Журналист Вадим Борейконың әлеуметтік желідегі аккаунттары бұзылды
Қазақстандық журналист, «Гиперборей» YouTube-арнасының негізін қалаушы Вадим Борейконың Instagram және Facebook желілеріндегі аккаунттары бұзылған.
Борейконың Instagram парақшасында оның атынан журналистің беделіне нұқсан келтіретін жазбалар, сондай-ақ нейрожелі арқылы жасалған әдепсіз мазмұндағы суреттер жарияланған.
Азаттыққа берген пікірінде Борейко аккаунтының бұзылғанын растады.
«Аккаунт бұзылды, айтарым осы ғана. Хронология бойынша айтсам, таңертең “Гиперборей” YouTube-арнасында “Құқықтық медиаорталық” қоғамдық қорының жетекшісі Диана Окремовамен референдум қарсаңындағы қорқыту науқаны туралы сұхбат шықты. Түстен кейін Оразалы Ержановтың ұсталуына байланысты сюжет жарияланды. Осыдан кейін басталды», – деді Борейко.
Борейконың Facebook-тегі аккаунты да қолжетімсіз болып қалған.
«Гиперборей» жобасының авторы бұған дейін де әлеуметтік желілердегі парақшаларының жойылуымен бетпе-бет келген. Шілде айында ол «Гиперборей» деп аталған Facebook аккаунтының жоғалып кеткенін хабарлаған. Оған дейін, оның айтуынша, TikTok-тағы аккаунты біржола өшірілген.
Қазақстанда мұндай мәселелер басқа журналистерде де кездескен. Кейбірі мұндай жағдайға жүйелі түрде тап болатынын айтады. Атап айтқанда, Лукпан Ахмедьяров өзінің «Просто журналистика» YouTube-арнасы мен аттас Instagram аккаунтының бірнеше рет жойылғанын хабарлаған.