Ана - бақыт, ана - деген шырағың!

Жақсыбек САЙЛАУБАЙ

02.12.2021, 11:19

1685

Ана

 

Ана асқақ, ана деген ұлы ұғым,

Саған арнап өтер бүкіл ғұмырын.

Өзгелердің аналарын құрметтеп,

Өз анаңды ардақтай біл, құлыным!

Ана жұлдыз, ана сенің ай-күнің,

Ана деген басыңдағы байлығың.

Көмектесіп шама-шарқың жеткенше,

Қарт ананың, батасын ал, бар, күнім!

Ана – бақыт, ана – сенің шырағың,

Ана – тірлік, сарқылмайтын бұлағың.

Бүгінгі қыз – болашақтың анасы,

Қыз баланы аялай біл ұланым!

Ана деген еңбек етіп күні-түн,

Ер жеткізді саған артып үмітін.

Анаңызды анасындай сыйлайтын,

Келін әкеп қуантарсың жігітім!

Бір ауыз сөз ашып тұрған бар құнын,

Ана деген баға жетпес алтының.

Өмір сыйлап мәпелеген сендерді,

Аналарға басыңды и жарқыным!

Қарындасым

Қызғалдақтай құлпырған қарындасым,

Жабырқасам әрдайым жанымдасың.

Күллі әлемді айналып шықсам-дағы,

Сендей туыс білемін табылмасын.

Қарындасым, қырдағы қарлығашым,

Жалғыз туыс бойдағы қанымдасың.

Күлімдеп жүр, қалқашым, күрсінбе тек,

Нәзік жаның ауыр мұң жамылмасын.

Өмірдегі асылым, қарындасым,

Басымдағы ырысым бағымдасың.

Сен соңымнан «Ағалап» жүргеніңде,

Сеземін мен тынысым тарылмасын.

Бір анадан екеу боп табылатын,

Біз екеуміз арқалар бауыр атын.

Қиыр шетте жүргенде адам керек,

Жүрегіңмен шынайы сағынатын.

Қарындасым, асылым қарындасым!

Жаным менің...

 

Жаным менің, сенсіз бақыт жоқ маған,

Сенсіз жүрек тіршілігі тоқтаған.

Сен жанымда жүрсең ғана шаттанып,

Ал сен жоқта мүсәпір жан боп қалам.

Жаным менің, жанарымның жарқылы,

Аңсайтыным бір өзіңсің әр күні.

Мен өзіңді аңсай берем, аңсаймын,

Сарқылмайтын сағынышым арқылы.

Жаным менің, аяулымсың ажарлы,

Сен күлкімнің пәктігісің базарлы.

Мәнді өмірдің сәні кетер сен жоқта,

Жанға батып жалғыздықтың азабы.

Жаным менің, жүрегімнің дүрсілі,

Тағдыр бізді қосар ма екен бір күні?

Сенсіз менің қара түнек сезімім,

Ашылмады тірлігімнің түндігі.

Жаным менің, көңілімді басты мүк,

Жан жарасы бара жатыр асқынып.

Асыл жарым, сен болмасаң өмірде,

Керегі не сен тілеген жақсылық?!

  Жаным менің...

Қара өлең

О қара өлең, Мұқағали жырлаған,

Сүйіп сені кішкентайдан тыңдағам.

Абай, Мұхтар, Төлегеннен сусындап,

Мен қалайша сүймей сені құр қалам?

О қара өлең, менің мәңгі ғашығым,

Құшағыңды аш, мойныңды бұр маған!

Жүйрік көңіл, қиялы бар қалықтар,

Саған ғашық, қазақ деген халық бар.

Қалам алып, жазуға бар таласы,

Сәттерінде сезім күйі шарықтар.

Біздікі жай, көйлек-көншек бірдеме,

Шекпен жауып, кеткен саған алыптар.

***

Ана сүті, дарыса егер тіліне?

Сені сүймеу, миға сыймас дүние.

Өзге тілді білген дұрыс бірақ та,

Өз тілінде сөйлеу керек күніге.

Тіл жоғалса, ұлт жоғалар демей ме?

Тілін білмес қосылмайды тіріге!

Қыздыратын қызыл тілдің көрігін,

Қазақта көп мықты ақындар, өр ұлың.

О қара өлең, қазынасы халықтың,

Жабыққанда арқа сүйер серігім.

Туғанымда, ашқан тірлік есігін,

Өлең менің, Алла берген өмірім!

 

Құрғақ мұңнан кепкен шығар таңдайың

Шыр айналтқан өмірімнің ұршығын,

Түсінбедім, тағдырымның тылсымын.

Қырсық торып, қорқау ойлар қаптады,

Тұқылындай бақыт сөніп шырпының.

Бүтіндеумен көңілімнің жыртығын,

Таппадым-ау тіршіліктен бір тыным.

Мұң сейіліп көк түтінмен өрілсін,

Әкел достым, шегейікші бір шылым.

Айта берсем әңгіме көп достым-ау,

Жиырма беске аяқ басқан шақ мынау.

Қысқа жіптің кесірінен келмей жүр,

Қолдан біздің ойда жүрген бас құрау.

Тіршіліктен үміт үзбес еш пенде,

Жүрсе-дағы қиналып та, жылап та.

«Доспыз» деген доссымақтар көп менде,

Шын жанашыр достар сирек бірақ та.

Кейде күліп, кей кездері күрсініп,

Арман қуып алға қарай ұмтылып.

«Адам болсам» деген оймен келемін,

Бір жығылып, бұл өмірде бір тұрып.

Солай достым, менің мынау мән-жайым,

Сенің-дағы мазаңды көп алмайын.

Шай ішейік одан-дағы, жүр, үйге,

Құрғақ мұңнан кепкен шығар таңдайың?!

Ұмыттым мен

 

Ұмыттым мен, сен-дағы ұмыт бәрін,

Жүрегіңді, жүрегім жылытқанын.

Аша алмастай енді ешкім сезімімді,

Тас бекітіп, мен мүлде құлыптадым.

Жақын тартып, жалғыздық жалқы мұңды,

Махаббаттан көңіл қап күрсінулі.

Сезінбейді-ау «бақыт» деп сүйіктілер,

Ғашық болып, біреуді шын сүюді.

Жақсы көріп, сүймесе ғашық жаны,

Ынтықтың азапқа жақын мәні.

Бір сені ойлап, сағына сарғаюдан,

Ақ талы да көбейген шашымдағы.

Ұмыт мүлде, не істейсің, таста бәрін,

Жібіместей айналды тасқа жаным.

Бір жылы сөз, дәметіп жаутаңдаған,

Күйін кешкім келмейді жас баланың.

 

Ауылды аңсау

Ауылды аңсап, көкорай шалғын көктемде,

Отырмын бөгіп, қиялмен ғажап өткенге.

Бала боп біздер, ойнаушы ек не бір ойынды,

Жиналып алып, түн жарымына дейін бөктерде.

Аламан ұлдар, шеңберде асық ататын,

Мергендеу бірі, олжаға әбден бататын.

Құныққандары, жібергісі келмей есесін,

Тігетін бәске, өзінің жалғыз сақасын.

Тебуші ек ләңгі, ешкінің жүні шашақты,

Құйылып көзге, маңдайдан терің ап-ашщы.

Түсердей жерге, қорғасын құйма заулайтын,

Түсірмес оңай, кәнігі балдар атақты.

Желаяқ ұлдар, жаратып жүрген құр атын,

Ауыл шетінде футболда допты қуатын.

Кіргізбес үшін қақпаға допты қалайда,

Ептілеу бірі қақпашы болып тұратын.

Кеш бата көше, естіртіп жатар даңғырды,

Екі топ болып бастайды жеті қалбырды.

Бір жағы жинап, келесі жағы жинатпай,

Уда-шу айқай, көшенің бойын шаң қылды.

Қызыққа батып ұмытқан ойын баласын,

Шығады іздеп аналар үйден қара түн.

Қолында шыбық, қатулы қабақ анаңның,

Алдына түсіп, үйіңе безіп барасың.

Осындай біздер, бала едік ойын соғатын,

Біздерде көптеп, ойынның түрі болатын.

Қазіргі балдар телміріп телефонына,

Үйкүшік болды, шығарсаң сыртқа тоңатын.

Есейдік, өстік, көбіне қазір ағасың,

Бала шағыңа сағынып кейде барасың.

Адам баласына берілген патша ғұмырдың,

Айналып қайта келмесі ауыр сана үшін.

Ұмыт мені...

Ұмыт мені....

Қалғаныма өкінем сүйіп сені.

Қосылғанын білдірмес расымен,

Кей жерлерде жолдардың түйіскені.

Ұмыт мені...

Алдап келді қанша уақыт үміт тегі.

Мен сүйгендей мені де сүйер деп ем,

Қалғанынша ақырғы құрып демі.

Ұмыт мені...

Жанарыңның сезілсін суық лебі.

Мен ұнатқан өзіңнің бұрындары,

Әрбір ісің шынымен қылықты еді.

Ұмыт мені...

Сүйем дедің. Жүрегің жылып па еді?

Жылыса да, әй қайдам, менмендігің,

Сезіміңді аян ғой іріткені.

Ұмыт мені...

Қалғаныма өкінем сүйіп сені.

Мен де сені ұмытам, сөз беремін,

Кетсе-дағы бұл өмір құрып тегі!

Тегтер: поэзия проза өлең өмір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Төреғали ТӘШЕНОВ 26.01.2022, 18:01
ҚАҢТАР. ҚАРА ҚҰЗҒЫН
Бифат Елтаева 25.01.2022, 14:28
Жанат Бақыт: «Қазақи киімді тек наурыздың 22-сі күні киетін әрекетіміз ұнамайтын»
Думан Рамазан 25.01.2022, 10:36
ТОР (әңгіме)
Ғарифолла ЕСІМ 20.01.2022, 16:06
Ойлан, қазақ!
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 18.01.2022, 16:08
Қаза тапқан сарбаздардың ордені ата - анасына табыс етілді.
Сайт әкімшілігі 14.01.2022, 14:20
Бір Алла дегеніне сеніп қалдық – Тұрсынбаеваның тренингіне қатысқандар өкініп жүр

Аңдатпа


  • Байлар 30 жыл «жиып-тергенін» «Қазақстан халқына» қия ма?!
    20.01.2022, 08:50
  • Біреуге бас қайғы, біреуге «мал» қайғы
    20.01.2022, 08:49
  • Алматыны «терроризм астанасы» етпек болды
    20.01.2022, 08:48
  • Қазақстанда билік төңкеріледі - үндістандық көріпкел Арченаның айтқаны келді
    19.01.2022, 00:00
  • «Аш адам ұрысқақ келетінін» ұмытпасақ екен...
    19.01.2022, 08:48