Жүйенің құлы және шенеуніктің өзгерген өлімі
Адам баласы туғанда құл боламын деп тумайды. Бірақ орта мен тәрбие оны құлға айналдырады екен. Әркім өз жағдайының, статусының құлы.
Қоғамдық пікірге сай болуды, бастығының көңілінен шығуды, қызметінен айырылмауды ойлайтын пенделер қаласын, қаламасын құлға айналады. Ал ондай құл билік үшін өте ыңғайлы. Бұл қолайлы статус-кво сақталып тұруы үшін билік арнайы жүйе жасайды және оны ешқашан өзгертпейді. Өзгертуге болмайды.
Осы дүниені әдебиет арқылы көркем, нәзік жеткізген жазушы – Антон Чехов.
Ол «кішкентай адамдардың» үлкен трагедиясын жазды. Көнтері көнбістікті, жағымпаздықты, құлдық сананы әшкереледі. Иван Дмитриевич Червяковтың бейнесі арқылы төмен лауазымдағы шенеунік психологиясын, генерал Бризжаловтың бейнесі арқылы қисық жүйені бейнеледі. Қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік таптардың мінезі мен әрекетін сипаттап, әрі соны әшкерелеген Чеховтің «Шенеуніктің ажалы» әңгімесі адамзат баласы барда өмір сүре беретін шығарма.
1880 жылдары Чехов Мәскеу мен Санкт-Петербургтың баспаларымен өте тығыз жұмыс істеді. Әңгімелерінің соңына «Антоша Чехонте» деп қол қойған дарынды жас жазушы оқырмандар арасында кең танылып, өзінің шағын, юморға бай әңгімелерін жарыққа шығарады. Оның әңгімелері ойдан құралмайтын, қолдан жасалмайтын. Өмірде өзі кездескен, я естіген оқиғаларын шығармашылығында шебер қолдана білді.
Бірде Чеховтар отбасының жақсы досы болған Владимир Петрович Бегичев (жазушы, Мәскеу театрларының менеджері) театрда бір адамның байқаусызда түшкіргені туралы қызықты әңгіме айтып береді. Ол түшкіргеніне қатты уайымдап, келесі күні жанындағы адамнан кешірім сұрауға барады. Бір емес, бірнеше мәрте қоймай кешірім сұраған.
Барлығы Бегичев айтқан оқиғаға күліп, ертесі-ақ ұмытып кетеді. Бірақ бұл оқиға Чеховтің жадында қалған еді. Содан кейін оның қиялында бір мекеменің шаруашылық жөніндегі қызметкер Иван Дмитриевич Червяков пен қатынас жолдары мекемесінде істейтін статс генерал Бризжаловтың бейнесі пайда болады. Осылайша, 1883 жылдың 25-26 маусымында қағаз бетіне түсіп, «Осколки» журналының 27-санында «Шенеуніктің ажалы» әңгімесі жарық көреді.
Бұл әңгіменің туу тарихы туралы басқа да нұсқалар бар. Мәселен, орыс жазушысы, сатиригі Алексей Жемчужников бірде театрға келіп, бір байдың аяғын әдейі басып кетіп, кейін күнде барып, кешірім сұрап, мазасын алған. Жемчужниковтың бұндай әдейі, әзіл үшін істеген әрекеттері сол уақытта әдеби ортада көп айтылатын.
Ал бір нұсқа бойынша, бұндай оқиға 1882 жылы Чеховтің туған жері Таганоргта болған. Театрда жергілікті почтмейстермен араздасып қалған аға сұрыптаушы Щетинский қанша рет кешірім сұрауға талпынады. Бірақ онысынан түк шықпайды. Ақыры ашудан аласұрған Щетинский өзіне қол жұмсайды.
Қалай болғанда да, әр жазушының кез келген шығармасының негізі өмірде жатады. Өмірден алынғаннан кейін де әр жақсы шығарма оқырман жүрегіне жол тауып, уақыт сынынан сүрінбейді. Өзі айтпақшы, Антоша Чехонтенің бұл әңгімесін қазақ тіліне аударып, қазақ оқырмандарымен қауыштырған – Әбіш Кекілбайұлы. Әбіш бұл әңгімені «Чиновниктің ажалы» деп тәржімалаған. Әңгіме атауын осылай аударған жазушы өмірден өткеннен кейін «Қасым кітапханасы» баспасы Чехов әңгімелерін осы аудармадағы тақырыппен кітап етіп шығарды. Сірә, аудармашы дүниеден өткеннен соң, баспагерлер тақырыпты «Шенеуніктің ажалы» деп өзгертуге батпаған болуы керек.
Оқиға желісі мынадай. Шаруашылық қызметкері Иван Дмитриевич Червяков театрға «Корневиль қоңырауларын» көруге барады. Көтеріңкі көңіл күймен отырған Червяков сахнадағы әрекеттен ләззат алады. Дүрбімен бір минутқа жоғары қарап, қуанышты көзбен аудиторияны бір шолып өтіп, кездейсоқ түшкіреді. Мұндай ыңғайсыздық әр адамның басынан өтуі мүмкін. Шаруашылық қызметкері Червяковтың қана басынан өтетін жағдай емес. Бір кезде ол түшкіргені айналасындағыларға ыңғайсыздық тудырмап па деп, жан-жағына қарай бастайды. Сонда алдында әскери форма киген, басы жылтыр адамның желкесі мен басы-көзін шүберекпен сүртіп, әлдене деп күбірлегенін естіп қалады. Червяковтың есі шығады. Себебі ол алдыңғы орындықта отырған адам қатынас жолдары мекемесінде істейтін статс генерал Бризжалов екенін біледі.
Червяков әдеппен кешірім сұрайды. Бризжалов: «Ештеңе етпейді», – дейді. Генералдың басы мен мойнын сүрткенін есіне алған сайын Червяковтың мазасы кетіп, қойылымды көруден де қалады. Антракт кезінде дұрыстап кешірім сұрамасам болмас деп, генералдың жанына тағы барады. Кешірім сұрайды. Әдейі істемегенін айтады. Бризжалов болса, ол жайлы ұмытып кеткенін айтып, тағы: «Ештеңе етпейді», – дейді. Червяков үйіне барғанда, болған оқиғаны әйеліне айтады. Ол да генералдан дұрыстап кешірім сұрамаса болмайтынын айтып, ертесі вицмундирін киіп, генералды жұмысына іздеп барады. Арнайы қабылдауына кіріп, ешқандай арам ниеті жоғын, әшейін түшкіргенін тағы айтады. Бризжалов болса: «Мені мазақ қып отырсыз ба? Бұндай болмашы нәрсеге қайта-қайта кешірім сұрау күлкілі ғой» деп шығарып салады. Червяковтың мазасы одан әрі кетеді. Генерал оны мазақтап, күлкіге айналдыру үшін түшкірдім деп ойлап қалатын болды ғой деп, хат жазбақ болады. Бірақ таза ниетін хатпен жетізе алмаспын деп, кешке тағы үйіне барып, кешірім сұрағанда, генерал: «Жоғал!» деп үйінен қуып шығады. Червяковтың ішінде әлдене үзіліп кеткендей болды. Мүлде көңілі түсіп, үйіне кеп, вицмундирін шешпестен диванға қисая кетеді. Сол қалпы уайымнан жапа шегіп, дүниеден озады.
Червяков – Белинский айтатын «кішкентай адам». ХІХ ғасырдың бірінші жартысында орыс реалистік әдебиетінде «кішкентай адам» ұғымы пайда болған еді. Ең алғаш Грибоедовтың «Ақыл азабы» туралы айтқанда қолданған осы ұғым әдебиеттанудағы бір үлкен терминге айналды. Орыс қоғамындағы әлеуметтік топтардың жігін, ештеңеге талпынбайтын, талантсыз, бастығының құлына айналған, маймөңке адамдардың бейнесін орыс жазушылары бірінен соң бірі жаза бастайды. Пушкиннің өзінің тұйық, тар әлемінде ғана ғұмыр кешкен Самсон Вырины, Гогольдің Петербор сияқты үлкен қаладағы ірі саяси қызметкерлердің арасында әділетке жете алмаған Акакий Акакевичі, Достоевскийдің тұрмыстың құлы боп, өмірден өз орнын таба алмаған Макар Девушкині бар.
Бұл «кішкентай адам» ұғымы әр жазушының шығармасында күрделеніп, жан-жақты ашыла бастайды. Осы жазушылардың әрқайсының кішкентай адамы өзінше бөлек категорияларға айналады. ХІХ ғасырдың екінші жартысы Чехов бұл ұғымды мүлде тереңдетіп жібереді. «Құндақтағы адам», «Шенеуніктің ажалы», «Желіккен жеңгей» әңгімелері арқылы «кішкентай адамдар» тек қана бір әлеуметтік топқа ғана жатпайтынын, қоғамның әр қатпарында да «кішкентай адам» бар екенін жазды. Осылайша, бұл ұғым психологиялық категорияға айналды.
Червяковты алсаңыз, ол жәй ғана талантсыз, кедей адам емес. Ештеңеге талпынбайтын да жанға ұқсамайды. Ештеңеге талпынбаса, білдей бір мекеменің қызметкері болып, вицмундир киер ме еді. Ол бар болғаны – өз жүйесінің құлы. Өзінен шені үлкен генералдың алдында құрдай жорғалайтын, кешірім сұраудың өзін ездікке дейін түсіріп жіберген әлеуметтік тип. Ондай адамдар бір ғана қоғамға тән емес.
«...Червяковқа кенеттен мерт тапқызған генерал Бризжаловтың қатыгездігі емес, өзінің шектен асқан мәймөңкелігі. Генерал оның театрдағы кездейсоқ ерсі қылығына оның өзіндей боп қатты мән берген жоқ. Сондықтан оның әлгіндей ағаттығын алғаш келгенде-ақ кешіре салды. Бірақ оған құлақкесті құл болып қалған Червяков қанағаттанбады. Егер сол арада генерал жер-жебіріне жетіп балағаттаса, оның бүйтіп өле қалмауы да мүмкін еді. Өйткені өзінен дәрежесі үлкен ұлықтың ұрысқан-сөккенін Червяковтай «заты малай» зәрезап жандар жәбір санамайды. Оны өлтірген – дәрежесі үлкен ұлықтың ұрысқанын көрген қорлық емес, сондай дәрежелі ұлыққа өзінің шыннан да шексіз құрметпен қарайтынын ұғындыра алмаған өкініші», – дейді Әбіш Кекілбайұлы.
Дәл солай, құлдық санадағы ешқандай қорлық туралы ойламайды. Червяков сынды адамдардың ұялуы әдеттегі ұяттан мүлде өзге. Олар қарапайым халықты қанағаннан, біреуді алдағаннан, ала жіпті аттағаннан ұялмауы мүмкін. Бірақ өзінен лауазымы үлкен адамның алдында болмашы дүниеге өзін кінәлі сезінсе, содан жан таппайды. Бұл ұялу шынайы адамгершіліктен тумайды, құлдық санадан, жағымпаздықтан туатын, тырнақшаның ішіндегі «ұят».
Чехов тек қана Червяков сынды адамдарды сынап, әжуалап отырған жоқ. Сондай шенеуніктерді тудырған, генерал Бризжалов сияқты шенділерді шығарған жүйені әжуалап отыр. Яғни ондай құлдық сананы, психологияны жүйе, идеология қалыптастырады. Ондайда жоғарыдағы бастықтар емес, қол астындағы қызметкерлердің өзі, ешкім айтпаса да жағымпазданып, біреу бұйрық бермесе де құлдық ұрып, құрдай жорғалайды екен.
Өмірде ешкім көп мән бере бермейтін сәттердің өзі адам ғұмырының ең мағыналы бөлігі. Біз тіршілік, жұмыс, қарапайым қарым-қатынас деп қана бағалайтын әдеттеріміздің тамыры тым тереңде екенін сезіне бермейміз. Сана түкпіріндегі жасырын қорқыныштың жасандылық пен жалғандыққа, көлгірлік пен құлдыққа апаратын дүлей күш екенін мойындамауымыз да мүмкін. Адам тағдыры мен қызметкерлердің жұмысы басшылардың шешіміне байланған жүйенің кесапатына кішкентай адамдар ұрынып, рахатын шенділер көреді. Бір қызығы – шенеуніктер өздерін ешқашан кінәлі сезінбейді. Біздің елдегі жүйенің сонау басында тұрған Назарбаевтың биліктен кеткеннен кейін де: «Мен ештеңеге қамықпаймын, ештеңеден жалықпаймын, маған ешқандай сөз тимейді» дегеніне қарап, ойлануға болады. Неге қамықпайды? Мейлі жалықпасын. Бірақ қалай оған сөз тимейді?
Чеховтың әңгімесін оқысаңыз, Бризжаловтың өлімге ешқандай қатысы жоқ сияқты. Бірақ мәселе жүйеде ғой. Біздің елдегі шенеуніктердің ұсталып, қамалып, сотталып жатқанына жауапты тек сол шендінің өзі ме? Жоқ. Мәселен, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының экс-басшысы Абылай Мырзахметовке қатысты басты сот талқысы басталды. Абылай Мырзахметов былтыр мамыр айында 30 млн доллар пара алды деген күдікпен ұсталған болатын. Сол Мырзахметов жиырма жыл бұрын көлік министрі және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы болғанда да парамен аты шығып, мемлекеттік мүлікті ұрлауды ұйымдастырды деген айыппен мүлкі тәркіленіп, шартты түрде 5 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Бірақ соған қарамастан, кәсіпкерлер палатасының мүшесі, кейін басшысы болды. Бірақ қайтадан мемлекет мүлкіне қол салды. Чеховтың шенеунігі өзінің кішкентай «қылмысына» өліп кетсе, біздің шенеуніктер аса ірі қылмыс жасаса да, қамықпайды. Қазақта «ұяттан өлдім» деген сөз бар. Осы өлшеммен алғанда, жемқорлықпен сотталған бір шендінің халық алдына шығып, жасаған қылмысы үшін кешірім сұрап, бас игенін естімеппіз. Көрмеппіз. Ал осы Мырзахметовтің қылмысына тек Абылайдың өзі ғана кінәлі дегенге сенесіз бе?
Чехов пен Қазақстан шенеуніктерінің ұқсастықтары көп. Бірақ әртүрлі өледі. Червяков төсекте жатып көз жұмады. Ал Мырзахметовтер түрмеге түсіп, көз іледі.
Бағашар Тұрсынбайұлы