Айнұр Жұмаш, кәсіпкер: Шетелде бизнес аша алмаймын...

Бифат ЕЛТАЕВА

24.11.2021, 10:40

342

Кейінгі кезде көпшілік жұрт «дипломым жоқ, күнімді тек кәсіппен көре аламын» деп ойлайды. Осындай оймен кәсіп туралы тренинг өткізіп жүргендерге алданғандар қоғамымызда жиі кездеседі. Мұның сырын кәсіпкер Айнұр Жұмаш білімсіздіктің салдары деп түсіндіреді.

 

–Айнұр ханым, өз кәсібіңіз жайлы толығырақ айта аласыз ба?  Бизнесті бастау жолында қандай қиындықтарға кездестіңіз?

— Негізінде, кәсіпкерлікке қатысты бірнеше салада қызмет етіп келемін. Оның ішіне мал шаруашылығы, алма бақтары, құрылыс заттары мен инвестиция, білім саласы және продюсерлік орталықтар кіреді. Кәсіп болған соң, қиындықтар да болып тұрады. Осы тұрғыда айтар болсам, кәсіпкерлердің ең көп қателесетін тұстары – «ақша салсам болды, оны көбейтіп аламын» деп ойлайтыны. Негізі, үлкен дәрежеге жету үшін ақшаны сала беру керек. Содан кейін өз уақытымен өнімді ала аласың. Бірақ соған тәуекел етіп,   кез келген  жағдайға дайын болу керек. Ал негізгі қиындыққа келсек, әйел адамдардың бизнесіне қоғамымыз дұрыс қарамайды. «Әйел адамның қолынан не келеді» деген менсінбеушілік пен бәсекелестік те бар. Дегенмен президентіміз «Әйел адамның бизнесін қолдау керек» дегеннен кейін ғана бизнесіміз жүре бастағандай.

       Бұрын қиындықтар өте көп кездесетін. Онда да үкіметке салық төлеу мен бәсекелестіктен басқа, онша қиындық кезікпейтін. Өйткені менде көбі жоспар бойынша жүреді. «Бизнесті қалай бастадың»  дегенге келсек, 21 жасымда орманнан ағаш тасып, сатушы жалдау арқылы сата бастадым. 1990 жылдардың соңғы кездері болатын. Сол жылдарда орташа тапқан табысым 5000 доллар (қазіргі ақшамен есептегенде 50 мың доллар) болды. Осылайша ағаштан басталған кәсібім достарыммен бірігіп коттедж салып, сатуға жалғасты. Оның ішінде кәсіпті дамытқан ең басты нәрсе – инвестицияға ақша салу болды. Ол уақыттарда маркетинг болмаған соң, компанияларға инвестицияға ақша салу сенімдірек еді. Бір жағынан, тәуекел етіп, ақша салуға да қорықпадық.

– Қазіргі таңда  қанша адамды  жұмыспен қамтып отырсыз?

— Әртүрлі саладағы кәсіптерім бойынша жалпы 50 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырмын. Алма бағында 10 адам, мал шаруашылығында 10 шаруа, продюсерлік орталықта үш адам жұмыс істейді. Қалған жұмысшылар компанияда қызмет атқарады. Көп кәсіп ашқанның бір жақсы жері – пандемия кезінде білінеді екен. Өйткені пандемия уақытында продюсерлік орталық пен білім саласындағы кәсіптерім тоқтап қалса, мал шаруашылығы мен алма бағына әсер еткен жоқ. Себебі тағам әркез сұраныста болғандықтан, қай кезде де өзектілігін жоғалтпайды.

–  Былтыр Жетісу ауданында балаларға арналған домбыра мектебін ашуға жәрдемдескен екенсіз. Қазір үйірменің жайы қалай?

– Сол кездегі Жетісу ауданының әкімі, қазіргі қала әкімінің орынбасары Мақсат Кикимов «Домбыра орталығын ашсақ көмектесесіз бе?» деген ұсынысын білдірді. Қазақ балаларына көмектессек деген ниетпен ұсынысқа келісіп, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, керекті жиһаздарын алып бердім. Қазір бұл орталықта 100-ден астам оқушы тегін үйірмеге қатысып жатыр. Жалғыз қазақ емес, өзге ұлттың балаларының да домбыраға қызығушылықтары оянған.

