«Айгөлектің» әкесіндей болдыңыз...

Қымбат ӘБІЛДАҚЫЗЫ

04.05.2021, 16:02

1772

«Abdi» кеңсе тауарлары компаниясы» АҚ президенті

Бимендиев Әбдібек Шарбекұлына құсни хат

         Әбеке, алты белес асқан күніңізде алты ауыз сөз жазбауға дәтім шыдамады. Сіз бен біз ұжымдас болған жылдардағы бұрын-соңды кездеспеген басқарушы мен бағынушы арасындағы тепе-теңдік әлі күнге көңіл көзімнен кетер емес.

         Өмір – өзеннің ағысы бірқалыпты арнамен ақса, несі қызық?! Жел шайқаған асау толқындар алды-артыңа қаратпай жөңкілте айдап, жағаға лақтырып тастайтын да кез болады.

Мен 39 жасымда жан аямай 16 жылдан аса қызмет еткен Қазақ радиосынан ескертусіз қысқартуға түсіп, есеңгіреп қалдым. Сүйіп істеген жұмысың, сүйсіне іздейтін тыңдаушың дөңбекшітпей қоймайды екен. Күндіз күлкім, түнде ұйқым бұзылды. Әсіресе тыңдаушыларымның мені іздеп жазған хаттары ебіл-себілімді шығарып жылатып қоятын. Оны жасырып әкеп беретін әріптестерім де қапа болатын. Баладан бастап, ата-әжелерге дейін не жазбады, не жақсы тілек тілемеді дейсіз! Бір ғана мысал айтайын. Қызылорданың Тереңөзегінен Шағадат Жүсіп деген кісінің:

«Жанының жайып тастар қымбаттарын,

Сен неге естілмейсің Қымбат дарын?

Радиоң тоқтаусыз сөйлеп жатыр,

Сені жоқтап отырмын, тыңдап бәрін.

Сен өзі тірісің бе, Қымбатжаным?» – деп келетін тоғыз шумақ өлеңнің рухынан соң есімді жиып, еңсемді тіктедім.

Не қылған мінез екенін түсінбеймін, ешкімнің алдына барып, еш есікті қағып жұмыс сұрамадым. Жетекте жүріп көрмеген, біреуге арқа сүйеу деген «сабаққа» қатыспаған бетіммен өзіме үлкен сұрақ қойдым: «Ал, ел іздеген Қымбат, енді не істейсің?» – дедім. Ішкі даусым зор шықты: «Ешкімге бағынышты, тәуелді; пайдаланып болып, тастай салатын зат болмайсың», – деді. Мәссаған!

2000 жыл. Тәуелсіз күн кешу мүмкін емес, ақылың жеткенге ақшаң жетпейді. Сонда да сол кезеңдегі рухани құлдырауға қарсы бір тамшы үлес қосқым келді. Ғылымға барсам да кеш емес еді. Еркімнен тыс бір күш балалар әлемін алдыма тоса берді, тоса берді. Олардың өзім жүргізген радио хабарларымдағы тап-таза табиғаты, жасандылығы жоқ жарқын қылықтары, бал тілі, тәтті үні жүрегіме ұя салып алғандай кеудемді ысытып әкетті. Сөйтіп, мен балаларға керек «Айгөлек» журналының концепциясын жасап, тыңнан түрен салғанымды білмей де қалдым. Ол кезде үкімет қолдауынсыз жеке адамның журнал шығаруы дегенді естімегенбіз. Алды-артымды бажайлап ойламастан, таңсық іске кірістім де кеттім. Есепке о бастан шорқақ едім, оның да зиянын көрудей-ақ көріп келем. Бар өнерімізді салғанда арман-аңсарымыз мынау еді дейтіндей «Айгөлектің» бір ғана санын шығаруға шамамыз жетіп, тоқтадық та қалдық. Есесіне сол кездегі небары екі телеарна – «Қазақстан» мен «Хабар»: «Алақай, «Айгөлек» журналы жарыққа шықты!» – деп, күн құрғатпай қайталап, сүйінші хабар таратты. Неше газет бар, бәрі қуана жар салып, тілектестік білдіріп, тегін жарнамалады. Республиканың түкпір-түкпірінен құттықтаулар ағылып жатты. Шығарған 5000  дана журналымыз әп-сәтте қолдан-қолға таралып кетті. Содан кейін ораза ұстаған адамдай отырдық та қалдық. Биліктегілерден қайыр болмады. Амалсыз демеуші болатындай, аяғынан тік тұрып үлгерген кәсіпкер іздеуге тура келді. Бағымызға қарай, бас пайдасын ғана ойлайтын, бақай есеп бір пысықай емес, парасат падишасы, сіз, Әбеке, алдымыздан шықтыңыз. Бәрін нөлден бастап, құжаттап, «Айгөлекті» «Аbdiдің» қарамағына алдыңыз.

Қазақтың «қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дейтініндей, журналды қалай өзгертем десеңіз де, «әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» жоқ еді. Ұжымды қалай қалыптастырсаңыз да, қолыңызды ешкім қақпас еді. Авторлық жобаның иесі – менің де тағдырым сіздің шешіміңізге байланысты-тын.

Сіз ақылдасуға кеңсеңізге шақырып, көлік жіберіп алдырдыңыз. Мен қасыма Еділ деген суретші-дизайнер жігітті ерте бардым. Ол алғашқы «Айгөлекті» бірге бастаған радиодан таныс, өзі бір қорғансыздау жан еді. Мені пана тұтатын. Сын сағатта қасыма ерткенім сол. Жол бойы ойланып келем, «Айгөлек» іштен шыққан шұбар жыланым ғой, алдымызда не күтіп тұр дегендегі жан қиналысымды өзім ғана түсінемін.

«Қай істің қалай аяқталатыны басталғанынан белгілі» дегендей ойды айтқан Абай хакім емес пе?! Сол алғашқы келіссөзіміз кейінгі ынтымақтастыққа бағдаршамдай бағыт береді деп кім ойлаған?  

Әбеке, жұмыс барысында кездескен сайын оқығандарымызды ортаға салып, әсер бөлісетін, дүниетанымымыздың көкжиегі кеңейіп, сіз әлемдік деңгейдегі әмбебап қабілетіңізден, мен өзгермейтін әдетімше қазақтың тауып айтатын тапқырлығына тамсанудан мысалдар келтіріп, ойланатынымыз, мәз болатынымыз бар еді ғой. Жақында Қасым ақынның шығармаларын сағына оқып шықтым. Сонда ақын Ғафу Қайырбековтің естелігіндегі мына жолдар мені селт еткізді: «Шырағым, есіңде болсын! – деді Қасым. – Сенің анау жазық дала Торғайыңнан келгенде мынау аспанға аз-ақ тимей тұрған Алатау ғаламат емес пе? Ал, бірақ, айтайын, сен Алматыға үйрене келе, сол Алатауға үнемі қарауға уақытың болмай қалады. Әр құбылысқа ортақ мысал осы, – деді. Мен үндей алмадым.

   Қандай ақиқат сөз! Санасы бар адамды сан сұраққа алатын айбарлы сөз осындай-ақ болар. Әбеке, біздің ұлтта сөз өнерінің құдіреті сұмдық қой. Тіріні өлтіріп, өлгенді тірілте алады. Сол қазақ «Еңкейгенге – еңкей, ол атаңнан қалған құл емес. Шалқайғанға – шалқай, ол Құдайдың ұлы емес» дейді. Кеудесін намыс кернеген бабаларымыз еңкею мен шалқаюдың аражігін ажыратып, жөнін қалай ұқтырған, ә?..

         Сізбен кездесуге келе жатып мен не ойламады дейсіз. Тағы да бағыныштылық. Енді жеке адамға, ақшалы адамға бағынасың. «Ақ толғай» әніндегідей: «Барайын десем, жер шалғай, Бармайын десем, ел қандай» күйін кешіп келем. Кенет іштей ширығып, тас түйін шешімге келдім. Талаптарымды ескерсе ғана редакторлыққа келісем, әйтпесе бәріне «нүкте» дедім.

