«Жұт басталды» қазақтың ішер асы кімге жетеді?!
![None](/static/img/image.jpg)
Бүгінде әлемдік пандемия бірқатар елдерді титықтата бастады. Экономист-сарапшылардың байыптауынша, қазір көптеген елдерде азық-түлік тапшылығы туындай бастаған.
Халықаралық сарапшылардың біразы мұны «жұт басталды» деп те бағалай бастады. Тіпті елдегі отандық сарапшылардың бірқатары «қуаңшылық пен қымбатшылық жайлап тұрған қазақ даласында жұт ендігі басталды» деп те жүр.
Жалпы, біз алысқа бармай-ақ, көрші Ресейдегі жағдайды сөз етсек, Ресейдің ішкі нарығы қазір бос қалған. Бұған дейін Норвегия, Грекия, Австралия, Аргентина, Канада елдерінен ауылшаруашылық өнімдерін аста-төк алатын көрші ел қазір пандемия басталғаны бар, тұс-тұстан салынған санкциялар есебі бар, біршама өнім түрлерінен тарығып отыр. Бұған қатысты «Ендігі кезекте Ресей Қазақстанға салмақ сала бастайды. Сондықтан Ресейді асыраймыз деп, өзіміз тарығып қалмаудың жолдарын қарастырғанымыз абзал» дейді сарапшылар.
Экономика ғылымының докторы Марал Төртенованың айтуынша, осы арада үкімет сауатты әрекет етсе, біздің аграрийлер үлкен пайда көрер еді. Маманның пайымынша, алдағы уақытта біз үшін астық сақтайтын орындардың қасынан ұн тартатын диірмен орындарын ашу маңызды. Мал бордақылайтын орындардан тері-жүн өңдейтін цехтар ашу да тиімді болар еді.
– Бірақ біздегі баға мен тарифтердің өсуі тұрғындардың көпшілігінің табысынан әлдеқайда жоғары. Яғни тұрғындар бағаның өсуіне үнемі бейімделу үстінде. Азық-түлік бағасының қымбаттауы мен коммуналдық төлемақының үздіксіз өсуі көпшілік азаматтардың тұрмыстық мәселелерін қиындатып жібергені жасырын емес. Сондықтан үкімет бірінші кезекте баға саясатын реттеп алғаны жөн. Ол үшін отандық өндірісшілерге жағдай жасалуы керек. Қазір Ресей біздің ішер асымызға дейін жармасқалы отыр. Осы орайда, отандық өнім өндірушілерге қолайлы орта қалыптастырмасақ, олар шығарған өнімдерін Ресейге таси бастаса, бізде қиындық туындайды, – дейді Марал Төртенова.
Маманның пайымынша, қазіргі жағдайда қажет болса, Бәсекелестікті қорғау агенттігін министрлік деңгейіне көтеру керек. Бұл елдегі монополистерді бақылауға, олардың бағаны орынсыз өсіруіне жол бермейтін дүние.
– Қазір қымбатшылық аспандап кетті. Жұрттың тапқан табысы азық-түлікке де жетпейді. Сондықтан бағаны өсірмеуді бір министрлікке арнайы жүктесек, отандық өнім өндірушілерге тарифтерді төлеу арзанға түсіп, жұмыс істеу жеңілдейді. Бұдан соң, өнім өндіру көлемінің сапасы да артады. Міне, біз үшін осы жайттарға да мән берген жөн. Сонда отандық өндіріс нақты қолдауды сезініп, жұмысы алға басады, – дейді сарапшы.
Жалпы, отандық мамандардың дені болашақта бізге азық-түлік қауіпсіздігін нықтауымыз керектігін алға тартты. Бұл реттеқаржыгер Дәурен Арын былай дейді:
– Қазір әлем жұртшылығы азық-түлік дағдарысына ұшыраудың алдында тұрғанда, үкіметтің күнде бас ауыртып ойланатын өзекті жайттарының бірі осы болуы қажет. Бір айда халыққа қанша ет, сүт, нан қажет? Халық ай сайын қанша мөлшерде азық-түлік тұтынады? Отандық өнімнің үлесі қанша? Осы жағы есепке алынуы тиіс. Бізде статистика агенттігі бұл мәліметтерді бір жылға кешіктіріп барып есептейді. Сондықтан нақ қазір біз үшін азық-түлік қауіпсіздігін қайта қарау маңызды.
Азық-түлік қауіпсіздігі дегеннен шығады, мысалы, өткенде көршілес ТМД елдері азық-түліктен тарықпау мақсатында Орталық Азия елдері бірігіп, азық-түлік қауіпсіздігі қорын құруды ұсынды. Бірқатар елдері азық-түлік қауіпсіздігін шешудің бір жолы ретінде астық саммитін ұйымдастыру керектігін көлденең тартты. Өзбекстан мен Тәжікстан болса, көкөніс алқаптарын кеңейтіп, сыртқа көкөніс экспорттаудың жаңаша тетіктерін қарастып жатыр. Ал біз биыл картоп пен сәбіз таппай, еліміздің сауда министрі көрші елдерге картоп пен сәбіз іздеп кеткенін біразға дейін ұмыта алмайтын шығармыз. Сауда министрінен бөлек, ауыл шаруашылығы саясатын жандандыруы тиіс министрлердің өзі малдың ашыққанына табиғатты кінәлап, картоптың қымбаттауына халықты айыптап, біраз «хайп» жасағанын да ұмыту қиын. Әкімдер жайында әңгіме тіптен бөлек. Кейде «біздің әкімдер халыққа жақын деуден гөрі, басқа әлемде өмір сүріп жатыр ма» деп қаламыз. Ал мұндай атқарушы билікпен ел тап қазіргі қиындықты еңсере ала ма?!
Тақырыпқа тұздық
«Заңға өзгерту енгізумен мәселе шешімін таппайды»
Тақырыпқа орай,экономист-сарапшы Тоғжан ШАЯХМЕТОВА былай дейді: – Біздің үкімет не мәселені болсын заңға өзгерту енгізумен бастайды. Тек қана заңға өзгерту енгізумен мәселе шешімін таппайды. Бұл жерде біз елімізде азық-түлік өнімін өндіретін өндірісшілердің ішкі рынокты қамтамасыз ете алмай отырғанын ескеруіміз керек. Бізде жетіспейтін өнім түрлерін шетелдік тауарлар толықтырады. Айналып келгенде, азық-түліктің 50 пайызы ғана өзімізде дайындалады. Әлемдік стандарт бойынша әр ел азық-түліктің 84 пайызын өзінде шығаруы тиіс. Өйтпеген күнде ұлттық азық-түлік қауіпсіздігі әлсіз болады да, ондай ел азық-түлік тапшылығына жиі ұшырайды. Сондықтан заңды жиі өзгеріске түсіргеннен гөрі, отандық азық-түлік өндірушілерге жағдай жасаған тиімді. Біз экспортқа астық шығарудан озықпыз. Бірақ басқа саладан құралақанбыз. Бізде өсімдік өсіру саласы мен мал шаруашылығы тұралаған. Жеміс-жидектерді өзбек пен қытайлардан тасып, инфляцияның еселенуіне өзіміз жағдай туғызып отырмыз. Ауылдағы ағайын өндірген сүт-айранын, етін сатуға шығара алмай әлек. Осы күнге дейін өнімді шаруаның қолынан тікелей базарға шығаратын сату жүйесі орнаған жоқ. Арадағы делдалдар бағаны өсіріп, табысқа белшесінен батып жүр. Ауылға қаржы бөлуде де делдалдықтан арыла алмай отырмыз. Міне, осы кемшіліктерді жойып алмай, біз азық-түлік өндіруде бәсекеге қабілетті бола алмаймыз. Сондықтан үкімет алдымен осы жайттарға мән беруі тиіс.Болашақта азық-түлік қауіпсіздігімізді нығайтуды мықтап қолға алмасақ, халыққа ашқұрсақ болу қаупі де ұлғая түседі. «Біздің үкімет мүшелері мұны сезініп отыр, болашақта мәселені шешу үшін жұмыс істейді», деп үміттенеміз.