«Әлихан Бөкейханның атылған күні ұлт үшін аза тұтып еске алу күні болуы тиіс»

Арайлым ЕРКЕБАЕВА

28.09.2022, 13:35

908

27 қыркүйек Алашорда ұлттық автономиясының тұңғыш төрағасы Әлихан Бөкейханның атылған күні. " Мен ешқашан Совет өкіметін сүйген емеспін, бірақ мойындадым " Алашорда төрағасы  Әлихан Бөкейханның атылар алдындағы соңғы сөзі осындай болған.

«Тірі болсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп Алаш елінің азаттығы үшін  ақтық демі үзілгенше күрескен қайраткер Әлихан Бөкейхан халыққа қызмет көрсетудің үлгісін көрсетіп халық жадында мәңгі қалды. Өз ұлтының азат болып өзге елдермен терезесі тең болып өмір сүруі үшін орасан зор еңбек еткен Алаш баласының мүрдесі кеңестің озбыр, қатігез саясатының салдарынан туған жеріне оралмады.

1937 жылы  27 қыркүйекте Алаш қайраткері, тәуелсіздік күрескері Әлихан Бөкейханға " халық жауы " деген жалған айып тағылып, ату жазасына кесілді. Кеңестік қызыл империяның жендеттері үкімді сол күні орындаған. " Мен ешқашан Совет өкіметін сүйген емеспін, бірақ мойындадым" деп соңғы сөзін айтқан Әлихан Бөкейхан Алаш мұратын сатпағанын, елін азаттыққа сүйреген отаншылдық жолынан жазбағанын ашық жеткізген. Мәскеудегі Бутырка түрмесінде атылған Алаш қайраткерінің денесін қызыл жендеттер өртеп, күлін Дон зиратына көмген.

Қарағанды жастары тарих парағында  Әлихан Бөкейхан атылған күн болып қалған 27 қыркүйекте Алаш қайраткерінің туған жері Ақтоғай ауданына барды. Жастар Әлихан Бөкейханның ата — анасы, туған — туыстары жерленген «Талдыбейіт » қорымының басында Алаш арысының рухына құран бағыштап, құрбандыққа мал шалды. Еске алу шарасының ұйымдастырушысы, идея авторы Зарина Әшірбек келешекте Алаш қайраткерінің соңғы демі үзілген 27 қыркүйек аза тұту күні болып жарияланса деген ойын ортаға салды.

" . «Тірі болсақ, алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар», — деп азаттықтың ақ таңын армандап кеткен Әлихан Бөкейханға туған жерден бір уыс топырақ бұйырмай, жырақта атылды. Сүйегі күл болған ұлт көсемінің жаназасы шығарылмай, мәйіті жерленбей қалды… Күні бүгінге дейін бұл қаралы датаға мән бермей келдік. Халқымыздың азаттығы мен еркіндігі жолында жанын құрбан еткен Әлихан Бөкейхан бабамыздың рухына тағзым ету – перзенттік парызымыз. Алашты іздеуші жастар бар да, Алаш рухы ешқашан өшпейді. Шараның мақсаты – Азаттық жолында құрбан болған бабамызды еске алып, рухына тағзым ету. Өнегелі бастама арқылы бұл қаралы күнді жалпыұлттық деңгейге көтеріп, Аза тұту күніне айналдыруға бастамашы болу. Жас қабілет иелерін Алаш арысының азаматтық болмысы мен қайраткерлік ұстанымымен таныстыру. Даңқты баһадүр бабамыз басқан әр ізді ұрпақ жадында жаңғыртып, өскелең ұрпақтың санасына рух, жанына жігер беру", — деп мәлімдеді Зарина Әшірбек.

Әлихантанушы Тұңғышбай Мұқан Қарағанды жастары ұйымдастырған шараға " тыңнан түрен салған батыл бастама " деп баға берді. Дала академигі биыл ел тарихында тұңғыш рет 27 қыркүйек «Әлихан рухына тағзым» күні ретінде белгіленіп отырғанын атап өтті.

"Әлихан Бөкейхан Алаш қозғалысының қайраткері, «Алаш» демократиялық партиясының, «Алашорда» ұлттық автономиясының төрағасы, ұлт көсемі, дария білімді ғұлама ғалым, фольклоршы, этнограф, аудармашы, журналист, Абайтанушы, «Бүкіләлемдік шынайы, даңқты қайраткер» деп танылған дара тұлға. Қазақ даласындағы контрреволюциялық қозғалыстың жетекшісі деген жалған жаламен бүкіл тағдыры тауқыметке түскен, 6 рет түрмеге жабылып, 8 жыл айдауда, 15 жыл үй қамақта отырып, екі мәрте ату жазасына кесілген Әлихан Нұрмұхамедұлының «Мен ешқашан Совет өкіметін сүйген емеспін, бірақ мойындадым» деген Бутырка түрмесіндегі соңғы жауабымен аяқталып барып атылған қасіретті, қаралы күн 27 қыркүйек. Осы күнді аза тұтып еске алу  шарасына айналдыру туралы жас журналист, қоғам белсендісі  Зарина Әшірбектің идеясын батылдық деп есептеймін",-дейді Әлихантанушы Тұңғышбай Мұқан.

 Қарағанды жастары Алаш арысының кіндік қаны тамған қасиетті мекен – Ақтоғай өңірінің тарихымен танысып, Жекежал қыстағының орнын көрді. «Әлиханның шырақшысы» атанған дала академигі, белгілі өлкетанушы Тұңғышбай Мұқанмен бірге «Хан тағы» аталған қасиетті қара тасқа шығып, Әлихан Бөкейханның туған жерінде қола дәуірінен сақталған петроглифтер әлемін көріп, ой түйіп қайтты.

Тегтер: қоғам пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Зинаханым КҮНЕШҚЫЗЫ 11:24
Жерім деп өткен ер еді...
Темірғали КӨПБАЙ 10:52
Қойшының түсі
Гүлзира СЕРҒАЗЫ 30.11.2022, 08:47
Раушан сарыны, қобыз зары, аққу сазы
Сайт әкімшілігі 29.11.2022, 15:41
Мәскеуде "Қазақстан аруы-2000" байқауының қатысушысы өлі табылды
Бифат ЕЛТАЕВА 29.11.2022, 10:09
Дарынды балалар – жарқын болашақтың бастауы
Сайт әкімшілігі 28.11.2022, 22:34
«Orda zhekpe-zhek Championship-1» халықаралық кәсіпқой түрнирі өтті

Аңдатпа


  • Кеше мақтап, бүгін даттап, Жаңбыршиндер жүр қаптап...
    09:06
  • Қазақстанның тәуелсіздігі қыл үстінде тұр
    08:59
  • Назарбаев – елдің өткен шағы
    08:55
  • Барға бар, жоққа жоқ мемлекеттік бағдарламалар
    30.11.2022, 08:45
  • Мұғалім мәртебелі ме?
    30.11.2022, 08:43