Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:52, 07 Шілде 2022

Жүсіпбектің ептілігі, қасқырлардың тектілігі

None
None

Емханада жатқанмын. Жаныма түстен соң бір кісіні әкеп жатқызды. Оңтүстіктің Арыс ауданынан екен.

Таныстық. Бұл өзім сыртынан жақсы білетін Жүсіпбек Иманалиев деген атақты көкпаршы болып шықты. Отырар, Шәуілдір, Шардара, Арыс өңірінде оны білмейтін атқұмарлар жоқ десе де болады. Арыс ауданына көп тарайтын «Шалқар шыңдары» газетінің бір бумасын ала келіпті. «Ауылда оқып үлгермегенімді ала келдім» – дейді күліп.

Газеттің бумаларын мен де ақтарып шықтым. Өте сапалы шығатын газет екен. Сол елде туып өскен Садықбек Адамбековтен бастап, Қосжан Мүсіреповке дейінгі, одан кейінгі ақын-жазушыларды жиі еске алып отырады екен. Ал ат спорты мен құсбегілік, халықтық салт-дәстүрлер жайлы материалдары өте құнды. Өткен жылдың желтоқсан айында егемендігіміздің 30 жылдығы мерекесі құрметіне өткізілген ат спортынан түсірілген интернеттегі видеоматериалды Жүсіпбектің кіші қызы Хадиша салып жіберіпті. Қызыға тамашаладым. Онда шоқша сақалды, кең кеуделі, астындағы аты жер тарпып тұрған жетпісті алқымдап қалған бір шалдың «теңге ілуге» қатысып, жерде жатқан шүбірекке түйілген теңгені талай жастар іле алмай жатқанда, атымен алақұйын болып шауып келе жатып, бірден іліп алғанын көріп, таң-тамаша болдым.

– Әй, мына қай шал, әлі мықты екен өзі! – дедім Жүсіпбекке.

– Жөндеп қара! Мүмкін маған ұқсайтын біреу шығар… – дейді ол күліп. Бейнероликке қайта үңілдім Шалым – айнымаған Жүсіпбек.

– Жусай-ау (мен оны осылай атап кеттім), жастарға да былай… нетіп… орын беріп… – дей беріп едім:

– Отыз жыл бойы бос белбеу болып өскендеріне мен кінәлімін бе?! Алғаш жол бердім. Біреуі де «теңге ілуге» жарамады. Қаным қызып кетті де, араласуыма тура келді.

– Жарайсың, Жусайым, енді «доллар ілуге» аралас!

Ол ыржиып күліп қойды да:

– Енді саған қасқырмен қалай алысқанымды айтайын. Елде Сапар деген қақпаншы бар. Қасқырларды сонымен ұстайды. Бір күні Отырар жақтағы көкпардан келе жатсам...

– Сөзің аузыңда. Салымға не алдың?

– Әй, мен дүние қуған адам емеспін. Алған салымымды мені қолпаштап, уралаған жора-жолдастарыма, не сол ауылдың бетке ұстар қариелерінің біріне тарту етем...

– Мұның жөн екен...

– Жастарға үлгі болсын дегенім ғой.

— Иә, сонымен қақпаншы Сапарға қайта оралайық.

Қақпанына үлкен бір арлан түсіпті. Інінен шығара алмай сутеріге түсіп жатыр екен. «Былай тұр!» – дедім де, бір уыс шөпті жентектеп алып, маған қарай тісін ақситып, арс ете түскенде, аузына тыға қойдым. Сапар шөпті таяғымен тамағына қарай нығырлап жатыр. Екі құлағынан ұстап, сыртқа сүйреп шықтым. Аузы шөпке толып тұрса да, арс етіп білегіме жармасты. Мына тыртықтар содан қалған» – деп, қол білегін көрсетті.

