Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:00, 10 Қыркүйек 2024

Жүзін қан жуған Украина

Львов
Фото: АНДРЕЙ САДОВЫЙ/ TELEGRAM

Ресейдің Украинаға өлім сепкен соғысы жақын арада тоқтайтынға ұқсамайды. Путин «жауды жайраттым» деп мәз, Зеленский «қасірет шектім» деп қапалы. Мәскеу қиратқанына қуанады, Киев тағы бір түннен аман шыққанына шүкірлік етеді. 

Ығы-жығы адам. Ер мен әйел, үлкен-кіші, нөпір халық Петр мен Павел храмының ішіне сыймай тұр. Кезектің жартысы сыртта. Бәрінің ұнжырғасы түскен. Біразының жылай-жылай көзі іскен. Әлі де еңкілдеп, өзін ұстай алмай тұрғандар да аз емес. Өзара таныс болмаса да, бұған дейін бет-жүз көріспесе де бірін-бірі жұбатып, бірін-бірі сабырға шақырады. Көп адамның қолында кәдімгі сары гүлі жайқалған күнбағыс. Әлеуметтік желіге тараған суреттердің бірінде марқұм қыздардың ортаншысы отбасымен түскен фотода осы күнбағысты ұстап тұрған. Көңіл айтқан көптің бұл әрекеті қандай тас жүректі де елжіретер әсерлі көрініс. Шіркеу қызметкерлерінің хормен оқыған дұғалары азалы үнмен астасып, қаралы жиынның қайғысын одан бетер қоюлата түскендей.

Ақтық сапар рәсімін 6 қыркүйек күні жергілікті LVIV MEDIA YouTube-арнасы тікелей таратты. Украиналық баспасөз қаралы жиынға Львов қаласы тұрғындарының жартысына жуығы келгенін жазып жатты. Осы күні Украинаның Львов қаласы бір шаңырақтың төрт адамымен қоштасты. Храм төрінде төрт бірдей аппақ табыт қатар тізілген. Табыттардың бірінде анасы, қалған үшеуінде қыздары жатыр. Төртеуінің де жүзі ашық. Бас жақтарынан шіркеу пірадарлары орын алған. Қоштасқан жұрт жақындап келіп, іштей күбірлеп өтеді.

Ресейдің дәлдеп атқан қанатты зымыраны бұдан екі күн бұрын, 4 қыркүйекте тұрғын үйге түсіп, бір отбасының тағдырын тас-талқан еткен. Сүйген жарынан, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай мәпелеп өсіріп отырған үш бірдей қызынан айырылған отағасының қайғысын бөлісуге жиналған еді жұрт.

Құдайдан «Енді қанадай құрбан керек? Байғұс елді құтқарсаңшы. Берсеңші бізге көмегіңді», деп сұрағым келеді. Тізерлеп отырып жалынғым келеді», – дейді қоштасуға келген қартаң әйел.

Оның жанында тұрған тағы бір әйел:

7 жасар Эмилия менің қызыммен жасты екен. Бұл шаңырақты бұрын танымағам. Бірақ Украинаның әр баласы – біздің баламыз. Бір отбасымыз бәріміз. Қабырғаны қайыстырар неткен қайғы еді?..» – деп барып, сөзін аяқтай алмай, еңкілдеп жылап жіберді.

Дұға оқу рәсімі аяқталған соң жұрт сыртқа беттеді. Алдымен діндарлар жүрді. Олардың соңынан аппақ табыттарды көтерген, қара киімді адамдар ерді. Төрт табыттың артында екі қолтығынан екі жігіт демеп, қайғыдан теңселе басып, Ярослав келе жатты. Есік алдында ақтық сапарға апарушы көліктер күтіп тұрған. Аппақ табыттар көп өтпей қап-қара көліктердің ішіне салынды да, қаралы шеру қала орталығына қарай баяу қозғалды. Көліктердің соңынан қара нөпір де жаяулатты. Отандасына тілектестік, жауына лағынет айтқызған шеру Львовты бір айналып өтті де, қала сыртындағы зиратқа барып тоқтады. Бас-аяғы бір сағатқа жетпей, көп қабірдің арасында топырағы суымаған төрт төмпешік пайда болды. Тағы біраз уақытта бәрінің үстін көпшілік түрлі-түсті гүлмен көмкеріп тастады.

4-қыркүйекте Ресей Украинаның батысында орналасқан Львов қаласына зымыран жаудырған. Шығыс пен орталық қалалардай емес, Львов майданнан қашықтау, жарылыс сиректеу болатын, салыстырмалы түрде әлдеқайда тыныштау қала. Бірақ сол күні орыстар қаланың ойран-топырын шығарды. Кемі 70 шақты ғимарат қираған. Көбі мектеп, балабақша, тұрғын үй, сауда-саттық орындары. Зымыран шабуылын ескертетін дабыл қағылғанда халық бомбапанаға тығылып үлгерген. Алайда Базилевичтер отбасы санаулы секунд кешіккен. Баспалдақпен жаяу түсіп, жертөлеге бара жатқан сәтте түскен зымыран үш қыз бен олардың анасының өмірін қиды. Бұдан бір минут бұрын ғана пәтерге су алу үшін оралған Ярослав әп-сәтте қыздары мен әйелінен көз жазып қалды. Оның жүзін қан жуған бейнесі сол сәтте-ақ әлемді шарлап кетті. Әлем баспасөзі өзі де қан-жоса жігіттің қыздарын құшақтап, зар еңіреген сәтін қалт жібермеді. Жарыса жазып, көрсетіп жатты. Жап-жас ерлі-зайыптының өрімдей үш қыз өсіріп, солардың қызығын көру үшін бақытты болашаққа үлкен жоспар құрып қойғаны да Құдайға аян. Ярославтың әйелі Евгения 43 жаста, үш қыз – Ярина 21, Дарина 18, Эмилия 7 жаста еді.

Жол іздеген Зеленский

Львов халқы Ярославтың әйелі мен қыздарын ақтық сапарға шығарып, жер қойнына тапсырып жатқан сәтте Украина президенті Италияда «Амборзетти» деп аталатын экономикалық форумда сөйлеп тұрды. Владимир Зеленский:

«Елімізде ешқандай әке әйелі мен балаларын жерлемеуге тиіс. Оларды Ресей зымыраны өлтірді. Оккупацияланған аймақта жүрген ата-анасына көмектесе алмай, Украина балалары ешқашан жапа шекпесін. Ұрпағымызды, мұрамызды орыстардың бомбасы құртып жібермесін деп күресеміз. Украина қауіпсіз, алаңсыз өмір сүруге лайық!» – деді.

Ресейге төтеп беру үшін Украинаға әлі де өте көп қару-жарақ, оқ-дәрі керек. Ішкі өндірісті дамытуға Еуропаның қаражаты ауадай қажет. Батыс өз аузынан жырып, Украинаға көмектесіп-ақ жатыр. Зеленский әр елге барған сайын миллиондаған доллар уәде алып қайтады. 5-6 қыркүйек күндері ол Германияның Рамштайн әскери базасында Ресейге қарсы соғыста Украинаға серіктес елдердің сыртқы істер министрлері бас қосқан алқалы жиынға қатысты. АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин Украина президентіне Американың 250 миллион доллар болатын кезекті көмек берілетіні туралы ақжолтай хабарын ала келіпті. Бірақ Украина президентінің сөзінше, Еуропаның қаражат жәрдемі де, қару-жарақ көмегі де айтылған уақытта жетпейді. Кемі бірнеше ай кешігеді. Ал бұл аралықта жаудың көзі қырағы, мылтығы оқтаулы. Үсті-үстіне атқанда майдан даласында қыршын кеткен жас, өмірі қиылған сарбаз, қалаларға түскен зымырандардан мерт болған бейбіт тұрғын аз емес. Украина басшысы мұны Германия канцлері Олаф Шольцке де, Италия премьер-министрі Джорджо Мелони ханымға да шегелеп айтты.

Зеленский батыстағы жақтастарын Ресей шабуылдарына тосқауыл боларлықтай көмекпен бірге соғысты тоқтататын жол іздеуге шақырды. Шольц жазда Швейцарияда өткен «Жаһанның бейбітшілік саммитіне» Ресейдің қатыспағанын алға тартып, келесі жиында Кремльдің адамы болуы маңызды екенін айтты. Бұған Зеленский де қарсы емесін білдірді. Бұған дейін Украина президенті екінші саммитті қараша айында АҚШ-та өтетін президент сайлауынан бұрын ұйымдастырылатынын мәлімдеген. Алайда құмсағат уақыт сырғып барады. Саммит датасы мен орны әлі нақты емес. Тамыз айында Киевке Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди келіп-кеткен соң Зеленский екінші саммитті Нью-Дели қабылдауы мүмкін екенін мәлімдеген. Дегенмен Моди үкіметі әлі нақты әрі соңғы жауабын берген жоқ.

«Бейбітшілік саммиті» деген аты болмаса затына қарағанда келіссөз ұзаққа созылуы мүмкін. Киев қойып отырған талап Мәскеудің ұстанымына қарама-қайшы. Украина 1991 жылғы шекараны сұрайды. Яғни, екі жарым жылдан бері орыс әскері басып алған аумақтармен қатар 2014 жылы аннексиялап алған Қырым түбегін де түгел босатқысы келеді. Сондай-ақ Мәскеуге қалалар мен адамдарды өлтіргені үшін құн төлеткісі бар. Бұны Кремльдің қабылдай қоюы екіталай. Ресей президенті Владимир Путин 5 қыркүйек күні Владивосток қаласында өткен «Шығыс экономикалық форумда» Украинамен келіссөзге отырудан қашпайтынын тағы қайталады. Путин екі ортада арағайындық қызметін Қытай, Бразилия немесе Үндістан атқарса деген тілегін айтты және 2022 жылы сәуір айында екі ел өкілдерінің Ыстамбұл қаласындағы келіссөзін еске алды. Ол келіссөзде орыстар жағы қойған талапты украиндар капитуляция деп бағалап, соғысты таңдаған.

Курскі мен Донецкінің арасы

Украинаның Ресейге тұтқиылдан шабуыл жасап, Курск облысына басып кіргеніне бір айдан асты. Қазір Украина бұл өңірде шамамен 1 300 шаршы шақырым жерді (екі Алматыдай аумақ – ред.) бақылап отыр. Президент Зеленскийдің сөзінше, осы уақыт аралығында Курскіде жаудың 6 мың сарбазы өлген. Жүздеген әскер тұтқынға берілген. Сондай-ақ ол орыстар Курскіге 60 мың қол шоғырландырғанын айтты. Бірақ Кремль әзірше Курскіні азат етуге асықпайтындай көрінеді. Ондағы шенеуніктер үшін орыс сарбаздары Украина жерінде соғыса ма, әлде шекарадағы Курскіде шайқаса ма, бәрібір секілді. Владивостоктағы сөзінде президент Путин Украинаның Курскіге шабуылын сәтсіздікке балады. «Жау біздің Донецк майданындағы күшімізді ыдыратып, әскерімізді әлсіреткісі келді. Онысынан түк шықпады» деді. Кремль қожасының ұстанымына қарағанда, қазір Курскіден гөрі Донбасс маңызды сияқты.

Орыс әскері Донецк аумағын түгел басып алуға тырысып жатыр. Қазір шығыс майдандағы бірнеше бағытта ахуал күрделі. Майдандағы ахуалды күн сайын бағамдап отыратын Американың соғысты зерттеу институтының мәліметінше, Ресей әскері Донецк аумағында алға жылжып келеді. Мұнда шайқас қатты жүріп жатқан бағыттың бірі – Покровск. Орталықпен байланысқа қолайлы, қару-жарақ, әскер тасымалына ыңғайлы бұл қала қазір Украина сарбаздарының қолында. Одан айырылса, ахуал тіпті күрделене түспек. Бұны Ресей генералдары да жақсы білсе керек. Соңғы 7-8 айдан бері көп күшті осы бағытқа салып жатыр. Әсіресе Украина Курскіге шабуылдағанда орыстар Покровскіге қарай лап қойып, біршама ілгері жүрген. Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Александр Сырский америкалық CNN телеарнасына берген сұхбатында, соңғы бір аптада Покровск бағытында орыстардың шабуылы саябырсығанын айтты.

Орыстар басып алуға тырысып жатқан қаланың тағы бірі – Угледар. Украина бұл қаланы соғыс басталғалы бері қатты қорғап келеді. Екі жақ та осы жерде ондаған мың адамынан айырылды. Украина жағының қанша жерден қаруы заманауи болғанымен Ресей сарбазының саны басым. Бәрібір майдан даласында адам баласының рөлі күшті. Мысықтабандап болса да орыстар алға басып келеді. Торецк, Часов Яр бағыттарында да кескілескен ұрыс. Екі тарап бір ауыл үшін бірнеше ай шайқасуға бар.

Ашығын айтқанда, Ресей майдан даласынан бөлек аспанда да басым. Ұшақтары бұрынғыдай емес, Украина әуе кеңістігіне емін-еркін кіре алмайды. Бірақ өз жерінен-ақ қанатты зымырандарды ұшыруға қабілетті. Зеленскийдің мәлімдеуінше, соңғы бір аптада Ресей Украинаға 800 авиабомба тастап, 300 дрон, 60 зымыран ұшырған. Украина әскери ұшақтары да солай, Ресей аспанына жақындаудан қауіптенеді. Негізгі жұмысы орыс зымырандары мен «Шахед» дрондарын қағып түсіру. Оның өзі кейде сәтті, кейде сәтсіз.

Сондай сәтсіздіктің бірі 3 қыркүйек күні орыстардың «Искандер» қондырғысынан атқан баллистикалық зымыран Полтава қаласындағы әскери оқу-жаттығу орталығына түсіп, 58 адамның қаза табуына әкеп соқты. Тағы 328 адам түрлі деңгейде жараланған. Мерт болғандардың да, жараланып ауруханаға түскендердің де көбі әскери курсанттар. Ресми ақпаратқа қарағанда, соғыс басталғалы Ресейдің осынша адамды бір зымыранмен-ақ қырып салуы алғаш рет. Әскери сарапшының көбі Украина қарулы күштерінің орыс зымыраны оп-оңай жететін жерге мұнша адамды топтастырып қоюын «біліксіздік һәм жауапсыздық» деп сынады. Сол шейіттерді туған-туыс, ата-аналары 6 қыркүйек күні ақтық сапарға шығарып салды. Мұнда да Львов қаласындағыдай қаралы топ ағыл-тегіл көз жасына ерік берді. Қаза тапқандардың көптігінен дұға оқу рәсімі шіркеудің сыртында өтті. Ұлын жоқтап аңыраған ананың, күйеуінен айырылып еңіреген жесірдің, әкесінен қапыда қалып зар жылаған жетімнің ащы дауысынан көмейге өксік тығылады.

Айгүл БАБА

Тегтер: