«Орыс тілі мен әдебиеті пәнін мектеп бағдарламасынан алып тастау қажет»
16.09.2023, 13:50
4989
Өздеріңізге мәлім, қазақ мектептерінде «Орыс тілі мен әдебиеті» деген пән бар. Онда негізінен орыс тілінің грамматикасы, орыс ақын жазушыларының шығармалары және әлем әдебиетінің бірлі жарым классиктері орыс тілінде өтіледі. Осылайша қазақ мектептеріндегі қазақ балалар орыс тілін және орыстың әдебиетін мектеп қабырғасынан бойына сіңіреді, Толстойды оқиды, Пушкинді жаттайды. Әрине, әдебиет адамды ізгілікке жетелейді, адам жанын нұрландырады десек те осы пән төңірегінде үнемі дау-дамай туындайды. Біреулер «мұндай пәнді алып тастау керек» десе, енді біреулер «оның несі жаман, өте берсін» дейді. Жақында бұл мәселе парламент қабырғасында да көтерілді. Бұл жолы да даттағандар мен жақтағандар екіге бөлінді.
«Жас Алаш» қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселені талқыға салып көрді. Дөңгелек үстелге жазушы Жүсіпбек Қорғасбек, филолог ғалым Әлмира Қалиева (филолог ғалым М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары) және ұстаз Эльмира Сламғалиева (А.Мәлкеев атындағы Есік мамандандырылған дарынды балаларға арналған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернаты, Орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі) қатысты.
«Жас Алаш»: – Өздеріңіз де білесіздер, соңғы уақытта қоғамда мектеп бағдарламасынан «Орыс әдебиеті» пәнін алып тастау туралы мәселе қызу талқыланып жатыр. Оның орнына «Әлем әдебиеті» пәнін енгізу туралы да ұсыныстар айтылуда, бұған қалай қарайсыздар? Мұның қандай артықшылық, кемшілігі бар?
Жүсіпбек Қорғасбек: – Бұл басы ашық нәрсе. Дүниежүзіндегі үлкенді-кішілі мемлекеттер сияқты біз де тәуелсіз елміз. Сондықтан барлық салада өзіміздің тәуелсіз саясатымыз болуы керек. Міне, осы тұрғыдан алып қарағанда мәдениет, әдебиет, руханият бәрі мен айтып отырған саясаттың ішіне кіреді.
Қазір бұқаралық ақпарат құралдарының заманы өтті, оның орнын медиа коммуникация басты. Дәл осы медиа коммуникацияның тұсында кітап, театр, кино, музыка сияқтының бәрі кәдімгі газет-журнал, телерадио секілді ақпарат тарататын құралға айналады. Тіпті айналып та кетті. Қайбір театртанушының айтқан сөзі бар: «Сахна ашылған кезде ақпарат көрерменге қарай лап қояды» деп. Көрдіңіз бе, мұнда ақпаратқа баса мән беріп отыр. Сондай-ақ бұрын ақпарат жоғарыдан тарайтын, бақыланып, қадағаланып отыратын, ал қазір ақпарат бақылаусыз төменнен жоғарыға қарай тарайды. Медиа коммуникацияның ерекшелігі де осында, бұған кітапты да кіргізуге болады. Себебі ол да ақпарат таратады және саясатқа белгілі дәрежеде әсер етеді. Сондықтан бір елдің әдебиетінің екінші бір елдің әдебиетінде ғана емес, саясатында да экспансия жасау мүмкіндігі өте жоғары. Осы тұрғыдан айтсақ, біздің бір елдің ғана әдебиетін бөліп алып, оны жеке оқытуымыз тәуелсіздік қағидамызға да қайшы.
Әлмира Қалиева: – Орыс әдебиетінің, жалпы, мәдениетінің қазақ қоғамын өзге әлеммен байланыстырушы рухани көпір қызметін атқарып келе жатқанына ғасырдан астам уақыт өтті. Оған сөз өнері аясында көркем аударманың бір өзі ғана жақсы мысал бола алады. Бірақ кез келген ұлттың рухани өсу жолында жаңаны тануға деген талпыныстар болады ғой. Сондықтан «Әлем әдебиетіне» басымдық беретін уақыт келді деп есептеймін. А.Пушкин, Ф.Достоевский, Л.Толстой сынды әйгілі қаламгерлерімен танымал орыс әдебиеті сол әлем әдебиетінің ауқымында оқытылса, өз орнын жоғалтпайтыны сөзсіз. Білім жүйесі мен оқытудағы мұндай беталысты ұлттық мүдде тұрғысынан бағалаған жөн. Кеңінен алып қараса, бұл үрдіс – заман талабынан туындаған тарихи-мәдени процесс. Қоғамның шынайы рухани сұранысы осыған алып келді. Осы тақырып төңірегінде қоғамда түрлі пікірлер айтылып жүр. Бірақ бұл мәселемен мамандар айналысуы қажет деп ойлаймын.
Эльмира Сламғалиева: – Мен 21 жылдан бері Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімін. Өз басым мұндай сабақ оқытылуы керек деп ойлаймын. «Жаман халық болмайды, жаман адам болады» деген сөз бар ғой. Сондықтан орыс әдебиетінен іргемізді алыс салудың қажеті жоқ. Мысалы, Л.Толстой, Ф.Достоевский сияқты жазушыларды оқудың балаларға пайдасы мол. Әрі бұл қаламгерлердің бәрі әлемдік әдебиетте орны бар тұлғалар. Оны оқығаннан, білгеннен балалар ештеңе жоғалтпайды. Керісінше, білім көкжиегі кеңиді. Бір тілді білсе, сол ұлттың әдебиетін жете түсінсе, оның балаға тигізер қандай зияны бар. Керісінше, пайдалы емес пе? Сол себепті мен орыс тілі мен әдебиеті пәнін мектеп бағдарламасын алып тастауға қарсымын. Жалпы, бұл пәннің сағаты да көп емес. Осы орайда мына бір дүниені ашып айта кетейін, негізі қазақ мектептерінде «орыс әдебиеті» деген пән жоқ. Қазіргі программа бойынша аптасына үш сағат өтіледі. Бірақ орыс тілі мен әдебиеті бір пән, бір кітап. Онда орыс тілі және әдебиеті бар. Алдымен грамматика өтіледі, кейін мәтін ретінде ақын-жазушылардың шығармалары беріледі.
Ж.А: – «Орыс әдебиетін» оқыту мен «Әлем әдебиетін» оқытудың қандай айырмашылығы болады? Осыны білім, идеология, таным тұрғысынан талдап көрейікші...
Ж.Қ: – Орыс әдебиеті қазір біз үшін барлық шетел әдебиетімен бірдей. Ертеректегі классикалық әдебиетін айтпағанда олар да біз сияқты социалистік реализмнен шықты. Ал қазір шетел әдебиетінің қалай өскенін көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Сондықтан орыс әдебиетін де шетел әдебиеті деп бәріне тең қарауымыз керек. Әсіресе бір бағытта, бір елдің әдебиетін ұстанып қалуға мүлде болмайды. Мұның ақыры – сол елдің әдебиетінің көшірмесіміз, солардың соңынан ерушіміз деген мағына қалыптастырады. Қазір көптеген жастарымыз шетелден оқып келіп жатыр, олар әлем әдебиетін бес саусағындай біледі. Осы тұрғыдан айтқанда алдағы уақытта біздің руханиятта ғана емес, ұлттың ішінде көзқарас, таным жағынан өз арамызда іріткі түсуі, текетірес туындауы мүмкін. Шынын айтқанда, жастар мен алдыңғы буын онсыз да сынық жүзді, осы мәселе соны ұлғайтып жіберуі әбден мүмкін. Сондықтан біз алыс келешекті ойласақ «Орыс әдебиеті» дегенді алып тастап, оның орнына әлем әдебиетін оқытуымыз керек. Мұның біз жоғарыда айтқаннан да өзге артықшылығы көп.
Енді осы тұста «орыс әдебиетін кімдер оқиды, оның артықшылығы неде?» деген сауал туындауы мүмкін. Мен мұны зерттеп көрдім. Мысалы, орыс әдебиетін ең көп оқитындар жапон жазушылары. Әсіресе Нобель сыйлығын алған қаламгерлерінің сұхбаттарынан, жазғандарынан мұны анық аңғаруға болады. Сонда олар кімдерді оқыды дейсіз ғой, айтайын Л.Толстой, Ф.Достоевский, И.Тургенев. Енді қараңыз, біз тізіп отырған «әлем оқиды» дейтін жазушылардың бәрі социалистік реализмнен бұрын өмір сүрген қаламгерлер. Олардың патшалық Ресей туралы қандай ой-пікір айтқанын біз жақсы білеміз. Әрине, орыстың классикалық әдебиеті бөлек дүние, ондай әдебиет шетелде де бар, ол да сондай деңгейде оқытылуға тиіс деп ойлаймын.
Кейбір жазушыларымыз мектепте алған білімін бетке ұстап, «біз орыс әдебиетінсіз алысқа бара алмаймыз» деп, «Орыс әдебиетін» мектеп бағдарламасынан алып тастауға қарсы шығып жатыр. Бұл қате түсінік.
Орыстың классик жазушыларды есепке алмағанда, қазіргі жазушылары әлем әдебиетінен көп кейін қалып кетті. Мұның басты себебі – социалистік реализм және тоталитаризм. Әйтпесе, бұл елден де талай толстойлар шығар еді. Осындай дүниелерді ескере келіп, мектепте әлем әдебиетін оқытқан дұрыс, ал орыс әдебиеті соның ішінде оқытыла берсе жеткілікті.
Ә.Қ: – Абай дәуірінде орыс әдебиетіне ұмтылыс қандай болса, қазіргі таңда әлем әдебиетіне деген табиғи тартылыс та сондай. Бұл екі ұғымды (орыс әдебиеті мен әлем әдебиетін) бір-біріне қарама-қарсы категориялар ретінде зерделемеуіміз керек.
Оқу бағдарламасына «әлем әдебиетінің» жеке пән ретінде кіруінің негізгі артықшылықтарына тоқталайықшы. Біріншіден, педагогикалық тұрғыда «әлем әдебиетін» оқыту арқылы берілетін білімнің өзі – жаңа құндылық. Себебі білім мазмұны өзгереді, толығады. Екіншіден, таным көкжиегі кеңейеді. Жаһандық сөз өнерінің үздік туындыларымен сусындаған жас ұрпақтың бір сатыға болса да жоғары өрлейтіні даусыз. Зайырлы қоғам мүшесі ретінде өзіндік көзқарасы мен ұстанымы бар тұлғалар қалыптасады. Үшіншіден, бұл мәселе туралы сөз қозғалғанда, әрине, ұлттық идеологияға соқпай кетпейміз. Ұлт әдебиеті мен одан тыс әдебиет ауқымын зерделеуде ғылыми жүйеленген тұжырымдама қалыптасуы керек. Жалпы, осы үдерісті ұлттық трансформацияның бір бөлігі ретінде қарастыру ләзім.
Э.С: – Айтарлықтай өзгеріс болады дей алмаймын. Себебі пәннің аты «Орыс тілі мен әдебиеті» деп аталғанымен, онда әлемнің орыстан өзге классик ақын-жазушылары да беріледі. Мұндағы өзгешелік – әлем әдебиеті орыс тілінде өтеді.
Ж.А: – Егер «Әлем әдебиеті» пәні енгізілсе, нақты қандай мәселелер туындауы мүмкін? Мысалы, «әлем әдебиетінен сабақ беретін кадр тапшы» деген пікір айтылады, осыған алдымен Жүсіпбек аға сіз жауап беріңізші?
Ж.Қ: – Олай емес, бұл қате пікір. Қазір әлем әдебиетінен хабардар, шетелден жан-жақты білім алған біздің көптеген мамандарымыз бар. Егер соларға жоғары оқу орындарында дәріс оқы десеңіз, қосымша жұмыс ретінде істей береді. Осындай қарапайым әдіспен-ақ кадр дайындауға болады.
