15.12.2022, 11:31
2496
Әділдікті аңсасақ та бәріміз,
Терең ойдан тұнжырайды кәріміз.
Шындықты іздеп шырылдаумен жүргенде,
Төрімізден жақын қалды көріміз.
Жалғандықтың оранғаны ақ кебін,
Өмір – қыздың сезіп тұрмын от демін.
Бірақ маған әсер етпес, өйткені
Мұздай жүрек… мұздай темір күйдемін.
Әділдік жоқ, мынау – тасыр қоғамнан,
Көңіл қошы күзгі бақтай тоналған.
Түн ұйқымды төрт бөлгізді талқан қып,
«Ұры» деген сөзі шықпай санамнан.
Ұры емес, ұстазбын ғой мен деген,
Талай жанды жүрек күймен емдеген.
Жапа шектім, жала жауып жазықсыз
Қара жүрек… қара жаяу пендеден.
Кемеңгерді «халық жауы» санаған,
Сонау жылдар жүріп өтті санадан.
Жамандары жақсыларын илеген,
Қашан біздер құтыламыз жаладан.
Әділдігі жоқ қоғамнан күдер үз,
Ақылдының ойы – тұсау, жаны – мұз.
Білімсіздер, кесірлі қу билесе
Біздің әзір төрге озбас бағымыз.
Өтірігің көрсетіп жүр даң қылық,
Шындық келер содан кейін таң қылып.
Әділдігі кеш келетін әрдайым
Тағдырыма жазған қандай заңдылық?!.
Әділдікті жасаймын деп Қасымың,
Айтты ма екен болар істің ашығын.
Өтірікке тұсау салып тоқтатып,
Ақиқаттың алшы түсір асығын.
Әділдікті көп іздеген халықпыз,
Жете алмай жығылыппыз, налыппыз.
Тарихымнан тағлым алар кез келді,
Бірлікпенен еңсем биік, алыппыз.
Жаңбыр жауса көгереді құрақ та,
Жайлы болса кетпес жақын жыраққа.
Арманымның аппақ туын көтеріп,
Мәңгілік ел – жетер мақсат-мұратқа.
Көңілімнің қошы неге жылап тұр,
Көпшілікті толғандырған сұрақ бұл.
Әділдікті қайтарыңдар халқыма
Оны бүкіл қазақ елі сұрап тұр.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР