Жылуы жоқ үкімет жұртына неге жақын емес?
Біздің үкімет өте кеш оянады. Оқиға болып қойғаннан кейін.Екібастұз оқиғасы осындай ой түюге итермеледі.
Қазір қалаға жылу берілді. Бірақ республикамыздың жылу орталықтарындағы олқылықтар бұл салаға орасан зор реформа керек екендігін тағы дәлелдеп кетті. Осыны енді түсінген болуы керек, 2023 жылдан бастапүкімет жылу желілерін жөндеу бойынша елімізде ауқымды бағдарлама бастайтын болды.
Үмітсіз үкіметтің енді басталатын ауқымды бағдарламасы кімге керек? Әрине, ең алдымен қарапайым халыққа қажет. Бірақ сұрақ туындайды: Осы уақытқа дейін қордаланған түйткілдер неге шешілмей келген? Үкімет қайда қараған? Жылу орталығы жарылғаннан кейін, даладағы құбыр қатып қалғаннан соң проблеманың бар екендігі неге кеш еске түседі? Енді, міне, сабақ алмаған жайттан соң, жылу орталықтарын тексеру басталды. Энергетика министрі Болат Ақшолақов үкіметтік комиссия 37 жылу электр орталығына тексеру жүргізгенін мәлім етті. Нәтижесінде неге көзіміз жетті? Қызыл аймаққа – 19, сары аймаққа – 11 және жасыл аймаққа – 7 жылу электр орталығы еніп тұрғанын анықтадық. Жылу электр орталықтарын республика бойынша орташа пайдалану мерзімі – 61 жыл болған. Демек, бәрі ескі-құсқы. Тозған. Соның салдарынан 2023 жылы 98 қазандық, 54 турбинаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет немесе оларды ауыстыру керек. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың мәліметінше, қалалардағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 12,1 мың шақырым болса, оның 6,7 мың шақырымы ауыстыруды қажет етеді. Олардың орташа тозу деңгейі – 55 пайызды құрап отыр. Демек жартысын ауыстыру керек. Ал бұл мәселе бюджетте қаралып па еді? Жоқ. Енді, міне, қосымша қаржы көзін іздестіруді қажет етіп отыр. Ең болмағанда, тозған жылу жүйелерін жыл сайын біртіндеп ауыстырып отырғанда, мұндай оқиға орын алмас еді. Екі айдың ішінде екі бірдей ірі апат болды. Риддер мен Екібастұзда. Сонымен бірге Өскемен, Рудный, Теміртау, Семей, Ақтау және Павлодар қалаларының жылу беру жүйесінде де қауіпті жағдайлар орын алды. Сонда осы уақытқа дейін проблемалардың бар екендігі жасырылып келген болып тұр ғой. Міз бақпай, Мамин үкіметі отставкаға кетті. Оған еш шара қолданылған жоқ. Енді жылу саласының түйткілдерін айтып, сыналса да, сыннан қорытынды шығара алмаған Смайылов үкіметі отыр. Астана, Алматы, Павлодар Ақтау қалаларындағы жылу электр орталықтарының да жағдайы оңып тұрған жоқ. Қыстың көзі қырауда, дәл Екібастұздағы жағдай Алматы қаласында қайталанса, не болмақ? Біздің үкімет жаңа жылдан кейін үш ай бойы жылу электр орталықтарындағы жағдайды тексеретінін мәлім етті. Оған дейін қыс өтіп, көктем келеді-ау. Сөйтіп, мәселе тағы да ұмыт қалмаса, игі.
Орал, Степногорск, Тараз, Қызылорда, Кентау қалаларында ЖЭО тозуы 80 пайыздан асты. Жалпы республикадағы жылу электр орталықтарын қайта жабдықтау және жөндеу үшін 182 млрд теңге көлемінде қаржыландыру көзі қажет. Осының бәрін 10-15 жылдан бері біртіндеп жөндей бастағанда, бүгінгідей мұншама зор шығын кетпес еді.
Тағы бір мысал, бүгінгі күні республика қалаларындағы жылу желілерінің ұзындығы 12,1 мың шақырымды құрайды. Ал олардың 6,7 мың шақырымын ауыстыру керек, қысқасы, 55 пайызының тозығы жеткен. Демек бұдан шығатын қорытынды, осы уақытқа дейін үкіметте, облыстық әкімшілікте отырғандар проблемаларға көз жұма қарап келген ғой.
Зерттеп қарасаң, біздің биліктегілер жиі айтуды жақсы көретін «Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстанда» әлі жаңашылдық лебі есіп тұрған жоқ. Бәрі бұрынғы ескі кадрлар. Ал сол ескі кадрлар қордаланған проблемалардың барын неге осы уақытқа дейін білмей келген? Бүгінгі басшы болып отырған Әлихан Смайылов та 17 жылдан бері үкімет құрамында келе жатыр. Аттан түскен жоқ. 2006 жылы Қазақстанның қаржы министрі болды. «ҚазАгроны» басқарды. Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетіне 7 жылдай жетекшілік етті. Президенттің көмекшісі болды. Қайтадан қаржы министрлігіне келді. Қазір соңғы бір жылдан бері үкіметті басқарып отыр. «Жаңа Қазақстанды» нәтижесі жоқ ескі кадрлармен қашанғы басқара беруге болады? Жалпы бізге министерлер кабинеті керек пе? Халық неге үкіметке сенбейді?
–Мұның үлкен бір себебі бар, бұл халықтық үкімет емес. Ол сайланбалы жолмен келген жоқ. Оның қателігін қоғам заңды түрде сұрай алмайды. Қалай бұрынғы үкімет кабинеттері жауапсыз жүрді, дәл осылай жауапсыз кетеді. Біз өзіміз дүбәра қоғамбыз, не батыстың либералдық формада емес, не шығыстық патриархалдық мәдениеті басым ел емеспіз. Соңғысы болса, осы күндері үкімет халықтан кешірім сұрап, иіліп тұрар еді. Арыс пен Шу жарылыстары үшін, Қостанай өрті үшін, Екібастұз бен еліміздің ТЭЦ-тері үшін, бәрін қойғанда «қасіретті қаңтар оқиғасына» жеткізгені үшін жауапқа тартылар еді. Бізде мұның біреуі де жоқ. Сол бір кешегі авторитарлы жүйенің үкіметі қалай болды, солай сақталды. Қалай бұл биліктің тармағы халықтың сеніміне кіреді, оны бір Құдай біледі, – дейді саясаттанушы Мақсат Жақау.
Дұрыс пайым. Ал жылу электр орталықтарында проблемалардың барын енді біліп, құныға зерттеп жатқан Смайылов үкіметі жылу орталықтарының олқылығын орнына келтіре ала ма? Жалпы халыққа жылуы болмаған үкіметтен жылу іздеу қаншалықты қисынды? Бұл үкіметтен де үміт күтудің қажеті жоқ-ау. Тек көктемде болатын парламент сайлауынан кейін ғана барып, үкіметте ауыс-түйіс болмаса. Әзірге амал жоқ, сыналса да, сыннан қорытынды шағара алмай отырған үкіметбасы Смайылов пен оның министрлерімен жұмыс істей тұрамыз...