Жүрсіннің сүйкімі

Қала мен далаға, бала мен данаға, қазақтілді барша дүние қауымына шығармашылық иелерінің арасынан Жүрсіннен сүйкімі асқан егде тартқан пенде атаулыны табу, сірә, оңай бола қоймас.
Иә, қайталап айтамын, «сүйкімі асқан» пендені табу қиын-ақ. Өзгені қайдам, маған тура солай көрінеді. Әрине, Димаштың жөні, заманы, ауаны бір басқа және оны келешек атты кеңістіктің көкжиегі күтіп тұр. Өйткені жас сұңқардың өмірі мен өнер жолы ұзақ әрі сыналатын сиратул көпірі де алда.
Ал Жүрсін болса қырық жыл бойы сыналып, даңқ пен дақпырттың қыл көпірінен өткен, еткен еңбек, еккен дәнінің жемісінің игілігін ел көріп отырған, өзі де қалың жұрттың көзайымына айналған, қай ортада болсын сыйымы бар: төремен – терезесі тең, баспақтан – биік, баладан – аласа, келіннен – кішіпейіл, өктемнен – өжет, дойырдан – долы, нәркестен – нәзік, мәрттен – жомарт, сараңнан – сақ, аңғалдан – аңқау, отырыста – оңтайлы, жолда – сенімді, сырға – ішті, ойы – ашық, маңына – мейірімді, қасына – қайырымсыз, ділі – берік, діні – ағзами, білімі – толық, түйсігі – аңғарлы, жұмсасаң – мойынсал, бұйырсаң – тілазар, бауыр еті – бала, жары – бақытты Жамал, достары – кім көзіне көрінсе сол дос, дұшпаны – жалғыздық, мұңы – муза, жұбанышы – жар мен жыр, аңсары – Құлжанбайдың құмы, ұраны – қыпшақ, сусыны – Қусақ пен Бұланты, ұясы – Ұлытау, көңілденсе – көл, тұлданса – шөл, ағаға – ізетті, ініге – қамқор, ар-ұяты мен намысын, тапқаны мен «тартып алғанын» (өз сөзі) рух құмары, бақыты мен азабының қормалы, тілеп алған жан дерті – айтысқа жұмсайтын, жанында жүрген жанға қоңыржай қарапайым жігіттің сырттаны, «Елдің көркі ақ сұңқар бір баласың, Қай дұшпаның көз қиып жамандайды» деген аңсарға сай, халыққа сүйкімі өткен сылқым-серінің өзі.
Шынында да, Жүрсіннің болмысына сай келетін әр сөз бен ұғымды мысқалдап, мысқылдап, соншама бір сараңдықпен екшегеннің өзінде, осыншама сөздің астарына сыйған мінездің месі мен мысын көтеріп жүру осал адамның пешенесіне жазылмаса керек. Ал Жүрсінге осы мінездің бәрі де сыйымды, бәрі де жарасымды, сырт қарағанда төрт құбыласы түгел алаңсыз да, армансыз да тұлға. Ол осы мінездің барлығын Молдаш әкеміздің рухқа айналған бел күшінің, Ақбала анамыздың омырау сүтінің, аға-бауыр Көбейсін, Тұрсын, Тоқтасындардың алғауының арқасында бойына сіңіріп, еңесін тік ұстап өсті. Ең бастысы (барлық жетімек ұлдардың жарым көңілін мейірімнің уызына қандырған апай-әпкелеріміз ғой), Жүрсінге: «Едік қой қоңырқаздың балапаны, Біріміз бірімізді паналаған… Шырылдап жүрсің-ау сен тілей-тілей: «Сақтай гөр, сақтай гөр деп жалғызымды!» – дегізген Сақыпжамал әпкеміздің бауырына басқандағы бауырмал жылуымен елжіреп ержетті. Тағы да Жүрсінге: «Болсын десең дұшпанға жүзің жарқын, Жүру керек қасында күшті адамның… Қарындаштай көп жазған – қысқарамын, Бір күн өмір легінен тыс қалармын. Сен аман бол – тірегі үш ғаламның, Ей, ардақты анасы үш баламның!» – дегізген жары Бақытжамалдың (біз Шәмкен дейміз әке-шешесінің қыз кезіндегі еркелетен атымен) ыстық та адал құшағы оған өмірдің қилы құбылысын сергек қабылдауға машықтандырды және сол ықыласты сенген көңілмен, қадір-қасиетімен бойына тоғыта білді.
Сол рухты сенімнің арқасында қашанда кеудесі көтеріңкі, басы жоғары, қадамы нық, өткір де тұтқыр сөзі шымыр, сырты асқақ, іші қамкөңіл азамат боп қалыптасты. Оның мінезі де еменнің иір бұтағы сияқты бір-біріне қайшыласып, иірімделіп жатады. Мысалы, арыстанның алдына қаннен-қаперсіз қайқайып барудан тайынбайтын және мысын бастырмай абыроймен шығатын, арланға да алдырмайтын Жүрсін түлкінің көзі мен құйрығына келгенде дәрменсіз, амалсыздан алданғанының өзіне көңілін тоқ санап, неғылайынсыз маңғаз қалпында маң-маң басудан басқаға тағы да шарасыз күй кешеді.
Осындай күрделі сырттан мінезінің қуатымен Жүрсін Кеңес өкіметі тұсында айтыс арқылы қазақ қоғамына аса намысты оппозициялық-ұлттық ойлау жүйесін алып келді және оны сондай бір қарапайым жолмен табиғи түрде қалыптастырды. Сахна арқылы ақындардың көркем де батыл айтылған пікірлер ұлттық-оппозициялық намысты пікір мен өткір ойды оятты. Қоғамдағы, әркімнің санасының түкпіріндегі шемен боп қатып, шиеленген түйіндердің түйнегі мен түйткілін, халықтың мұң-зарын бірде-бір баспасөз құралы дәл осы айтыс сияқты қара халықтың жүрегіне жаппай жеткізе алған жоқ. Саясаттың сайқал сандырағы мен қисынсыз қысымы да, биліктің әңгіртаяғы да, қудаланған қызмет қылуеті де оны алған бетінен қайыра алмады.
Асылық болса да ашығын айтайын, қазақ қауымының барлық буынын тұтас қамтып, бүкіл қоғам мүшелерінінің бетін тәуелсіз мемлекет құруға жаппай бұрып берген де осы айтыс. Біз де кезінде қарап жатпаған шығармыз, бірақ бесіктегі бала мен есіктегі күзетшіден, құрықты жылқышы мен ақ таяқты шопаннан бастап, төрдегі дәбірлердің өзін баурап, оппозициялық пікірге жаппай бойсындырған күрескер күш осы айтыс болды. Кезінде Жүрсіннің түтесі шығып түтілгенін де, жүйкесінің әр талшығының шүйкеленгенін де, сондай-ақ жалпы жамағаттың алақанында аялап, басына ту етіп көтергенін де көрдік. Сондай марапатты, махаббатты ыстық құшақтың буына еріп те кетуге болатын еді. Артық абыройдың өзі тамұқтың сынағымен тең сын ғой. Бірақ Жүрсін сол бойын тік ұстаған текті тұрғысынан, қарапайым да қайырымды қалпынан жазбады, яғни дәбірлердің дүрсілдеткен даңғазасына жасымады, алғыстың от шарпыған алауына шалғайын күйдірмеді. Баяғы мысы басым, десі толық, тілі тұжырымды, ділі текті қоңыржай күйден жазбады.
Тек жалғыз жүруге қорланатыны болмаса, көптің дүрмегінің ішінен табылудан жалыққан емес. Елмен бірге елігіп, желігіп, желпілдеп кетпей, тілін темекісімен «түйреп», қаршыға көзімен төңірегін түгел шолып қана отыра береді. Жай отырмай, сол «отырыста» ойын ұштап, шешімін қабылдап, жүрісін таңдап, тігісін жатқызып отырады да, байламын бұйрық райдағы кесіммен қысқаша қайырады. Сөзі тосаң, не жатық естілсе де, амалсыз мойынсынасың. Өйткені сол даңқтың абыройына бөленетін де, далбаса дүмшеліктің табасына қалатын да, жауапкершілігін көтеретін де: «Өмір деген – тартыс, кейде – төбелес, Тауқыметін аямады менен еш. Рас, талай сұрап алдым машина, Тартып алған кездерімде жоқ емес!» – деп «сұрап», «тартып» алатын да өзі. «Басын бәйгеге тікті» дегеннің нағыз мағынасы да осы.
Ағалап-жағалап, амалын тауып, мақтауын келтіріп жүрген ағасы «халық қамы үшін, елдің татулығын сақтау үшін, элиталарға тіл тигізіп алмау үшін» айтысты түтіні шықпайтындай дымқыл киіз қаулымен тұмшалап, үш-төрт жыл жауып тастағанда, шарасыз қалған Жүрсіннің: «Менен дәрмен кетті енді. Кешір мені! Сенсіз алға жылжиды көш ілгері. Бар қазақтың аузына құм құйғаны – Айтыс, сенің үніңді өшіргені», – деп шағынуы орынды. Өйткені айтыс – қазақтың ар-намыс, әділет мүддесі, ұлттық идеяның ұйытқысы болатын. Аятолла Хоменейдің мұражайындағы күнделігінің бетінен «Ғылым үшін шайтанмен де тіл табысуға бармын» деген сөзді оқып ем. Ал Жүрсін: «Айтыс үшін – жылпоспын мен, ептімін, Айтыс десе – тау жығады екпінім. Сайтанмен де тіл табысқан кезім бар, Осы айтысқа тиер болса септігім», – деп жазыпты.
Екеуінің амалы – рухтың жанкешті, ант мезгіліндегі амал. Жүрсін дегеніне жетті, ақыры «сайтандардың» да тілін тапты. Тек тиегі мен құлақбұрауының «рухани жаңғырғаны» болмаса. «Сені ешкім де жоя алмайды, айтысым, Ең алдымен бізді жоқ қып өлтірмей!» – деп өзі айтқандай, тілдің астындағы тиек те бір күні әдіре қалатыны анық. Айтыс та, айтыспен бірге Жүрсіннің аты да ұлттық рухтың қадір-қасиеті болып қала береді. Міне, Жүрсіннің бір сүйкімі, «сүйкім» болғанда, оның азаматтық, жігіттік сырттандық сүйкімі осында. Сондықтан да оның мысы қашанда өзгелерден басым, бойы тік, қадамы да, қолы да алымды.
Осы жұрттың ернінің ұшынан шыққан «Жүрсін кеудесін тік ұстайды» деген сыбырды жарғақ құлағым шалып қалады. Иә, ол кеудесін шалқақ және жерге тіпе-тік тура 90 градустық бұрышта ұстайды. Онсыз… онсыз өмір сүре алады, бірақ жүре алмайды. Енді Жүрсіннің жігіттік намысы ұстамас, оның себебін айтайын. Ол шалқақ позаға Жүрсін жиырма жасқа толар-толмаста «көшкен». Студент кезінде көгілдір көзді спорт шеберлерімен бәсекеге түсіп, шамадан ауыр зілтемірді бәспен көтеремін деп, белін кетіріп алған. Содан бері оның тән кеудесі тезге салсаң да иілмейді. Ал оның жан кеудесін аруақтандырып тік көтеріп тұрған, қайталап айтайын, сүйкімін келтіріп, мысын асыпыр тұрған рух – айтыстың рухы. Ал ондай құдіретті рухты ешкім де бас игізе алмайды. Жүрсін сонысымен де еліне сүйкімді.
Тосын, ойда жоқ бір мысал келтірейін. Осы араға келгенде жазуды тоқтатып, тыныстайын, темекімді тартайын деп аулаға шықсам, бірі – оралдық (Дәметкен құдашам), бірі – қорғалжындық (Ғалиябәну), бірі – омбылық (Қыз Жібек) біздің заманның жетпістен асқан үш бойжеткені: «Жүрсінді білесіз бе? «Қарғағың келсе біреуді, Әйелің өлсін деп қарға!» – деп жазыпты ғой. Білмеймін дейсіз бе, оныңыз қалай, жазушы сіз түгіл, Омбы мен Оралдың қазағы, біз де білеміз. Сол өлеңін тауып, жазып беріңізші», – деп жағама жармаса кетті. Міне, енді соны көшіріп әуреге түсіп отырмын. «Сүйкім» деген осы. Сүйкімі болмаса, тапа тал түсте үш келіншек ауланың ортасында «Жүрсіндетіп» отыра ма?! Жоқтан жұмыс тауып бергені болмаса, Жүрсіннің осы сүйкіміне өзім де тәнтімін.
Ол сүйкімді Жүрсінге жұғысты еткен не? Қайталап айтамын, әрине, айтыс. Қазір айтыстың міндетін «тобыр торап», «желісіз желі», «сымсыз шайтанқұлақ» атқарып, шуылдаққа айналып кетті. Өздерінше көпке ортақ мәселе көтерген болады. Бірақ «Көп шуылдақ не табар?» – деп Абай айтқандай, олардың дені қоғамның көбігін қалқиды, ал ол көбік үрлеген деммен бірге ұшып кетеді, үрпиген желінмен бірге суалып тынады, күрпілдек кіжініспен «жаңғырықтың» астында қалады. Тағы да сол Абайдың: «Жартасқа бардым, Күнде айқай салдым, Одан да шықты жаңғырық», – дегенінің керін келтіріп, аяқастынан гулеп кеп, аяқастынан «жаңғырып» шыға келеді. Әлгі айтқан адам, көрген көз, естіген құлақ, келтірген дәлел қайда, кіммен пікір бөлістің өзі, кіммен түсінісуге болады, халықтың қас-қабағы қалай, сүйінішің мен күйінішіңді кімге шағынасың? Белгісіз, желісіз келіп, желсіз ұшып кеткен, әкелеріміз айтатын, жын мен шайтанның «сыбыры» болды да шықты ақыры.
Ал осының барлығы айтыс арқылы таралса, онда халықтың ынтасы мен ынтық-зары сахнаға ауып, шашыраған ойлар, бышыраған пікірлер сонда тоғысар еді. Халық үшін ол пікірлерді ақындар жинақтап, көркем оймен талдап беріп, шешімін айтар еді. Баршаның береке-мүддесін бір есіктен кіргізіп, он сан ойды бір ғана ықылас бесігінде тербетіп, көңіл терезесінен ұлттық идея ретінде ұшырып берер еді. Зады, біздің идеология саласындағы көбік көсемдердің айтысты «түтін шығармайтын дымқыл киіз қаулымен» тұмшалаған бұл далдалы (жобасы) халықтың ортақ идеясының дал-дұлын шығарып, жұртты «шайтанқұлақ» пен «желісіз желіге» немесе «тобыр торапқа» шығарып жіберді, енді соның басын қайыра алмай бастары қатып жүр. Жиырма бес жыл мемлекеттік оппозицияның мақсат-міндетін, мүддесі мен мұқтаждығын бейбіт жолмен жеткізген Жүрсіннің бетін қайырамын деп, жамиғи жұрттың азуын қайрады. Қоғам бірден «әбіләзданып» шыға келді. Рухты өшіремін деп, құрқылдың құлқынына қыл жүгіріп, мойнына қыл арқан ілінді.
Адамның басына бақ оңайшылықпен қонбайды, ал басқа қонған бақ – шын бақ, тепкілесең де кетпейді. Сенің басыңа бақ қонғалы елу жыл болды. «Апыр-ау, шыныменен бәрі түгел ме» дегізген сәбиің Қызғалдақ туғанда жүрегіңе ұя салған бақ құсы басыңнан еш ұшқан емес. Енді өзі де ұя басып, сенің басыңды тарихи отаны етіп алған шығар. Сүйкіміңді арттырып тұрған да сол бақ ұясының қызуы шығар. Бағың қолдап, Жамбыл жасаған тоқсан тоғызды да көр. Қалған бір жасты Алланың рақымы мен бағыңның шапағатына тапсырдым. Ал қалған сүйкіміңді соған жеткенше әр он жылда бір рет кезегімен түгендеп берермін. Тек әзірге айтарым, екеуміздің де осыдан елу үш жыл бұрын, он жеті жасымызда «тұсауымыз кесіліп», сенің «Төлеген Айбергеновке» арнаған:
«Жүруші ең келесі ғасырға күн ара қонып,
Сен болсаң, тұрмас па еді мына ара толып.
