Зорлықпен біріккен пәндер орыс әдебиетіне қызыға қарайды

Енді алгебра мен геометрия, дүниежүзі тарихы мен құқық негіздері бір пән ретінде оқытылады. Дәл сол секілді биология, химия, физика бірігіп, жаратылыстану болмақ. Жауапты мамандар пәндерді біріктіру немесе бөлек оқыту әр мектептің өз еркінде дейді...
Бірақ жалпыға ортақ білім беру жүйесі мен стандарттар, күтілетін нәтижелер бекітілетіндіктен, бұл идея да түбі бірізділікті талап ететінін болжау қиын емес. Сонда аталған сабақтар бірге оқытыла ма? Бөлек пе? Мұндай жаңашылдықтың қандай қажеті бар?
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл жаңалыққа қатысты пікірлерін білдіріп жатыр: «Мүмкін үш министрдің орнына біреуін қалдырармыз? Ал үнемделген ақшаны ауылдарда мектеп салуға жұмсайық», «Биолог, химик, физик деген үш түрлі маман. Себебі бұлар біріне-бірі байланысты болғанына қарамастан, өз алдына үлкен ғылымдар. Жалғыз педагог балаларға білім беретін деңгейде үш ғылымды да меңгере алмайды», «Білім саласындағы соңғы жаңашылдықтардың бәрі балаларды «ақымақтандыруға» арналған», «Шетелден үлгі аларда неге салықтың көлемі мен пәндеріне ғана қарап қалдық?», «Нақты ғылым саласының пәндерін ағылшынша өтеміз деп миллиондарды желге ұшырғанын ұмытқан жоқпыз. Соңында сол ақшаның есебі сұралмады да. Ал жоба жүзеге аспады», «Кейін асүйде етікші жүре ме?» – осылай кете береді. Байқағандарыңыздай, көпшілік мектеп пен балалардың тәжірибе алаңына айналуына қарсы. Қоғам алгебра мен геометрияның қосылуын түсінуге болады, алайда дүниежүзі тарихы мен құқық бөлек оқытылуы қажет, ал қалған үш пәнді біріктіру тіптен абсурд деген ойда.
Иә, алгебра мен геометрияны онсыз да бір маман оқытады. Әрі олар бір пән ретінде өтсе де, мазмұны мен сағаттарына қауіп азырақ. Тіпті бір ғана математика пәнін оқытуға деген қажеттіліктер де баршылық. Ол туралы газетімізге берген сұхбатында (№95, 3 желтоқсан, 2024 жыл) педагог, «Зерделі» мектептер желісінің құрылтайшысы Рысбек Мәуіт айтып берген еді:
«Бүгінде геометрияны ТМД елдері ғана оқытады. Ал әлем елдері бір ғана математиканы қош көреді. Бала 1-6 сыныпта математика, одан кейін алгебра, геометрия, соңында анализ бастамалары деген оқулықтар бойынша білім алады. Төрт түрлі оқулықтың қандай қажеті бар? Бәрі бір математика пәні ретінде оқытылуы тиіс. Осы мәселе қозғала қалса болды, педагогтар геометрия жойылып кетеді, сағат азайып қалады деген желеумен қарсылық білдірді. Көпшілік өзгеріске дайын емес. Әйтпесе, бұрыннан айтылып келе жатыр. Назарбаев зияткерлік мектебі де ұсыныс жасаған. Мен де біраздан бері аргументтерімді ұсынып жүрмін.
2026 жылдан бастап жаңа оқулықтар кезең-кезеңімен енгізілмек. Ондағы бағдарлама «жетілдірілген». Бірақ бағдарламаны өзгерту бүгінгі мәселені шеше алмайды. Қалай өзгертсең де, қаңқа сол баяғы ғой... Бәрін жаңадан жасаған жөн. Соның ішінде алгебра мен геометрияның да жайы қарастырылса деймін. Өйткені советтік сара жолмен әлі күнге келе жатқан біз ғана. Жаһан жұртшылығы тек математиканы оқиды. Біресе алгебра, біресе геометрия деп ми ашытпайды. Осы озық тәжірибеге біз де келсек, мазмұнды жеңілдетуге, функционалдық сауаттылыққа мән беруге мүмкіндік туар еді. Бұл геометрия жоғалып кетеді дегенді білдірмейді, керісінше, оны жүйелі оқыта аламыз. Сағат та қысқарып қалмайды».
Математика пәнінің мұғалімі осы сұхбатында ұсынысын министрге жеткізгенін, бірақ әлі хабар келмегенін де айтқан. Көп күттірген хабар мен сенсациялық өзгерістер жайлы кейіннен мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының жобасында айтылды. МЖМБС-ның апробациясы 2025-2026 оқу жылында басталып, 2026-2027 оқу жылында толық жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр. Оқу-ағарту министрлігі әзірлеген жобаның мақсаты – бастауыш және орта білім беру сапасын арттыру екен. Ведомство осы мақсатта екі жыл көлемінде педагогикалық және сараптамалық қоғамдастықпен, ата-аналар қауымдастығымен, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен, депутаттармен ақылдасқан көрінеді. Бұл жайлы Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының вице-президенті Руслан Қаратабанов былай дейді:
«Егер мектеп пәндерді бөлек оқытамын десе ол – мектептің құқығы. Ал кей мектептерге оларды біріктіру рұқсатын беріп отырмыз. Біз алгебра мен геометрияны математика, физика, химия, биологияны жаратылыстану пәні ретінде біріктіруге болады дедік. Сонымен бірге дүниежүзі тарихы мен құқық негіздерін әлеуметтік ғылымдар пәніне біріктіруге болады».
Білім беру саласындағы өзге де әдіскерлер мен мамандар да: «Пәндердің мазмұнын кіріктіріп оқытқаннан оқушы да педагог та ұтылмайды»; «Отандық білім беру жүйесіне бұл стандартты енгізуге Сингапур сияқты озық елдердің тәжірибесі үлгі болған»; «Білімді ұрпақ тәрбиелеу ісінде тың технологияны енгізу маңызды» деген сынды тезистерін алға тартуда. Мәселен, Астана қалалық білім бөлімінің әдіскері Гүлзира Оразбекова: «Биология дегеніміз тұнып тұрған химия, ал химия дегеніміз тұнып тұрған биологиядан шығады. Екеуі бір-біріне тақырып жағынан да, берілуі, пәндік ерекшелігі жағынан да ұқсас. Егер мұғалімнің шеберлігі жеткілікті болса, тақырыптар бір-біріне ұқсас болса, ешқандай қиындық келтірмейді деп ойлаймын. Білім алушыға қажет емес тақырыптар өте көп. Соларды алып тастайды да, бір-біріне ұқсас тақырыптарды қалдырады», – дейді.
Ал педагогтар жағы пәндерді біріктіру туралы жаңалықты үрке қабылдаған.
Айдана Батырхан, тарих пәнінің мұғалімі:
– Дүниежүзі тарихы мен құқық негіздерін әлеуметтік бағыттағы пән ретінде оқытуға болады екен. Бұл жаңашылдықтың осы күнге дейін өтіп келген бағдарламамыздан қандай артықшылығы бар? Мен ешқандай артықшылық көріп отырған жоқпын. Екеуі екі түрлі сала. Әрқайсысы өзіне тән дағды мен ойлау жүйесін талап етеді. Бәрін қойғанда, екі пән мазмұндық тұрғыда мүлде үйлеспейді де. Дүниежүзі тарихы әлем елдері мен өркениеттерін, тіл мен мәдениет, шаруашылық пен саясат жағын кезең-кезеңімен қамтып, өз жүйесімен түсіндіреді. Ал құқық пәні қоғам мен мемлекеттік құрылым, заңдар мен азаматтардың құқықтары туралы сабақ. Екеуі де өз алдына ауқымды және терең тақырыптарды қамтиды. Оларды біріктіру қисынсыз дүние. Себебі педагог пәнді оқытуда әртүрлі тұжырымдамалар мен зерттеу бағыттарын пайдаланады. Мейлі, оқытушы көзін жұмып, екі жақты қосып беруге тырысқан күннің өзінде, оқушыларға қабылдау қиын ғой. Екі пәннің материалдарын толық меңгеру үшін қосымша уақыт қажет болады, бұл оқушылардың белсенділігін, қызығушылығын төмендетуі ықтимал. Тағы бір айта кетерлік жайт, бағдарлама мен оқулықтар онсыз да оңып тұрған жоқ. Бір пәннің бағдарламасын қатырмай жатып, оларды қоссақ... Сапасы қандай болатынын елестету де қиын.
Оның үстіне, құқық негіздері ел азаматтарын құқықтық сауаттылыққа дайындайтын сабақ. Қазақстанда бұл жағынан мәселе көп екенін білеміз. Халық өз құқығын, заңды білмейді. Осындай жағдайда құқықтық пәндер мен сабақтың сапасына мән беріп, акцент қоюдың орнына басқа пәнмен біріктіру қаншалықты қажет екені де сұрақ.
Ляззат Бөлегенқызы, биология пәнінің мұғалімі:
– Биология, химия және физиканы біріктіріп, жаратылыстану пәні ретінде оқыту идеясы – пәндерді біріктіру идеясының ішіндегі ең түсініксізі. Мен биологияны ғана мысал ретінде айтайын. Бір пәннің ішінде қаншама салалық бөлімдер бар. Молекулалық биологиядан бастап, таксономия, цитология, гистология, морфология, анатомия, физиономия, эмбриология, этология, экология, генетика, селекция деген секілді тірі табиғаттың әр құрылымы мен деңгейінде тіршілігін, даму заңдылықтарын зерттейміз. Оның әрбірі қаншама бөлімдерге, тарауларға бөлінеді. Сол сияқты физика мен химияның да бірқатар салалары бар.
Әлбетте, бұрын бұл ғылымдар бөлінбеген. Оларды зерттеген ғалымдарды жаратылыстанушы деп атады. Алайда заман бір орында тұрған жоқ. Бастауыш сыныпта да жаратылыстану дүниетану пәні болып оқытылады. Кейіннен әр ғылым саласы өз алдына пән ретінде бөлінеді. Оларды қайта қосу дамуды тоқтатуға ұмтылу деп ойлаймын. Әрі бұл сабақтар – елімізге қажетті мамандарды дайындау үшін керек негізгі пәндер. Майда-шүйде, факультативтерге сағат қарастырмай, қайта осы аталған пән сағаттарын арттыру қажет. Керексіз бағдарламалар мен жобаларды мектепке телігенше, осы пәндерге көңіл бөлінуі тиіс.
Оқытушы биологияны да, химияны да, физиканы да жылдар бойы балаларға білім беретіндей деңгейде меңгере алмайды. Меңгере алған күннің өзінде алдағы бір онжылдық шамасында ондай кадр әзірлеп үлгермейміз. Өйткені ЖОО қабырғасында биологты бөлек, басқасын бөлек оқытып шығарады. Бұрындары химия-биология, физика-информатика немесе физика-математика деп оқытатын, диплом беретін. Қазір ондай жоқ. Әрбірін бөлек оқытады. Себебі бұл пәндер мен ғылымдар жылдан-жылға тереңдеуде.
Мысалы, биолог физиканың 7-сынып бағдарламасын өте алатын шығар. Бірақ жоғары сыныптарға сабақ бере алмайды. Физик те, химик те солай.
Жауапты мекемелер мен мамандар шетелдік білім жүйесіне еліктеп отыр ма, әлде жоғары сыныптарда әр бала өз бағытымен білім алсын, «қажетсіз» пәндерін біріктіріп, қысқартып оқысын деді ме? Осы сынды басқа да себептер мен күтілетін нәтижелерге қатысты Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының мамандарымен сұхбаттасып, сөйлесетін боламыз. Десек те, қажеттілігі мен тиімділігі дәлелденген күннің өзінде, 2025-2026 оқу жылына дейін сапалы бағдарлама мен оқулықтар жасап үлгеруіміз екіталай.
Айтпақшы, біз алгебра мен геометрияны қосуға, жаратылыстану мен әлеуметтік ғылымға «көше салуға» тез дайын болдық қой. Ал орыс әдебиеті қазақ мектептерінде әлі күнге оқытылып келеді...
Баян Мұратбекқызы