Журналист Лұқпан Ахмедияров өзіне не үшін тергеу жүріп жатқанын айтты

Тәуелсіз журналист Лұқпан Ахмедияров 10 сәуір күні Астанада ұсталып, бірнеше сағаттан соң босатылған еді.
Келесі күні ол үш сағатқа жуық тергеуде болды. Журналистке қатысты іс ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы – «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша қозғалған. Ол іске «қорғану құқығы бар куә» ретінде қатысуда.
Ахмедияровтың айтуынша, тергеу ісінде тек екі адам бар: біреуі – Орал қаласының тұрғыны, арызданушы ретінде, екіншісі – өзі, куәгер ретінде. Арызданушы – жуырда Лұқпанмен хабарласқан әйел, ол шетелге кеткен қазақстандықтар жайлы жағдайды жария етуді сұраған. Журналист осы өтініш негізінде Ресейге табыс табу үшін кеткен азаматтар жайлы бейнематериал жариялаған еді. Онда аталған азаматтардың кейбірін Ресей Қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасауға мәжбүрлеп жатқаны айтылған.
Лұқпан Ахмедияров өзіне қатысты тергеу дәл осы материалмен байланысты екенін жоққа шығармайды. Оның айтуынша, алғашқы күмәнді жайттар 9 сәуірде кешке басталған. "Маған хабарласқан әйел барлық хат-хабарды өшіріп тастап, кейін "неге солай жарияладыңыз? Мен олардың соғысқа бара жатқанын айтпадым" деп жазды. Мен: "Сіз өзіңіз солай жаздыңыз. Хатта бәрі бар" дедім. Сол сәттен бастап үнсіз қалды", – дейді журналист.
Ахмедияров пен оның адвокаты тергеушілерге барлық хат алмасуды ұсынған. Журналист тергеудің жалғасатынын және алдағы процессуалдық шешімдер жайлы қосымша хабарланатынын айтты.
Айта кетейік, Лұқпан Ахмедияров – ұзақ жылдар бойы Орал қаласында жұмыс істеген белгілі тәуелсіз журналист. Қазіргі уақытта ол Астанада тұрады және «Просто журналистика» атты YouTube арнасында қоғамдық-саяси тақырыптарды көтеріп келеді.
Журналисттің ұсталуына байланысты «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау ұйымы пікір білдіріп, тергеу ісінің әділ аяқталып, қылмыстық іс тоқтатылатынына үміт білдірді.