Адвокат: Асхат Ниязовтың ісінде қылмыс құрамы жоқ
Адвокат Әсел Тоқаева қорғауындағы Асхат Ниязовқа қатысты әкімшілік іс туралы айтып берді.
Оның айтуынша, Мәдениет министрлігінің мәлімдемесіне қарамастан, журналистің әрекетінде ешқандай жала жабу, жалған ақпарат тарату секілді құқық бұзу немесе қылмыс құрамы жоқ.
Қазір журналистке Әсел Тоқаевамен бірге Құқықтық медиа орталығының Mediaqoldau заң қызметі қолдау көрсетуде.
«Асхат басқа адамның ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіретін немесе оның беделін түсіретін көрінеу жалған ақпарат таратпаған.
Біріншіден, Асхат бөліскен пост Ақпарат комитетінің беделіне қандай да бір әсері жоқ және, әрине, ешкімнің ар-намысы мен абыройына нұқсан келтірмейді.
Екіншіден, бұл жала жабу ісінде шағымданушы жоқ. Яғни, бұл постқа қатысты ешқандай жеке тұлғаның арызы жоқ. Ал, арыз берілмесе, ешқандай іс жүргізу мүмкін емес. Сондықтан, мұны тоқтату керек», деді қорғаушы Orda.kz-ке.
Еске салайық, Ниязовқа қатысты әкімшілік іс ProTenge басылымының Азаттық радиосындағы әріптестерін қолдап репост жасағаны үшін қозғалған болатын. Хабарламада ҚР Сыртқы істер министрлігі Мәжілісте қаралып жатқан БАҚ туралы заңды басшылыққа ала отырып, «Азаттық» радиосы қызметкерлерін Қазақстанда жұмыс істеуге аккредиттеуден бас тартқаны айтылған.
Фото: the-village-kz