Түстен соң интернетті ашсам, қасқыр жайлы бір қызықты хабар беріп жатыр екен. Онда бір аш, жараланған буаз қаншықтың орманшының үйіне келіп, олардан көмек сұрап, қорасына кіріп алып жатқаны баяндалады. Мейірімді кемпір-шал оның жарасын таңып, алдына тамақ қойып кетеді. Біраздан соң келсе, ол төрт бөлтірік тауыпты. Олардың да алдына ыдыспен сүт қояды. Сөйтсе бұл қаншық бір апта бұрын қорықшының браконерлерден аман алып қалған бөрісі болып шығады. Осыны ұмытпаған қасқыр шалға тағы пана іздеп келіпті. Осы жайды Жүсіпбекке айтып едім:

«Е, қасқырлардың тектілігін сен мыналардан көрсең, мен өз көзіммен көрдім» – деп әңгімесін қайта бастап кетті.

… Ауылдың сыртында бір жар қойнауында қасқырлардың апаны бар еді. Кіріп-шығып жүретінін алыстан көретінбіз. Ауылға жоламайтын. Қариялар болса, ауыл адамдарына оларға тиіспеуін өтінетін. «Қасқыр – киелі аң. Жақсылығыңды да, жамандығыңды да түсінеді, түсініп қана қоймай, қарымта да қайтара біледі. Жөнсіз тиіссең ойраныңды шығарады. Тату болсаң, одан мейірімдіні таппайсың. Далада иесіз қалған сәбиді емізіп, оны өсіріп, үйіріне қосып алғанын өмірден де көріп жүрсіңдер ғой...» Жасымыздан қариелердің осы сөзін құлағымызға құйып өстік.

Мен көкпар десе ішкен асымды жерге қоятын адаммын. Пәлен жерде көкпар бар десе, делебем қозып, түнімен ұйықтай алмай шығамын. Дайындап жүретін екі атым бар. Кезек-кезек мінемін. Елу-алпыс шақырымдық жердегі көкпарға бару мен үшін түк емес. Сондықтан да дала кезіп, ел аралап көп жүретіндіктен, (өзім де жасымнан мал бағып өстім) аңдар жайлы аңыздар мен әңгімелерді көп естимін. Ата-бабамыз жауға шапқанда байрағына бөрінің басын бейнелейтіні тегіннен-тегін болмаса керек.

Цирк ойындарына үйретілмейтін бірден-бір хайуан – қасқыр. Бұл да оның ешкімге құл болғысы келмейтін, жетегіне жүрмейтін қайсар мінезінен болса керек. Бірақ сол қасқыр мінезіміз соңғы ғасырдағы ұрпағымызға жұғысты болмай жатыр-ау. Біреуді алдау-арбау, даңққұмарлық, зорлық-зомбылық, баққұмарлық, көреалмаушылық, т.б. да былық-шылықтар шылауында кетіп бара жатқанымыз жасырын сыр емес. Мен оқымадым, бірақ өмірден тоқығаным көп. Біреудің ала жібін аттамадым. Өз еңбегіммен бала-шағамды асырадым. Жұбайым Ұлбаладан алты қыз, үш бала көрдім. Бәріне жоғары білім алуына қамқорлық жасадым, олар өз қызметтерін абыройлы атқаруда. Мені ұятқа қалдырған емес. Олардан 21 немере, 8 шөбере сүйдім. Кемпірім – батыр ана, өзім – Арыс ауданының Құрметті азаматымын, батыр әкемін (бұл атақты берген-құрдастарым).

 Әй, бірді айтып, бірге кетіппін ғой деймін. Қасқырымызға қайта оралайын.

Бір күні қойлар (көктем кезі) жауыннан ықтап, қасқыр апанының жанындағы жарлау жерге барып паналайды. Арттарынан жас қозылар да еріп жүреді. Қасқырлар алыс сапарға «жорыққа» аттанған болу керек, інінде бөлтіріктері ғана қалады. Сірә, олар ашықса керек, бір қозыны жәукемдеп тастайды. Қойларды ауылға айдап келіп түгендесек, бір қозы жоқ. Апанға келсек, қозының сүйектері, терісі ғана қалыпты. Терісі жұлмаланған. Сірә тойған соң оны бір-бірімен тартқылап ойнаған сияқты. Қайтып кеттім. «Құдайы!..» дедім ішімнен. Бұл жайлы менен басқа ешкім білмейді. Кешке қарай қараң-құраң болып қасқырлар көбейді де, біраздан соң жоқ болып кетті, ертеңіне тұрсақ, дәл бөлтірік жеген қозыға ұқсайтын біреуін тістеп әкеліп (ауыртпай) қараның аузына тастап кетіпті. Өлген қозының төлеуі деген болуы керек. Қайдан әкелгені белгісіз. Ауылдан сұрасақ, ешкімнің қозысы жоғалмаған. Аң-таңбыз. Оны маңырап қозысын іздеп жүрген саулыққа теліп қойдық. Міне, тектілік деген қайда жатыр.

Атам қазақ: «Қасқыр да қас қылмайды қарасқанға» – деп, тегін айтпаған екен. Енді мынаған қара! Бірде бір әйел ауылда босана алмай, берілген арқанға сүйеніп, ұзақ толғатады, қатты қиналады. Кемпір-сампырлар да, абысын-ажындары да не істерін білмей қатты сасады. Осы кезде қойда жүрген күйеуі келе қалып, кавказдық достарынан естіген «қорқыту» әдісін қолданады (бұл ауылда соғыстан кейін келген қарашай, күрд, шешендер көп болатын). Не мылтық ату керек, не қорқатын бір нәрсені қойнына лақтыру керек. Атуға мылтығы қоста қалып қойыпты.

Тез бір баланы тауып алып, апандағы бөлтіріктің бірін әкелуге жұмсайды. Оны алдырып, әйелдің үстіне лақтырып жібереді. Қорыққанынан жан дауысы шығады. Нәресте де шыр етіп, жерге түседі.

Балаға: «Ініне апарып таста!» – дейді. Ол ерініп үйдің шетіндегі бір шұңқырға тастап, үстін бастырып кетеді.

Қасқырлар келсе, бір бөлтірігі жоқ. Ауылды шарлап іздеп жүріп (түнде) шұқырда қыңсылап жатқан бөлтірігін қазып алып, апанына жеткізеді де, қайта оралып келіп, ауыл малдарының ойран-асырын шығарып, бірін жеп, бірін тамақтап, бірінің қарнын жарып жайратады. Әсіресе бір тұрмысы нашар көршімізге обал болды. Есегін жеп, жалғыз түйесінің қарнын жарып кетіпті.

Пәленбай жыл бойы қасқырлармен «тату-тәтті» тұрған жұрт бір күннің ішінде осылай шулыған болды. Міне, бұл үлкендердің тілін алмай, жойдасыз кетіп бара жатқан мұндай жастарымыздың іс-әрекеті бізді келешекте неге апарып соқтырарын бір құдай біледі...

– Әй, сені жай қатардағы көп көкпаршының бірі ғой десем, дала арланы, арландармен алысқан ержүрек епті, ел дегенде етінен ет кесіп берер оғлан, кембағалдылардың қамқоршысы (алдында ауылындағы кемтар 2-3 отбасына материалдық жағынан үнемі көмектесіп тұратынын айтып қалған) екенсің ғой, – дедім.

Жүсіпбек ала тақиясын бір киіп, бір шешіп, тақыр басын қайта-қайта сипалап ыржиып күліп отыр. Бұл істері өзіне қалыпты іс-әрекет сияқты. Өз-өзіне дән риза. Жүсіпбек – Жусай осындай жан. Елге құрметті, жастарға үлгілі, мейірімді әке де екен. Сен «Жаңа Қазақстанға» керекті «толық адам» екенсің. Ауруыңнан тез айығып кет!

Тегтер: