Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:17, 06 Қыркүйек 2022

Жусан иісі. Халықтың ақшасын қолды қылған Jusan bank мемлекетке қашан қайтады?

None
None

Жусан иісі. Халықтың ақшасын қолды қылған Jusan bank мемлекетке қашан қайтады?

«Жас Алаш» қолындағы мәліметтерге сай, мемлекеттің «Цеснабанкке» көрсеткен қаржылық қолдауы 1,5 триллион теңге, ал «АТФ банк» алған көмек 250 миллиард теңгеге тартады.

Яғни, осы екі банкті біріктіріп, солардың орнына құрылған Jusan bank мемлекетке 1,5 триллион теңге қарыз.

«Қаңтар оқиғасынан» кейін Jusan bank төңірегіндегі әңгімелер көбейіп, іс насырға шаба бастағандықтан, банк басшылығы «мемлекеттік көмекті қайтарып береміз» деп уәде беруге мәжбүр болған. Тіпті осы қаржыны мерзімінен бұрын қайтарамыз деген мәлімдемелер жасалды. Бірақ оны уақыт созу деп қарастыруға болады. Мемлекетке осы тұрғыда алданбау керек. Себебі, банктің 1,5 триллион теңгені мерзімінен бұрын қайтаратын еш мүмкіндігі жоқ.

 Осы сөзімізді нақтылау үшін, Jusan bank қаржылық есебін шолуға тура келеді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша банктің 2,6 триллион теңге активі бар. Оның ішіндегі ақша және оның эквиваленттері 900 миллион теңгеден, ал клиенттерге берген кредиттері 700 миллиард теңгеден асады. Бірақ банктің 2,1 триллион теңгеге міндеттемелері бар екенін ескеру керек. Онымен бірге, Jusan bank 2021 жыл көрсеткен таза пайда бар-жоғы 16,5 миллиард теңге болған.

 Банктің 78 пайыз үлесі First Heartland Securities қаржылық тобына, қалған 20 пайызы Ғалымжан Есеновке тиесілі. Өз кезегінде FHS NU Generation Foundation компаниясына бағынады. Бір сөзбен айтқанда, барлығының түпкі қожайыны – дербес зейнеткер Нұрсұлтан Назарбаев.

Біз Jusan bank қарыздарын жабуға оның негізгі акционері First Heartland Securities көмектесе ала ма деген сұраққа да жауап іздеп көрдік.

 First Heartland Securities қаржылық есебіне сай, осы конгламераттың 2021 жылғы таза табысы шамамен 52 миллиард теңгеге жеткен. Бірақ ол қарызды жабуға әрине жетпейді. Сондықтан банктің тез арада мемлекет көмегін қайтарамыз дегені көзбояушылық қана.

 Jusan bank тарапына, әсіресе оның акционерлеріне туындап отырған сұрақтар аз емес. 2020 жылы олар мемлекеттік көмекті дивидендке жатқызып, өздерінің қалталарына шығарып алған болатын. «Қаңтар оқиғасы» болмаса осы қазан жабулы күйінде қалар еді. Қаңтардан кейін біршама депутат та банктегі бассыздықтарды алға тартып, үкіметке сауал жолдаған еді.

2020 жылдың қорытындысы бойынша жариялануы тиіс қаржылық есепті Jusan bank 2 жыл бойы жасырып келді. Оның себебі кейін белгілі болды. Сол жылы Jusan bank акционерлері мемлекеттің қаржылық қолдауы есебінен банктен дивиденд ретінде 113 миллиард теңге шығарып алған. Одан бөлек, басқарма құрамына кіретін басшылары бір жылда жалақы, бонус, премия түрінде банктен шамамен тағы 15 миллиард теңге пайда көрген.

 Jusan bank-тің түпкі негізгі иесі – «Назарбаев Фонд» жеке қоры. Ол қорға көп жылдан бері елбасының көмекшісі болған Ербол Орынбаев басшылық етіп келді де, Кәрім Мәсімов ұсталғаннан кейін өз қызметінен кетті. Қазір оның орнын Назарбаев Университет басшысы Шигео Катсу басып отыр. Бірақ барлығының артында – Нұрсұлтан Назарбаев тұр.

ПСЫ:  «Жас  Алаш»  алдағы  сандарында осы  тақырыпқа  байланысты  жаңа  мақалалар  даярлайды.

Тегтер: