Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:00, 24 Тамыз 2022

Зорлық-зомбылықпен күрес оңай емес...

None
None

Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі – жыл сайын өзектілігі артып жатқан жаһандық мәселе.

Жыл басынан бері республика бойынша полиция органдарына тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 68 мыңнан астам хабарлама келіп түскен. Әлеуметтік қызметкерлердің мәліметінше, Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының орташа жасы 33 жасты құрайды. Олардың басым бөлігі – әйелдер.

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсететін 39 дағдарыс орталығы бар. Олардың жартысында әйелдер мен балалар жәбірлеушіден жасырынатын уақытша жеке баспана ұсынуға мүмкіндік бар. Дегенмен агрессия толқыны жиілеп кетуіне қарамастан, бұл орындар көбіне бос тұрады. Дағдарыс орталықтары одағының мәліметі бойынша, әрбір сегізінші қазақстандық отбасында зорлық-зомбылық орын алып, елімізде жыл сайын 400-ге жуық әйел үйдегі зорлық-зомбылық салдарынан бақилық болады. Соңғы жылдары бұл тақырып әлеуметтік желілерде, қоғамда қызу талқылануда.

Қазіргі уақытта тиісті органдарда тұрмыстық құқық бұзушылықтар туралы талдамалық ақпараттар жинағы әзірленген. Бұл жинақта тұрмыстық зорлық-зомбылық саласында жасалған барлық арыздар мен хабарламалар, қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы ақпарат жинақталмақ. Үйлестіру қорытындысы бойынша бұл жинақ барлық мемлекеттік органдарға жіберіледі. 5 жылдағы әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың жай-күйі туралы статистикалық мәліметтерге талдау жасалып, мемлекеттік органдарға жіберіледі.

ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Қаржаспеков зорлық-зомбылықпен күрес саласына барлық мемлекеттік құрылымдар мен жалпы қоғам ат салысуы керектігін баса айтады. 

— Отбасы – тұрмыстық қатынастардағы профилактикалық жұмыс адамның және азаматтың конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себептері мен жағдайларын анықтауға және жоюға бағытталған құқықтық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық аспектілерді, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуды қамтитын кешенді шаралар болуы тиіс, – дейді.

Дағдарыс орталықтары одағының жетекшісі Зүлфия Байсақованың айтуынша, қазіргі уақытта агрессорлардың тиісті деңгейде жазалануы зорлық-зомбылықтың одан да көп болуына алып келеді. Мысалы, жақында мамандардың күшімен жәбірленушіге жеті пышақ жарақатын салған ер адамның үстінен қылмыстық іс қозғауға мүмкіндік туды. Медициналық сараптама қорытындысы бойынша бұл жарақаттар «қылмыстық» санатқа жатпайды, себебі залал орташа ауырлықта. Яғни жәбірленуші бір-екі күнге ғана физикалық қозғалу мүмкіндігінен айырылды.

Осы мәселе бойынша мемлекет президентінің өзі әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесін шешуді ел басқару лауазымына кіріскен уақыттан бақылауында ұстап келеді. Ол азаматтар мен қоғам белсенділерінің бұл мәселеге қатысты жазаны қатаңдату қажеттілігі туралы өтініштері жиілеп кеткенін жыл басында да айтып өткен болатын. Сонымен бірге Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдердің 40 пайызы ғана арнайы мекемелерден көмек сұрайды. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялау әйелдер мен балалардың қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз етеді.

Мария Доценко, БҰҰ Әйелдер ұйымының Қазақстан Республикасындағы өкілі:

– Президент Тоқаевтың тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін көтергені өте маңызды. Ол бүгінде әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық жасағаны үшін жазаны қатайту қажеттігі туралы азаматтар мен қоғам тарапынан өтініштердің жиілеп кеткенін айтып, Бас прокуратураға бұл мәселені зерделеп, шешуді тапсырды. БҰҰ әйелдер ұйымы Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялауды енгізуді қолдайды.

Сондықтан зорлық-зомбылықтың алдын алу мен жазаның сәйкестігіне кешенді көзқарас қажет. Қазіргі уақытта мамандар заңға агрессорларды қоғамдық жұмыстарға тартуға мүмкіндік беретін түзетуді әзірлеп жатыр. Жаза ретінде оған көше сыпыруды, хоспистегі қарттарды қарауды сұрайды, онымен қатарлас психокоррекциялық сабақтар өткізіледі. Одан бас тартса, түрмеге қамалады.

Сарапшылар қазіргі заңнамаға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке түсінігін енгізу қажет деп санайды. Агрессормен жұмыс формасы да осы жағдайларға байланысты, түзету жұмыстары қажет. Маманның айтуынша, сапалы, жан-жақты көмектен кейін тіпті отбасын сақтап қалуға болады.

Алматыда дағдарыс орталықтарының құқық қорғау органдарымен бірлесе жұмыс жасауы айтарлықтай нәтиже беруде. Олар үшін әйелдер мен балаларды қорғау маңызды. Полиция айына екі-үш рет зорлық-зомбылық жағдайлары тіркелген отбасыларға барып тұрады. Бірақ бұл шаралар әзірге барлық жерде қолға алынбаған. Сондықтан бүкіл ел бойынша біртұтас көзқарас маңызды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларына «төзбеушілік көзқарас» еліміздің әр аймағында болуы керек.

Сонымен бірге, дағдарыс орталықтарына қатысты стандартты тәсілдерге жан-жақты амалдарды қосқан тиімдірек. Мұндай мекемелердегі әйелдерді туыстары алып кеткендіктен, көбіне бір ай да тұрмайды. Сондықтан жан-жақты кеңес беретін орталықтар тиімдірек көрінеді.

Ерекше назар аударуды қажет ететін келесі мәселе – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған тұлғаны оңалту және қоғамға бейімдеу жұмыстарын жолға қою қажеттілігі. Бұл жерде үкіметтік емес ұйымдар маңызды рөл атқарады. Қазір мемлекеттік де, жекеменшік жұмыс істейтін мекемелер бар. 39 мекеменің 14 нысаны мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейді.

Сарапшылар отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы заңнамалық базаны жетілдіру – әйелдердің өзін-өзі тану деңгейін, құқықтық сауаттылығын арттырады деген пікірде. Дегенмен зорлық-зомбылық құрбандарының өздері «үйдегі әңгімені сыртқа шығару» – отбасын қорлау емес екенін түсінуі керек. Өйткені көмек сұрау арқылы олар – өздерінің қалыпты өмірін сақтап, балаларын да қамтамасыз ете алады.

Тегтер: