Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:08, 11 Сәуір 2024

Жүсіпбек Қорғасбек. Көне мен жаңа

Мақсат Мәлік
Фото:

Бір мақаламызда: “Өнерде сюжет қана санаулы емес, кейіпкерлер де шектеулі. Шындығында Абыл мен Қабыл деген екі-ақ кейіпкер бар.

 Қандай шығарма болса да осы екі кейіпкердің болмысында дамытуың керек” деп жазған едік. Басқа кейіпкерлер осы екі кейіпкерді ашуға көмектесе ме, қосалқы кейіпкер болғаннан кейін олардың орнын өзгертіп, ауыстыра беруге бола ма, ол жағы бөлек әңгіме. Әсіресе әр кейіпкерді өзінше суреттеп, жеке тұлға ретінде сомдайтын қас шеберлердің уақыты келмеске кеткелі осы ой ішімізде беки түскен. Мақсат Мәлік “Абыл мен Қабыл” романында сол қас шеберлер, Орхан Памук жазатын нақышкерлер сияқты дейікші, қосалқы кейіпкерлер Дәруіш, Қара Қарға, Бекторыны есте қалатындай етіп жақсы бейнелепті. Ал, қосалқы кейіпкер Құйын - ол алақұйын, оның жанындағыларда да ептеген асығыстық бардай көрінді. Бүгінгі заман, бүгінгі кинолар, уақыт жетпей жатқан біреулер әйтеуір, асығыс-үсігіс. Бұл кейіпкерлерге карнавалдық сипат тән, Құйын деген атынан-ақ қорқып едік, бірақ жанры роман-притчаға келетіндіктен, әдейі солай кейіптеген де болуы мүмкін. Мұны енді бізден кейін де осы роман туралы жазатын, жазуға тиіс, сыншылардың талғам таразысына қалдырайық. Тілі де жақсы, тек кейбір сөз-сөйлемдерін бір қарап шығуы керек. Композициялық құрылымын, қаңқасын да алдын-ала әбден ойластырып алғаны байқалады, ол жағына сын жоқ.

Қазір қандай тақырыптағы шығарма болса да детектив араласады. 

Жазушылар махаббат линиясынан жери бастады. Суреттеулердің орнын тәмсілдер басатын болды. Жаңа туындылар діни уағыздармен таласқа түседі. Дүниенің шеті көрінгенде, мифологиялық құрылымдар да бұзыла бастайды. 

Осының бәрін бір шығарманың бойынан көргенде, адам кәдімгідей абдырап қалады екен. Мақсат Мәліктің “Абыл мен Қабыл” романын оқып шыққаннан кейін: “Түнде өшіріп қойған радионы қақсатып, таң азаннан қосып қоятын кім болды сонда?” деген сұрақ қойдық. Өйткені, романда бірінсіз бірі қозғала алмайтын Абыл мен Қабыл есімді сиам егіздері осы үшін азап шегеді. “Таңертең ұйқымыз бұзылмасын” деп өшіріп тастаған радио, күн шықпай өзінен өзі саңқылдап қайта қосылып кетеді. Абыл барып өшіріп тастайын десе, тәтті ұйқы құшағындағы Қабыл қозғала қоймайды. Былай қарасаң, осы қарапайым нәрседен-ақ конфликті басталып тұр. Бірақ радионы кім қосып кететінін бәрібір білмейсің және соны білгің келіп романның біраз бетін оқып тастайсың. Мен ерінбей санап шықтым да, романнан осындай бес-алты жұмбақ таптым. Сол бес-алты жұмбақтың не екенін іздеп отырып-ақ, жүз жиырма беттік романды қалай оқып тауысқаныңды білмей де қаласың. Дұрыс, көркем шығарма ең алдымен оқырманды жалықтырмағаны жөн, оқылымды болуы керек, аяғына жеткенге дейін асықтырғаны абзал.

Менің жоғарыдағы бір ғана сұрағыма автор: “Енді оны айтса да болады, айтпаса да болады” деп, өзіне сенімді түрде жауап берді. Шынында да радионы кім қосып кететінін білу шарт емес, бірақ оның сиам егіздерін қандай азапқа салғанын сезіндіру, міне, көркем шығарма үшін ең басты шарт осы. Басқаша айтқанда, мәселе әрекетті көруден гөрі, оны сезіну маңызды деген қисынға дәл келеді. Бәлкім, қазіргі авторлардың суреттеуге уақыт құртпай, сезімге тиетін әсерлерді көбірек қузайтыны да содан шығар. Тіпті сезіндіру аз, сезімдік танымына әсер етіп, көркемдік рефлекция тудыру мұрат десек, қателеспеспіз.

Жоқ, автор кейіпкерлердің әрекеттерін суреттеп жазудан қашпайды. Қайта сол суреттеулерді деталдандыруға көбірек күш салады. Мәселен, қара қарға терезе алдына күнде келіп қонады да, ішке мойнын қисайтып қарайды. Осы кезде біздің миымызда өлікке үймелейтін қарға-құзғын шартты рефлексі пайда бола кетеді. Бірақ бұрыннан үш жүз жыл жасайды делінетін қара қарға өзінше бір миссия арқалап жүргеніне шығарма соңында бәріміз куә боламыз.
Қазір қандай да бір дүниені танып-білу үшін, оның кодын табу керек деген сөз сәнге айналды. Романның көркем шығарма ретіндегі кодын табуға бізге осы қарға көмектеседі. Бұл арада белгілі қиссаның сюжетін қайталамай-ақ қойсақ та болады. Алайда қиссадағы Қабыл Әбілді өлтіргеннен кейін оны көму керек екенін қарғадан көріп істегенін және қарғаның мәйітті қазып алып шұқып жеген эпизодын еш айналып өте алмайсыз. Сол себептен де роман авторы бүкіл оқиғаны адам етінің дәмін татып көрген қарға мен оны көріп тұрған тағы бір адам эпизодынан таратады. Біз іздеген шығарма коды да осында жатқанын қара қарға сиам егіздері жатқан бөлменің терезесіне қайтып келіп қонған сайын түйсігімізге түйеміз де отырамыз. Бірақ автор бұрынғы сюжеттің бүгінгі күннің көзқарасымен қарағанда абсурд екенін дәлелдейді де, қиссадағы екі егізді романда бір денеге таңылған сиам егіздері етіп көрсетеді. Ал қарғаны сырттан бақылаушыға айналдырып, тағы бір өлмейтін жұмбақ адам Дәруішке хабар тасушы етіп қояды.
Осы арада еріксізден еріксіз әдебиеттегі кейіпкердің екіге жарылу тәсілі қашан туған деген тағы бір сұрақ туындайды. Абыл мен Қабыл қиссадағыдай екі адам емес, бойындағы бір сезімді өлтіру үшін екінші сезімі ішінен жарып шығатын бір адам, бір тұлға болса ше? Қазіргі постмодернизм заманында екі кейіпкердің бірін бірі қызғаныштан өлтіргені тым қарапайым болып көрінбей ме? Мәселе олардың бірін бірі өлтіруінде емес, біреуі екіншісін тастап кете алмайтынында емес пе?

Бақсақ, жаңа аңыз ойлап табуға болады екен, бірақ ескі аңыздан да біржола кете алмайды екенбіз. Роман сюжеті осы арнада дамып, өзіміз жиі-жиі еске салып тұрғанды ұнататын әйгілі қисса аяусыз өзгеріске ұшырайды. Сөйтсек қандай қылмыс істесек те, оның пәле-жаласын қай-қайсымыз да қайталап айтқанды жақсы көретін діни әпсанаға жаба береді екенбіз. Автордың айтайын дегені осы деп отырғамыз жоқ, бірақ романды оқыған кездегі біздің түйген ойымыз осы болып шықты.

Оқырманға мынандай деталдарға назар аударуға кеңес берер едік: “Бірақ екеуін зерттей келе жасаған қорытындымыз мынадай: екеуінің жаратылысына қандай да бір экологиялық апаттың немесе радиациялық сәулелердің қатысы жоқ. Жеті жылғы түрлі анализдің нәтижесінде осындай байламға тоқтадық. Бұл өзі табиғатта кездесетін құбылыс”. Мұнда автор үйреншікті стеоретиптерден саналы түрде бас тартады. Бәріне экологияны кінәлі санау біздің санамыз бен жадымызды тұйыққа тіремей ме деген сұрақ тудырады. Стереотиптер ұлттық тұйықталу мен санамыздың өзіміз жасаған аңызға тәуелділікке ұшырауынан болып жатқанын алға тартады.

Автор ескі стеоретиптерді бұзу үшін өз аңыздарын құрауы да қызық. Мәселен, әлі жарық дүниеге келмеген сиам егіздері аналарының жатырында жатып-ақ сөйлесе бастайды. Себебі олар желтоқсан оқиғасы кезінде зорланған қыздың бойынан бес жыл өткен соң белгі беріп отыр. Автор мұнда да экологиялық апаттар секілді, желтоқсан оқиғасын да тікелей кінәламайды. Әсілінде желтоқсан оқиғасы да экологиялық апаттар секілді себеп қана, шын мәнінде бейкүнә Бекторының жатырына ұйыған қанды әзәзіл салып отыр. 

- Біз сізді танимыз ағай. Қателеспесем, перзентханада бізді басқа бөлмеге алып кеткен сіз болатынсыз, - деді Абыл. Қабыл сазарып тұра берді.

Аңтарылып қалған Дәрігер тұтығып барып әрең тілге келді. Мұндай тосын жауап күтпегендіктен, не орындығынан тұрарын, не отыра берерін білмеді. Жалма-жан алдындағы параққа жазайын деп қаламын алды да, кілт тоқтап:

- Мүмкін емес. Мына ғажайыпты қара! Сонда дүниеге келген сәттерің естеріңде ме?”

Осы үзіндіден біздің дамуымызға генетикалық кодтың қалай әсер ететінін көретін сияқтымыз. Мұндай ойға романдағы: “Бәлкім генетикалық кодтың біз білмейтін құпия бір қыры ма?” деген сұрақ та итермелей түседі. Сөзіміздің әнеу бір тұсындағы романда бес-алты жұмбақ бар дегеннен шығады. Мүмкін Абыл мен Қабыл тәмсілі арқылы түпкі сана кейінгілерге келешек ұрпақтар өздері шешуге тиісті бір ұлы жұмбақ қалдырған шығар. Сол ұлы жұмбақ шынында да біз сүрлеуінен шыға алмай жүрген осы тәмсілдің нақ өзі болып жүрмесін. Ал енді оған сайтан араласса не болады? Көзіңді байлап қойып, біріңді бірің өлтіре бер дей ме?
Автор осы желіні жоққа шығару үшін өзінше қызық сюжет түзеді. Күнде келіп терезеден қарап кететін қара қарға мен базарда тамыр ұстайтын Дәруіштің арасында байланыс орнайды. Дәруіш бойына қайдан бала біткенін білмей сарсаңға түскен Бекторының тамырын ұстап көріп, ібілістің тапсыруымен өзі іздеген әйелзатының осы бейбақ екенін біледі. Одан басқа дүниенің төрт бұрышын шарлап, жер шарының әлдебір түкпірінде дүниеге келуге тиісті сиам егіздерін іздеуші тағы бір тіршілік иесі бар. Ол Алланың қалауымен Дәруішке қосылып, сиам егіздерін бақылап, хабарын жеткізуші қара қарға екенін жоғарыда айттық. Қара қарға біз ойлағандай сиам егіздерінің өлімін күткен құзғын емес, қайта керісінше оларды ажалдан аман алып қалу аманатын арқалаған киелі құс.

Роман осындай алмағайып істер, ойламаған бұрылыстар мен күтпеген шешімдерге толы. Оның бәрін тізіп беруге мақала көлемі көтермес. Бірақ романның немен аяқталатынына қызығушылық танытатындар аз болмаса керек. Өйткені Абыл мен Қабыл қиссасының финалы елдің бәріне таныс. Егер автор соны қайталау үшін роман жазса, жұрттың түсінбей қалары хақ. Сондықтан бұл шешім жазушы үшін үлкен сын болғанын айтпай тұра алмаймыз. Соның алдында сюжет бойынша төмендегідей диалогтар өрбитінін де еске сала кеткіміз келеді.

Бірінші:
“- Бұған қоса, келешекте екеуіне ота жасап, бір-бірінен ажыратудың түк қиындығы жоқ. Өкінішке қарай, ортақ бір жүрек болғандықтан екеуін бірдей аман сақтап қалу мүмкін емес, - деді Дәрігер”.

Екінші:
“- Мұның еш құпиясы жоқ. Ота жасауға болады. Медициналық тұрғыдан оған өзіміздің де қауқарымыз жетеді. Екеуің кеуде тұстан қосылғандықтан, ота жасау барысында айтарлықтай қиындық тумайды. Алайда ең үлкен қауіп бар. Екі тәнге ортақ бір ғана жүрек бар. Сол тұрғыдан келгенде ота жасау мүмкін емес. Кешірім өтінем, турасын айтсам, бірін өлтіріп, екіншісін тірі қалдыратындай қылмысқа бара алмаймыз”.

Сонда да сиам егіздері тәуекелге баруды өздері іштей тілей бастайды. Оған екеуінде екі түрлі себеп бар. Қабылға инсульт алып, бір қолы жансызданған Абылдан қайткенде де құтылу керек. Ал Абылда сыңары Қабылмен арадағы рухани келіспеушілік шырқау шыңына жеткен. Романда осы екі себептің қауіптісі қайсы екені таразыға тартылады. Көркемдік шешім де соған байланысты шығарылады. Ол ар сотының алдындағы үкімнен бір мысқал да кем емес. Сонымен ең үлкен жұмбақ кім кімді және қалай өлтіредіге саяды. 

Қиссадағы Абыл мен Қабылды екі бауыр емес, романдағыдай сиам егіздері деп алып көрейікші. Бірі қаталап шөлдесе, екіншісі қорылдап ұйқтап жатады. Сыңарын оятып немесе арқалап барып су ішудің өзі мұң болған. Бірі арақ ішсе, ертесіне екіншісінің бас жазуына тура келеді. Бірі тән рахатына бөленгісі келгенде, екіншісі қатты қорланады. 

Оған сиам егіздерін қамқоршылардың түрлі кездесулерге апарып, саяси науқандарға қатыстыруы қосылады. Осының бәрінен автор ескі тәмсілдің желісімен жаңа аңыз түзіп отыр. Бірақ шешім реалды өмір мен мистиканың арасынан туады. Жазушы жоғарыда айтқанымыздай, түпкі санадан жеткен ұлы жұмбақтың шешімін өз жолымен табуға ұмтылады. Оны айтып қойсақ, романның қызығы қалмайды деген ойдан аулақпыз. Керісінше оны айтқаннан гөрі, жазушының қалай суреттеп жазғанын бойға сіңіріп оқыған дұрыс деген ойға келдік.

Алайда бір тәмсіл бойынша екінші аңыздың туып, өмір сүруі күмәнді нәрсе. Өйткені алғашқы аңыз қалай десек те түпнұсқаға жатады. Сондықтан роман авторының өзі түзген сюжетті өзінің жоқ етуі де қажеттіліктен туған амал деп білдік. Бұл тұрғыдан жазушы шығарма соңында өзі үңіліп көрген құпиядан өзі шошып кеткендей әсермен бой тітіркентеді. Оның сюжетінде сиам егіздеріне ота да жасалмайды, олар бір біріне қастық та қылмайды, бірақ соңында Абыл да, Қабыл да тірі қалмайды. Оны айтасыз алданған қарға Дәруішті шоқып өлтіріп, өзі де аула сыпырушының сілтеп қалған сыпырғысының сабы тиіп, сеспей қатады. Сөйтіп жазушы детективке бергісіз бұл сюжетті өз қолымен жойып, артына ешқандай із де, белгі де, куә да қалдырмай сыпырып-сиырып тазалап кетеді. Мұны стандарттарды бұзып, шаблондарды талқандап, стеоретиптерді түкке алғысыз еткен ерлікке пара-пар іс десе де болады. Ең бастысы, оның орнына соны сана мен жаңа сюжеттерге жол ашып беруімен де аталған романның жазылуы өзін өзі ақтады деген сенім көкейімізге берік орныққанына іштей шүкір дестік. Роман авторы Мақсат Рамазан соқталдай азамат болса да, мінезі қыздай жігіт, жаңа туындысына сәттілік тілейміз!

Тегтер: