Жылқыны атып тастаған...
Қарағанды облысындағы Тұзды ауылында шаруа қожалық иелері егінге түскен малды атып тастап, құтылудың қитұрқы әрекетіне көшкен.
Малдарынан айырылып қалып отырған жұрт үш жыл бойы әділетсіздікпен күресіп келеміз деп қынжылады.
Бұқар жырау ауданындағы Тұзды ауылының тұрғындары билік өкілдері тиісті шара қолданбай отыр деп наразы болып отыр. «Малым жанымның садақасы» деп, төрт түлік малының арқасында тірлік етіп отырған ауылдағы ағайынның бүгінде зар мұңы көп болып отыр. Алыпсатар саудагерлер малды ауылдан арзан бағаға алып, жұрттың еңсесін бір түсіруде. Мал бағасының ауыл тұрғындары үшін арзанға кетуі жеке алдына үлкен проблема. Ал Тұзды ауылдың шаруалары үшін сол малын қарақшылардан аман сақтап қалу да мәселеге айналып тұр. Өйткені соңғы үш жылда ұры-қарыдан бөлек егістікке түсіп кеткен малды сол жерде атып, арам қатыратындар пайда болды. Тұрғындар мұндай арамза әрекетке шаруа қожалық иелері барып отыр деп зар илейді. Ауылда кейбір тұрғындар мал өсіру үшін несие мал сатып алып күнелтуде. Сол қарызданып алған малдарының өзін өсіру қиынға соққан.
— Жылқымды кешкі сағат жеті жарымда қайырып кеткен едім. Сол аралықта жарты сағат өтті, мына биемді атып кетіпті. Сауып отырған бием еді. Масқара ғой мынау. Осылай малымызды қыра берсе біз қалай күн көреміз, – деп қынжылады Тұзды ауылының тұрғыны Мырзабек Жабай.
Тұрғындар ауылға жақын маңда жері бар шаруа қожалықтың басшысынан соңғы үш жылда қорлық көріп келеміз деп наразы болуда. Ауыл тұрғындары: «бақташыға ақша беріп бақтыратын ақшамыз жоқ, малды ұрып бетін қайтарса да атпауы керек қой», – дейді. Ал шаруа қожалық иесі малды атқан жоқпын деп мойындамаған. Соңғы жылдары тұрғындардың айтуынша егістікке түсіп кеткен үш-төрт ірі-қара жылқысын атып тастаған. Ал осы жүгенсіздікке қатысты полиция тарапынан әрекет болмай тұр дейді ауыл тұрғындары. Ауыл әкімі болса, осы уақытқа дейін тұрғындардың жанайқайына сенбей келген тәрізді. Соңғы рет атылған жылқыдан оқ алынған соң ғана, бұл мәселеге қатысты шешім қабылдаймыз, кінәлілердің сот алдында жауап беруі үшін шара қолданамыз деген пікірін білдірген. Тұзды ауылының малынан айырылған тұрғындары мәселеге облыс әкімі араласып, жағдай реттелсе деген өтініш білдіреді.