Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:57, 20 Желтоқсан 2022

«Журналист» болып бопсалау

None
None

Оңтүстікте әдетке айнала бастады

Шымкентте емхананың төбесіне ілінген жыртық туды ұялы телефонның камерасына түсіріп, сол арқылы мекеменің бас дәрігерін бопсаламақ болған «журналистке» сот үкімі шықты. Бұған дейін де осындай тірліктері үшін сотталып шыққан «төртінші биліктің өкілі» бұл жол темір тордың арғы жағында ұзағырақ отыратын сияқты.

Сот үкімінде сотталушы Ғани Өмірәлінің «Қоғамдық бақылау» деп аталатын газеттің редакторы екендігі жазылған. Алайда өз басымыз Ғани Өмірәлі деген журналисті де, жоғарыда аталған газетті де естімеген екенбіз. Әйтеуір, соңғы уақытта Шымкент қаласы мен Түркістан облысында мемлекеттік мекемелерді, әсіресе мектеп пен балабақшаны, ауруханаларды адақтап, жыртылған туды, күл-қоқысты  түсіріп, қоқан-лоққы жасаудың, қорқытудың, ақша талап етудің әдетке айналып бара жатқаны байқалады.

Абай аудандық сотының шығарған үкіміне қарағанда, биыл сәуірде қаладағы №6 емханаға жүкті келіншек келеді. Оны емханаға тіркеуге алуға қатысты дау туындайды. Осы жерде іске Х.Абдуллаев пен М.Көпенов деген «журналистер» араласады. Сол күні ұялы телефондарына әр нәрсені түсіріп, емханада біраз шатақ шығарған олар ертеңіне қайта келеді. Бұл жолы мекемеге ілінген тудың жыртық екенін, оны камераға түсіргенін айтып, бас дәрігерді шақыруды талап етеді. Осы жерде іске «басты қаһарман» Ғани Өмірәлі араласады. Емханаға келген ол полицейлерді шақырып, жыртылған ту үшін шара қолдану жөнінде арыз жазып береді. Осыдан кейін бас медбике Күлкиевамен сөйлеседі. Медбикенің сотта берген жауабына қарағанда, Ғани Өмірәлі:

– Мен нандаймен сөйлесемін, – деп сұқ саусағын көрсетеді. Медбике оның 1 миллион теңге дәметіп отырғанын түсінеді.

– Бірақ сіз Абдуллаевтың әпкесі болады екенсіз. Сондықтан 500 мың теңге болады, – дейді «журналист». Аздан кейін:

– Мақұл, онда 400 000 теңге қылайық, – дейді. Сонда медбике:

– Ондай ақша жоқ, тек 300 000 теңге бере алатын шығармын, оның өзін де бас дәрігерге айтып көрейін – дейді.

 Оған Ғ.Өмірәлі: «Тірлікті бастығыңыз бүгін бітірсін, офисіме келсін, болмаса Kaspi-ге салып жіберсін, болмаса, жұмыстан құртамын, – дегенді айтып, М.Көпенов екеуі көлікке отырып, кетіп қалады. Ертесіне «журналистер» ақша сұрап, медбикеге қайта-қайта хабарласады. Бас дәрігер А.Қылышбаеваның берген жауабына қарағанда, осыдан кейін полицияға арыз беріледі. Сол күні кешкісін Ғ.Өмірәлі көлігімен келіп, медбикеден полицейлер алдын ала дайындап қойған айғақтық зат – 300 мың теңгені алғаннан кейін, ұзамай ұсталады.

Сотта Ғ.Өмірәлі өзіне тағылған айыптарды мойындамайды. Алайда сот басты куәгер – медбикенің жауаптарын негізге алып отырып, оның кінәсі дәлелденді деп табады. Нәтижесінде, «редактор» «қорқытып алу» бабымен 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Ғ.Өмірәлі  2017 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотының үкімімен «алаяқтық» бабымен 5 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Кейін оның жазасы бас бостандығын шектеуге ауыстырылған екен. Бұл жол «редактор» жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтейтін болады. Айта кетері, сот үкімі әлі күшіне енген жоқ. Апелляциялық алқаның бұған қандай төрелік айтарын кім білсін.

Осыдан екі жыл бұрын Жетісай ауданында өздерін блогер, журналист, заңгер ретінде таныстырып, жұртты қорқытып ақша алған төрт азаматқа үкім шығарылған болатын-ды. М.Әшімов, Ө.Жүнісбеков, М.Лесбаев және С.Мырзамұратов өздері құрған «Түркістан 2030» деп аталатын қоғамдық бірлестіктің атын жамылып, «Защита прав потребителей», «Түркістан 2030 по борьбе с коррупцией», «Содействие департамента по борьбе с коррупцией», «СМИ /средства массовой информаций/», «Закон и правосудие», «Информационно правовой портал», «Проводим политику президента РК» деген қызыл түсті жалған қызметтік куәліктерді және визиткаларды жасаған. Атынан ат үркетін ұйымдардың куәліктерімен «қаруланған» жігіттер осыдан кейін бопсалау әрекеттерін бастайды. Сот үкімінде олардың «қорқытып алушылық», «алаяқтық» әрекеттеріне қатысты 13 эпизод келтіріледі. Топтың басшысы 10, қалған үшеуі 8 жылға бас бостандықтарынан айырылған еді.

Жоғарыдағы сот үкімдері журналистік қызметті, қоғамдық бақылауды бопсалаудың құралына айналдырғандарға сабақ бола қояр ма екен? Әй, қайдам?!

Тегтер: