Жыл басынан бері 7,4 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды
Осы жылдың басынан бері 7,4 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды «Жас Алаш» Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 7 415 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 95,3 мың этникалық қазақ оралды.
Жыл басынан бері Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі (70,2%) Өзбекстаннан, 10,4% – Қытайдан, 7,4% – Түрікменстаннан, 3,2% – Моңғолиядан және 8,8% басқа елдерден қоныс аударған.
Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (31,6%), Маңғыстау (18,3%), Түркістан (9,8%) және Жамбыл (6,3%) облыстарына, сондай-ақ Алматы (5,7%), Нұр-Сұлтан (7,1%) және Шымкент (8,1%) қалаларына қоныстанды.
Осы жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 62%, еңбекке қабілетті жастан кіші қоныс аударушылар саны 24,1% және зейнеткерлер саны 13,9%.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 11,4%-ы жоғары білімді, 40,3%-ы орта кәсіби білімді, 47%-ы жалпы орта білімді және 1,6%-ның білімі жоқ.