Алтын сағат қайда жоғалды?

Нұрмахан ЕЛТАЙ

15.11.2022, 10:57

1406

       Бұл өзі қызық оқиға...

      Алтын сағатыңыз бірталай ақша тұрады. Сол қымбат алтын сағатты көз алдымызда жоғалтып бір қора адам ет пісірімдей уақыт бұлақ жағалап жүрдік те қойдық...

      Мәдениет қайраткері Бөрібай Қоңқабаев ұзақ жылдар бойы Шиелі ауданында осы салада қызмет жасады. Әйелі Әмина Тасболатова режиссер еді. Жақсы жұмыс істеді, екеуі де ортасына абыройлы болды. Міне, Бөкеңнің де аудандық мәдениет үйінің директорлығын өткізіп, еңбек демалысына шыққанына 5-6 жыл. Жан жары дүниеден өтіп, өзі егде тарта бастаған соң әкесін көбірек айтатын болған. Әкесі ақын кісі еді. Манап Көкеновтің серігі, өнерпаз Есіркеп Қоңқабаев Жаңақорған ауданында автоклуб меңгерушісі болып, малшылар мен егіншілерге мәдени қызмет көрсеткен адам. Қаратаудың қойнауы мен Қызылқұмда ізі сайрап жатыр. Сондықтан да болар, тау жаққа келсе Бөрібай әкесі Ес-ағаңды көбірек аузына алып, көзі сулана жабырқап қалады.

       Осыдан 2-3 жыл бұрын шамасы болар Жаңақорғандағы қырғызәлі ағайындар тау арасындағы бұлақ басына ата-бабамыз мекен еткен жер деп белгі қойған екен, соған Шиеліден оншақты адам барып қатысқанбыз. Несін айтасыз, ұзақ жол, әрі нашар, шұбырған көлік, қалың шаңның арасында тұншығып зорға жеттік. Рәсімге қатысып, ас ішіп, дұға қайырған соң қайтуға жиналдық. Дәл осы кезде Бөкең: «Қаратау әкемнің жүрген жері еді, Ана бұлаққа талай суға түсіп, жонына аунаған шығар. Мен де бұлаққа түсіп, шөбіне аунап алайын, әкемнің аруағы қолдап жүрсін!», – демесі бар ма. Қанша асықсақ та, бұл уәжіне қарсы келе алмадық. «Газельді» қырдың төбесіне иіріп қойып, қарап отырмыз. Бөкең үш жүз шақырымдай жердегі бұлаққа аяңдап барып, суға түспекке қам жасай бастады. Көлік ішіндегілер анау-мынауды сөз етіп отырмыз. Бір көзіміз түскенде аңғарғанымыз Бөкең кәстәмін желбегей жамылып, бұлақты жағалап жүр екен. «Қайтсін-ай, әкесін ойлана тебіреніп жүр-ау», деп қояды мұндағылардың бірі. Сүт пісірімдей уақыт өтті, Бөкең ары-бері жүруін тоқтатар емес. Анда-санда бұлақ жағасына еңкейіп түрткілейді де жаңағы әрекетін ары жалғайды. Тіптен ұзады. Сонан соң жасы кішілеу біреуді «Шақырып кел» деп жұмсадық. Бөкеңмен тілдескен соң ол да бұлақ жағалап сенделіп кетті. Тағы біреуді жұмсап едік, қозы қайырым уақыт өтті, ол да оралмады. Болмаған соң бәріміз бұлақ жағасына барайық. Ал бұл жерде гәп басқаша; Бөрібайдың жаңа ғана қолынан шешіп қойған алтын сағаты үшті-күйлі жоқ. Қойған жерін әрі-қарайды, бері қарайды көзге шалынар емес. Бұлақ жағалап, сол жоғалған алтын сағатты іздеумен сарылыпты. Жұрттың ауылға қайтуға асыққанын біледі, алайда жуырда ғана балалары сыйлаған алтын сағатты айдалаға тастап кету тіптен әбес секілді… Құнының өзі бірер өгіздің шамасы. Кейінгі келгендер де сол сағатты іздеумен әлек. Бұл маңға адам баласы жуымаса, сайтан келмесе, кім алып кетуі мүмкін?!  Бұлақ жағалап шулап жүрген бір қора адамның бәрі аң-таң.  Құдая тоба! Таңғаларлық жағдай ғой мынау. Жуынып алмақшы болып, киімдерімен қоса алтын сағатты да шешіп осында қойған, екі қадам жерге барып, шайынып қайтып шықса алтын сағат зым-зия жоқ. Бұған не дейсіз?!

     –Қалай болып еді? – деп Бөкеңнен қайта сұрады Ақтай.

