Алтын адамның алтынын сақтап, бас сүйегін қайда жібердік?

Бифат ЕЛТАЕВА

23.11.2020, 14:38

2545

Қазақ тарихында ойып тұрып алар орны бар Алтын адамға қатысты сұрақ көп. Олай дейтініміз, Есік қорғанынан табылған алтын киімді сақ жауынгерінің өзі көп зерттелгенімен, бас сүйегінің қайда екені бізге әлі күнге беймәлім.

Есік қорғанынан табылған Алтын адам 1970 жылы Есік қорғанында табылды. Темір дәуірінен сақталған сақ обасынан табылған алтын киімді сақ жауынгерінің мүрдесін белгілі археолог Кемел Ақышев тапқан еді. Содан бері алтын адамның табылғанына 50 жыл өтті. 

Алтын адам туралы мәліметтерге келсек, бұл адамның жасы шамамен 16-18-де. Табылған қорғаны б.з.б. VII-VIII ғасырға яғни, темір дәуіріне жатады.  Алтын адаммен қатар 4000-нан аса алтын заттар, қылыш, қыштан жасалған 31 ыдыс, күміс табақтар, ағаш қасық, қола айна болған. Ғалымдар оның бас киіміндегі төрт жебесіне қарап, билеуші әулетке жатады деп топшылады. Сонымен қатар ғалымдар табылған адамның қалдықтары әйелдікі болуы да мүмкін дейді. Себебі, басындағы 70 сантиметр сәукелеге ұқсайтын баскиім мен саусақтарында екі сақина киілген. Сақинадағы суретте Күн құдайы Митра бейнеленгенін де айтады. Осындай құнды мұрамыздың ендігі бас сүйегіне келетін болсақ, оның қайда кеткені бізге әлі де беймәлім күйде. Бұл жөнінде Ерлан Жасыбаев Алтын киімді ханзаданың моласын ашқанда оның басының да бірге табылғанына күмәні жоқ екенін айтады.

 Кейбір ақпараттарда антрополог Бекмұханбет Нұрмұханбетов Оразақ Смағұлдың бөлініп қалған бас сүйекті желімдеп, бір-біріне жапсырмақ болғанын талай рет есіне алған. Бірақ осыдан кейін бас сүйектің қайда кеткенін ешкім білмейді. Бастың денеден ажыратылу себебі еш құжатта көрсетілмеген. Оразақ Смағұловтың алғашқы сараптамасынан кейін экспедиция басшысы болған Кемел Ақышевтың сүйекті тағы да қосымша зерттеу үшін бір жаққа жібермек болғаны ғана белгілі. Бірақ сүйек сол бойы жоғалып кеткен. Ал кейбір ақпарттар бойынша Бекмұхамбет Нұрмұханбетов бас сүйекті көзбен көргені жөнінде жазылған. Яғни, қазба жұмыстары кезінде құралдардың бірі шалыс тиіп, бас сүйек екіге бөлініп қалған екен.

 «Жас Алаш»  Алтын адамға қатысты «Есік» қорық музейінің директор орынбасары Досым Қуатұлы Зікірияға бірер сұрақ қойып көрді:

— Алтын адам сүйегінің табылғанына 50 жыл уақыт болды. Бірақ бас сүйегінің қайда кеткені не себепті бізге беймәлім?

— Өздеріңізге мәлім 1970 жылы Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласының маңынан Қазақстанның әйгілі олжасы Алтын адам табылды. Өз кезегінде, тіпті күні бүгінге дейін осынау әйгілі қазына Қазақ археологиясының алдыңғы қатарлы  олжаларының бірі болып келе жатса да біз оның алтынына ғана мән беріп келдік. Ал негізгі мәлімет беретін сүйекті мүлде ұмытып кеттік. Дегенмен, Алтын адамның сүйегі табылғаны туралы барлығыңызға мәлім болғандықтан,  оны қайталап айта бермеймін.  Ең бастысы,  сүйек табылғанымен, бас сүйегі жоқ боп шықты. Ал бас сүйектің өзі 1970 жылы қазба жұмыстары барысында қатты бүлінгені белгілі болған еді.  Қабірдің бетіне жапқан бөренелердің бірі шіріп құлаған кезде тура басына түсіп, бет сүйекті талқандап кеткен екен. Алтын адам табылғанда оның шүйдесі, астыңғы жағы мен маңдайы ғана аман сақталған еді. Ал біз бас сүйекті іздестіру барысында архив құжаттарын көтеріп көрдік. Алайда еш мәлімет табылмады. Әйгілі антрополог Оразақ Смағұлов өзінің бір бір сұхбатында бас сүйекті зерттеп қорытынды берген соң оны К. Ақышевқа қайтарып бергенін айтады. Дегенмен, әлі де болса үміт үзбейміз. Табылып қалар деп жүрміз.

— Алтын киімді ханзаданың бассыз сүйегі талапқа сай сақталған ба, естуімізше, ашықтан ашық кереуетте шашылып жатыр деген ақпараттар бар. Бұған кім жауапты?

—  Біріншіден қаңқа сүйек ашықтан ашық керуетте шашылып жатқан емес, жатқан жоқ және жатпайды да. «Есік» қорық-музейі 2013 жылы «Алтын адамның ашылу және зерттелу тарихы: аңызы мен ақиқаты» жобасы аясында Алтын адам табылған экспедиция жайлы мәліметтер іздестіруге кірісті. Қаншама архив құжаттарын ақтара жүріп Алтын адамның да сүйегінің де ізіне түстік. 2014 жылы сүйек табылып, 2015 жылдан бастап сүйекке арнайы ғылыми-зерттеу жұмыстарын, ДНҚ сараптамасын жүргізіп көрдік. Бұл орайда Ресей, Венгрия, Дания, Германия елдерінің ғалымдарымен де жұмыс жүргіздік. Өкінішке қарай, кезінде сүйекті сақтау шарттары дұрыс орындалмағандықтан зерттеулер еш нәтиже бермеді. Ал, сүйектің өзі бүгінгі таңда «Есік» қорық-музейінің қорында сақтаулы тұр. Яғни, жоғарыдағыдай сұраққа ешбір негіз жоқ,-деді.

Тегтер: тарих тағылым рухани жаңғыру пайым пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 21.01.2021, 13:43
Nur Otan мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтуге ықпал етеді-Байбек
Тұрсын ЖҰРТБАЙ 21.01.2021, 12:00
Алаш баласы, ойланайық!
Бейсенғазы ҰЛЫҚБЕК 20.01.2021, 09:36
Қылмыс пен азаматтық
Орысбай ӘБДІЛДАҰЛЫ, 20.01.2021, 09:32
Шағаладай шарқ ұрған шақ
Қамысбай БЕСЕНБЕРГЕНҰЛЫ 20.01.2021, 09:29
Шыңғыс ханды неге жатсынамыз?
Сайт әкімшілігі 18.01.2021, 09:21
Коронавируспен ауруханаға түскен Мейрамбек Беспаевтың жағдайы туралы айтылды

Аңдатпа


  • Қазақ қызы АҚШ президентінің протокол басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалды
    22.01.2021, 13:10
  • «Жас Алаш» – әділдіктің трибунасы
    21.01.2021, 13:59
  • Жәнібек пен Ордаға жол жететін күн бар ма?
    20.01.2021, 09:21
  • Шағаладай шарқ ұрған шақ
    20.01.2021, 09:32
  • "Сатаев - саудагер, бас серіктес - Райымқұлова"
    19.01.2021, 10:30