Жүріс-тұрысын кім төлейді?
Қоғамдық сенім кеңесі Қарағанды жақта қаңғып жүр
Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері Қарағанды облысында жүр екен. Кездесулер өткізіп, жағдаймен танысып дегендей… Оның алдында бұлар Маңғыстау облысы мен Солтүстік Қазақстан облысына сапарлатып қайтқан екен.
Бұл Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің басты мақсаты – қоғам, саяси партиялар, азаматтық қоғам өкілдерімен кеңінен талқылау негізінде мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу еді. Қыдыру емес.
– Олар сонда қазір нені кеңінен талқылап жатыр? Олардың отырысы туралы баспасөз неге жазбайды? Жергілікті азаматтық қоғам өкілдері олармен кездесуге неге қызықпайды? Билік пен халықтың арасында көпір болуы тиіс ұлттық кеңестің өзі де билік сияқты өзара ғана жиналуды әдетке айналдырғаны қалай? Елде күн сайын түрлі мәселелер туындап жатыр, ал ұлттық кеңестің үні де естілмейді, өзі де көзге көрінбейді. Тағы бір сұрақ: мүшелердің бұл қыдырыстарының ақшасын кім төлеп жатыр? Шығынды қай мекеме қандай баппен төлеп жатыр екен? Ең қызығы, бұл сауалдарға ешкім жауап бермейді. Ұлттық кеңестің өзі де, ақпарат және қоғамдық даму министрлігі де, биліктегі партия да, парламенттік оппозиция деп аталатын партия да жауап бермес. Талай жылдан бері осылай өмір сүріп келеміз. Билік өзінің кеңестерімен бір бөлек әлемде, біз, халық, өзіміз бір бөлек күйде әлі келе жатырмыз, – дейді экономист Қазбек Бейсебаев.