Қараймын Маңғыстау жаққа көзімді сүзіп,
Шашылып қалмадың ба деп мұнара болып.
Кеудеңді кемерлеп жатқан барында да асқақ үн,
Сен қашан құрбыңа керім жаныңды ашпадың.
Мөлтілдеп қалмадың ба деп қос тамшы боп,
Қараймын көзіне ұзақ қарындастардың...» –
деп басталатын өлеңің «Қазақ әдебиетінде», менің бір топ топтамам Оралхан Бөкейдің алғы сөзімен «Лениншіл жаста» (қазіргі «Жас Алаш») қатар басылып еді.
Содан бергі өміріміз бірге өтіп келеді. Сен құмның қиыры, Бетпақтың түкпірінде Байқоңырдың улы зымырандарының сынығын, мен Дегелеңдегі атом сынағының зұлматын көріп өстік. Сен – әкесіз, мен – шешесіз, жетім көңіл боп өстік. Он жеті жасымызда Алматыда жолымыз тоғысты. Содан бері бақыт құшағындағы күндерді де (бір тәуелсіздік жарияланған күнді көрудің өзі неге тұрады), сорымыз қайнаған күнді де (еске алып жатпайын, дегенмен де бала зары мен сен бауырың – Тұрсыннан, мен қарындасым – Төлеуден қыршын жасында көз жазып қалудың запыран қайғысы ұмытыла қоймас), тасыған күнді де, жасыған күнді де бірге бастан кештік. Бәріне қанағат. Бірімізге-біріміздің сүйкіміміз әзірге кете қойған жоқ шығар. Саған мен сияқты доссымақ ондап табылар, ал маған сен сияқты дос табудың қисыны енді келе қоймас.
Тек екі-үш ай егделігіңді пайдаланып, ебін тауып жұмсауды қоймайсың. Өзің болмасаң да, алыста жатып «сүйкіміңмен» жұмсайсың. Осы мақаланың нүктесін қойып, тағы да темекі үшін сыртқа шыққанымда, бағанағы біздің заманның үш бойжеткені: «Біз білдік, өздерің құрдас екенсіңдер, ал енді бұлданбай бізге кітабын бер», – деп қолқа салды. «Асыл ажарды» қолтықтап аулаға шықтым, жоқ, көрші ғимараттағы үйіне барып, аязда дірдектеп тұрдым. Жоқ. Ебін тауып, үшінші қабатқа көтеріліп есігін қақтым, ашпады. Тоңазып үйге кеп, саған хабарласайын дей бергенімде, әлгі үшеуі хабарласып: «Күткен жерге келмедіңіз. Қыз кезімізде шешеміз көріп қояды деп, үйілген тезектің тасасымен жүруші едік. Енді баламыз көріп қояды екен деп, үйдің ту сыртынан айналып келіп күтіп тұрдым. Міне, тоңазыған үшеуміз шай ішіп отырмыз. Дайын тұрыңыз», – дейді Дәметкен жүректі дәмелендіріп. Қисынын тауып, өстіп үйде жатып та елесіңмен тыныш жатқан Тұрсынды жұмсай бер, Жүрсін. Әзірше тізелімін. Сен болсаң ғой, жатырсың, ал мен біздің заманның жетпістен асқан қыздарының бұйрығын күтіп отырмын. Әйтеуір, бір сылтауға жарадың. Оған да шүкір, көкем.
Астафиралла, саған өтірік, маған шын, жазуымды тәмамдап, «уһ!» деп балконға темекі тартуға шықсам, кешегі дәметкен Дәмелі құдаша тереземнің алдынан өтіп барады. Мен дәметіп жүрмін бе, ол дәмелі ме, кім білсін. Аузың уәлі ғой, Жүрсін, тілегіңді қоса жүр.