Жұт: «Екі сиыр» айран ба, әлде ойран ба?!

«Ініне кіре алмай жүріп, құйрығына қалжауыр байлайды» деп мазаққа айналған тышқан былтыр, шынында да, талай елдің экономикасын шатқаяқтатып кетті.
Індетті. Жер жүзін құйрықтарына қалжауыр байлатып тұрып індеріне бір-ақ тықты. Тойшыл қазаққа да оңай тиген жоқ.
Құлдырайтындай экономикасы болмаса да, қазекем жыл басына балаған осы бір мақұлық ауысса, бәрі орнына келе қалар деп үміттенген. Қате ойлапты.
Сиыр келсе, аузымыз аққа жарып, жағдайымыз жақсарып шыға келеді деген ойы да жаңсақ шыққандай. «Жұт жеті ағайынды» демекші, жақсылық күткен сиыр жылы ортасынан ауар-аумастан елде қуаңшылық басталды.
Ауылды жартылай құртып, қала қазағына айналып үлгерген жұрт шөп бағасының шарықтағанын шала түсінсе де, сәбіз бен картоп бағасы аспандаған кезде ғана аһ ұрған. «Несібелерің артады» дегенді аталы сөз көріп, алданып, несиеге екі сиыр алғандар сиырына шөп тұрмақ, бала-шағасына сәбіз, картоп тауып бере алмай, басы қатты.
Отыз жыл бұрын ғана 360 млн халықтың аузынан ақ май ағызып асыраған аграрлы елді 18 млн халықты асырай алмайтындай мұндай күйреуге жеткізген қандай күш екенін ешкім ұғып болар емес. Сол атышулы тышқан жылы бір түнде нағашы жағынан «аян түсті ме», кім білсін, ертесіне көріпкел боп ояна салған Бекшин деген әулиенің сәуегейлігі бірінен соң, бірі айнымай келіп жатты. Бұл сәуегей үнді, ағылшын штамдарының артын ала шілде айларында Қазақстанда ғана қатты қозатын «хазах штамының» қалай басталып, қалай аяқталатынына дейін дәл болжай білген-ді. Халық болса, осындай «тірі әулиелері» бар ел мынадай қуаңшылықты қалай байқамай қалды екен деп аң-таң.
Жандарбекті жайына қалдырған күннің өзінде, «Үш күндігін ойламаған қатыннан, үш жылдығын ойламаған еркектен без» деген, әншейінде санынан жаңылысатын қаптаған стратегиялық болжау институттары қайда кеткен бұл елдің?
Өткен сайлау алдында ғана «ақидасын» өзгерткен кәмүністердің өзін құлағынан сүйреп өткізген ЦИК-тің «Ауыл» партиясын әдейі өзекке тепкен бе деген де ой келеді. Партия басшысына сенбесек те, арасында абыройы бар азаматтар жүрген соң, парламентте ең болмаса, екі мүшесі отырса, біреуі айтар ма еді деген емексіген ескі үміт қой, әншейін.
Үкімет шілденің шіліңгірінде ерекше қозатын «хазах» штамымен күресіп, міністірлік пен облыстар өзара жарысып биік-биік ескерткіштер қойып, пұтқа табынып жүргенде, жер қурап кетіпті. Тас құдайларына табынғандарға табиғаттың көрсеткен талайы ма екен, кім білсін?
Оған қысылатын депутат қайда? Бетсіз біреуі: «Халық үкіметке масыл боп алды», – деп те көкіді. Айдың күні аманда төбесінен бомба жарғызып, су мен селге алғызып жатқанда, қыңқ деместен өз жарасын өзі жалап жазған арландай бір-бірін сүйеп үйренген жұрт бұл жолы да үнсіз тірлігіне кіріскен. Өйткені өтірік уәдеге сеніп талай алданған ел үкіметтен ештеңе күтпесі анық. Бұл жолы да дәл солай, министрліктің миы жетпеген тірлікке барып, жер-жерден қол жиып, асарлатып шөп шауып, батыстағы бауырларына қол созған қаршадай Құрметке де «Ел-жұртты көп шулата бермей тыныш жүр!» деп тістене қоңырау шалғандар кім болды екен?! Бұл не сонда, ұлтқа қарсы жасалынып жатқан диверсия емес пе, деген де күдік ұялайды көңілге.
Тек сол құрғақшылық жайлаған батыс аудандарға жеткізілетін жемшөпті әкімшілікке тапсырамыз деген түбегейлі дұрыс еместігін де сезеді ел. Қай жерде болсын халықтың әкімшілікке деген сенімі әбден таусылған. Өз араларынан ақылдастар алқасын құрып, адал таратылғаны жөн. Ал ақ-адал термен келген жиын-терім әкімдіктің қолына түсті дегенше...
Иә, бәрін айт та, бірін айт, сиырдан аман өтсек, арғы жағы тамаша деп тағы айта алмайсың.
Келер жыл атышулы барыс жылы. Бар үміт барыста дейміз бе?!
Жетпіс жыл жер жүзін күркіреткен қызыл үкіметті құлатқан 1986 – барыс жылғы оқиғаны ешкім ұмыта қоймаған болар. Әсіресе, колонна басында кете барғандар… Оның үстіне, Қазақ хандығының да сиыр жылы туғанын еске алсақ, біз бір үлкен мүшелдің алдында тұрған сияқтымыз.