Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:34, 30 Маусым 2022

Журналист сұрағынан қашатын шенділерге енді жаза бар

None
None

Референдум өткізіп «Жаңа, Әділетті Қазақстанды» құрамыз деп жүргенде, шенділеріміз ескі әуендеріне басып тайқып қашудан әлі арыла алмауда.

Енді лауазымды қашақ шенеуніктерге Ақпарат және даму министрлігі журналистерге теріс қарау деректерін тыятын заң жобасын әзірлеп шықты.

Яғни «Қазақстанның 2030 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасын» іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына «Ақпаратқа қол жеткізу құқықтарын бұзғаны немесе шектегені үшін жауапкершілікті күшейту, сондай-ақ мониторинг пен бақылау тетіктерін заңнамалық бекіту» атты жоба енгізілді.

Министрліктің мәліметінше, меморгандар мен квазимемсектор «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңының талаптарын сақтамайды. Өйткені дәл осы заңның талаптарын сақтамағандары үшін оларға ешқандай жаза қарастырылмаған екен. 

Мәселен, қолданыстағы аталған заңда сұрау салуға жауап бермеу (9-бап және 11-бап), сұрау салу бойынша ақпаратты уақтылы немесе толық ұсынбау (9-бап және 11-бап), үй-жайларда (12-бап) немесе интернет-ресурста қажетті ақпаратты орналастырмау (16-бап), «электрондық Үкімет» веб-порталында ақпараттың болмауы не жаңартылмауы (17-бап), ақпаратты ұсыну кезінде мүгедектер үшін қажетті жағдайларды жасамау (9-баптың 7-тармақшасы және 12-бап) және ең бастысы, ашық жиын-отырыстарға кіруді шектеу (13-бап) секілді баптар бойынша ешқандай жауапкершілік жоқ болып шықты.

Салдарынан журналистер заңнаманың осындай нақты баптарын атап, отырысқа кіргізбеу заңға қайшы екенін алға тартады. Бірақ ол үшін жаза жоқтығын білетін шенеуніктер міз бақпайды. Қайта редакция басшылығына хабарласып, меморган қызметіне кедергі келтіргені үшін ақпарат құралы өкілінің өзін тәртіптік жазаға тартқызатындарын айтып, доқ көрсетеді. Осындай өрескел әрекеттерден соң, әйтеуір елдегі демократиялық өзгерістердің лебінен болар, өз құқығын қорғау үшін құзырлы органдарға шағымданатын журналистер бар.

Дегенмен «Прокуратура органдары ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектеу фактілері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарамайды. Керісінше, оларды осы тұрғыда ешқандай бақылау-қадағалау өкілеттіктері жоқ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің атына жібере салады. Жалпы, біздің министрлік атына жеке және заңды тұлғалардың меморгандардың әлгіндей тірліктеріне қатысты шағымы жиілеп кетті. Келіп түскен өтініштер ақпарат беруден бас тартылғанына, ресми сайтта өзекті ақпараттың жоқтығына, журналистерді ашық отырыстарға кіргізбей қойғанына қатысты», – дейді бұл мәселеге министрліктің ақпараты.

Ал министрліктің жанында жұмыс істейтін «Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның» шешімдері тек ұсынымдық сипатта болып келеді де, оны көбінесе меморгандар орындамайды екен.

Өкінішке қарай, құзырлы органдар қабылдаған шағымдардың көбі аяқсыз қалады. Ішкі істер министрлігі де көптеген істің байыбына бармай, құжаттарын архивке өткізе салады екен.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дерегінше, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-1-бабы бойынша «ақпарат беруден заңсыз бас тартқаны, не көрінеу жалған ақпарат бергені», «көрінеу жалған ақпарат орналастырғаны», «қолжетімділігі шектеулі ақпарат болып табылмайтын ақпаратты қолжетімділігі шектеулі ақпаратқа заңсыз жатқызғаны» үшін қозғалған істердің саны тым мардымсыз. Атап айтқанда, былтырғы 9 айда 4 іс қана қаралған. Ал жаза болмаған соң, шенді-шекпенділер мен әкімқаралар журналистердің ғана емес, жалпы жұртшылықтың құқықтарын еш қымсынбастан аяқасты етеді. Мысалы, субсидия тарату басталады, ол туралы ақпарат жарияланбайды. Немесе қандай да бір мемлекеттік маңызды бағдарламаға қатысушылардың тізімін қалыптастыру басталады. Алайда хабарлама тиісті сайтта уақтылы орналастырылмайды. Сондай-ақ ақпарат министрлігінің хабарлауынша, заң бойынша талап етілетін ашық деректер, бюджеттік бағдарламалардың жобалары және басқасы әлі күнге ашық орналастырылмайды. Сондай-ақ мемлекеттік мекемелердегі ақпараттық стендтерде, қабырғаларда келушілер үшін қажетті ақпараттар ілінбейді.

Мысалы, eGov-тың «Ашық бюджеттер» порталының ашылғанына бес жылдай болса да, онда сол күйі Президент әкімшілігі мен Іс басқармасының, Тұңғыш Президент–Елбасы кеңсесінің, Премьер-министр кеңсесінің, Ұлттық банктің, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, Қаржылық мониторинг агенттігінің, Қорғаныс министрлігінің, Мемлекеттік күзет қызметінің, Оқу-ағарту министрлігінің, ІІМ, ТЖМ, ҰҚК-нің бірде-бір бюджеттік бағдарламасы орналастырылмаған, яғни бюджетін халықтан жасырын ұстайды. Осыдан кейін-ақ ашық демократиялық қоғам құрамыз деген бастамамыз осы жерден тәмамдалатыны белгілі.

Бұлардан бөлек Парламенттің шаруашылық басқармасы 2016 жылдан бері, Конституциялық кеңес 2017 жылдан, Жоғарғы сот кеңесінің аппараты 2018 жылдан, Орталық сайлау комиссиясы 2020 жылдан, Есеп комитеті 2020 жылдан бері бірде-бір бюджеттік бағдарламасын жарияламаған.

«Осыған байланысты, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-1-бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту негіздерінің тізбесін кеңейту ұсынылады. Бұл нормалар барлық ақпарат иеленушілердің – меморгандардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, орталық және жергілікті атқарушы органдардың «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңының талаптарын орындауын қамтамасыз етеді», – деген сенімде  министрлік.

Бұлай ашық бюджетті қамтамасыз ете алмасақ, біз дамыған елдер түгілі, посткеңестік елдерден де қалып қоюымыз мүмкін. Өйткені салыстыра қарайтын болсақ, Әзtрбайжан заңнамасында, «егер ресми тұлғалар журналистердің, тіпті азаматтардың ақпарат алу құқығын заңсыз шектесе, жалған ақпарат берсе, ақпарат беруден бас тартса немесе жазбаша сұрауға жауап бермесе, айыппұл салынады», делінген.

Енді, біздегі осы жаңа заң қабылданса, журналистерге жауап бермей қашатын, жазбаша сұрауларын елеусіз қалдыратын, ашық ақпаратты негізсіз құпия, ішкі қолданысқа арналған ақпаратқа жатқызатын, ашық отырысты жабық өткізетін шенеуніктер мен әкімқаралар және басқа да биліктегілер жазаланатын болады. Нақтылай кетсек, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлерге, коммерциялық емес ұйымдарға – 30 АЕК (91 890 теңге), орта кәсіпкерлік нысандарына – 50 АЕК (153 150 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК (306 300 теңге) айыппұл салынады.

Дегенмен бұл сағатының өзі бірнеше миллион тұратын шенділерге азғантай ақша болып көрінетін айыппұлды төлеу қиынға соқпас. Бірақ үстінен осындай іс қозғалуының өзі оның «Жаңа Әділетті Қазақстанды» қаламайтынын, Мемлекет басшысының, мемлекеттік саясатқа деген іштей қарсылығын, автократ немесе бюрократ екенін дәлелдейтін айғақ боларына, одан қалды сүйегі мен үрім-бұтағына үлкен дақ болып қалары анық.

Тегтер: