Жылдамдығымен емес, жемқорлығымен алда келе жатыр
Соңғы бес жылда «Қазақстан теміржолы» компаниясының лауазымды тұлғалары мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарына қатысты 136 қылмыстық іс тіркеліп, 52 адам сотталыпты.
Бұл саладағы қылмыстардың 70% парақорлыққа қатысты болса, 13% ұрлық деректеріне қатысты тіркелген екен. Жемқорлық пен ұрлық жиі кездесетін саланың алға баспайтыны айтпаса да түсінікті. Халықтың жиі сынына ұшырайтын, үнемі пойыздары кешігіп, одан қалды билеттерінің құны қымбаттап жатса да халыққа қызмет көрсетуі жақсармайтын ҚТЖ еліміздің дамуын кері тартып тұрған саланың бірі деуге болады.
Шыны керек, қазір қай бағыттағы пойызға отырмаңыз, діттеген жеріңізге жоқ дегенде жарты сағат кешігіп жетесіз. Себебі бізде соңғы уақытта кешікпейтін пойыз қалмады. Кейде тіпті ешқандай себепсіз, ешбір ескертусіз кестеде көрсетілген уақыттан 2-3 сағат кешігіп келетіндері де бар. Осы орайда атап өтер жайт, заманның дамуына қарай өзге елдің пойыздары сағатына 250-350 шақырым жылдамдықпен жүрсе, еліміздің пойыздарының жылдамдығы сағатына 120-140 шақырымнан аса алмауда. Тіпті іргеміздегі Өзбекстанның пойыздарының өзі қазір жылдамдығымен, тазалығымен, заманаулығымен сүйіндіруде. Ал біздің ҚТЖ жыл өткен сайын кері кетуде.
Қаңтар қырғынынан соң ҚТЖ билеттерінің бағасы түскені айтылғанымен, соңғы айларда билеттердің құны еселеп артып, тіпті ұшақ билетінің саясатымен пойыз жүретін уақыты жақындаған сайын билетінің қымбаттауы қалыпты жайтқа айналды. Соған қарамастан, «Пәлен бағыттағы жүйрік пойыздары бір сағатқа кешігіп келе жатыр» деп хабарлап жатады. Өзі жүйрік болса, ол неге кешігіп жүр деп те талап қоя алмайсың. Себебі кешігетіні жөнінде алдын ала хабарламайды да. Жауапкершіліктен жұрдай, соған қарамастан, қызметі қымбат, әлі күнге дейін кеңестік кезеңнен қалған ескі вагондарды «сүйреп» келе жатқан пойыздарының тазалығы да «нөл»!
Шет елдерде пойыздың кешігуі форс-мажор жағдайға жатса, бізде қалыпты жайтқа айналған. «Теміржол көлігі туралы» заңның 80-бабы 3-тармағына сәйкес пойызды кешіктірген тасымалдаушы жолаушыларға айыппұл төлеуі қажет. Заңда «Жолаушылар тасымалдайтын жолаушы пойызының жөнелтілуін кідірткені, сондай-ақ баратын теміржол стансасына кешігіп келгені үшін тасымалдаушы жолаушының шеккен залалын өтей отырып, оған кешіккен әр сағат үшін жол жүру билеті құнының үш пайызы мөлшерінде айыппұл төлейді», деп жазылған. Алайда «өндіріп алынған айыппұлдың сомасы билеттің құнынан аспауға тиіс» және «айыппұл төлеу тасымалдау ережелеріне сәйкес жолаушының өтініші бойынша жүргізіледі». Яғни өтемақы алу үшін жолаушы соңғы келген пунктінде вокзал кезекшісінен жол жүру билетіне кешіккен уақыт көрсетілген арнайы белгі қойдыртуы қажет. Бұдан кейін жолаушы осы құжат және жеке куәлігімен ҚТЖ-ның кез келген кассасына барып, заң бойынша өтемақы талап ете алады. Өкінішке қарай, тұрғындар бұл заңды құқығын талап ете бермейді. ҚТЖ өзі кешіктіргені үшін «ұялып» төлемейді. Нәтижесінде халыққа ойындағысын жасап отырған ҚТЖ қызметі бетімен кетіп барады.
«Келтірілген қолайсыздықтар үшін» вокзалдарда хабарлап кешірім сұрап қана құтылып жүрген ҚТЖ-дан сол пойыздағы барлық жолаушы өтемақы талап етсе, қызмет сапасын дұрыстауға тырысар ма еді? Не жемқорлығы үшін мемлекеттен тайсалмайтын, нашар қызметі үшін халықтан да қорықпайтын ҚТЖ шектен шығып тұр.
Жемқорлықпен аты шығып жатқан ҚТЖ қашан кіршіксіз қызметімен көптің көңілінен шығар екен?!