Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:00

Зымыраны азайған Иран, айтағы көбейген Израиль

Иран
Фото: fdd.org

Иран басшысы аятолла Әли Хаменеи бункерде. АҚШ-та оппозиция, «шахзада» елді ғана емес, қарулы күштерді де көтеріліске ашық шақырып жатыр. Трамп Иран аспанын бақылауға алды. Иран да Израиль аспаны алақанымда тұр деп жатыр.

Соңғы ақпараттар Иранның Израильге қарай атқан зымырандары тым азайып кетті деп жатыр (осымен үшінші күн 30-ға жетпей тұр). Әлем Иранда исламдық жүйенің жағдайы қиындай түсті ме деген сұраққа белсенді түрде жауап іздеп жатыр. Иран да осыған дейін жасалған барлық шабуыл – тек ескерту ғана, нағыз қырғынды енді жасаймыз, сионистік режимді жоямыз дегенді қайталаудан танатын емес. Иран Қарулы күштері бас штабы басшысы Әмір Мусави Тель-Авив пен Хайфаны қырына алатынын, екі қала да кісі тұрарлық кейіптен ажырайтынын айтып, тұрғындарын қаладан кетуге шақырды (Трамп та Тегеран тұрғындарына осындай «кеңес» берген).

Израиль Иранға бомбаның түр-түрін төгіп-ақ жатыр. Соққылаушы дрондар ғана емес, барлаушы дрондар да шабуылдың бағытын бақылауда үлкен рөл атқарып жатыр. Одан бөлек, антибункер зымырандар белсенді қолданылып жатыр. Осының арқасында Тегеран маңындағы бір төбешікте орналасқан жерасты базасын жойдық деді. Дүйсенбінің кешінде еврейлердің 70-ке жуық жойғыш ұшағы Иранның әуе кеңістігіне кіріп, бомба тастаған, зымыран атқан. Иранның зымыран ату орталықтарының үштен бірі жарамсыз болып қалды деп жатыр Израиль ақпарат көздері. Ақпарат көзі демекші, сол дүйсенбіде Иранның бүкіл телеарнасы орналасқан медиа орталықты бомбалады – ақпараттық жүйесін бұзу үшін жасалған стратегиялық шабуыл деуге болады. Израиль қорғаныс министрі «Біз Иран диктатурасын барлық тарапта жеңеміз» деп мәлімдеді. Ең алдымен осы диктатура өкілдерін азайтайық дей ме екен, әскери қолбасшыларын өлтіруді де жалғастырып жатыр.

Трамп Израиль-Иран қақтығысына қатысты өте белсенді. Өзінің билігіне қауіп төнгендей, АҚШ-тағы ішкі қарсылық күшейе бастаған, көтеріліс ошақтары көбейіп, тіпті демократтар импичмент туралы айта бастаған тұста мына жақтан Израильдің Иранға қарсы пышағын қайрап, стартта тұруы ол үшін өте пайдалы болды деуге болады (Нетаньяхудың онымен ақылдаспай шабуыл бастамайтыны о бастан түсінікті, бұл қақтығыстың төтен басталып кетуіне АҚШ-тағы күрделі жағдай да бір себеп ретінде қарастырылуы керек). Ол тіпті G7 жиынынан да ерте кетті (Зеленскиймен келісілген кездесуге де қарамай). АҚШ Қауіпсіздік Кеңесінің жиынын өткізді; Хаменеидің қай қуыста жасырынғанын білеміз, өлтіреміз десек қолда тұр деген сыңайда жазба қалдырды; журналистерге берген жауабында Иран тарапынан келіссөз жүргізу үшін «Ақ үйге келсек» деп жатқандар бар екенін, өзінің келіспей отырғанын және Иранның проблемасы капитуляциямен ғана шешілетінін айтты.

АҚШ Иран-Израиль соғысына араласуы мүмкін деген болжам қақтығыс басталғалы бері айтылып келеді. Трамптың G7 жиынынан алды-артына қарамай тайып тұруы, Қауіпсіздік Кеңесінің жиыны, АҚШ-тың Таяу Шығыс – Сауд Арабиясы, БАӘ, Йорданиядағы әскери базасы ұшақтармен толықтырылып, соғыс жағдайына келтірілуі бұл болжамды растай түскен. Сөйтіп отырғанда Трамп Иранға 24 сағаттың ішінде ядролық қару жасаудан бас тартпаса соғысқа араласуы мүмкін екенін айтып, отқа май құя түсті.

Иран тарапы АҚШ-тың бұл белсенділігіне, Израиль жағында соғысқа араласуына жауап ретінде аймақтағы АҚШ-тың әскери базаларына соққы жасаймыз деп доқ көрсетті. Тіпті біздің АҚШ-қа беретін жауабымыз орны толмас шығынға ұшыратады деп те салды. Бункерде жатыр деген Хаменеи арнайы мәлімдеме жасап: «Иранды білетін, оның халқы мен тарихынан хабары бар білімді адамдар бұл ұлтпен ешқашан қоқан-лоқы тілінде сөйлеспейді, өйткені ирандықтар беріле салатындардың қатарынан емес», – деп, халқына тағы бір жел беріп қойды.

Қазір Израильдің АҚШ-ты қақтығысқа тартуға барынша тырысып жатқаны айтылуда. Иранның тереңде орналасқан ядролық базаларына еврейлердің шамасы келмейді, сондықтан кейбір маңызды нысандарға әлі күнге оқ шығындамаған. Ал бұл мүмкіндік АҚШ-та бар. Трамптың «біз Хаменеиді өлтіреміз десек қолымызда тұр» деп жүргені де сол.

Соғыс жүріп жатқан аймақтан және оны кірпік қақпай бақылап отырған әлемнің әртүкпірінен келіп жатқан ақпараттар мен айтылып жатқан болжамдарға көз салсақ, Иран-Израиль қақтығысы еврейлердің пайдасына үкім айтып жатқандай әсер қалдырады. Қазіргі ең басты сұрақ та бұл қақтығысқа АҚШ араласа ма, жоқ па; Иран ядролық қаруын тастай ма, жоқ па деген мәселеге ойысып барады. Және бұл қырғын Ислам мемлекетінің қаруын тастауымен де бітпейтін сияқты. АҚШ пен Израиль біртіндеп, Иранда билікті ауыстыру туралы талапқа ойысатын түрі бар.

Иран осындай жағдайда отырғанда, Израиль қорғаныс министрі Исрайыл Кац «Иранды жеңдік деген белгі» ретінде арқаны кеңге салатындарын, Иран шабуылы салдарынан енгізілген шектеулер бірте-бірте алынып, ашыла бастайтындарын айтып жатыр. Соған қарағанда, Иранның «тосынсыйына» сенбейтін сияқты.

Олжас СЛАМЖАН

Тегтер: