Жұрттың «Ыбырайы» Ыбырай, біздің Ыбырай...
Жұрттың депутаттары ұлт жанашыры. Ана тілдері үшін кез келген шенеунікке қарсы тұрады, ұлт мүддесі үшін жаға жыртысуға дейін барады.
Ал біздердікі қашқанға да, қуғанға да серік, күні-түні мүлгіп отырып, биліктің ауысуына қарай ұстанымдары да өзгеріп, түрлене береді. Бір жыл бұрын ғана жабылып қол көтеріп, қолдап, қабылдатып, бюджетке миллиондаған салмақ салғаннан кейін қайтадан кері дауыс беріп, алдыңғы өз ұстанымдарына қарсы шығып, отыра береді.
Ал бюджет ақшасының шашылғанына бастары да ауырмайды. Өйткені өз ұпайлары түгел. Себебі еңбек демалыстарының өзіне 2,5 миллион төленеді. Сондықтан оларға ұлт мүддесі, ұлттық ұстаным, қазына қаржысы деген ұғымдардан гөрі өз мүддесі жақын.
Осы орайда, басқалардың депутаттарын көріп, қараптан қарап, қызығасың. Кеше ғана қырғызстандық парламент депутаттары орыс тілінде баяндама жасаған шенеуніктерді тыңдаудан бас тартты. Комитет төрағасы Аманқан Кенжебаев: «Қырғыз тілін дамыту мақсатында біз баяндамаларды тек мемлекеттік тілде тыңдауды жөн көрдік», – деді. Оны депутат Әлішер Қозуев та қолдап: «Бізді бүкіл республика тыңдайды. Олардың ішінде, 80 пайызы қырғыз тілінде, 10 пайызы орыс тілінде сөйлейді. Көпшілікті құрметтеу керек», – деді.
Нәтижесінде, орыс тілінде баяндама дайындап келген шенеунікті кері қайтарды. Біздің елімізде де талай баяндама орысша жасалып, заңдар да орыс тілінде жазылуда. Бірақ қарсы шығып, қазақ тілінің ертеңіне алаңдаған еш депутат жоқ.
Айтпақшы, бірнеше күннен бері Петербордың қалалық депутаттары Украинаға қарсы соғыс ашқаны үшін Путинді мемлекетке опасыздық жасады деп айыптаса, артынша, Мәскеудің Ломоносов муниципалды округінің депутаттары Путиннің отставкасын талап етуде. Президентке жолдаған мәлімдемесінде олар ауыспалы биліктің маңызды екенін алға тартып, Путиннің екінші мерзімінен кейін «барлығы құрдымға кеткенін» айтты.
«Путин мен айналасындағылардың агрессия сарыны қырғи-қабақ соғыс кезеңін еске салып, Ресейді артқа тартып жатыр. Елдің жалпы ішкі өнімі еселеп артқан жоқ, ал ең төменгі жалақы айтылған көрсеткішке жетпеген. Ресейден ақылды, қабілетті адамдар жаппай кетіп жатыр, тұрақтылық атымен жоқ», – деп дабыл қаққан депутаттар: «Сіздің көзқарасыңыз, басқару моделіңіз әбден ескірді, Ресейдің дамуы мен азаматтарының потенциалын тежейді», – деген пікірлерін ашық айтып, президентті қызметінен кетуге үндеуде.
Айналамыздың барлығында, әйтеуір, өзіндік ұстанымы, президенттеріне ойларын ірікпей айта алатын депутаттары бар. Ал біздікілер, айтуға да ұяласың...