Ә.Қ: – Бұл бір күнде жасала салатын оңай шаруа емес. Жаңа мазмұнды пәнді өз деңгейінде оқыта алатын кадрлар әлі дайын емес. Мектеп бағдарламасына жаңа пәнді енгізбес бұрын соны оқытатын мұғалімді дайындайтын ЖОО бағдарламасын қайта қарау қажет. Ал университеттерімізде әлем әдебиеті қаншалықты терең әрі жан-жақты оқытылып жүр?!.. «Әлем әдебиеті пәнінің мұғалімі» деген мамандық жоқ. Шетел филологиясында оқудың басым бөлігі тіл үйренуге қарай ойысып кетеді. Сонымен қоса, орыс әдебиетінен сабақ беріп жүрген ұстаздардың жайы қалай шешілмек?.. Олардың біліктілігін ауыстыру арқылы кадр тапшылығы мәселесін түбегейлі шеше алмайтынымыз да айдан-анық.
Сондай-ақ оқулықтар әзірлеу қажет. Айта кетейін: соңғы 3-4 жыл шамасында «Мектеп кітапханасын» қалыптастыру бойынша да бастамалар көтеріліп, осыған қатысы бар кей мекемелер оқуға ұсынатын шығармалар тізімін жариялады. Балаларды әлем әдебиетінің жауһарларымен мектеп қабырғасында кеңінен таныстыру мәселесі осы тұста да біраз қаузалды. Енді сол сауал іргелі мәселеге айналып келе жатыр.
Э.С: – Мұндағы басты мәселелердің бірі – орыс және әлем ақын-жазушыларының шығармалары (әсіресе жастар) әлі де толық қазақ тіліне аударылып бітпеді. Сонда оны балаға қалай түсіндіреміз? Біз түсіндірген күннің өзінде бала шығарманы орыс тілінен оқуға мәжбүр. Ал егер осындай өзгеріс енгізіліп, оқулықтар жазылып, программасы дайын болса, әрине, оқытуға болады. Бірақ мынадай бір мәселе тағы бар. Мұны жоғарыда Әлмира ханым дұрыс айтты. Мысалы, мен педагог ретінде енді әлем әдебиетін қазақ тілінде беруім керек. Алайда оған менің дипломым орыс тілі мен әдебиеті, жаңа пәнге жарамайды. Сондықтан реформа бірден іске асса, біраз қиындықтар туындайды. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдерінің сабақ саны қысқаруы, тіпті олар жұмыссыз қалуы да мүмкін. Осыны да ойлаған жөн. Мұндай дүниелер туындамас үшін, алдымен негізгі мәселелерді шешіп алғанымыз дұрыс.
Қорыта айтқанда, мұндай реформа бірден бола салмағаны абзал. Шынын айтқанда, дәл осы жылы орыс әдебиетін оқытып, келесі жылы оның орнына әлем әдебиетін оқытуға мұғалімдер де, оқушылар да дайын емес.
Ж.А:– Енді осы жерде аудармаға қатысты сұрақ туындайды. «Көптеген шығармалар қазақ тіліне аударылмаған, аударылғандарының сапасы сын көтермейді» деген пікірлер жиі айтылады. Бұған не айтасыздар?
Ж.Қ: – Мұны дұрыс айтып отырсың. Аударма мәселесі мені де көбірек алаңдатады. Қазір тіпті шет тілінен аударылған кітаптарды оқу сәнге айналды. Бұл жердегі басты түйткіл – біздің ұлттық тіліміз аударманың тіліне айналып бара жатыр, бұл біраз қасаңдау тіл. Негізі аударма мәселесі, оның сапасы бір сауалдың аясына сыймайды, мұны арнайы әңгіме ету керек. Бірақ бұған бола «орыс әдебиеті оқыла берсін» деген әңгіме айтылмауы тиіс. Қалай болғанда да орыс әдебиетінің орнына әлем әдебиеті оқытылғаны дұрыс.
Ә.Қ: – Сыныптан тыс уақытта оқушы әлем әдебиетін түпнұсқадан оқи ма, әлде орысша тәржімесі арқылы таныса ма – ол өз еркінде. Ал бағдарлама аясында бұл пән қазақ мектебінде қазақша оқытылуы керек. Иә, көркем аударма саласы бұл мәселені біржолата толық шешуге дайын емес. Дегенмен әлем әдебиетіне жеке пән мәртебесін беру мәселесіне кірісетін уақыт жетті. Жоғарыда айтқан проблемалар жиынтығын ескере отырып, бұны кезең-кезеңімен іске асырса, алдымызда жаңа қиындықтар туындай қоймас.
Ж.А: – Пікірлеріңізге рахмет!
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР