Зұлмат жылдар зұлымдығы
Өткен тарихты парақтайтын болсақ, Алаш баласының қиындықсыз өткен ғұмыры жоғын байқаймыз.
«Сақалына сары шіркей ұялап, Миығына қара шыбын балалап, Қазақтың басы қайда қалмаған...» (Ақтамберді). Бұл да ақиқат дүние.
Қазақ қазақ болып шаңырақ көтергелі сүйегі қайда шашылып қалмады?! Хандық дәуірдің алғашқы кезеңіндегі елді сақтап қалу, жерді кеңейту, жарағын сайлап келген сыртқы басқыншыларға төтеп беру үшін жүз мыңдаған боздақ жер жастанды. Қарға тамырлы қазақ «Қара қазан, сары баланың» қамы үшін жан берді, жан алысты. Қырылды, қырды. Бірақ «керегеміз – ағаш, ұранымыз – Алаш» деп, атойлап жүріп, елдігін сақтап қалды. «Жүз жылдық шайқас» деген тарихи атауға дөп келетін Жоңғар шапқыншылығы, «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» оқиғасы кезінде қазақтың үштен екісі опат болды. Одан бергі ат үстінде атойлап өткен заман, 1916 жылғы топалаң, 1918-20 жылдардағы азамат соғысы, 1921-22 жылғы аштық, 1928-29 жылдардағы тәркілеу, ұжымдастыру, үркіншілік жылдар, 1931-32 жылдардағы «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» науқанымен жүргізілген ашаршылық, 1937-38 жылдардағы саяси қуғын-сүргін – осының бәрі исі қазақты баудай түсірді. Мәйегін отап кетті. Бірақ қанша зұлмат болса да тағдырдың қыл көпірінен аман өткен қазақ – түп-тұқиянымен қырылып кетпеді. Уақыт өте келе, етек-жеңін жиды, іргелі де бостан ел атанды. Бірақ қилы кезеңдер, тар жол тайғақ кешулер қазақтың жадында ақтаңдақ болып мәңгі қалды.
Бүгінгі тарихшылар мен саясаттанушылардың есебінше, 1930 жылдың жаз айынан, 1933 жылдың жазына дейін 3 миллион 379 500 қазақ ашаршылық құрбаны болған. Бұның 1 миллионнан астамы көрші елдерге босып кеткендердің қатарына жатады.
Демек, 2 миллион 200 мың адам аштан қырылған. Бұған 1921-22 жылдардағы аштық құрбандарын қосыңыз. Онда 1 жарым миллион адам шейіт болды. 1937-38 жылдары 100 мыңнан аса адам қуғын-сүргінге ұшырады. Солардың 25 мыңы атылып кете барды. Атылғандардың дені исі қазақтың бетке ұстар, көш бастаушы, ағартушы, ұлттың көсемі болуға лайық Алаштың арда ұлдары еді. Кеңестік қызыл империя қазақтың мәйегін орып, жантағын қалдырды. 1897 жылғы Патшалық Ресейдің санақ дерегіне қарасақ, сол кезде ала шапандылар, яғни өзбектер 1млн 690 мың, ал қазақтың саны 4 млн-нан асатын адамды құраған. Дерек осылай сөйлейді.
Бүгінде жалпы өзбектің саны 35 миллионның шамасында. Егерде зобалаң күндер басына тумағанда қазақтардың да саны 30-40 миллионға жетіп жығылар еді, әттең… Қолдан жасалған апатқа кім кінәлі? Әрине, қызыл империя екені айдан анық. Дегенмен оған өзіміздің «шаш ал десе, бас алатын» жандайшаптарымыз да кінәлі.
Мәселен, 1921-22 жылғы аштықта халық шыбынша қырылып жатқаны жайлы Мұхтар Әуезов жар салды. Соның арқасында Алашорда қайраткерлері ел ішіне сауын айтып, мал жиды. 2-3 айдың ішінде 15 мың ірі қара жиналып, ол аштық жайлаған өңірдегі адамдарға таратылып берілді. Осылайша Алаштың арда ұлдары Әлихан Бөкейхан, Мұхтар Әуезов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Ахмет Байтұрсынұлы, Смағұл Сәдуақасов және өзге де біртуар азаматтар ұлтын «аштықтан қалай аман алып қаламын?» деп арпалысып жатқанда, Қазақ Үкіметінің билігінде отырған С.Меңдешев бастаған большевиктер Мәскеуге: «Ашаршылық туралы қауесетті таратып жүрген ұлтшылдар. Олар қарапайым шаруаның мұң-мұқтажын жоқтағансып, еңбекшілердің назарын өздеріне аудару үшін қасақана байбайлам салуда» деп («Ұраным – Алаш». Т.Жұртбай) жеделхаттар жолдап жатты. Бұдан артық не айтуға болады? Ал қызыл империя болса, аштан қырылып жатқан жұрттың мал-мүлкін тартып алып, Ресейдегі және Қазақстандағы орыстар қоныстанған селолар мен деревняларға үлестіріп жатты. Оларға басу айтатын басшылықтың түрі анау. Нәтижесінде қазақтар шыбынша қырылды, сар далада ақ сүйек болып шашылып қалды...
Қалай айтсақ та, 1921-22 және 1931-32 жылдардағы ашаршылық және 1937-38 жылдардағы саяси қуғын-сүргін кезеңдері исі қазақтың жадынан шыға қоймасы хақ. «Ештен кеш жақсы» демекші, қазақ үшін қасіретті жылдар атанған кезеңге әлі талай ескерткіштер қойылар, талай зерттеулер жүргізілер, әлі де құпиялығын сақтап, мұрағатта жатқан құжаттарға қол жетер. Өйткені қазақ еліне арналып әдейі ұйымдастырылған сол бір зұлмат жылдардың зұлымдығы еш уақытта ұмытылмақ емес.