Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:00

Жүйесіз сын, әлсіз әдеби орта және үзілмейтін үміт

1
Фото: /shichengaru.livejournal.com

Он тоғызыншы ғасыр басында өмір сүрген орыс сыншысы Белинскийдің әдеби ортадағы ықпалы қандай болғанын бірі білсе, бірі білмес. Сыншы Достоевскийдің «Бейшаралар» шығармасын оқып, жоғары бағалаған соң, орыс қоғамының жазушыға деген көзқарасы түбегейлі өзгергені туралы деректер бар.

Сол секілді, Гоголь мен Тургеневтің шығармашылығы үшін де Белинскийдің бір ауыз пікірі үлкен рөл ойнаған деседі. Сыншының абыройы жазушының абыройынан тіпті де кем болған жоқ. 

Қай кезде де жауынгер жанр саналатын әдеби сынға қалам сілтейтіндер сирек. Сөздің құны азайып, цифрлық технологияның күші басым осы заманда сынды оқымақ түгілі, жазатындардың да қатары тіпті сиреп кетті. Қазіргі сын әлеуметтік желідегі жазбалар мен айтыс-тартыстың айналасынан шыға алмай тұр. Жазылған күннің өзінде көңілжықпастық пен үміт басым. Шын мәнінде, «қолдау», «үміт қылу» деген қасиеттер шығармашылық өлшемдерді тұмшалап, өнерді тұншықтыратын қауіп екенін аңғара бермейміз. Жарқыраған жастан үнемі үміт ету, үміті ақталмаған жағдайда мойындай алмау әуелден келе жатқан дерт пе дерсің. Қалай десек те, бұл құбылыстың шын төрелігін тап басып айту қиын. Одан да жазушылар мен зерттеушілерден сұрайық деп шештік. «Жас Алаш» ұйымдастырған дөңгелек үстелге жазушылар Нұрдәулет Ақыш пен Ұларбек Дәлейұлы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, PhD Ерқанат Қуатбекұлы қатысты.

Ж.А: Бұрынғы заманда сын тек жеке пікір емес, дербес мамандық болған. Сыншының абыройы жазушыдан кем болмады. Оның сөзі салмақты, қоғамда беделі бар, әдеби қозғалысқа ықпалы күшті болатын. Қазір сын ара-тұра жазылады, көбіне тапсырыс немесе жеке қызығушылық деңгейінде ғана қалып тұр. Желідегі пікір деңгейінен аса алмай жатады. Әдеби процесті жүйелі түрде бақылап, автордың поэтикасын саралап, эстетикалық өлшемдерді анықтап, даулы мәселелерге төрелік айта алатын кәсіби мамандар жоқ сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?

Нұрдәулет Ақыш
Фото: ашық дереккөз

Н.А: Бұл сұрақтан гөрі пікірге көбірек ұқсайтын сияқты. Өзің өзекті мәселенің үстінен дөп басып, қорытындысын жасап отырсың. Ойың, бағытың дұрыс. Шынымен-ақ ертеректе тек сыншылықты кәсіп еткен мықты мамандардың қарасы көп болды. Санамалап шықсақ, қатары көп. Қазір есімдері ұмытыла бастаған Мұхамеджан Қаратаев, Есмағанбет Ысмайылов, Зейнолла Серікқалиев, Төлеген Тоқбергенов, Айқын Нұрқатов сынды сыншыларымызды мысалға келтіруге болады. Бұлар, шын мәнінде, сыншылықты кәсіби деңгейге көтерген адамдар еді. Қазір әдеби сынға азды-көпті араласатындар болғанымен, әдеби процесті жүйелі түрде бақылап отыратын сыншылар аз екенін мойындау керек. Дегенмен мүлде жоқ деп кесіп айтуға, ауызды құрғақ шөппен сүртуге де болмас. Бүгінде жарқырап көрініп жүрген әдебиетші ғалымдардың ішінде сынға қалам сілтеп жүргендер де бар. Атап айтсақ, қазіргі әдеби процестерді сөз қылып, әр құбылысқа өзінше баға беріп, талдап отыратын сыншылардың қатарында Гүлжаһан Орда, Нұрбол Құдайберген, Бағашар Тұрсынбайұлы, Ерқанат Қуатбекұлы және тағы бірқатар сыншыларды атап өтуге болады. Олардың жазу стилі, ойы мен көркем шығарманы танып, талдай білуі әлі де біркелкі дей алмаспыз, бірақ ниеті түзу, ықыласы зор. Академиялық әдебиеттанудың өз міндеттері бар, әдеби процеске үнемі баға беріп, көп араласпаса да, мен атап кеткен сыншылардың біразы академиялық әдебиеттанумен шұғылданатын жастар.

Ұ.Д: Оның себеп-салдары көп-ақ. Кезінде кітапты бас көтермей оқитын елдер қатарында Кеңес Одағы да бар еді. Кейін заман өзгерді, одақ тарады, әр ел өз басының қамымен кетті де, нарық қыспағында біраз жыл малтып қалды. «Ораза-намаз тоқтықта» дегендей, қарны аш адам кітапты не қылсын? Оған ілесе заман үрдісіне сай жаңа құндылықтар ортаға шықты. Әдебиеттің орнын кино, жыр кештерінің орнын арзан шоулар иеленіп, жазарман қауым босағаға ысырылып қалды. Жаңа әдебиетпен қоса, сынның да қадірі қашып, «Жоғалған жанрлар» қатарында қалды.

«Жоғалған жанрлар» дейтінім – қазір көлемді эпос, таңды-таңға жалғап жырлайтын батырлар жырының жазылмайтыны сияқты, жалғыз сын ғана емес, кезінде халық қызыға оқитын фельетон, очерк, мысал өлең-әңгіме, новелла сияқты жанрлар соңғы тынысын алып жатыр. Бір ғана мысал – заманында Жюль Верннің келесі романын оқу үшін поштаны сарыла күтіп, майшам үнемдейтін батыс оқырмандарының дәуірі жаңа технологиялардың ортаға шығуымен келмеске кетті. Қазақ оқырманының күйі одан бетер жаман. Ең сұлу өнер саналатын, қазақтың қанына біткен поэзияның өзі бүгін оқылудан қалды десек артық емес. Оның жанында сын жанрының жоғалып кетуі таңғаларлық та іс емес. «Енді оның байырғы қуатты қалпына келуі мүмкін емес» деп кесіп айта аламын.

Е.Қ: Бұрын сын жеке пікір емес, қоғамдық көзқарас пен рухани бағдардың өлшемі еді. Сыншы әдеби процесті бақылайтын, ал шығарма – кәсіби сүзгіден өтетін. Қазір жағдай өзгерді. Сыншылар дайындайтын орта, тұрақты журналдар, мақсатты редакциялық саясат, әдеби пікірталас мәдениеті – бәрі жүйелі түрде жұмыс істемейді. Сынға сұраныс азайған жерде кәсібилік те бәсеңдейді. Оған әлеуметтік желінің ықпалы да айтарлықтай: желідегі қысқа әсер, жедел реакция көбіне терең талдаудың орнын басып кетіп жатады.

Дегенмен сын жоқ деген дұрыс емес. Ол да әдеби процесс сияқты өз табиғатын, формасын өзгертті. Қазір ғылыми мақалалар, монографиялар, авторлық подкасттар, онлайн лекциялар, әдеби оқылымдар белгілі бір деңгейде кәсіби сынның жаңа арнасына айналып отыр. Сондықтан «сын жоғалды» деуден гөрі, «сын жаңа форматқа өтті» деген орындырақ.

Ал кәсіби мамандар жоқ деген пікір мүлдем қате. Поэтикалық тәсілді, эстетика мен идеологияны, теорияны терең меңгерген, әдеби процесті үнемі бақылап отыратын білікті мамандар бар және олардың еңбектерін елемей кетуге болмайды.

Ж.А: Кез келген әдебиеттің дамуы сын институтына тәуелді. Әлемдік әдеби процесте сыншылар белгілі бір бағыттарды қалыптастырып, шығармаларға кәсіби баға беріп, әдеби ағымдарға ат қояды. Бізде мұндай функцияны атқаратын орталықтар жоқтың қасы. Академиялық әдебиеттану бар, бірақ ол көбіне теориялық зерттеумен шектеліп, кез келген әдеби жаңалыққа жедел реакция беретін әдеби сынға араласпайды. Не себеп?

Н.А: Әдебиеттану деп қалдың ғой. Жалпы әдебиеттану ғылымының зерттеу саласы үш түрге бөлінеді. Біріншісі – әдебиет тарихы, екіншісі – әдебиет теориясы және әдеби сын. Үшеуін бөліп қарағанымызбен, әдеби сын әдебиеттанудың қарастыратын бір саласы екенін ұмытпағанымыз жөн. Қазіргі әдебиеттану ғылымында теоретиктер мен әдебиет тарихы туралы қалам сілтеп жүрген ғалымдар бар, ал бүгінгі таңдағы әдеби процеске маманданған сыншылардың біразын атап өттім. Ал бұрын шыққан, енді шығып жатқан кітаптар мен шығармалардың саны көп екенін ескерсек, сыншылардың саны өте аз деуге болады. Бұрын өзім де әдеби сын бағытымен айналыстым, кейін әдеби тарихына қарай көбірек мойын бұрып, ойысып кеттім. Себебі қазіргі қызметімнің бағыты солай болды да, әдебиет тарихына қатысты материалдар көбірек жазып кеттім.

Ұларбек Дәлейұлы
Ұларбек Дәлейұлы

Ұ.Д: Оның басты себебі – біздегі оқырманның азаюы. Жұртты еліктірер көркем шығарма атаулының өзі оқылмай жатқанда, атойлап шығып, сынмен айналыса қоюға ешкімнің құлқы жоқ. Оның үстіне, сын дегеніміз – аса «қауіпті» жанр түрі. Олай дейтінім, шынайы сынға, біріншіден, ешқандай ақы төленбейді, оны жазу үшін қаншама томдарды ақтарып, ұзақ еңбектену керек. Екіншіден, бізде соңғы қалыптасқан үрдіс бойынша біреуге сын айтсаң, бітті, оның сенен басқа жауы жоқ. Сондықтан не өтемі жоқ, не шын бағасы жоқ, жау көбейтер салаға ешкім басын ауыртпайды. Қазіргі қазақ әдебиеті мүлде сын жоқ жағдайда, өз бетімен дамып жатыр.

Е.Қ: Кез келген әдебиеттің дамуы сын институтына тәуелді екені рас. Бірақ біздегі жағдайдың өзгешелігі – әдеби ортаның құрылымдық әрі институционалдық әлсіздігіне байланысты. Әлемдік әдеби процесте сыншыларды дайындайтын мектептер, сыншылар жұмыс істейтін басылымдар, бағыт-бағдар беретін тұрақты орталықтар бар. Ал бізде мұндай кәсіби алаң толық қалыптаспаған.

Академиялық әдебиеттану бар, бірақ оның функциясы – теорияны жүйелеу, тарихи процесті түсіндіру, поэтикалық заңдылықтарды зерттеу. Академиялық ғылымның табиғаты – жедел реакция емес, ұзақ мерзімді, дәлелді зерттеу. Сондықтан ол әдеби жаңалыққа дереу пікір айтуға міндетті емес. Ал жедел әдеби сынға келсек, оның институционалдық базасы, тұрақты редакциясы, қаржыландыруы, кәсіби ортақ талаптары жоқтың қасы.

Осының бәрі бір-бірімен байланысты. Сын мектебі жоқ, сын орталығы жоқ, тұрақты алаң жоқ, сондықтан сыншының қоғамдағы статусы да қалыптаспайды. Яғни, мәселенің түп-төркіні жеке сыншыда емес, тұтас әдеби жүйеде жатыр. Сын институт ретінде қалыптаспайынша, жедел кәсіби реакция да жүйелі түрде жасалмайды.

Ж.А: Бейтарап, конструктивті әрі бүкіл әдеби жаңалықтарға жедел пікір, сын айту тенденциясы неге қазақ әдебиетінде әлі толық қалыптаспай отыр? Шетел әдебиеті бұл тұрғыда қалай жылжып жатыр?

Н.А: Иә, бейтарап сын айту мәдениеті қалыптаспай жатыр дегенің өте дұрыс. Шетел әдебиеті бұл тұрғыда қалай жылжып жатқанына толық жауап беру қиын. Себебі әр елдегі әдебиет әрқилы жылжып жатыр, әртүрлі бағытта дамып жатыр. Бәрін бір арнаға салып қоюға болмас. Кейбір халықтардың әдебиетінде сынды эссе деп қабылдайтындар бар. Мұны кейде туысқан өзбек әдебиетінен байқап қаламыз. Орыс әдебиетін талқылағанда сыншылар бүгінгі әдебиет туралы айтқан күннің өзінде теорияға басымдық береді. Бізде осы теориялық талдау жетіспейді. Көркем шығармаға баға беру алдыңғы қатарға шығып кетеді. Ал шығарманы талдау, анализ жасау кемшін. Сол себепті де сын «ұнап не ұнамағанын айту», «баға беруден» ары аса алмай отыр.

Ұ.Д: Жаңадан жарық көрген кез келген шығарма жайында жедел пікір айту кім-кімге де қиын. Басынан асып жатқан жұмысын қайырып тастап, біраз күн уақытын сарп етіп, бастан-ақыр оқу керек. Сосын, авторды танысын-танымасын тәуелсіз тұрғыда пікір айту керек. Бірақ жарық көрген әр кітап баяғы замандағыдай қолдан-қолға өтіп, аңыс қозғап, бірден тарап та жатқан жоқ. Ақын-жазушылар өз замандастарының кітабын оқи бермейді, оқыса да оң пікірін ішіне бүгіп қалады. Теріс пікір айтып, жау көбейткісі келмейді. «Қоғам кітапқа қайта үйірлесе бастады» деп өзімізді алдағанымызбен, қазір оқырман өте аз. Жастар мен балалардың уақыты смартфонда өтіп жатыр. Әлеуметтік желілерге басы айналған ұрпақты кітапқа бұру қиынның қиыны.

Ал шетел дегенде, сол шетелдің жағдайы да мәз емес. АҚШ, Жапония, Израиль, Франция, Қытай секілді үлкен елдерде ежелден қалыптасқан әдеби дағды бар. Мектеп, университеттерде оқуға барлық жағдай жасалған. Соған сай ол елдер жарқырап шыққан әр автордың кітабын әдеби ортада түрлі талқыларға салады, жақ-жақ болып айтысады. Үлкен елдерде үлкен нарық бар, жазушысы бай, сыншысы шынайы. Олардың әлемдік Нобель сыйлығына таласуға мүмкіндіктері де жетерлік. Біздегі сияқты «Қыс киерін жаз киген» кедей жазарманның тозыңқы кейпімен ұлы шығарма жазу да оңай шаруа емес.

Елге қалай көрінерін білмеймін, өз басым, әлемде кітапты ең мол оқитын екі ұлт бар дер едім. Бірі – жапондар, екіншісі – еврейлер. Соған сай олардың әлемдегі орны да биікте. Тоқал мен төсек тақырыбынан ары бара алмайтын бүгінгі қазақтың деңгейі жоғарыда айтқан екі ұлтпен теңесуі үшін тағы неше ғасыр керек екенін айта алмаймын...

Ерқанат Қуатбекұлы
Фото: ашық дереккөз

Е.Қ: Бейтарап, конструктивті және жедел пікір айту тенденциясының қазақ әдебиетінде толық қалыптаспауына бірнеше себеп бар. Ең алдымен, институционалдық орта әлсіз. Шетелде әдеби сын өз мектептері, кафедралары, тұрақты басылымдары, арнайы гранттары бар дербес институт ретінде қалыптасқан. Ал бізде мұндай құрылым толық орнықпағандықтан, сын көбіне жеке бастамалар деңгейінде ғана көрінеді. Әдеби сынға тұрақты төлемнің, кәсіби алаңның, редакциялық саясаттың болмауы да бұл салаға кедергі.

Әр шығарма жарық көргенде бірнеше сыншы қатар пікір жазып, бір-бірімен талқыласып, бағыт-бағдар беру шетелде қалыпты жағдай. Бізде ашық пікірталас мәдениетінің әлсіздігі, «сын айтсаң – ренжу», «сыни пікір – жеке пікір» деген қате түсініктің сақталуы кәсіби сынның дамуына кедергі болып тұр. Дегенмен сын жазатын мамандар бар, бірақ көбінің уақыты ғылыми жұмысқа жұмсалады. Жаңадан шыққан шығармаларды жүйелі бақылап, кәсіби түрде қадағалап отыратын арнаулы топтың немесе тұрақты қызметтің жоқтығы да жедел әрі бейтарап сын қалыптасуына мүмкіндік бермей отыр.

Ж.А: Оның үстіне бізде көңілжықпастық, үміттену басым боп тұр. Біз авторды қорғау, одан «үміттенуді» әдебиетке жанашырлық ретінде түсінеміз. Бірақ мұндай қолдау мәтіннің сапасын көтермейтінін, керісінше, әлсіз шығармаларды айнала қоршап, шынайы сынға, талдауға жол бермейтінін байқамай жатады. Тіпті кейде шектен тыс «үміт артқан» жастың деңгейі осал екенін мойындау неге қиын?

Н.А: Арнайы тапсырыспен жазылған сындар бар. Оны өзіміз де байқап жүреміз. Көңілжықпастықтың да барын жоққа шығара алмаймыз. Кейбір адамның өзі жақсы, кейбірінің көзі жақсы. Мақтауға бейім тұрады. Әбден қалыптасқан, үлкен ақын-жазушылардың бағасы ендігі беріліп те қойды ғой. Сондықтан олардың кейінгі шығармаларына алдыңғы берілген бағаның деңгейінде қайталанып жататын ойлардың бары рас. Ал жас әдебиетшілер жас қаламгерлерге көңіл бөлуге әуес. Оларды ересек ақын-жазушылар онша қызықтырмайтын сияқты. Жастар да, байқасақ, өз замандастары мен жолдастарына көңілжықпастықпен сын-пікір жазып жататыны байқалады. Мұны мойындауымыз керек. Кейде жастар жарқырап көрінеді де, біз арқалатып берген үмітті ақтамай жатады. Әсіресе «Меценат» байқауына іліккендердің кейбірінің деңгейі төмен деген пікір айтылып қалады. Бұған қосылмасқа болмайды. Және авторлардың тура айтылған пікірге шамданбай-ақ қоюын өтінер едім.

Ұ.Д: Бұл ұлттың психологиясына тікелей байланысты. Бойымызда зор ашаршылықтан қалған үрей, репрессиядан жеткен жетімек көңіл күй әлі басым. Біздің ұлт өткен ғасыр зобалаңынан әлі сауыққан жоқ, байырғы қағанат заманындағы айбары үстем, десі басым, айтпайтын, айтса қайтпайтын жауынгер көшпенді емеспіз, қазір. Оның ақыры әдебиетімізге де ауыр ықпалын тигізген. Өзі жаза алмаған дүниені біреуден күту, өзі шыға алмаған биікке басқаны жұмсау – эмоционалды интеллектісі төмен қоғамның көрінісі. Бұл әдебиетте ғана емес, барлық салада бар жағдай.

Әдебиетті жеке тұлғалар жасайды, сөз өнері жеке-дара дамиды. Біз сияқты ру-тайпалық деңгейден толық арылмаған, жершілікпен әлі де ауыратын елде «Әркім өз лағын теке қойғысы келетін» үрдіс басым. Иә, жаңадан жарқ еткен кез келген жас буынды қолдау, көтермелеу керек. Соған сай артық-кемін де айтып, жетілдіре түсіп, қайрау қажет. Оның нақты принциптері жоқ. Дегенмен біреуді мақтаса аспанға шығарып, даттаса жерге тығатын мінез қоғамда дендеп тұр.

Аға буын мен жаңа буынның арасы да мүлде алшақ қалған. Кейбір «баяғы жұмысшы пролетариат табының қарт өкілдері» жастарға разы емес, капиталистік жаңа нарық заманында туып, «Дүниенің артын ерте көріп алған» жастар да үлкендерді сөз жүзінде мақтағаны болмаса, іс жүзінде мазақ етіп отыратындары көп. Әлеуметтік желіде жасырын фейк атпен тығылып алып, оза шапқандарға атойлап күйе жағатын, аяқтан шалатын екіжүзді міскіндер де жоқ емес. Біздің бүгінгі әдебиет – иесіз. Иесіз әдебиетте көзіқарақты сынның болмауы да түсінікті құбылыс.

Ғаламдық өркениет пен қазақы танымның қабыспайтын тұстары көп. Сондықтан әртүрлі санада ержеткен әр толқынның өз уәждері бар. Қазіргі әлсіз шығармаларды қорғаштап, шынайы дүниелерге үнсіз қарап отыру үрдісі бүгін ғана қалыптасқан жоқ дер едім. Сондықтан бізде қазір әділ сын жоқ.

Е.Қ: Жастардың алғашқы жарқ етіп шыққан туындысын қолдау – бұлақтың көзін ашқан секілді дүние. Әдебиет тарихына қарасақ, алғашында «жарқ еткен» жас авторлардың көбін қолдау, сенім арту, ортаның қабылдауы өсірген. Ал уақыт – ең әділ сыншы. Нағыз талант талқандалмайды, осал дүние өзінен-өзі жағаға шығып қалады.

Бірақ біз қолдауды мақтау мен асыра марапаттаумен шатастырмауымыз керек. Жас авторды қолдау оның мүмкіндігін мойындау, бірақ қажет кезде кәсіби бағыт көрсету, әлсіз тұсын жасырмай айту, мәтінді жетілдіруге мүмкіндік береді. Сонда қолдаудың өзі шығармашылық жауапкершілікке айналады. Яғни, «қолдау» мен «көңілжықпастық» – екі бөлек нәрсе. Қолдау өсіреді, көңілжықпастық тежейді. Жастарға сенім беру маңызды, бірақ сонымен бірге оның өсуіне жол ашатын әділ бағалау да әдеби процестің ажырамас бөлігі.

Дайындаған

Ақгүлім Ерболқызы

Тегтер: