Журналистер Украинадағы соғыста қаза тапқан ресейлік сарбаздар саны 121 мыңнан асқанын анықтады

2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Ресейдің Украинаға соғыс ашқалы бері кемінде 121 507 ресейлік әскери қызметкердің мерт болғаны расталды. Бұл деректерді «Медиазона», BBC-дің орыс қызметі және ерікті зерттеушілер тобы бірге жинақтаған.
2025 жылдың 18 шілдесі мен 1 тамызы аралығында ғана ашық дереккөздерден тағы 2353 адамның аты-жөні анықталған. Бұл статистика «Медиазонаның» ресми сайтында жарияланды.
Ең көп шығын көрген өңірлер
Жинақталған мәліметке сүйенсек, Ресей ішінде ең көп адам жоғалтқан аймақтар қатарында:
-
Башқұртстан – 5 889 адам,
-
Татарстан – 5 565 адам,
-
Екатеринбург қаласы – 4 377 адам,
-
Челябі облысы – 3 649 адам.
Қаза тапқандар кімдер?
Қаза тапқандардың ішінде:
-
27,3 пайызы (33 152 адам) – еріктілер,
-
14,8 пайызы (17 964 адам) – түрмеден соғысқа жіберілгендер,
-
11 пайызы (13 356 адам) – мобилизацияланған азаматтар болған.
Жас ерекшелігі бойынша:
-
33–35 жас – 11 794 адам,
-
36–38 жас – 11 614 адам,
-
39–41 жас – 10 625 адам,
-
30–32 жас – 10 366 адам.
Қаза болған офицерлер мен генералар
Зерттеуге сәйкес, Украинадағы соғыс кезінде Ресей армиясы мен қауіпсіздік құрылымдарынан 5432 офицер қаза тапқан. Олардың қатарында 12 генерал да бар.
Нағыз шығын — бұдан да көп болуы мүмкін
Журналистердің айтуынша, соғыстағы нақты шығын мұнымен шектелмеуі мүмкін. Себебі Ресей билігі әр сарбаздың өлімі туралы ақпаратты ашық жарияламайды, көп деректер құпия сақталады.
Бұған дейін, 14 шілде күні АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуде НАТО бас хатшысы Марк Рютте 2025 жылдың басынан бері Ресей Украинада 100 мың сарбазынан айырылғанын айтқан. Ал сәуір айында НАТО деректері бойынша 250 мың адам мерт болған, тағы 650 мың ресейлік жараланғаны хабарланған.