         Сіз сұлу Көкшенің көкке бойлаған қарағайындай болып алдымыздан шығып, жылы шыраймен қарсы алдыңыз. Қасыңыздағы Сәуле қыз да сәулелі екен. Сіз сөйледіңіз, біз тыңдадық. Оңашадағы сумақай ойлар бетті басып, ұяла қашқандай бойым әжептәуір жеңілдей бастады. «Кісі сөйлескенше, жылқы кісінескенше» деген қайран қазақтың көрегендігі-ай!..

         Сіз «Айгөлектей» журналдың қазақ баласына ауадай қажет екенін ақ адал жүрекпен жеткіздіңіз. Пенде баласы мақтауды жек көруші ме еді, маған ықыластана қарап: «Сізді мен өзім білмегенмен, аналарым, жақындарым сыртыңыздан радио арқылы біледі екен. Менің жақын досым Бақыт (жазушы Қалаубек Тұрсынқұловтың ұлы) сіздің курстасыңыз болыпты. Ол да мақтайды. Біздің үйдегі Лиза сіңліңізбен КазГУдің жатақханасында көршілес тұрыпсыздар. Ол кісі де сізді жақсы көреді», – деп ілтипат көрсеттіңіз.

— Өзіңіз мен туралы мол ақпарат жиыпсыз ғой. Мен сізді Созақтай сойы бөлек топырақтың тумасы, политехникалық жоғары білімнің, мәскеулік ғылымның  иесі екеніңізді ғана білсем, – деп, әзіліміз жараса бір күліп алдық.  

— «Айгөлекті» ойыңыздағыдай шығаруға еш кедергі жоқ. Жоба-жоспарыңызды қараңыз, журналыңызды көркемдеп шығаруға бізден не көмек керек? Аянбаймыз. Қаласаңыз, мына Сәуле деген ұқыпты маманды араағайындық қызметке алайық. Редакцияның орнын таңдаңыз, ұжымда қанша адам болатынын айтыңыз, штаттық кесте құрайық, – деп, еш көлгірсусіз, күпінусіз иланымды қалыпта иманды сөз айттыңыз. Кезек маған келіп, пікірімді сұрадыңыз. Сіздің аса жоғары мәдениеттілігіңіз бен адами абзалдық қасиеттеріңіздің мысы басқан болу керек, әдептен озбауға бекідім. Сонда да:  «Әбеке, қиын шақта қолтықтан демеймін деп азаматтық танытқаныңызға алғыс айта отырып, шындықты, адалдықты, сенімді жақсы көретінімді, солқылдақ мінезділермен жанымның қас екенін алдын ала ескертіп қояйын. Кейде қатты айтып қалатыным бар, бірақ достыққа адалмын, уәдеге берікпін», – деп көзіңізге тура қарадым. Сіз тіксінбей дұрыс қабылдадыңыз. Соны сезгесін ұжымдасуға қатысты жүрегімдегі сөзді айтуға көштім. Үш мәселеде билігім болса дедім. Бірінші, ақшамен өлшенбейтін ар-намысымды қорғауда; екінші, «Айгөлектің» бар мән-мазмұнында; үшінші, ұжымды таңдауда. Қалғанына ақыл-ойымыз араласа берер. Мен бұл сөзді жетісіп айтқан жоқпын. Айтпауыма болмады. Сіз тағы да кемелдік таныттыңыз, қитықпадыңыз, «қатығына қарамай, қара көженің ыстығын-ай» деп мысқылдамадыңыз. Қайта «жалақы туралы ойыңызды айтыңыз» дедіңіз. Мен «оны есеп білетіндер шешеді, өз басым ақшақұмар емеспін» дегенді басымды көтеріп айттым. Сөйтіп, келіссөзіміз мәмілемен аяқталды.

        Сіз сөздің емес, істің адамы екенсіз. Әр қадамыңыздан «арық айтып, семіз шығудың» нәтижесін байқадық. Бізге тура орталықтан, Білім академиясы отырған ғимараттан кең, жарық екі бөлмені жалға алып, редакция жасап бердіңіз. Оны жөндеуден өткізіп, жаңалап, керекті жиһаз, жабдықтармен қамтамасыз етіп, кірсе шыққысыз кабинеттерге айналдырдыңыз. Біз үйімізге асыққандай, жұмысқа асығатын болдық. Мен терезе алдын толтырып әртүрлі гүлдер отырғыздым. Ұжым болып, бір үйдің адамындай дастархан жайып, әр күніміз мерекедей қызықты өтті.

