Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:19, 13 Шілде 2022

Зоопарктен пақырды, әкім бол деп шақырды

None
None

Баянауыл ауданында осыдан бірнеше жыл бұрын басталған орталық су құбырының құрылысы мердігердің ісі сотта қаралуына байланысты бүгінде тоқтап тұр.

Бұл ұрымтал сәтті ауданның бұрынғы басшысы Қанат Кәрімов қалт жібермеген көрінеді.

Жергілікті белсенділер экс-әкім қонышынан басып, мемлекет мүлкіне қол сұқты деп санайды. Даудың басы құрылыс кезінде пайдаланылатын кәдімгі қиыршық тастан басталды. Ауданның бірнеше тұрғыны су құбырларын тартуда қолданылуы тиіс бұл материал азайып кеткенін байқап, өздерінің «тергеу» ісін бастады. Олар жоғалған қиыршықтасты аудан орталығындағы қарттардың ауласынан тапты. Бұл үйде Баянауыл ауданын осы жылдың ақпан айына дейін басқарған Қанат Кәрімовтың анасы тұрады. «Мынау – халықтың тасы. Бірнеше көлік ешқандай құжаттарсыз оны Кәрімовтың анасы тұратын үйдің ауласына төгіп жатыр», – делінген бейнежазба әлеуметтік желілерде тарап кетті. Ауданның жергілікті қауымдастығының төрағасы Мереке Нағымановтың айтуынша, бұл видео – негізсіз емес. «Ауданды бұған дейін басқарған Қанат Сәрсенұлының тапа-тал түсте мемлекет иелігіндегі құрылыс материалын үйіне төккізуі – ұрлықтың нақ өзі. Оның қиыршықтасқа иелік етуге қандай құқығы бар?», – дейді ол.

Ауданның Айбат Ыдырысов есімді тұрғыны да бұрынғы әкімнің мұндай әрекетін тонауға балады. «Халықтың көзінше осылай ұрлап жатса, бізге көрсетпей «жеп» жатқан, көзге көрінбейтін ұрлықтары қаншама? Осындай басшылармен қалай дамыған ел боламыз?», – деп ашынады тұрғын. Жергілікті белсенді топтың талап етуімен Баянауыл ауылының әкімдігі полиция бөліміне қиыршықтастың қолды болғаны туралы шағым түсірді. Полиция бөлімінің бастығы Талғат Садықовтың айтуынша, бұл іс мемлекеттік кірістер департаментіне жолданды. Қазіргі уақытта Қанат Кәрімов облыстық мобилизациялық дайындық және азаматтық қорғаныс басқармасын басқарады. Облыстың әкімі Әбілқайыр Сқақов таяуда бас қалада өткен брифинг кезінде қол астындағы қызметкердің тәжірибесі мол екенін атап өтті. «Қанат Кәрімов – мемлекеттік қызметте 15 жыл еңбек еткен тәжірибесі мол маман. Аудан әкімі аудандағы барлық шаруаға жауапты саяси лауазым. Қазір мемлекеттік қызметте кадрлық тапшылық бар, сондықтан тәжірибелі басшыларды жоғалтып ала алмаймыз. Қазір басқармаға жетекшілік етіп, бір салаға жауап береді», – деген еді облыстың басшысы. Жоғарыда аталған жағдайға байланысты әкімнің баспасөз қызметі лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі тиісті органдардың құқықтық бағалауынан кейін қаралатынын хабарлады. «Баянауыл ауылдық округінің әкімдігіне белгісіз тұлғалар Ференгер көшесінен қиыршық тас шығарып жатқаны туралы хабар келіп түсті. Ауылдық округтің әкімі аудандық полиция бөліміне белгісіз тұлғалардың қиыршық тасты заңсыз әкетуі және оларды жауапкершілікке тарту туралы хабарлама жіберді. Қазір жағдай тексерілуде. Жекелеген адамдардың қатыстылығы мен қылмыстық іс қозғау туралы шешімді уәкілетті органдар қабылдайды», – делінген хабарламада.

Бұл Қанат Кәрімовтың басы дауға қалған алғашқы жайт емес. Бұған дейін Алматыдағы хайуанаттар бағын басқарған кезде жануарлар бірінен соң бірі қырылған болатын. Баянауылға әкім болғанда су құбырын тарту, жол жөндеу жұмыстарын да соңына дейін дұрыс жеткізе алмады. Есесіне, екі батырға 1 млрд теңгеге ескерткіш орнатуды ойластырып, халықтың ашуына қалды. Қаңтардағы оқиғалар кезінде аудан тұрғындарының мәжбүрлеуімен жұмыстан кету туралы өтініш жазды. Бірақ оны облыс әкімдігі қабылдамай, араға аздап уақыт салған соң басқа қызметке ауыстырды. Ал тастан туындаған бұл даудан экс-әкім қалай құтылып кетер екен?

Тегтер: