«Жусан» операциясы өзін-өзі ақтады ма?

Аталмыш операция 2019 және 2021 жылдар аралығында жүзеге асып, 5 кезең бойынша жұмыс атқарылды.
«Жусан» арқылы Қазақстанға қанша жерлесіміз оралды? Оларға елге келгеннен кейін қандай көмек көрсетілді? Дінтанушылар мен психологтар «Жусан» арқылы келген азаматтармен қалай жұмыс жасады? Осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.
Мәселен, 2019 жылдың өзінде «Жусан» арқылы Қазақстанға Сириядан 400-ден астам бала мен 100 әйел оралған. Олардың дені күйеулеріне еріп барған әйелдер. Ал балада таңдау болсын ба? Ата-анасы қайда апарса, сонда барады. Осылай адасып барған жерлестеріміз оқ бораған соғыстың ортасына топ ете қалған. «Жусан» арқылы елге оралған азаматтардың бәрінің айтатын уәжі жалғыз – «Бізді көл-көсір байлықпен, зәулім сараймен, қымбат көліктермен қызықтырды». Бұл жағынан, адасқан әйелдердің бәрінің сөзі ұқсас.
«Жусанмен» оралған азаматтардың бәріне психологиялық көмек көрсетілді. Дінтанушылар да оларға ақ пен қараны түсіндіріп, қайдан, қалай адасқандарына көздерін жеткізді. Бірақ сенім деген бір сәтте жуып тастайтын қолға жұққан кір емес, ол адам санасына әбден орныққан, жан-дүниесіне әбден сіңген дүние. Сондықтан тура жолдан адасып, оқ пен оттың ортасынан оралғандарды бейімдеу – ұзақ уақыттың шаруасы.
Психолог Шынар Наурызбаеваның сөзінше, Сирия мен Иракқа кеткен әйелдердің жас мөлшері 20-25 аралығында көрінеді. Бұл нені білдіреді? Бұл от пен оқтың ортасына адасып барған жастардың дені ойы тұрақтанбаған, өзіндік пікірі айқындалмаған адамдар екенін көрсетеді. Ш.Наурызбаева: «Осы жастағы қыз-келіншектердің кейбіреуі үгіт-насихатқа ергіш, сөзге сенгіш болады. Олар дәл осы жаста өмірден өз орнын іздеп, қиялындағы шындықты тапқысы келіп тұрады, сөйтіп жүріп, дінге бет бұрады. Бір қызығы, олар діннің барлық догмаларын таңдаусыз қабылдап, не айтса да еріп, тез адаса береді. Адасудың бір белгісі – тура сол жолға түскен кезде, олар өз пікірін жоғалтып, кез келген мәселені сыни көзқараспен қабылдайтын қабілетінен айырылып қалады. Кім не айтса соған сеніп, елігіп тұрады. Әсіресе діни әңгімеге келгенде, өзіндік имунитетінен айырылып қалады», – дейді.
Бізге өз пікірін білдірген дінтанушы Замир Төлешев радикалды көзқарас пен радикалды пікірдегі азаматтардың көпшілігі отыздан асқан жастар екенін ескертті. Ондайлардың көбі діни ережені сол қалпында қабылдайды, өзінше қорытпайды. Тіпті сыни ойлауды, сыни пікірде болуды, сыни көзқараспен қарауды күнә деп есептейді. Мұның соңы қайда апаратыны түсінікті, әрине, адастырады.
Бұл туралы З.Төлешев: «Шынын айтқанда, сыни тұрғыда ойлау, кез келген мәселеге күмәнмен, күдікпен қарау – барлық адамның жаратылысына тән мінез. Діннің тереңіне батып кеткен кейбір жастар сыни ойлау қабілетінен бірден айырылып қалады. Олар діни құндылықтар мен діни талаптарды өз қалпында қабылдап үйренгендіктен, өздігінен ойлану, өз алдына қорытынды шығару дағдысынан айырылған. Ойсыз адамның адасуы да оңай ғой. Бұл сондай дүние» – деп түсіндірді.
Президент кеңесшісі Ерлан Қарин «Жусан» операциясына қатысты. Кейін «Жусан» туралы арнайы кітап та жазды. Бұл кітап бір жағынан, азаматтардың радикалдану тақырыбындағы көп жылғы зерттеудің нәтижесі. Ал ал екінші айта кететін тұсы, арнайы қызмет тарихындағы ең ауқымды және құпия операциялар туралы үлкен еңбек.
Е.Қарин кітапқа қажетті материалдармен 2014 жылы танысып, жұмыс бастаған. Автор Орталық Азия азаматтарының Сирия мен Ирактағы соғысқа қатысу мәселесін зерттеу кезінде тың ақпараттар тапқан. Бұл туралы Ерлан Қарин: «2016 жылы біз арнайы баяндама жарияладық. Онда әйелдер мен балаларды экстремистік әрекетке баулу, радикалдандыру және пайдалану сияқты дүниелерге баса назар аудардық. Кітап жазу үшін материал жинап, оның басын құраған кезде, қолға түскен материалдың 60 пайызы Сирия мен Ирактың және әртүрлі радикалды террористік ұйымдардың мәселелерін талдаған еңбектер болды», – дейді. Кітап авторының айтуынша, «Жусан» туралы еңбек халықаралық қатынастар мен ұлттық қауіпсіздіктің заманауи мәселелеріне қызығушылық танытқандар үшін де пайдалы болатын көрінеді.
Нақтырақ айтқанда, кітапта алғаш рет операцияның көптеген белгісіз қырлары туралы сөз болады. Бұл туралы саясаттанушы: «Кейбір халықаралық террористік ұйымдар бұл адамдарды сатып алуға тырысқан. Өйткені әлгілер бұл азаматтарды жалдау және өз қатарларын толықтыру үшін пайдаланғысы келген. «Жусан» операциясы ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан өзін-өзі ақтаған жоба болды», деп атап өтті. Е.Қарин бұл жобаның өте құпия түрде жүргізілгенін де сөзіне тиек етті. «Біз бұл жобаны бірнеше кезеңге бөліп, жүзеге асырдық. Қазір жасырудың қажеті жоқ, барлығы аса құпия тәртіпте жүргізілді. Абақтыға қамалған жерлестерімізді алып шықтық, әскери базаларды араладық, тұтқынға түскен отандастарымызды көзден тасалап, әскери ұшаққа отырғызып елге жеткіздік. Бұл өте қауіпті операция болды. Алайда логистикалық тұрғыдан барлығын сауатты ұйымдастырдық», – деп сөзін аяқтады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, «Жусан» операциясы өз нәтижесін берді. Сирия мен Ирактан оралған жерлестеріміздің 90 пайызы қалыпты өмірге қайта оралды.