        Қай есеппен алғанымыз есте жоқ, штатта екі дизайнер, жеті редакция қызметкері тұрақты жұмыс істеді. Еңбекақымыз жақсы болғаны ғой, көңіліміз көтеріңкі жүретін. Бүгін ертегідей естілгенімен, редакцияға қызметтік көлік бөлгеніңізді айтсаңызшы. Ешкімнің жаяу жүргісі келмей,  жапатармағай көлікке ұмтылып, «кісі» боп қалған күндер естен кетер ме, сірә?!

        Атам қазақ «біреуге қолыңды созсаң, білегіңді бер дейді» деп, астамшылықты мінеген ғой. Әу баста зейнетке шығу алдында жұмыссыз қалғанын айтып, көмек сұрап келген жазушы екі ағамыз: марқұм Әлсейіт Ақпанбетов пен Шәкен Күмісбаевтың үлкендігін сыйлап, екі-үш жылын толтырып, зейнетіне шығарып бердік. Онымен қоймай, Шәкен аға қыр соңымнан қалмай жүріп, «Қайсар бала» деген кітабын шығарту үшін, Әбеке, сізге мені жұмсап қоймағаны қазір есіме түссе, өзімді-өзім кінәлап, кешіргім келмейді. Біреудің біреуге деген ықыласын басқа біреу пайдаланып кету деген масқара екен.

        Әбеке, сіз болашақты алдын ала болжай білетініңізбен де ірісіз, кесексіз. Кімнің қолынан не келетінін, деңгей-дәрежесін қапысыз шамалай аласыз, жаңа өзгерістерді жаныңыз сүйеді. Сіз журналистік қара жұмыстың қамыты енді мойнымнан түспейтінін, оны көтергенімше ауырсынбай жүре беретінімді ерте аңғардыңыз, сосын, аяушылыққа жанашырлық қосып, өлеңімді қалдырмауға кеңес бердіңіз, жол аштыңыз. Ай сайынғы журналға бір өлеңімнің шығып тұруын ұсындыңыз. Сол ақылыңызбен бес жылда жарық көрген өлеңімді кәсіби суретшілер суретімен ең сапалы қағазға ерекше көркемдікпен «Ай сайын өсіп келемін» деген атпен тамаша кітап етіп шығарып бердіңіз. Бес мың дана кітаптың балалар шығармашылығындағы жетістіктерге сыйлыққа берілген біршамасынан басқасы бес айда түк қалмай сатылып кетті. Оның алдында «Ар бесігім, армысың!» деген шап-шағын, ерекше безендірілген суретті кітапшамды жолашар еткенсіз. Одан кейін мереке-мейрамдарға, атаулы күндерге менің өлең шумақтарыммен керемет плакаттар шығардыңыз. Ол кез келген мекеменің төрінде жарқырап тұрды. Келесі кітабымды шығаруға алақаныңызды ысқылап жүргенде, оған жұмсайтын қаражатыңызды Шәкен ағаның бұйымтайына «бұрғанымды» жоғарыда айттым ғой. Сіз одан кейін де ықылассыз қалған жоқсыз. Үлкен, қалың кітаптың макетін жасап, «Сүйінер ісің көп болса» деген өлең жолымнан тақырып қойып, тіпті біраз беттерін жасап қызықтырып, менен қолжазба күттіңіз. Ал мен өзімнің тапқан табысымдай сіздің бір кітаптық қаражатыңызды басқаға жұмсатқанымды әбестік санап, «тыйылдым» да  қалдым.

        Қытайдың ұлы ақылманы Кұңфудзы «Кісілікті тұтқан әмірші Темірқазық жұлдызы сияқты – табаны таймайды, ал қалған жұлдыздар байланады да, айналады да жүреді» депті. Әбеке, сіз сол Темірқазық жұлдызындай табаныңыз таймауымен дегдарлыққа жаныңыз үйір адамсыз.

        Техникалық білімнің нақтылығына  Тәңірден берілген алғырлық, алымдылық, алға ұмтылушылық, жаңалыққа құштарлық, білімпаздық сияқты қырларыңыз қосылып, кез келген істі нұрлы етуге жаралғансыз. Сіздің оқудан жалықпайтыныңыз, тың бастамаларға бастамашы болатыныңыз, ғылымның қай саласына да «таласыңыздың» барлығы өз алдына бір тақырып, бір ғанибет қасиет.

         Мен кейде дәл сіздей заманауи қазақ; жан-жақты, ғалым болмысты кәсіпкер азамат студенттерге дәріс оқыса ғой деп армандаймын. Алдында айтарлықтай кумирі жоқ бүгінгі жастарға тура сіздей тұлға, сөзсіз, ой салар еді. Иә, ой салар еді, жастарымыз ойы мен бойын түзер еді. Әй, осы жетілмейтін жүйені айтып, жүйке жұқартуды қоймайтыным-ай менің!

 Көпшілік республика қалаларындағы «Abdi» кеңсе тауарлары дүкендерінің иесі деп қана танитын сіздің руханиятқа қосқан қомақты үлесіңізді білетіндер жоқтың қасы. Басқа түгіл, қолдарына ұстап, қажетіне жаратып, пайдасын көріп жүрген тәрбиешілер, мұғалімдер мен оқытушылар «Осы кімнің еңбегі? Авторы кім?» деп саралап көрді ме екен? Иә, біз бас қатырып, ми жұмсап, ой шаршатып жасалатын құндылықтардың құнын білуден қалғанбыз. Бардың бағасын білмеу, қадіріне жетпеу халық үшін қасірет екенін әзір ұғатын түріміз жоқ. Біреудің байлығын, айлығын, серуен өмірін сөз қылудан басқа ермегіміз және жоқ.

 Әбеке,  сіз «Айгөлектің» тасын өрге домалаттыңыз. Бір қауым суретшіге қомақты қаржы төлеп, сан түрлі қолтаңбада тапсырыспен суреттер салғыздыңыз. Дизайнерлерді қандай шеберлікке жеткіздіңіз. Шетелдерге, Мәскеуге барған сапарларыңыздан журналға қажетті қаншама кітаптар, энциклопедиялар көтеріп келдіңіз. «Айгөлекке» қалам тартқан  шығармашылық адамының бәріне қаламақы төледіңіз. «Айгөлек» брендімен небір ғажап оқу-құрал жабдықтарын шығардыңыз.  Талабымен танылған жас тілші, жас суретшілерге арнап жыл сайын кең ауқымда «Айгөлектің достары» фестивалін өткізуге мол қаржы бөлдіңіз. Менің жолсапарларыма, еңбек демалысыма хан қызындай жағдай жасадыңыз. Сіз әкеміздей қамқор болған тоғыз жылда көрген жақсылығымыз, құрмет-сыйымыз кейінгі көретін бейнетіме қуат қорын жинап берді десем, артық айтқандық емес.

  Мақсатымнан адасатындай тағдырым қыл үстінде тұрғанда Жаратқан ием сізді кездестірді. Жаратылысымды өзгерте алмайтыныма кешірім еткені ме, жұлдызымыз қарсы болмай шықты. Айым оңынан туып, ісімізді Алла оңғарды.

Сіз анаңызды бір перзенттей-ақ ардақтайтынсыз. Азаматтығыңызға үлкен-кіші бас иетіндей абыройлы болсаңыз да, анаңызбен хабарласқанда жан жүрегіңізді жайып сөйлесіп, еркелей де, еркелете де алатынсыз. Үніңіз жұмсарып, жүзіңіз жадырап,  мейірленіп кететінсіз.

        Ортаның әсері болмай тұрмайды ғой, Алматыдағы дос-жараныңыз қылшылдаған қырық жасыңызды дүрілдетіп бірге тойлауды қалағанда да сіз «менің әр туған күнім анаммен бірге» деп, бала-шағаңызбен сонау ит арқасы қияндағы Созақтың Қарақұрына артынып-тартынып жолға шыққаныңызда «Қандай бақытты ана!» деп қызыққанбыз. Анаңыз марқұмның «қой семіртіп жатырмын» деп тағатсыздана күтетінін күліп әңгімелеуіңіз де мәністі еді.

   Ал туған жерге туын тіккен бір ер-азамат сіздей-ақ болсын! Ел-жұртыңыз үшін істемеген игілікті ісіңіз жоқ. Әйтеуір, Созаққа қарай мойныңызды созасыз да тұрасыз.  

        Жан-жағыңызды түгелдеп жүру, апа-қарындастарыңызға, бауырларыңызға деген қамқорлық басқаларға жасайтын қайырымдылығыңыздай шапағатты парасаттан тұрады. Соның бәрі тағылымды тәрбиеге айналып, толысқан мінез-құлық этикасы болып, көргенділікті қалыптастырғаны кісілік тұлғаңыздан менмұндалайды.  Танымайтын мені шын жүрекпен, биік өрелі тілекпен қазақтың бір қызы деп бағалауыңыз, мінезімнен мін іздемей, артықтау кетсем «ақын ғой» деп ақтауға бейілді болуыңыз да содан.

Маған деген көзқарасыңыз менің 50 жылдығыма «Айгөлекті» басы бүтін сыйға тартуыңызбен айғақталды. Менен гөрі әбжілдеу біреу болғанда «Айгөлектің» атымен біраз байлық жасағандай екен. Айттым ғой, мен есепке епсіз адаммын. Сіз күткендей пайдалы кәсіпке айналдыру қолымнан келмеді. Жеке басыма еш жаңару қоса алмадым.  Оған заманның беті күрт электронды ақпаратқа, гаджеттерге ауғаны қосылды. Бәрібір іргетасы мықты қаланған үйдің әбден тозғанша қисаймайтынындай, 20 жылды артқа тастаған «Айгөлек» ешкімге алақан жаймай-ақ, «ешкіні – апа, текені – жезде» қылмай-ақ, асау ағыстармен алыса жүзіп, аман-есен бар мейірімін балаларға арнап келеді.  

   Әбеке, ұмыттырмайтын ұлықты ісі, таза, ізгі ізі болса, ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды. Сеніңіз, өзіме не тілесем, сізге соны тілеймін. Сіз дегенім – отбасыңыз: Лиза ханым, Айгерім, Жанел, Ернұр балаларыңыз және тұтас «Abdi» компаниясы.

        Жүрегім соққанша, жағым талғанша «Аbdi-ді», оның бас биі –   Әбдібек Шарбекұлын, яғни Әбекеңді аузымнан тастамай өтсем, адамдыққа – адамдық, адалдыққа – адалдық парыз деп ұққанымнан шығар. Ал нарық заманының жазылмаған заңына айналып кеткен ақпарат құралдарындағы сұхбатымнан «Abdi» туралы айтқан лебіз-лепестерім жарнама делініп, ылғи алынып тасталатынына мен не дейін? Әйтпесе «Айгөлек» пен Қымбат Әбілдәқызы есімі қалай қатар айтылса, «Abdi» де солай аталуы тиіс деп білемін.

        «Сүйер ұлың болса, сен сүй, Сүйінерге жарар ол», – дейтін Абайдан асырып не айта аламыз!? Ізгіліктен жаралғандай бекзат болмысты, жаны жайсаң, жүрегі жомарт, тілегі түзу,  зиялы ұлт мақтанышына сүйінеміз, әр ісіне сүйсінеміз. Аман жүріңіз, Әбеке!

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Амангелді СЕЙІТХАН 11:19
Сегізбаевтың сексені
Амангелді СЕЙІТХАН 12.05.2021, 08:27
Оныншы тур. Озған бар
Құрманбек ӘЛІМЖАН 07.05.2021, 08:41
Тәуелсіздік жолында ту көтерген хан Кененің қазасы
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ 06.05.2021, 10:52
Қысқарған іс немесе отқа оранған «Икарус»
Бифат ЕЛТАЕВА 06.05.2021, 09:21
Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
Оңғар НАҚЫП 04.05.2021, 12:01
Шыңғыс хан рухы бізбен бірге

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06