– Кәсіпкерлік саласында тәжірибеңіз жетерлік. Болашақта кәсіппен айналысамын деген қыз-келіншектерге айтар қандай кеңесіңіз бар?

— Ең бірінші адам өзіне сеніп, тәуекел ете алуы қажет. Көбісі ақша салып, миллиондап аламын деп алданып та жатыр. Ол дұрыс емес. Ешкімге алданып қалмау үшін, ең бастысы, білімді болу керек. Білім болмаса, кәсіп бастау қиын. Егер базарда жай ғана сауда-саттықпен айналысып, нан сатқанның өзінде сауатты болған дұрыс. Сондықтан  кәсіппен айналысамын деген қыздарға «бастысы, оқыңдар» дегім келеді. Бірақ оқимын деп, неше түрлі коуч-тренингтерге қатыса бермей, өздері кітаптан, ғаламтордан ізденуіне болады. Нақты айтқанда, өзіне-өзі сеніп, білім іздеп, тәуекел ете білу қажет.

— Ал «Түркияға барып, ешкімнің көмегінсіз кәсіп аштым» деп тренинг өткізіп жүрген кәсіпкерлер туралы не айтасыз? Жалпы, шетелге барып, кәсіп аша салу мүмкін бе?

— Оған сенбеймін. Шетелге барып, бизнес ашу тек мықты миллионер болсаң ғана қолыңнан келер. Өзімнің қанша кәсібім болса да, шетелде бизнес ашамын дей алмаймын. Өйткені бірінші өзімді, сосын  қазақ азаматтарын жұмыспен қамтып, қолдан келгенше көмегімді беріп, жарылқап алайын. Ал аз уақытта барып, кәсіп аша салу мүмкін емес. Қыз-келіншектер «шетелде кәсіп ашып, байып жатырмын» деп жүргендерге сеніп, алданбағаны дұрыс.

– Кәсіптің  өзіне  тән  қызығы да,  шыжығы да  жетерлік  болар...

— Қиыншылықтар кездеспейді. Бірақ қызықты сәттер жиі болып тұрады. Мәселен, кәсіпкерлерден қарапайым адамдар көмек сұрап жататын кездер болады. Көмектеспесе қарғап-сілеп шығатындар да бар. Ешкім ешкімге міндетті емес. Сонда да тапқан табысымнан айына 100 мың теңгеден қайырымдылыққа беріп отырамын. Өзім көпбалалы отбасыдан шыққаннан кейін көпбалалы аналарға үнемі көмектесуді ұмытпаймын. «Көмектесуге тиіссіз» дейтін адамдар да кездесіп жатады. Бірақ бәріне бірдей көмектесу мүмкін емес.

       Ал өмірімдегі ең ұмытылмас қызықты сәтті айтар болсам, 25 жасымда бір ағаға көмектескен едім. Ол кісінің төрт баласы мен қайтыс болған інісінің төрт баласын қосқанда, сегіз баланы жалғыз өзі бағады. Өздері кішкентай ғана бір бөлмелі жатақханада тұрады екен. Сол уақытта алайын деп тұрған үйімді сол кісіге бердім. Өзім қызыммен бірге жалдамалы үйде тұрып жатқандықтан, «Неге бересің? Өзің тұрмадың ба?» деп ұрысқандар да болды. Сонда оларға «ештеңе етпес, кейін өзімнің 10 үйім болады» деп жауап беретінмін. Ол кезде жай айтқаныммен, қазір шынымен де сондай үйім болады деп ойламадым. Одан бері қаншама жыл өтті. 2019 жылы үлкен бір мекемеге демеуші ретінде шақырған болатын. Сонда бейтаныс  адамдар үлкен гүл шоқтарымен, сыйлықтарымен қарсы алды. Аң-таңмын. Сөйтсем,  араларында баяғыда өзім көмектескен жалғызбасты әке отыр екен.  Қанша жыл өткен соң,  балаларына мені іздеттіріп, тауып алған көрінеді. Содан ол кісілердің жағдайлары қазір біршама жақсарса да, мен сыйға тартқан екі бөлмені әлі күнге дейін сатпай, сақтап отыр екен. Сыйымның қарымтасы ретінде сол екі бөлменің қазіргі құнымен бірдей сыйлық жасап, алмасыма қоймады. Сондағы түйген ойым – қандай жақсылық жасасаң да, мейлі 10-20 жыл өтсін, қайтарымы болады екен. Мұны мен мақтаныш ретінде емес, біреуге үлгі болсын деп айтып отырмын.

–  Қазақстанда кәсіпкерлерді қолдау қаншалықты деңгейде?

— Қазақстанда кәсіпкерлерге айтарлықтай қолдау бар. Мәселен, «Самұрық-Қазына», үкіметтен, әкімдіктерден кіші бизнеске субсидия бөлінген. Өзім білетінімді айтсам, қазіргі таңда Алматы қаласы әкімдігінің жанынан көпбалалы аналарға, жетім-жесірлерге конкурс жариялап, кәсібін дамытып, көркейтсін деп, 5 миллион теңге көлемінде субсидия беріліп отыр. Конкурстан ұтып, кәсібін дөңгелетіп жүрген көпбалалы аналарды да көріп жүрмін. Ал өзіме қажетсіз болғандықтан, оған қатыспадым.  Алдағы уақытта қатысып көруім де мүмкін.

– Елімізде кәсіпкерлерге қандай да бір кедергілер бар ма?

–Жалпы, кедергі ешқандай бизнесте жоқ. Тек екі кәсіпкер келіспей, бәсекелесіп, бір-біріне кедергі келтіруі мүмкін. Ал мемлекеттен айтарлықтай кедергі жоқ деп ойлаймын.

– Табысты кәсіпкер болу үшін не істеу қажет?

— Ең алдымен, жоғарыда айтқанымдай, білімді болу қажет. Одан кейін қайырымдылықты көп жасау қажет. Табыс тауып, оның бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсасаң, кеміп қалмайсың. Ол бәрібір, айналып келгенде, орнын толтырып отырады.

— Құпия болмаса, көпбалалы аналардан бөлек, тағы кімдерге қайырымдылық жасайсыз?

— Өте көп. Мәселен, қарт кісілерге де көмектесіп отырамын. Жетісу ауданының қарттарына өз қалтамнан «Жас Алаш» газетіне жыл сайын жаздыртамын. Жексенбілік демалыстарын ұйымдастырып, тауға шығарып тұрамыз. Қарттар күнін арнайы мейрамханада тойлап, сыйларын жасаймын. Ал көпбалалы отбасыларға үй алып беріп, балаларына планшет, ноутбук, киім-кешектерін алып беруге тырысамын. Одан бөлек, Жетісу ауданына әл-Фарабидің ескерткішін орнатуға қаржылай көмектестім. Алдағы уақытта балаларға арнайы үйірме ашу жоспарымда бар.

— Әңгімеңізге рақмет.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Оңалбек ӘУЕЛБЕКОВ 02.12.2021, 13:12
Қажымұқанды насихаттау – қазақты құрметтегенмен бірдей
Жақсыбек САЙЛАУБАЙ 02.12.2021, 11:19
Ана - бақыт, ана - деген шырағың!
Жарас КЕМЕЛЖАН 02.12.2021, 09:00
Светқали Нұржан: Басымды шауып тастаса да, тілімді кесіп, қаламымды тартып ала алмайды
Қуандық ТҮМЕНБАЙ 01.12.2021, 16:47
Саябақтағы классикалық әуен
Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ 01.12.2021, 09:10
Қазақ философиясындағы дара тұлға
Индира БІРЖАНСАЛ 30.11.2021, 18:08
Жастармен бірге тыныстайтын басылым

Аңдатпа


  • 14 мыңнан аса сотталушы босатылады, Сенат рақымшылық заңын қабылдады
    02.12.2021, 15:50
  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00