Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:06, 04 Қазан 2023

Зорлық-зомбылықты тоқтату үшін дер кезінде әрекетке көшу керек

зорлық зомбылық
Фото: из открытых источников

Елімізде 2018 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 24,8 мың оқиғасы тіркелген. Бұл бұрынырақтағы статистика. 

Ал 2021 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 16,9 пайызға өсіп, 29 мың оқиғаға жеткен. Әлбетте, бқл тек ресми статистика. Шаңырақ астынан ишықпай қалатындары қаншама? Құрбандардың көбі көніп, полицияға шағымданбайтыны жасырын емес. Бұдан бөлек, көз жұмғандардың саны да жаға ұстатады. Соңғы екі жарым жылда үйдегі зорлық-зомбылықтың салдарынан 300 адам көз жұмды. Оған қоса, денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 878 фактісі және орташа зиян келтірудің 808 фактісі тіркелген.

2022 жылы осындай құқық бұзушылықтар бойынша 37 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шағымдардың басым бөлігі Шымкент, Астана, Алматы қалаларында, сондай-ақ Қарағанды, Павлодар және Қостанай облыстарында тіркелді. Аталған мерзімде 35 мың әкімшілік хаттама жасалған. Оның ішінде сот шешімі бойынша10 мыңнан астам адам қамауға алынып, 8,5 мың адам ескерту алған, 675 адамға айыппұл салынған.

Осы жылғы көрсеткіштерге тоқталар болсақ, жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткен азаматтарға қатысты 51 мың әкімшілік хаттама рәсімделген. Тарқатар болсақ, 13 мыңнан астам адам қамауға алынды, 11 мың ерекше талап белгіленді. Сотқа шағымданған отбасылардың 43 пайызы сотта бітімге келіп, татуласқан. Ал соңғы 3 айда отбасылық зорлық-зомбылық 4 есе көбейген. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, бұған тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша заңнамалық өзгертулер әсер етіп отырған көрінеді. Бір жағынан ахуал реттеліп келе жатыр деген көзқарастар да бар. Себебі, зорлық-зомбылыққа мүлде төзбеушілік принципі ақырындап болса да қалыптасып келеді.

Өңірлерде отбасыларға қолдау көрсететін 70-ке жуық орталық құрылған. Әрине, бұл әлі де аз екені сөзсіз. Қажеттілікті ескере отырып, алдағы 3 жылда тағы 100-ге жуық осындай орталық ашылмақ. Ең бастысы, зардап шеккендерге көмек көрсетумен ғана шектелмей, мұндай жағдайларды болдырмауға ерекше назар аудару мәселесі жіті назарда тұр. Ал сауықтыру, оңалту орталықтарына келер болсақ, еліміз бойынша 880 орындық 35 айықтыру орталығы жұмыс істеп тұр. Олардың барлығы ірі қалаларда. Мұндай орындар шағын елдімекендерде мүлде жоқ. Қызметкерлердің сөзіне сүйенсек, мекемелер күннің алғашқы жартысында ақ толып қалады екен. Сұраныстарды толық қанағаттандыру үшін еліміз бойынша кемі 31 айықтыру орталығы ашылуы керек.

Мұндай отбасылардағы зорлық-зомбылық балалардың сана-сезіміне және психикасына кері әсерін тигізеді. Бұл туралы психолог, психоаналитик маман Назигүл Темірғалиевамен арнайы тілдескен болатынбыз.

Отбасыдағы зорлық-зомыбылық балалардың психикалық денсаулығына өте ауыр, кері әсерін тигізеді. Бұл туралы роман жазуға да болады. Себебі айтылуы керек нәрселер өте көп. Адамның жан саулығы қалыптасуы тиіс бала күнінде-ақ психологиялық соққы алып, жаралануы оның бүкіл өмірлік көзқарастары мен дүниетанымына әсер етуі мүмкін. Бұл тек психологиялық емес, физикалық денсаулықтың да ушығуына әкеліп соқтырады деген қауіп те жоқ емес.

Жалпы адам баласы өзінің жаратылысынан өте осал тіршілік иесі. Әсіресе, бала үлкен адамдардың қарауынсыз, қамқорлығынсыз, көмегінсіз өсіп, жетіле алмайды. Оны бәріміз де білеміз. Мәселен, қозы, құлын, бұзау туылған соң көп күттірмей өзі тұрып, жүріп, қоректене береді. Ал адам баласы ондай емес. Сондықтан ата-ананың рөлі өте маңызды.

Бір жағынан бізде қаншама ғасырлардан бері қалыптасқан түсінік бар – адам әлеуметтік тіршілік иесі. Соның ішінде отбасы әр адам қажет ететін ұғым. Патриархалды қоғамда әйел адамдар жұбайым болмаса, күн көре алмаймын, өмір сүру қиын болады деп ойлайды. Алайда мына біздің дамыған заманда аштан өліп жатқан, қараусыз қалып, қиналып жатқан отбасылар сонша көп пе? Мемлекет жұмыссыздарға әлеуметтік көмек береді. Балаларға ай сайын тағайындалған «пособие» тағы бар. Жалғызбасты аналарға көп көмек түрі мен жеңілдіктер қарастырылған. Сондықтан отбасыдағы ерлі-зайыптылардың арасындағы қарым-қатынас абьюзивті сарынға көшсе, онда тұрақтап қалудың қажеті жоқ. Ана да, бала да далада тентіреп кетпейді. Өйткені ол ең алдымен әйел затының өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төндірсе, одан кейін сол отбасыда тәрбиеленіп жатқан балаларға да айтарлықтай кері әсер етеді.

Нақтырақ айтар болсақ, отбасыдағы жағдай баланың ми құрылымдары мен психологиялық портретінің қалыптастыратын маңызды факторлар. Яғни, бұл жағдайда күнде көріп отырған зорлық-зомбылық бүлдіршіндер мен жеткіншектердің әртүрлі ми зоналарына ықпал етеді. Ең қарапайым мысал, ұрыс-керісті, айғай-шуды көп көрген бала оны естігісі де, көргісі де келмейтін жағдайға жетеді. Өз кезегінде мұндай вербалды зорлық мидың естуге, көруге жауап беретін зоналарына зиян. Тіпті, жаңадан қалыптасуы тиіс нейрондардың жуандығының, беріктігінің өзгеріске ұшырауына да әкеп соқтырады. Мұның әсерін психологияда ПТСР деп айтып жүрміз. Бұл дегеніміз травмадан кейінгі синдром деген мағынаны білдіреді. Мысалы, соғыс көрген, майдан даласында болған адамдар мәшиненің есігі тарс жабылса да, шар жарылса да басқаша реакция көрсетеді. Әлбетте, олар оны әдейі жасамайды. Балаларда да тура сондай реакция қалыптасып жатады. Мәселен, анасы мен әкесінің ұрыс-жанжалын бала бір рет көрді делік. Ол сол жерде қалды. Мұндай жағдайда балада психологиялық травманың пайда болуы екіталай. Бірақ, сол нәрсені күнде көре берсе, шиеленіскен қарым-қатынас ұзаққа соылып, әдетке айналса, балаға соққы болып тиері анық.

Және мұндай отбасыда өскен балалардың стреске бейімділігі жоғары болады. Ал қылмысқа, өзін-өзі қол жұмсауға куә болған балардың жағдайы тіптен ауырлап кетеді. Ондай балаларда мазасыздық, депрессия, ПТСР сынды травматикалық-эмоционалды салдарлар жиі көрініс береді. Бұл аталған факторлар өз кезегінде әлеуметтік бейімделу мен қарым-қатынас орнатуға, коммуникацияға зиянын тигізеді. Демек, адам ешкімге сенбей, не өзіне сенбей, сау қарым-қатынас құра алмай қиналады.

Одан бөлек, адам өзін-өзі бағалау деген бар. Отбасыда тыныштық пен гармония көрмеген балада өзін, өз құндылықтарын қалыптастыра алмау, түсінбеу орын алады. Себебі балалар табиғатынан эгоценртизмге жақын ғой. Мұны эгоизммен шатастырмау керек. Яғни, олар әлемді өз көзқарасымен көреді. Әрі басқа адамдардың бәрі әлемді солай көреді деп ойлайды. Соның әсерінен отбасыдағы жанжалға да, басқаға да менің қатысым бар, менің кесірімнен, мен кінәлімін деген ой болуы бек мүмкін. Әсіресе, ата-анасы ажырасқан балалардың бойын осылай өзін кінәлау деген өте ауыр сезім билеп алады.

Оның әсері сол балалық шақпен бірге қалса мейлі ғой. Бірақ көбіне зорлық-зомбылық көрген балалар есейе келе не «жертваға», не «тиранға» айналады. Өйткені олар үшін бұл норма. Әрине, кесіп айтуға болмайды. Бірақ ықтималдылық өте жоғары. Балаларды осындай залалдан құтқару үшін ата-ана көмекке жүгіну керек. Бірақ, көп әйел азаматтар отбасыда зорлық-зомбылық көрген кезде көмекке жүгінуге болады деп ойланбайды да. Түсінбейді де. Ситуацияларды сараптап, бір-бірінен ажыратуға да мұршасы болмай жатады. Әрине, бұл ажырасу, айырылысу деген сөз емес. Міндетті түрде екі жаққа кету керек деген де дұрыс болмайды. Бірақ, қалыпты емес жағдайлардан шығуға ұмтылыс болуы қажет.

Негізі адамдар отбасы құрарда осындай үлкен қадамға, жаңа есікке дайын болуы тиіс. Себебі екі адамның қосылуынан бөлек, бала өсіру – үлкен жауапкершілік. Жауапкершілікті алу, ересек позицияға өту аса маңызды. Себебі, отбасыдағы балада жан саулығы қалыптасу үшін тұрақтылық керек. Балаға уақыт бөлу, көңіл бөлу, жақсы естеліктер мен әдеттер, шағын салттар қалыптастыру керек. Және тыныштықтың да орны бөлек. Үй ішінде тыныштық, баланс, гармония сақталса, диалог болса, әр мәселеде асықпай, ашық сөйлесе алса – ол да пайдалы.

Қазіргі статистиканы қарап отырсақ сұмдық деп жағаңызды ұстайсыз. Мұндай ушығу ашықтық болмауынан да шығар. Жабулы қазанды жабулы күйі қалдырып, мәселеден қашқаннан, оны тықпалағаннан ештеңе шешілмейді. Керісінше өрши түседі. Сондықтан дер кезінде айтып, көмек сұрап, көмек көрсетіп үлгеруіміз қажет. Көзі ашық адамдар да, дипломы бар сауаттылар да, табысты мамандар да, табанды әйелдер де мұндай мәселелерін шаңырақ астынан шығармауға тырысады. Сол баяғы ажырасып келді деген атақтан ұялады. Баланы да солай қысымда ұстайды. Көбі бәрі жақсы болып кетер, өзгерер деп күтеді. Бірақ шара қабылдамаса ештеңе де ілгері жүрмейді. Тек кері кетеді. «Мен балаларым үшін өмір сүріп жатырмын» деген бейсаналы түрде өзіңді-өзің алдау. «Мен бұл ситуацияны қалай шешетінін білмеймін, қалыптасқан жағдайдан қалай шығатынымды білмеймін» деген нұсқа дұрысырақ болады. Алайда көпшілік оны өзіне мойындата алмай жатады. Бірақ, ұмытпау керек, ондай отбасыда бала ешқашан да бақытты, сау болып өспейді. Әйел заты күйеуіне, ата-енесіне айта алмаған өкпесін, көрсете алмаған ашуын балалардан алады. Агрессордың өзін емес, балаларды жазалайды. Ал кейін балаларына мен сендер үшін бәріне шыдадым, сендердің алғыстарың жоқ деп ренжіп жатады. Бірақ баланы солай тәрбиелеген өзі екенін ұқпайды да. Сондықтан дер кезінде шара қабылдап, дер кезінде зорлық-зомбылықты тоқтатуға тырысқан жөн.