сырттай қарап, көмекші боламын. Өйткені ондай ота кезінде адам 15 рет рентгенге түскендей сәулелену дозасын алады. Ал мен әлі бала көтергем жоқ. Сондықтан ауыр оталарға кіруден бас тартам...
Осы жыл өте ауыр болды. Жүрек аурулары созылмалы дерт емес пе?! Науқастарыңмен бітеқайнасып, бала-шағасымен араласып, олармен тіпті туысқан болып кетесің. Бірақ күндердің күні сен ол кісіден айырылатыныңды сезесің ғой. Биыл сондай 5-6 науқасымнан айырылдым. Алғаш жұмысқа кіріскен кезімнен бастап бірге келе жатқандары да бар арасында. Жалпы ол адамның әйтеуір бір кетерін сезесің. Тіпті оған іштей дайын да болатын шығармыз. Бірақ науқастың өлімін туыстарына жеткізу – ең ауыр дүние. Меніңше, дәрігер болудың жолы ауыр емес. Күнделікті жұмысыңа, артыңа қарасаң жол болып қалады емес емес пе? Ал ота бөлмесінен шығып, дәлізде күткен науқастың туыстарына жеткенге дейінгі жол – ең ауыр жол. Ең ауыр сәт. Әрбір науқастан айырылған ота – ең ауыр ота. Бір-бірімен салыстыру мүмкін емес.
Жансақтау бөлімінде істедім дедім ғой. Мұндай кейстер көп болды. Жалпы кез келген аурудың шарықтау шегі бар. Біздің салада ол – жүрек жетіспеушілігі деп аталады. Мен осы науқастарға қарауға маманданып, 5 жылдай жұмыс атқардым. Апта сайын көз алдыңда жүрген бір науқас дүниеден өтеді. Жаным күйзеліп кетті. Еңсе көтере алмастай хәлге жеттім. Алғашқы жұмыс орным кардио орталықтан кетуіме де осы ауыр жағдайлар себеп болып еді. Өлімнің өзінен бөлек, артынан айтылатын сөзі бар ғой. Халықтың медициналық мәдениетінің төмендігін айтып өттік. Кейбір науқастардың туыстары «өз аяғымен келіп еді, сен өлтірдің» деп жатады кейде. Біздің халық үшін есінен танбай келген науқастың бәрі «өз аяғымен» келген болып саналады. Бірақ оның қандай жүрекпен, қандай тамырлармен келгенін туыстары білмейді ғой.
– Медициналық мәдениеттің төмендігі туралы біраз айттық. Бұл қазақ медицинасының кеш дамығанынан ба?
– Кесіп айту қиын. Мысалы, келіп, диагнозы қойылған науқастардың көбі жазып берген қағазға қарамайды да. Дәрілердің бір-екеуін алып, оларды да ішіп қарық қылмай жатады. Кейбір науқастар диагнозын айтып, емдеу жолдарын жазып беріп отырған сәтте емделетін тәуіп іздеп отырады. Интернеттен немесе біреулерден естіп алған емдерін қолданып, өзін-өзі емдеумен айналысатындар да жоқ емес. Мысалы, бір науқас кісі құрттың сары суын ішіпті. Ал жүрек аурулары кезінде тұзды нәрсе жеуге, ішуге мүлде болмайды. Ісініп келіп, жүрегі соқпай қалды соңында. Биоқоспалармен, шөп дәрілермен емделеміз дейтіндер де бар. Түсініңізші, егер олардың зәредей көмегі болса, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы міндетті дәрілердің қатарына неге қоспайды? Осы тұрғыда аз-кем ойланып көріңізші. Бәрін тұтас жоққа шығаруға да болмайтын шығар. Бірақ олар негізгі дәріге қосымша болуы керек дүниелер ғана.
Біздің дәрігерлердің алдында кезек көп деп жатады. Шетелдермен салыстырсаңыз, бұл кезек түкке тұрмайды. Ол жақта адамдар дәрігерге бір жарым, екі ай бұрын жазылып қояды екен. Медицинаның қымбаттығы бар, оның үстіне дәрі-дәрмектің де бағасы ұшып тұр. Сондықтан олар дәрігердің айтқандарын бұлжытпай орындауға тырысатын шығар. Қалай болғанда да халықтың медициналық мәдениетін көтеріп алмай, аурудан айықпайтынымыз анық. Мектептерде түсіндіру жұмыстары көптеп жүргізіліп, әлеуметтік бейнероликтер әрбір көрінер тұста тұруы керек деп ойлаймын. Адамның денсаулығы жайында есіне көп салған сайын, ол саулығы жайында көбірек ойланар ма еді?
– Дәрігерлер, оның ішінде кардиологтардың ырым-тыйымдары бар ма?
– Кардиологтар ешқашан кезекші дәрігерге «тыныш кезекшілік болсын» деп айтпайды. Біреу солай тіледі ме, бітті. Сол түнде бір ауыр жағдай болады. Ауыр науқас түседі немесе бір науқастың жағдайы ауырлайды деген сияқты. Сондықтан «тыныш кезекшілік емес, тыныш ұйқы тіле» дейді кардиологтар. Бұл ырым-тыйым емес, бірақ біздің мамандықта бір қызық жағдай бар. Ол «жұп жағдайлар заңдылығы» деп аталады. Яғни ауыр жағдайда науқас түссе, оның артынан дәл сондай диагнозбен басқа науқас түседі. Бір адамның жүрегі тоқтаса, көбіне тағы бір науқастың жүрегі тоқтауы ықтимал. Мұны қалай дәлелдеуге болатынын білмеймін.
– Халықтық медицина деп жатамыз. Дәрігер ретінде сенбейтініңіз белгілі. Бірақ оның да дұрыс жақтары бар ма?
– Әрине бар. Көз тию мен сөз тиюдің бар екеніне дәрігер болсам да сенемін. Өйткені кейбір науқастарды тексересің. Анализ нәтижелері тап-таза. Ешқандай ауытқу байқалмайды. Бірақ ауырып жатыр. Менің тәжірибемде бір 17-18 жасар қыз болды. Ол ауырғанда тұтас тәні селкілдеп кететін. Қанша тексердік. Ештеңе таба алмаған соң, емшілерге алып кетті. Біраз уақыттан кейін сауығып шыққанын естідім.
– Сенім деген нәрсе қаншалықты маңызды?
– Ем нәтижесі жақсы болуы үшін науқас дәрігерге және ауруды жеңіп шыға алатынына сенуі қажет. Өз-өзіне сеніп, онкологиялық ауруларды жеңіп шығып жатқандар бар. Ал науқас өзін тастап, тіпті емделуге ниеті болмаған жағдайда, ешбір дәрігер, ешбір дәрі көмектесе алмайды.
– Сол жаман аурумен ауыратын балалардың көбі жазылып шығады екен. Өйткен олардың санасында бұл ауру туралы, оның емделмейтіні жөнінде түсінік болмайды деседі.
– Дертті жеңудегі бірінші және ең маңызды қадам сенім. Бірақ бұл жағдайдың да әрқилысы болады. Мен мысалы науқастың дертін түсіндіруге тырысамын. Суретін салып, немесе интернеттен көрсетіп… Егер санасында сәулесі бар адам болса, мен жазған дәрінің, емнің маңызын солай түсінеді. Шыны керек, дәрігерлердің бәрі психолог қой. Кейбір науқастарға ауруының ауырлығын айтсаң, керісінше, түңіліп кететініне көзің жетеді. Сондықтан ондай адамдарға басқаша әдіс керек. Алдайсың, ауруы жайлы айтпайсың. Кейде аты жаман ауру туралы туыстарының өзі айтпайды. Әрине, бұл дәрігерлік этика тұрғысынан дұрыс емес шығар. Өйткені кез келген адам өз ауруын білуі керек. Десек те оны көтере алатын адам бар, көтере алмасы да
– Қазаның ауырлығынан қалай айығасыздар? Ұмытылып кете ме?
– Ұмытылмайды. Мен әрбір кеткен науқасымның диагнозын және неден, қалай кеткенін білемін. Олардың әрқайсысымен қол ұстасып жүргем. Қанша әңгімелестім, жанына үңілдім. Кеңсеме келгеннен бөлек, әрқашан телефонмен сөйлесіп отырамын олармен.
– Адамдар өліміне еті өліп кетеді дейді дәрігерлердің...
– Кардиологтар арасынан ондай дәрігерді кездестірмедім. Ол әрқашан ойыңда. Түнде ұйықтар алдында, жалғыз қалғаныңда ойлайсың. «Бәлкім, былай жасап көргенде қалай болар еді» деген нәрсе жаныңды жейді. Бірақ қолыңнан келер, соңғы әдістердің бәрін жасағансың. Ақырында көндігесің. Басы болған нәрсенің соңы да болуы керек.
– Жалпы сіздің саладағы басты проблемалар туралы не айтасыз?
– Әңгімеде айттық қой. Медициналық ұйымдастыру. Скрининг мәселесі. Халықтың медициналық мәдениетінің төмендігі. Проблема осылар. Осы әңгімені сұхбатқа түсіріп отырып өзің де шылым тартасың мысалы. Солай ма?
– Иә.
– Тамақтың тұзы аз болса келіншегіңді қуырып жібере жаздайсың. Қимыл-қозғалыс аз сенде. Күнделікті жаттығуға уақытыңды қимайсың. Кеш ұйықтайсың...
– Бұл әдеттің бәрі бір бойымнан табылады.
– Құттықтаймын, сіз менің болашақ науқасымсыз!
– Құдай сақтасын! Әңгімеңізге рақмет!
* * *
Жаман нәрсе туралы ойлауға болмайды ғой. Сондықтан мен сөз басындағы жүрек белгісі жайлы ойлап кеттім тағы да. Бір аңыздарда бұл белгінің Венера Каллипиги мүсінінен бастау алғаны жайында айтылады. «Венера Каллипиги» итальян тілінен аударғанда «сұлу көтенді Венера» деген мағына береді. Сол мүшенің сұлулығын білдіру мақсатында бүгінгі жүрек белгісі қолданғаны туралы деректер кездеседі. Тіпті гректерден адамның бұл мүшесіне өлең арналып, махаббатын да осы мүше сұлулығымен жеткізген жыр шумақтарын кездестіруге болады.
Қорықпаңыз, түсінік өзгерді емес пе… Символдардың мәнінің ауысқанында тұрған ештеңе жоқ. Кейде біздің елдің саясатына қарап тұрып, аты сол қалпы қалып, мәнінің өзгергенін тілейсің ғой. Бірақ бізде тек аты ауысып, мәні сол қалпы қала береді. Жә, саясатқа және басқа да проблемаларға басыңызды ауырта бермей, жүрегіңізді сақтаңыз.