     –Киімдерімді шешіп жағаға жайғастырдым, алтын сағатты да шешіп төплидің жанына  қойдым. Сонан соң біссіміллә деп әуелі оң білегімнен су жібердім, сонан соң сол білегімнен, – деп, Бөкең білегін көтеріп қалып еді, жоғалды деп әуреге салған алтын сағаты құрғыр жарқ ете қалса болар ма?!  Манадан бері жұрт шулап іздеп жүрген алтын сағат Бөкеңнің білегінде тағулы тұр. Міне, қызық! Бәріміз ду күлдік. – Әуелі сағатты тағынып, көйлегімді сосын киген екенмін, ол ойымда жоқ, айналаны іздей беріппін ғой, – дейді Бөкең бәсең үнмен. Өзінің іздегенін қойшы, бір қора адамға түс ауғанша бұлақ жағалатып сандалтқанын айтсайшы!

      –Жарықтық Қожанасыр астындағы есегін алты ай іздеген екен, бұл да соның кері болды ғой, –деп Жамалхан ағамыз да күңкілдеп қояды.

      –«Бәрін айт та, бірін айт» демекші, қайтқан малда қайыр бар, жоғыңыздың жаныңыздан табылғанын айтыңыз, – деп өзгеміз күлісіп алдық.

      Иә, алтын сағатты тағыну да, оны жоғалтпай алып жүру де оңай болмағаны ғой.

ҚАЗИ МЕН КЕНЖЕБАЙ

       Қара сөзден қаймақ қалқитынның бірі – Кенжебай еді. Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің корректоры Кенжебай Мырзабаев.

       Бірде басылымның бөлім меңгерушісі Қази Данабаевтың жұмыс бөлмесінде руханият тақырыбындағы бір мақаланы талқылап отыр едік, сол жерге ақын Ниятолла Раманқұлов келе қалды. Амандасып болып, орындыққа құйрық баса бергені сол, іле-шала ішке енген Кенжебай біздің сәлемімізді самарқау алды да, Қазиға дүрсе қоя берді:

     – Адам деген уәдеде тұруы керек, қойманы босатам дегеніңнен бері үш күн өтті. Шымкенттен бір вагон цемент келе жатыр, соны түсіруім керек. Екі тәулік болды ана Семейден жіберілген бір вагон шифрді әзер жайғастырдым, – деді ентігін баспаған күйі.

  • Кенжеке, тағы үш күн мұрсат берсеңізші? – дейді Қази адуынды «кәсіпкердің» ығына жығылып. Мына ұзын арқау, кең тұсау сөз Кенжекеңнің қитығына тиіп кетті-ау деймін, дауысын бұрынғыдан да зорайта түсіп:

      –Мен манадан бері не айтып тұрмын, өзімнің тауарларымды сыйғыза алмай жатқан жоқпын ба? Қойманы тездетіп босат! – деді де. –Қостанайдан екі «КамАЗ» тақтай келе жатыр, оны да тездетіп түсіріп, қаржысын аударуым  керек, – деп, тағы бір проблеманың құлағын қылтитты. Осы кезде әңгімеге Ниятолла араласты.

–Тақтай қанша тұрады екен?

–Қарағым, ол жақтағы баға мен бұ жақтағы бағада айырма бар. Келген

соң барлық шығындарды есептеп, бағасын сосын шығарамыз, – деп Кенжекең тойтарыс беріп тастады. Сөйтті де:

         –Бүгін ашуым қатты келіп тұр. Кеше әкелген жап жаңа джипті есік алдына қойсам, балам гаражға кіргіземін деп бір бүйірін оңдырмай соғып алыпты! – деді бөлменің ортасында талтайып тұрған күйі. «Ойпырмай, мынаның суайтын-ай!» деп мен отырмын. Тақымына автокөлік түгілі велосипед тиіп көрмеген Кенжекең қалай-қалай көсіледі. Тоқсаныншы жылдардың аяқ кезі ғой, барлық жерде тапшылық, тиісті азғантай айлық жалақымыз қолға зорға тиеді. Кейде ақша орнына күріш не басқа заттар берсе де шүкіршілік етеміз. Ал корректор-кәсіпкеріңіз ісіп-кеуіп болар емес. «Бұ не деген ағыл-тегіл молшылық?!» деп ойлаған қонағымыз аң-таң.

          –Кенжеке, сабыр етіңіз, – деп Қази басу айтпақшы болып еді, Кенжекең қолын бір сілтеп, бөлмеден шығып кетті. Ниятолла оның ақ жемі шыққан топлиі мен жеңі қырқыла бастаған көнелеу кәстөміне күмәндана қарап қалыпты. Қазекең әлгі рөлінен шықпаған күйі:

         –Не деген сараң адам, –деп қойды. –Қап-қап ақшасы болса да, үстіне бір дұрыс киім кимей осылай жүре береді. деп күбірлеп, қағаздарын аударыстырып кетті. Мына әңгіменің сорабы ақынды мүлдем адастырған секілді. Қай жерге кіріп кеттім деді ме, қоштаспастан жөніне кетті... 

          Қази мен Кенжебайдың әлгіндей ойындарына талай куә болып жүрген менің өзім де бір рет арандап қала жаздағаным бар. Баяғы бөлме, газеттің қарбалас жұмысынан қол босаған бір сәтте Кенжекең Қази екеумізге «тапсырма» бере бастады. Іште басқалар да бар, мұндайда корректордың қиялы шарықтап, сөзі өктем-өктем шығады. Әңгіме ауанынан байқап отырғаным, екеуі жүз бас баспақ алып, малдарын Қаратаудың баурайында біреуге «баққызып» қойыпты. Айтуынша, бақташы менің танысым секілді. Сондағы жағдайдан хабардар болып, апта сайын барып-келіп тұруым керек екен. «Уазик әперіп қоямын», дейді жарылқаушымыз. Ал Қази 20-30 тонна жем тауып, сонда жеткізуі керек. «Кәсіпкер басшымыздың» қарқыны тіптен қатты, бәрін өлшеп-пішіп жалтаруға тіптен мүмкіндік берер емес. Бұл әңгіме бас редактор Жақаңның да құлағына тиіпті. «Үшеуің жақсы шаруаны қолға алған екенсіңдер. Мал ұстаған жақсы атакәсіп!» деп алып: «Айлық тиген соң, мен де қораларыңа екі баспақ қосып қояйын, өзің бас-көз болып жүрерсің», деген бұйымтай айтады. Сол жолы әріптестерімнің құпиясын ашуға бата алмай, үнсіз кеткенмін. Содан жексенбі болса уайым: «Екі баспақты әкеле қалса, қайда сыйдырамын» деп ойлаймын ғой. Абырой болғанда, Жақаң да әлгі шаруақорлығын ұмытып кетті ғой деймін, қайта мазаламады.

      Ал Қази мен Кенжебайдың «сиырлары» өсіп-өніп, тау бөктерінде әлі жүрген шығар...

ЖОЛ БОЙЫНДАҒЫ ЖАТТЫҒУ

Бір еркек пен жеті әйелдің командасы

      Аудан орталығына қарай қотыр жолмен шайқатылып келе жатқан автобус Түгіскен аулының кіре берісіне тақалғанда орта жастағы тақиялы кісі: «Тоқтай қал, тоқтай қал», деді де шопырға бірдеңе айта бастады. Сәлден соң жол жиегіне кідірген көліктен оған ілесе түскен бір топ әйел тасжолмен қапталдасқан каналды жағалап, бірінің соңынан бірі тізбектеле жүгірісе жөнелді. Әрқайсысының қолында эстафета таяқшасы секілді бір-бір шиыршықталған қағаз. Оу, бұлар қайда барады? Олар әуелі саймен оңға қарай ойысты да сәлден соң қашыртқы каналдың жағалауымен кері салды. Жалғыз аяқ жолмен артқа қарай отыз метрдей жүгірген олар кішкене көпірден өтті де енді оңға қарай ұмтылысты. Осылайша елу шақырымдай жерді артқа тастап, канал үстіндегі екінші үлкен көпірден асты да қайтадан кері айналып барып, ойпаңға түсіп кетті. Бұралаң жол бойымен бастапқы тізбегі жазылмаған, қолдарындағы шиыршықталған қағаздарын көтерген күйі мешіттің қарсысындағы құрылысы толық біте қоймаған бір үйдің ауласына ене берді...    

       Міне, қызық! Сиыр сәскедегі мынау не деген сапырылыс?! Автобуста отырған өзге жолаушылардың бәрі осылайша жол жиегінде жортып жүргендерге аңтарыласа қарасқан. Әсіресе жолай Келінтөбе аулынан мінген алматылық құдалар аң-таң.

     –Мыналар неге қабаттасып жүр? – деді шашын төбесіне түйген құдағи жақтырмаған үнмен.

     –Спортшылар ғой, жарысқа бара жатыр, дайындалып алмақшы, –деді бұйра шаш жігіт әзілдеп. Сол сол-ақ екен гу-гу басталды да кетті. Әсіресе көтерілген шаңнан танауын орамалымен қалқалап отырған әдеміше келген домалақ құдаша шапылдай жөнелді.

      –Ужас! Сағат ондағы сегізінші пойызға қалайда үлгеруіміз керек. Шофер ты издеваешься что ли! Айда кеттік! Деп команда беріп жатыр.

      –Мыналарың қандай жарысқа қатыспақшы? –деп өз күдігін білдірді құдалардың үлкені шләпілі көке маған қарап. Реті келіп тұрған соң әлгі әзілді қоздата салдым:

      –Облысқа барады. Қаратөбе аулының жүйріктері. Ауыл-село спортшыларының спартакиадасына! Осылайша шамалы дайындалып алса, тыныстары ашыла түседі! Менің бұл әскиямды қостаушылар да табыла кетті. «Ауыл адамдары егін егеді, малға қарайды, әйелдер сиыр сауады, тезек тереді, нан жабады, күнделікті жаттығу жасауға қолы тие бермейді. Алайда спортта да намысты қолдан бермеу керек. Стадионға жеткенше осылайша шыңдалып барады. Уақытты тиімді пайдалану дегеніңіз – осы!»

      –Япырай, талай қызықты көріп едім, дәл мынандай өлермендікті естіген емеспін, – деп құданың үлкені сабырлылық танытқанымен жас құдаша шопырдың құлақ етін жеп қояр емес. Осы кезде жол бойында жаттығу жасап жүрген жеңіл атлеттердің де қарасы көрінді. Алдында тақиялы орта жастағы адам.

      – Бұл тренері, – деп үстемеледі бұйра шаш. Соңында жеті әйел, қолдарында бір-бір шиыршықталған қағаз. Енді аңғарғандаймыз, олардың арасында мәсі-кәлөшпен де желіп жүргендер бар екен. Әуелгі барған іздерімен қайтарда тағы да солай бірнеше бұралаңнан зиг–заг жасай өтіп, сүйретіле автобусқа да ілінді-ау. Бәрінің де борша-боршасы шыққан. Әсіресе топ басшысы – Шәкең қатты шаршаған секілді. Тануы делдиіп, көкірегі аспанға барып-келіп тұр. Ентігіп келгендер осылайша үһілеп, орындарына жайғаса бастады. Қанша аласұрса да, өздері шаруаларының біткеніне риза секілді.

      Жаңақорғанға маңдай тіреп, автовокзалға тоқтаған соң да баяғы күмәнінен арыла қоймаған алматылық шләпілі құда: –Мына спортшылар тағы да дайындық жасай ма? –деп сұрағаны.

     –Пойыз келгенше, стадионға барып шамалы жүгіріп алады, –деп мен де жөніме кеттім...

       Иә, тоқсаныншы жылдардың ортасындағы тоқырау тұсында Қаратөбедегі баяғы күріш совхозы бірнеше шаруа қожалықтарына ыдырап, он бөлекке бөлінген. Ал баяғы ортақ шаруашылықтың мөрін ұстаған бас есепші өзінің ауылы Түгіскенге қоныс аударыпты. Каналдың арғы бетіндегі құрылысы толық біте қоймаған еңселі үй соныкі. Жаппай жұмыссыз, қаражатсыз қалған жұртшылық тек зейнетақы мен балалардың жәрдемақысына иек артқан кезі. Мына жүгіріп жүргендер жәрдемақы құжатына мөр бастыру әлегімен әурелер. Жолай автобусты тоқтата сала, аласұрып жүргені сондықтан. «Бухгалтер Ерұлының үйінде болғаны қандай жақсы болды. Анықтамаға мөрді бастырып алдық. Әдіре қалғыр, бүгіннен қалса, райсобес қабылдамайды деп жанды жеді емес пе?», – деп күбірлескен олар әне кетіп барады...

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 10:57
Қазақтың «Соңғы самурайы»
Жексен АЛПАРТЕГІ 09:44
Ниязбек әжі
Жамал ҚАМАШ 02.02.2023, 17:24
Болат НИЯЗЫМБЕТОВ: Намысты қолдан бермеуге тырыстым
Бифат ЕЛТАЕВА 31.01.2023, 10:50
Бақыт Қажыбай, актер: Алаш рухын оята алсақ, үлкен жетістік сол!
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 10:40
Елена Рыбакина алғаш рет әлемнің үздік теннисшілері ондығына енді
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 08:34
Димаш Құдайберген Шанхайдағы фестивальға қазылық етеді

Аңдатпа


  • Жемқорлықтың «сорпасын» қайнатып жүргендер көп
    07:32
  • Ресей Путиннен қашан құтылады?
    07:17
  • Қайдасың, инвестор?
    07:23
  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    02.02.2023, 07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    02.02.2023, 07:16