Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 12:24

Жақсылықовтың зорлықшыл армиясы ауруыңа да, оқуыңа да қарамайды

Жақсылықов
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда көктемгі және күзгі әскерге шақыру науқаны дау-дамайсыз өтпейтін болды. Әрі жылы көктем мен күзде әскери комиссариат өкілдері атқа қонып, армияға жастарды жинауға шығады.

 Олар заңды тәртіппен, өркениетті жолмен жұмыс істеп жатса, ешкім ренжімес еді. Бас ал десе, шаш алуға дайын қазақ шенділері жас жігіттерді көшеден ұстап, күштеп алып кететін болған. Мұндай әрекет әдетке айналып барады десек, қателеспейміз.

Бұған дейін Қорғаныс министрлігі жаңа оқу бітірген жастарды, 18 жасқа толғанына бірнеше күн ғана болған бозбалаларды, кейде тіпті денсаулығы жарамайтын жігіттерді де мәжбүрлеп армияға алғанын естіген едік. Мекеме биыл бұдан да «жоғары деңгейге» шыққан екен. Шетелде оқып жүрген Әлішер Елікбай есімді студентті елге демалысқа келген кезінде ұстап алған. Түн ортасында ұстап, телефонын тартып алып, ата-анасына хабар берместен, әскери комиссариатқа жеткізіпті.

Біз студенттің анасы Бақытгүл Сәлиге хабарласып, істің мән-жайын сұрадық. Әлішер Түркияның Болу қаласында оқиды. Каникулда елге келген. 2 маусым түнде достарымен бірге жүргенде азаматтық киім киіп, азаматтық машина мінген 5 адам ұстап әкеткен. Олар баланың студент екенін айтқанына да қарамаған. Тіпті телефондағы анықтамаң анық көрінбей тұр, бөлімшеге барайық, сол жерден құжатыңның көшірмесін жасатып, қол қойғызып жібереміз деп алдаған көрінеді. Ал машинаға отырған соң телефонын алып қойыпты. Осы екі арада бала анасына «мам, военк...» деп жазып үлгеріпті. Анасы осы жартыкеш хабарламаға сүйеніп, баласын іздеген.

«Түнгі сағат 00:02 минут кеткенде «мам, военк...» деген СМС хабарлама келді. Не болды екен деп телефонына хабарлассам, өшіп жатыр. Бірге жүрген баланы танитын едім, қоңырау шалсам да, ол да өшіп жатыр. Содан амалсыз 102-ге қоңырау шалып, «баламнан осындай хабарлама келді, оны расымен әскери комиссариат әкетті ме, әлде комиссариаттың атын жамылған бөтен адамдар ұстап әкетті ме, анықтап, баламды табуға көмектесіңдер» дедім. Полиция мен тұрған жерге келіп, баламның ЖСН нөмірі арқылы оның республика-54 мекенжайындағы әскери комиссариатта екенін анықтады.

Бұл жердегі басты мәселе – баланы бөлімшеге алып кеткендер неге ата-анаға хабарламайды? Балаңызды мынадай мақсатпен, мынадай жерге әкелдік, алаңдамаңыз деп байланысқа шығуға болады ғой. Балам асығыс екі ауыз сөзді жазып үлгермегенде оны түні бойы қайдан іздер едім? Өз телефоны да, досының телефоны да өшіп жатса, олардың қайда екенін білмесем, не болар еді? Бұлар баланың, ата-ананың психологиялық жағдайын неге ескермейді? Біздің елде адами капитал деген жоқ па?» – дейді ашынған ана.

Анасының айтуынша, әскери бөлімдегілер студенттің қолындағы анықтамаға пысқырып та қарамаған. Түркиядағы университеттен баланың оқитыны турасында құжаттың нотариалды түрде расталған формасын әкелуді талап етіпті. Абырой болғанда Түркиядан дер кезінде «Бакалавриатқа қабылданғаны рас» деген анықтама келіп, студент әскери міндеттен уақытша босатылған. Бірақ жөнсіз әрекет жасағанына қысылып, кешірім сұраған жан болмапты. Бақытгүл баласын комиссариаттан аман-есен шығарып алғанына қуанған. Өйткені Әлішер әскерге кетсе, Түркиядағы оқуынан шығып қалады. Оқуы аяқсыз қалғаны аздай, бұған дейін бір жыл шетелде оқу үшін жұмсаған қаражаты желге ұшатын еді.

Жақсылықов келгелі күштеп ұстау көбейді

Көпшілік азаматтарды армияға күштеп әкету Қаңтар оқиғасынан кейін жиілеп кеткенін айтады. Әу баста сарапшылар билік Қаңтар оқиғасынан сабақ алып, қарулы жасақты күшейтуге күш салып жатыр деп болжаған. Бірақ уақыт өте бұл болжамның шикі екені белгілі болды. Өйткені мамандар қазақ армиясында әскери дайындық тәсілі өзгермегенін, техникалар жаңармағанын айтып жүр. КСРО кезінде қалыптасқан тәртіп, сол заманнан қалған техника көп өзгермеген. Бар өзгергені – жастарды күштеп апарып, армия қатарын толтыру ғана. Соған қарағанда, бұл қорғаныс министрлігін 2022 жылы 19 қаңтардан бастап басқарып отырған Руслан Жақсылықовтың жұмыс тәсілі сияқты. Министрлікке дейін ұзақ жыл Ұлттық ұланды басқарған генерал-полковник сарбаздың сапасын емес, санын басты назарда ұстап отырған сияқты.

«Жас Алаш» бұған дейін жастарды армияға алу барысындағы заңсыздықтар, әскердегі әлімжеттік, сарбаз өлімі жайлы бірнеше мақала жазған. Көптеген кейіпкермен сөйлестік. Соның бәрі қазақ әскерінің қазіргі күйіне, министрліктің жұмысына наразы. Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың сөздеріне қарасақ, сарбаздар амандығына жүрдім-бардым қарайтындай көрінеді. Мысал ретінде оның «Өмір деген жизнь. Өмірде бәрі болады. Адамдармен жұмыс істегендер ештеңеден қорғалмайды» деп әскерге аман барған азаматтың аман қайтуына кепілдік бере алмайтынын ашық мойындағанын айтсақ та жетеді.

Қорғаныс министрлігі әскерге шақырылатын сарбаз санын толтыру үшін тәсіл талғамай жұмыс істеп жатқан сияқты. 18-ге толғанына бірнеше күн болған бозбалаларды ғана емес, әскери міндеттен босатылар сәті таяған сақа жігіттерді де көшеден аңдып, «аулап» жүр. Жақында бізге Алматы облысы Талғар ауданының тұрғыны хабарласты. Оның айтуынша, жұмыс істеп, бір отбасын асырап отырған 26 жастағы інісін күштеп ұстап, армияға алып кетіпті. Азаматтың отбасы мүшелері жағдайын айтып, өтініш жасағанмен, әскери бөлімдегілер құлағына да ілмеген. Тізе берсек, мұндай мысал көп.

«Балама елге оралмасаң да болады дедім»

Біз хабарласқан кезде Әлішердің анасы Бақытгүл Сәли Астанадағы Республика-54 мекенжайындағы әскери комиссариат ғимаратының алдында жүр екен. Ар жағынан өзге ата-аналардың шаң-шұң дауысы естіледі. Бақытгүл Сәли заң талаптары орындалмағанына налып, елдегі жағдайдан әбден көңілі қалғанын айтады.

Балаңызды босатты ғой?

– Иә. Балам қамауда болған 24 сағатта әскери комиссариат сыртындағы былыққа мен тойдым, іштегі былыққа балам тойып шықты. Басынан өткен адам ғана түсінеді. Мына түрімізбен біз мандымаймыз, заң деген жай сөз. «Күштінің арты диірмен тартады» деген бар. Өз басым, түңілдім. Тіпті балама осы бетте Қазақстанға оралмасаң да болады дедім. Мұндай мемлекеттен біз не күтеміз?

Түнде әскери бөлімнің жанында тұрғанымызда көптеген баланы ұстап әкетіп жатты. Мына балалардың ата-анасына хабарластыңыздар ма десем, жауап бермейді. Адамға осылай қарым-қатынас жасай ма? Мынандай оқиғаны, жүйені көрмеген екенмін.

– Қасындағы жігіттерді қайтті?

– Оларды бүгін әр аймаққа әскерге аттандырып жатыр. Кейбірін жұмыс істеп жүрген жерінен ұстап әкеліпті. Бәрі екі күн бойы ата-анасын көрген жоқ. Ата-аналарға пойыз ға бармай-ақ қойыңдар, балаларыңды ол жерден көре алмайсыздар, жігіттер пойыздың терезесінен де қарай алмайды депті. Әскери комиссариатта кездесесіздер деген. Алдымен сағат 15:00-де, кейін 17:00-де кездестіреміз деген. Әлі жоқ, балаларды іштен шығармай отыр. Ата-аналар екі күн бойы қаңғып жүр. Кейбірі мұндай болса, балам шықса, алып қашуға дайынмын деп отыр. Бөлімшенің айналасы толған әскери күзет. Бұл не деген сұмдық!

Комиссариат маңында 40-қа жуық ата-ана тұр. Баласымен кездесіп қалуға келген. Ата-анаға 10 минутқа баласын бермейтіндей, бұлар кімдерді ұстап, қайда әкетіп барады, соны түсіне алмай тұрмын. Мен баламның оқитынын дәлелдеп, вице-министр Дархан Ахмадиевке байланысқа шығып жүріп, әскерден алып қалдым. Ал амалын таппаған ата-ана қайтеді?

Басқа студенттер жоқ па екен?

Бар. Анасы жүр осында. Соған да қарамай алып барады. Қазақстандағы оқудан академиялық демалыс ала салады депті. Оқуын аяқтаған соң барса болмай ма? Тағы бір бала мамырда ғана 18-ге толыпты. Әскерге шақырту да келмеген. Сондай жігіттерді әкетіп жатыр.

Бұлар баланың тіркеуі қай ауданда, өзі қайда тұрады, қай жерден ұстады, оған қарамайды екен. Ұсталған жігіттерді Астананың 6 ауданына топтап-топтап бөле салады екен. Менің ұлыма «Есіл ауданынанмын деп айт» депті. Ал ол «мен Целиноград ауданында тұрам, сендер мені Байқоңыр ауданында ұстадыңдар» десе, «ондайды айтушы болма, Есілденмін де» депті. Сонда Есіл ауданынан армияға адам толмай жатыр ма? Оны түсінбедім.

Жігіттерді көшеден ұстап әкету деген қайдан шыққан заң? Мұндайға қарсымын. Біздің балаларды ұстаған күні бір жігіт қашам деп машинаға соғылып қалыпты. Оны БАҚ-қа шығармай, жауып тастады. Жігіт аман көрінеді. Менің балам да қашуды ойлаған, бірақ үлгермепті. Азаматтық киім киген бес адам балаларды қоршап алған, ана бала солардан құтылам деп жол апатына түсіп отыр. Бұл бір жағдай ғана емес шығар. Баланың аты – бала. Қашып құтылам деп бірдеңеге ұрынса қайтеді? Күшпен әкету дегенді тоқтату керек. Мұның соңы жақсылыққа апармайды.

Тағы да сарбаз өлімі

Мамырдың аяғында Абай облысы Аягөз қаласындағы әскери бөлімде 18 жастағы сарбаз Саламат Сабитов қайтыс болды. Ол сәуірде Солтүстік Қазақстан облысынан әскерге шақырылған. Туыстарының айтуынша, Саламат әскерге жарамсыз болған, омыртқасы ауырған, көру қабілеті де нашар болған. Мұның бәрін дәлелдейтін медициналық анықтама да бар. Соған қарамастан, оны әскерге күштеп алып, танк бөлімшесіне жіберген. Сарбаз әскерде небәрі үш апта ғана болып, көз жұмды. Марқұм сарбаздың анасының айтуынша, әскерилер науқас ұлын армиядан жалтарды деп айыптап, әскери прокурорға беретінін айтып қорқытқан. Тіпті 4 млн теңге айыппұл төлейсіңдер деп бопсалаған.

Мұндай қайғылы жағдай бұған дейін де болған. Жамандық шақырудан аулақпыз, бірақ Жақсылықов басқарып отырған министрлік қазіргі жұмыс істеу жүйесін өзгертпесе, сарбаз өлімін тоқтату қиын. Министр Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеру алдында отандық БАҚ-қа сұхбат беріп, «әлемдік стандартқа сай әскер жасақтадық» деп мақтанған. Бірақ сарапшылар қазақ әскерінің әлеуетіне жоғары баға бермейді. Керісінше, жүйеде кемшілік көп екенін айтып жүр.

Әскери шеру демекші, 2,5 млрд теңге жұмсап Астанада өткізген парадты Жақсылықов басы бүтін Ресейге сыйлап жібергені тағы бар. 9 мамырдағы Мәскеу сапары кезінде біздің министр Ресейдің қорғаныс министрі Андрей Белоусовке «біздің шеру Отан қорғаушылар күніне емес, Ұлы жеңіс күніне арналды» деп жалпақшешейлік танытты. «Өкпелесең – көшке берген тайыңды ал» дегенді өзінің шалақазақ ұғымында «Өкпелесең – көшіп кет» деп түсініп жүрген министрдің мұнысына таңғалған жоқпыз.

Қуаныш Қаппас